Сенбі, 27 Сәуір 2024
Көкмұнар 1624 15 пікір 26 Наурыз, 2024 сағат 17:04

Жаңа термин жасап жүрген ақындарға...

Сурет Википедиядан алынды

Қазақ сөз өнеріне құмартқан, өз әлінше сөз сүйегін танитын, жілігін шағып майын ішіп, кемігін кеміріп, қазақ сөзінің басқа арнаға түсіп бара жатқанына ынтаынтасымен жаны аши қарайтын маман болмасақ та, әдебиетке әуес, сөз қуар біздер үшін, күйіп-пысып, қоқ болып кететін тұстар көп-ақ…

Бірде әлем желіні ақтарып отырсам: «Ақ сағыныш кемесі, сәулетайыма қарай жылжып келе жатыр», - депті бір ән мәтінінде. Ол ақ сағыныш толы кемесі теңізде ме, құрлықта ма, ол жағы беймәлім. Әйтеуір бір ақ сағыныш кемесі, сәулетайына қарай жылжып келе жатыр екен, ән сөзі үшін жазса керек. Өлеңнің ұзын ырғасы осылай, кеме болғасын суда жылжып келе жатқан шығар дейін десең, бірақ ақын құрлықта туып өскендей. Бір кеме ақ сағыншқа толы жылжып келе жатқан, шіркіннің сәулетайы қандай жан екен десеңші? Пері ме, әлде хор қызы ма, қайдам? Онысын да қойшы, осы сөзге бір қанша кампозитор сымақтар ән жазып тастаған ғой. «Кең таралған ән» деп тағы бір жел өкпе жүргізушінің таныстырып жатқанын естіп, апам да аң-таң, мен де аң-таң болдық.

Иә, жөн делік. Қазақта, «сарғайған сағыныш бар» еді, ал «ақ сағыныш» қайдан пайда болды екен? Заманға қарай, кесерткіге (хамилонға) ұқсап, сағынышта маусым, мезгіл сайын өзгеріске ұшырап, түрленіп тұра ма екен әлде, кім білсін? Енді бір дәуір аунағанда көк сағыныш пайда болмасына кім кепіл?..

Айтпақшы, «Жасыл түн» деген өлең жазған ақын да бар екен. Тіпті осы өлеңінің атымен «Жасыл түн» деген жинақ шығарыпты. «Қараңғы түн», «Мақпал түн», «Айлы түн», «Көгілдір түн» деген болушы еді, «Жасыл түн» қайдан шыққан? «Жасыл жол» дегенді естігенбіз, өйткені көк майдсада, көкалда, жасыл жайлауда шалғынның үстімен жүрсеңіз әрине жасыл жол болары анық. Ал «Жасыл түн» басқа ғаламшарға шығып алып төмен қарағанда түн «жасыл түн» болып көрінетін шығар, ол жағын біз білмедік. Осыны жазған ақын білмесе...

Тағы бір ән сөзінде: «Жүрегіңнен бір орын бер бос болса» депті бір ақын, мәссаған… Бұған да кампозитор әжеп-тәуір еңбектеніп ноталарын өріп, ән жазыпты. Енді кампозитордыкі нағыз еңбек. Бірақ ақынның «жүрегіңнен бір орын бер бос болса» дегеніне қарағанда, адамның жүрегі емес, бір жаққа жүргелі тұрған жеңіл көлік немесе автобус ба дерсің. Еріксіз «недеген үлкен жүрек» деп, кеудеңді сипалайсың. Әй қайдам, бара-бара адамдардың жүрегі мына заман тағы бір аунай қаласа қоғамдық көлікке айналып кететін болар деген ойға келесің…

Ал, ендеше! «Қарбыз мұң» деп қойып қалыпты бір аты таныс, кеусілдей бір ақын! «Тәтті мұң» дегені ғой, енді қайтсін-ай… Япырай, ақынның кім болуында неміз бар, бірақ соның сөзі ғой талдайтынымыз.

«Қарбыз мұң» бұл қандай мұң болғаны сонда? Мұңның бәрі қарбыз сияқты қыпқызыл, дәмі тіл үйіретін тәтті болса, қуаныш, жұбаныштың не керегі?! Соны жарып жеп, езіп ішіп жүре бермей ме бұл халық. Қазақ көп геноцидке ұшыраған халық қой, көп жәугершілікті де тарихта басынан өткергені анық. Заманның ұшқан құстай дамуына ілесіп сол қалың қайғысы, мұңы бойына үйренісе келе, езілген қарбыздай, қоймалжыңға айналып қалған жоқ па екен? Әйтпесе, қазақ түбір сөзінде, тұрақты сөз тіркесінде «Қарбыз мұң» деген термин жоқ сияқты еді, мұны естіген келесі ұрпақтың мұңы,  картөшкі мұң (картоп), қызғанақ мұң (помидор), қырыққабат мұң (каппуста), сәбіз мұң болмасына кім кепіл?!.

Ал оны азсынып жүргенде, бір ақынымыз: «Құзғын мұң» деп қойып қалыпты бір өлеңінде... Алдынғы танымал ақын айтқан «қарбыз мұңды» жарып жеп отырғанда, екінші ақынның мұңы кәдуелгі, «қоңқ, қоңқ, қоңқ» деп аспанда ұшып жүретін, құзғынға айналып, аспанға бір-ақ көтерілді, енді қайттік?! Аспанда ұшып жүрген құзғын мұңдарға, жай халықтың қолы қайдан жетсін, осындай ақын сымақтар болмаса…

Бұл «Құзғын мұң» қайдан қоңқылдап ұшып келе қалды екен деп сөздің ақтардық. Қазақтың түбір сөзінде «құзғын мұң» деген термин жоқ болып шықты. Әлгі ақынымыз қиял әлемінде қоңқылдап өзінше өмір сүріп жүріпті.

Бірақ, бүгін «құзғын мұң» болады деп бармақ көрсетіп кетсек, ертең ұрпақтардың мұңы – «қарға мұң», «күйкентай мұң», «сауысқан мұң», «үкі мұң» болып ауысып кететіні даусыз…

Ал, оны азсынып жүргенде тағы бір ақын, «құлын жыр» деп қойып қалмасы бар ма? Бұл май тілесең, міне құйрық дегеннің өзі болды ғой. Ақынның сөз ләмінде, «құлын жыр» иен далада, шырқырап тұр екен. Бәлкім жетім құлын шығар, бәлкім аузына сақау шығып үйірінен бөлініп көз жазып қалған болар, әйтеу «шырқырап тұр» дейді.

Елдің бәрі, ақындар қосыны алдыға кетіп қалған ғой, шырқыраған құлын жырға, қарауға мұрса жоқ қарбалас қой…

Ой, құлын жыр, құлын жыр,

Елдер бізге күліп жұр?!

Қазақта «құлын жыр» деген термин жоқ, Осыдан былай біліп жүр! – деп біреуі де айтып, ескертпеген ғой, сол «құлын жырдың» авторына. Сол себепті ол өз алдына шырқырап шаба берген, шаба берген, жетім жабағыға ұқсап.

Бүгін, қазақта «құлын жыр» болады десек, ертеңгі ұрпақта, құнан жыр, байтал жыр, бие жыр, дөнен жыр, бесті жыр, ат жыр, айғыр жыр үйірімен өріп кісінеп кететіні даусыз. Өйткені мезгілге ілесіп, бүгінгі "құлын жыр" ертең тай, бірсүгіні құнан болып үлкейе береді ғой…

Ал, жалғасты желі қолданушыларды, ақындарды тыңдалық. Тағы бір ақындар шоғыры тым көз жетпес биікке, көтеріп кеткен, өлеңдерін оқысаң, Аспанды қақпа ғып қағып, жұлдыздарды бірін-біріне қосып ойнап жүр. Құдды аспан әлемінінің шақ-шәлекейін шығарған, Қытайдың «Батысқа сапар» телефилмьнің маймыл кейіпкері Сун-укің дерсің. Бұл өлеңінен еш нәрсе ұға алмайсың, бірін-бірі соғылған аспан денелері, домалап жүрген тәумен тас. Аралап қашып жүріп әрең құтыласың, бұл зұлыматтан, есіңді әзер жыясың.

Ал, оны азсынып жүргенде әлімсақтан бері, қара өлеңмен келген ел, социализм заманында, қызыл жалқын отқа қақталып, қып қызыл өлең жазған, қызыл ән айтқан халықпыз ғой. Зорланып болса да, одан жаһанданудың тәсіріне ұшырап, бәдік өлеңдер де жазып салдық. Оны жалаңаш, жалпыға айтқаннан ұялып «эротика» деп қойатынымыз тағы бар.

Енді өстіп жүргенде, бағанағы ақынның айтқан, бір кеме «ақ сағынышы» сияқты, «ақ өлең» деген өлең пайда былыпты. Дей тұрғанмен жылқыны – доңызға, шыбынды – қоңызға будандастырып жатқан заман ғой бұл. Бәрі де болатынынына күмәніміз жоқ. Бірақ, сол «ақ өлеңі» ойлы болса, баяғыдағы сөз биігіне көтерілген, Омарғазы Айтанұлы ағамыздың тоникалық өлеңдеріндей ойлы болса, айтарымыз жоқ еді.

Ал, ақ өлеңі түскір де, не бір түйір ұйқас, не бір шақа ой жоқ шіркін-ау.

Не қара сөзге, не қара өлеңге ұқсамайды. Бұл жерде барлығын бір шыбықпен айдап баражатқан жоқпыз, ішінарасын айтып отырмыз ғой. Ұзын құлақ есек пен, кәдуелгі жылқы шағылысып, не жылқы емес, не есек емес қашыр деген бір тұқымы тұздай құрығыр хайуанның пайда болғанындай…

Ал, сосын өлеңнен жалыққанда ақпарат саласындағы, әлем желідегі, кісілердің сөз ләміне назар саласың. мұнда, ақынға да жазушыға да, жақын сөзуарларың бар ғой. «Аспан асты елі» дейді бір журналист бір күні, Қытайды айтқаны болса керек, мәссаған! Сонда біз аспанның үстінде екеміз немесе аспанның астында емес екенбіз ғой деп қаласың?!

Бұрын, бала кезімізде естіген бір ертегіде айтылуынша жер үш қабат болады мыс… Аспанның үстіндегілер белбауды қыл мойыннан, ортасындағылары белінен, ал аспанның астындағылар екі аяғының тобығынан байланады екен дейтін… Бәлкім, онсыз да тұсаулы елге, айтқан астарлы сөзі ме деген ойға келесің.

Бұл жерде де, келесі ұрпақ журналистерін де ескерген жөн сияқты, бүгін елді аспан асты десек, ертең ұрпақтар оларды жердің жарығына тығып жіберуі ғажап емес қой…

Ал, ендеше ол олма? Бір журналист «айды аспанға бір-ақ шығарды» демесі бар ма, сөз арасында, мәссаған! Онсыз да аспанда тұрған айды, кімдер әуре болып сүйрелеп жұр екен, әттең?! Бүгін біз айды сүйреп аспанға бір-ақ шығардық десек, келесі ұрпақ қайтадан әкеле алмай, қиналып қалады-ау…

Сонымен осылайдан осылай, бүгінгі ақындар мен сөзуарлардың ойлап тапқан жаңа терминдеріне жіп таға алмай шаршайсың. Онсыз да дүбара болып, тілі шұбарлалып бара жатқан елді одан сайын жарға итергендейміз.

Ұлт көсемі Ақымет Байтұрсынұлы: «Сөзі жоғалған ұлттың, өзі де жоғалады» деген асыл сөзі еске түседі. «Түгел сөздің түбі бір, түп атасы Майқы би» демекші қазақ сөз жүйесінің түп тамырынан ауытқып, жаңа термин ойлап тауып, қарық қылмай-ақ қойсақ екен деген ойда қаласың. Біз жаңа термин жасамай-ақ, онысызда қазақтың сөздік қоры бай тілдің қатарында ғой айналайындар-ау… Неден салсаң содан шығады ғой шіркін!

Мен жоғарыда, жаңадан термин ойлап тапқан кісі болып, онсыз да бай тілімізді байытып жатырмыз деп, ақтер-көктер болып жүрген, бір бөлім ақындар мен сөзуар журналыстердің, өлеңіне, жалпы шығармасына емес, жоқтан тапқандай болған бір-бір ауыз сөзіне ғана тоқталдым. Кешірерсіздер, игі жақсылар!

Қазақ түбір сөзінде ондай мәнсіз терминдер жоқ, шырақтарым, естеріңді жиыңдар, айналайындар?!.

Ақ сағыныш, қазақта жоқ халқым-ау, дүбәрә тіл, дүмбілез ой, арты жау. Әлек болып «айды аспанға шығарып», «Құлын жыр» деп термин жасау артық немесе босқа әурешілік бұл.

Біздер айтсақ, «құзғын мұң» мен «қарбыз мұң», сөз негізі өшкендігі арғы іздің. Қиғаш түсіп мазалайды-ау ұрпаққа, маңдайдағы ана тілдей жалғыз күн деп ойымызды айақтаймыз.

Бақытбек Талғат

Abai.kz

15 пікір