Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4292 0 пікір 4 Желтоқсан, 2013 сағат 04:52

Бейсенбай Дәулетұлы. Жұлдызы жанған Жақан

1-2 суреттер. Өнерлі өрендер ортасында. Елбасы жанында –   Жақан Жақсылықов. Қостанай, 2007 жыл.

3-сурет. Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің 1-курс студенті Жақан Жақсылықов. Астана, 2013 жыл.

 

Бір кезде Елбасымен түрлі шараларда кездесіп, батасын алған балалар бүгін қайда жүр? Нендей жетістікке жетті, қандай биікті бағындырды? Жалпы, олардың өмір жолы қалай өрілді?

Бір сәттік жүздесу, бірер минуттық тілдесу балғындардың тағдырын өздері де күтпеген тосын арналарға бағыттапты! Қазір олар еліміздің әр түкпірінде, қоғамның сан саласында қызмет атқаруда. Кейбірі әлемнің белді  университеттерінде білім алып жүр.

Елбасының алдында талантымен танылып, разылығына бөленіп, алғысын алып, тілегін тыңдаған балалардың ішінде  өмірде де, өнерде де бағы жанғандары баршылық. Білім мен тәрбиеге ақыл мен қайратты ұштастырып, белгілі бір белесті игерген кешегі балалардың, бүгінгі даралардың жетістігін елге таныту үшін Президенттің Баспасөз қызметі мен «Айқын» газеті «ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ПЕРЗЕНТ» атты жобаны жүзеге асыруда.

Айдардың бүгінгі кейіпкері – Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенті, жас әнші Жақан Жақсылықов.

 

1-2 суреттер. Өнерлі өрендер ортасында. Елбасы жанында –   Жақан Жақсылықов. Қостанай, 2007 жыл.

3-сурет. Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің 1-курс студенті Жақан Жақсылықов. Астана, 2013 жыл.

 

Бір кезде Елбасымен түрлі шараларда кездесіп, батасын алған балалар бүгін қайда жүр? Нендей жетістікке жетті, қандай биікті бағындырды? Жалпы, олардың өмір жолы қалай өрілді?

Бір сәттік жүздесу, бірер минуттық тілдесу балғындардың тағдырын өздері де күтпеген тосын арналарға бағыттапты! Қазір олар еліміздің әр түкпірінде, қоғамның сан саласында қызмет атқаруда. Кейбірі әлемнің белді  университеттерінде білім алып жүр.

Елбасының алдында талантымен танылып, разылығына бөленіп, алғысын алып, тілегін тыңдаған балалардың ішінде  өмірде де, өнерде де бағы жанғандары баршылық. Білім мен тәрбиеге ақыл мен қайратты ұштастырып, белгілі бір белесті игерген кешегі балалардың, бүгінгі даралардың жетістігін елге таныту үшін Президенттің Баспасөз қызметі мен «Айқын» газеті «ПРЕЗИДЕНТ ПЕН ПЕРЗЕНТ» атты жобаны жүзеге асыруда.

Айдардың бүгінгі кейіпкері – Қазақ ұлттық өнер университеті колледжінің студенті, жас әнші Жақан Жақсылықов.

 

Авдеевтің «Алтын микрофоны»

Біздің кейіпкеріміз Жақан Жақсылықов Елбасымен 2007 жылы 7 жасында кездесті. Бұл жүздесу өте қызықтылығымен, тосындығымен есте қалды. Қостанай қаласында тұратын Сәбит пен Алмагүлдің тұңғышы ол кезде Мариям Хакімжанова атындағы №20 мектептің 1-сыныбында оқитын. Балабақшадан бастап ән айтып, түрлі шаралардың шырайын кіргізіп жүрген жеткіншек жергілікті продюсер, студия жетекшісі Вячеслав Авдеевтің назарына ілікті.

 Сол жылдың күз айында қаладағы Халықтар достығы үйінің салтанатты ашылу рәсіміне Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысатындығы жайында хабар жетті. Жергілікті атқарушы билік елдегі бірлік пен татулықтың белгісіне баланған ғимараттың тұсаукесерін сән-салтанатпен өткізуді ұйғарып, ұйымдастырушыларға қолқа салады. Тізгінді қолға алған Авдеев тез арада қала көлемінде талантымен танылып жүрген әртүрлі ұлттың жеткіншектерін жинады. Бұл балалар арасындағы халықаралық «Алтын микрофон» байқауына  іріктеу жүргізіліп жатқан кез еді.

– Елбасы залға кіріп келгенде бәріміз ду қол шапалақпен қарсы алдық. Түрлі ұлттың киімін киген балалардың риясыз күліп, шаттана қол соғып тұрғанын көрген Президент мейірленіп кетті. Ол кісі алдыңғы қатардағы қос бүлдіршіннің ортасына отырды, – деп еске алады студия жетекшісі Авдеев.  – Неміс қызы Татьяна Шик қазақтың халық әнін нақышына келтіре орындады. Артынша Нұрсұлтан Әбішұлы, сірә, Днепродзержинскідегі жастық шағы есіне түсті ме, әйтеуір украинның жақсы бір әнін орындауды сұрады.

Сахнаға лезде лып етіп шыға келген қазақ қызы сызылтып тұрып украин әнін шырқады. Әдемі әннің орта тұсында Елбасы төңірегіне бұрылып, сол жағындағы балақайдан әлденені сұрап жатқанын байқадық. Бірақ оқушымыз жауап бермейді, екі көзі сахнаға қадалып, қозғалмай қатып қалған. Біздің дегбіріміз кете бастады.

 

«Атымды айтуға қорықтым»

Дәл осы сәттегі әсерін Жақанның өз аузынан тыңдадық:

– Иә, Президент менен қазақша «Атың кім?», – деп сұрады. Алайда бір күн бұрын дайындық кезінде үлкен ағалар (Протокол қызметкерлері, авт.) ешкімге сөйлемей тып-тыныш отыруымызды, Президенттің алдына шығып кетпеуімізді қатаң ескертумен болды. Олардың суық жүзі мен қатқыл қабақтарынан қорқып қалғаным соншалық, Елбасының сұрағына жауап берсем, әлгі ағалар ұрсады екен деп ойладым. Сөйтіп, сахнаға қарап жауапсыз тұра бердім. Елбасы аздап кідірді де, тағы  бұрылып: «Атың кім, айналайын?», – деп екінші рет қайталады. Шошына жалт қарадым да, сахнаға бетімді бұрып, үнсіз қалдым. Бұдан ары шыдай алмаса керек, Президенттің ар жағында отырған Әнел деген қыз Елбасының алдынан бері өтті де бар даусымен: «Жақан, сенің атыңды сұрап жатыр, айтсай» деп айқай салды. Тура сол сәтте музыка тоқтап қалып еді, оның дауысы бүкіл залды жаңғыртып, жиналғандар ду күлді. Содан кейін ғана өз-өзіме келіп атымды айттым. Елбасы рахаттана езу тартты да, Әнелдің ептілігіне риза кейіппен алғысын білдірді.

Қостанайлық талантты оқушылардың байқауға дайындығын 15 минут қана тамашалауға тиісті Нұрсұлтан Әбішұлы 35 минут аялдап, олармен бірге суретке түсті. Қоштасарда жетекші Авдеевтің қолын қысып, «Барлық ұлттың өрендері осылай бір-біріне өнері мен мәдениетін  көрсетіп жатса, Президент саясаты жемісін береді. Маңызды ісіңізге сәттілік тілеймін», – деп, жиналғандармен жылы қоштасты.  Ал Жақан мен Елбасының алғашқы таныстығы жайындағы әсерлі әңгіме қалаға лезде тарап, естігендер көпке дейін күлісіп жүрді.

 

Естен кетпес екі өкініш

Осы кездесуден соң Жақанның көңілінде екі өкініш қалды. Біріншіден, асыға күткен үлкен кісінің өзі бірнеше рет аты-жөнін сұрағанда қысылып-қымтырылып айта алмады, екіншіден, ән салатын кезегі орайлы сәтке тура келмеді. Балалық сезіммен өзін-өзі іштей кінәлаған ол енді қалай да беделді сахналарда ән айтуды меңгеріп, түптің-түбінде Президенттің алдында өнерімді көрсетемін деген ойға нық бекінді.

Оның  қабілетін байқаған анасы Алмагүл мен әкесі Сәбит күнделікті сабақтан бөлек музыкалық мектепте оқытуды ұйғарды. Көп уақыт өтпей-ақ баланың өнері ашылып сала берді. 7 жыл музыкалық мектепте оқыған Жақан баян тартуды кәсіби деңгейде меңгерді. Көп ұзамай облыстық, республикалық,  халықаралық байқаулардың бас жүлдесіне қол жеткізіп үлгерді. Эстрадалық және классикалық әндерді шырқайтын талант иесінің өнері жоғары бағаланды. Оның бұл жетістіктерді игеруіне музыкалық жетекшісі Танзила Бикчентаеваның еңбегі ерекше еді.

Алғашқы байқау мен жүлденің орны қашан да бөлек. Алматы қаласында өткен  «Бозторғай» халықаралық конкурсында барлық сыннан мүдірмей өтіп, қазылардың шешімімен 1-орын иеленді.  Құшақ-құшақ гүлдер, салтанатты түрде тапсырылған сыйлық пен диплом... Ізденісін тоқтаусыз жалғастырып, 2008 жылы «Балдәурен»» республикалық байқауында  «Кішкентай жұлдыз» жүлдесін еншіледі. 2011 жылы қатарынан қос бәсекеде топ жарды. Астанадағы «Жарқын болашақ» және Қостанайдағы «Алтын микрофон» байқауларында 3-орын иеленді.

 

Жеңіспен келген жүлделер

8-сынып оқушысы Жақан Жақсылықовқа Санкт-Петербург қаласынан шақырту келгенде әке-шеше, ағайын-туыс түгел қобалжыды. Елден жырақта өнер көрсетуге жол ашылып отыр. Оның үстіне «Волшебный мир кулис» халықаралық байқауы қатардағы көп шараның бірі емес. Оған әлемнің ең үздік, аса талантты жасөспірімдері қатысады. Сын сағаты жақындаған сайын ата-ана да, жетекші де беймаза күйге түсті. Бұл жаста баланың даусы өзгеріске ұшырайтыны белгілі. Сонша жерден барғанда даусыңдағы өзгерістердің кесірінен таңдаған әніңді лайықты орындай алмасаң масқара ғой. Осындай ойлар иектеп басқалар жабыла қобалжып жүргенде сырбаз Жақан саспады. Өз-өзіне сенімді талант 2012 жылдың ақпанында жетекшісі Танзила Мұхамедшәріпқызымен бірге Санкт-Петербургке тартып кетті.

Жақан Жақсылықов әйгілі қаланың сахнасында дүйім жұрт алдында қазақ тілінде «Мұны неге білмейсің» және итальянша «Памяти Карузо» әнін әуелете айтқанда залда қол соқпаған кісі қалмады. Көрермендер қатты әсерленді, қазақ баласының ерекше даусына таңғалды. Кәдуілгі  италяндық секілді орындайтынына сүйсінді. Шынайы өнерге зор құрметпен қарайтын еуропалық қазылар «Волшебный мир кулис» халықаралық байқауының бас жүлдесін сөзге келместен қазақтың дарынды жеткіншегінің қолына ұстатты. Осылайша жай бақ сынаудың өзіне жүрексініп барған үміткердің биік шыңға шығуы бүкіл қостанайлықтарды қуанышқа кенелтті. Содан кейін құттықтаулар, қошеметтер, марапаттар ағылды дейсің. Көп ұзамай  Алматыда өткен жас музыканттардың республикалық фестивалінде де бас жүлде бұйырды.

– Қолдау білдіргендердің бәріне рахмет, рухани тұрғыдан үлкен күш алдым, – дейді Жақан. – Алайда аз ғана жетістікке малданып, шалқып кетуге болмайды ғой. Талантымды біліммен ұштау үшін ата-анаммен ақылдасып, арнайы кәсіби оқу орнында оқу керек деген шешімге тоқтадым. Сөйтіп, биыл жазда Қазақ ұлттық өнер университетінің колледжіне құжат тапсыру үшін Астанаға келдік. Қырсыққанда соңғы күніне ғана үлгеріппін. Оның үстіне өзімнің даусыма сай келетін, әрі жаныма жақын академиялық вокалға бөлінген орындар толық іріктеліп қойыпты. Сондықтан, эстрадалық вокалға ғана тапсыруға мүмкіндік бар екен. Таңдап жүретін уақыт жоқ, құжаттарымды соған ұсындым.

 

Жүзден жүйрік жеткіншек

Жалғыз ұл үшін жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанында еріп жүрген анасы Алмагүл одан кейінгі оқиғаны былайша баяндайды:

 – Құжат өткізген мамандығымыз бойынша небәрі 7-ақ грант бөлініпті. Кешігіп келгеніміз бар, әрі конкурста бір орынға он адамнан таласатындығын ескерткен оқытушылар «түсе алмайсыздар, ақылы бөлімде оқуға қарсы емессіздер ме?», – деп, үмітімізді үздіріп қойды. Сұрап көрсек, ақылы оқудың жылдық төлемақысы 370 мың теңге екен. Өзім Қостанайда мектепте бастауыш сыныпқа сабақ беремін. Мұғалімнің айлығын білесіз ғой. Әкесінің де табысы аса жоғары емес. Сонда да ұлымның өнері өшпесін, төлесек төлейміз деген шешімге келдік. Жақан екі емтихан тапсырды, әуелі ән шырқап, кейіннен қазақ тілінен диктант жазды. Нәтижесі шығады-ау деген мезгілде университетке барып, хабарламаны оқығанда  ұлым екеуіміз өз көзімізге сенбей, абдырап  қалыппыз...

Иә, игі тілегі мен ниеті, білімі мен таланты жас өнерпазды өрге сүйреп шығыпты. Оқуға түскендердің тізімінде бірінші болып «Жақан Жақсылықов» деп жазулы тұр екен. Ал, қоңырау соқ, сүйінші сұра ағайыннан! Кеше ғана табалдырығынан әрең аттатқан оқу орны төрге оздырады деп кім ойлаған?! Міне, 7 гранттың біреуін біздің кейіпкер осылайша жеңіп алыпты. Әрине, мұны ешкім де кездейсоқтыққа балай алмайтындығы анық.

Жаңа оқу жылы басталысымен анасы Алмагүл мен әкесі Сәбит Қостанайдағы жұмыстарын тастап, баласының соңынан елордаға көшіп келді. Жақанның ендігі мақсаты – колледжді  университетке жалғастырып, еліміздің ғана емес, әлемнің сахнасында ән салу. Алысқа құлаш ұрған дарын иесінің ол күнге де жетеріне күмән жоқ. Айтпақшы, кешегі бала Жақан, бүгінгі дара Жақан Елбасымен тағы да кездесудің сәті түсе қалса, есімін еш қысылмай айтып, тіптен реті келіп жатса, ән салып беруді де армандайды. Тілегін тәңір оңдаған ұлға ондай сәттің бұйыруы да мүмкін ғой.


Abai.kz

0 пікір