Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
531 1 пікір 29 Наурыз, 2024 сағат 16:02

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымының премьерасы өтеді

Қозы-Көрпеш пен Баян-Сұлу мазары © Sputnik / Анатолий Устиненко

2024 жылдың 14 ақпан күні Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ ұлттық драма театрында «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» қойылымының премьерасы өтеді. 

«Қозы Көрпеш - Баян сұлу» дастаны - қазақ әдебиетінің зор мұрасының бірі. Махаббат символына айналған «Қозы Көрпеш – Баян Сұлу оқиғасы» риясыз махаббат, қатігездік, достық, шынайылық секілді қасиеттерді пайымдап, негізгі идеялық-мазмұнына сол дәуірдегі жастардың сүйіп қосылуын арман еткен тілек-мүдделерін алады.

Қысқаша мазмұны: Жыр Сарыбай мен Қарабайдың аң аулап жүріп құда болып, Қозы мен Баянды күні бұрын атастыруынан басталады. Сол кезде аң аулап жүріп, ұлды болғанын естіген Сарыбай, баласын көре алмай қаза табады. Атастырылып қойған Қозы мен Баян, жүздерін көрмегенімен бір-біріне ғашық болады. Уақыт өте келе сараң Қарабай қызын жетім ұлға бергісі келмей, бір кезде отарын жұттан құтқарған, жергілікті палуан Қодарға ұзатпақшы болады. Қос ғашықтың арасына тосқауыл болған Қодар, айласын асырып, зұлымдықпен Қозының басын алады. Қайғыдан қабырғасы қайысқан Баян, өш алу үшін қулыққа көшеді. Ол Қодарға өзіне құдықтан су алып берсе, күйеуге шығатынын айтады. Алданған Қодар Баянның шашынан ұстап, құдықтың түбіне түсе бергенде, айлакер қыз бұрымын кесіп тастайды: Қодар түпсіз тұңғиыққа құлап қаза табады. Сөйтіп Қозының кегі қайтарылады. Батыр қыз ғашығының күмбезіне келіп, өзіне қанжар салып қол жұмсайды.

Кейіпкерлері: 

Қозы — бастапқы кейіпкер. Ол алдынан шыққан қиыншылықтарға қарамастан, өз сезіміне берік болып, шынайы махаббаттың бар екендігін дәлелдейді.

Баян — ақылына көркі сай Баян сүйгеніне ешкімді ауыстырмайтын, өзінің антына берік, өз сезімі үшін күресе білетін жағымды кейіпкердің бірі.

Қодар — Қозы мен Баянның арасына түскен жағымсыз образдың бірі. Махаббат оқиғасында әрқашанда екі ғашықтың арасына түсетін жағымсыз кейіпкер.

Сарыбай — Қозының әкесі. Ол өте батыл, ақылды, қайсар адам.

Қарабай — бүкіл зұлымдықтың иесі, ол жырдың өң бойында қара ниетті, сараң, ойлайтыны тек бас пайдасы, есіл-дерті тоқсан мың жылқысы. «Қарабай» деген есімі оны толық мінездеп, әрі бағалап тұр: қарау, пасық, арам жан деген мағыналарды береді. Қарабайдың мінез-құлқы, пиғылы, іс-әрекеті мұны толық дәлелдейді.

Айдар — жырдағы өте ұнамды кейіпкердің бірі. Қозы Көрпеш ержеткенде Баян сұлудың бірінші рет барып көргені Қозының ағасы Айдар.

Аннотация:

«Қозы Көрпеш – Баян сұлу» спектаклі араға жылдар салып, театрымызда қайта сахналанып отыр. Түркі жұртына ортақ қазына болып табылатын туындыны демеушілік жасап, қарашаңыраққа қайтарған – «Bayan Sulu» кондитерлік фабрикасы.

Ғашықтар зарына тас керең ғасырда дүниеге келіп, жақын-жуықтарынан қолдау таппай, бақиға аттанып кете барған қос мұңлықтың махаббат оқиғасын ұлы қаламгер Ғабит Мүсірепов кезінде өз пьесасына өзек еткен еді. 1940 жылдың 29 сәуірінде Мұхтар Әуезов атындағы Қазақ мемлекеттік академиялық драма театрында алғаш рет көрермен назарына ұсынылған туынды бүгінгі күнге дейін үлкен сұранысқа ие.

Сонымен, Махаббат символына айналған Қозы мен Баян өздерінің шерлі тарихымен тағы бір мәрте бөліспек.

Қоюшы-режиссеры – Ә. Рахимов, Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері.

Қоюшы-суретшісі – М. Сапаров,

Киім суретшісі – Б. Әбдіманапова,

Балетмейстер – Г. Мухамеджанова,

Сахна қозғалысы – А. Байлин,

Қойылым демеушісі –  «Bayan Sulu» фабрикасы.

Abai.kz

1 пікір