Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 2685 7 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 19:07

Кейбір адамдар ештеңе білмейді, бірақ, олар ештеңе білмейтіндіктерін де білмейді

Сурет: adyrna.kz

Жалпы сопылықта адамдарды типтеу мәселесі кең тараған. Мысалы, Түркілік сопылық дүниетанымында қоғамдағы адамдарды жіктегенде “Кейбір адамдар ештеңе білмейді, бірақ, білмейтіндігін біледі. Ондай адам балалық дәуірде жүр. Бұлардың ішінде білуге ынталылар бар болса оны өсіріп, тәрбиелеуің керек. Бұл Иасауидегі талиб, мурид, салиқ тобы.

Кейбір адамдар ештеңе білмейді, бірақ, олар ештеңе білмейтіндіктерін де білмейді. Ондай адамдар нағыз надандар. Иасауидегі надандар тобы. Одан аулақ жүруің керек. Кейбір адамдар біледі, бірақ білетіндіктерін білмейді. Ондай адамдар ұйқыда жүр, оларды ояту керек. Бұл–Иасауидегі ғафилдер тобы.

Кейбір адамдар біледі және білетіндіктерін де біледі. Ондайлар нағыз дана адамдар, сондықтан солардың жолынан жүру керек. Бұл–Иасауи іліміндегі нағыз кемел адам категориясына жататын адамдар тобы.

“Диуани Хикметте” адамның бірнеше типтері өрнектелген. Бұлардың арасында ең төменгі нәпсінің құлы болып, “затқа айналған” адамнан ең кемел адамға дейінгі әртүрлі адам типтері бар. Одан Иасауидің іздегені іші мен сырты тең, өзі мен сөзі бір, іштей тұтастыққа жеткен кемел адамның кісілігі екенін аңғаруға болады. Иасауи қоғамдағы адамдарды анықтау үшін оларды “Хақиқатқа табынушылар және дүниеге табынушылар” деп жіктеп, салыстырып көрсеткен. “Хақ перестер мақамыға маһрем болдым”-деп халықты Хақ жолына шақырса, “Дүние перест тексіздерден аулақ бол ”-деп, дүниеқұмарлардан қашуға үндейді. Иасауи осы дүниеперестер тобындағы адамдардың “залым”, “күнәһар”, “екі жүзді”, “надан”, “дертсіз”, “махаббатсыз”, “риякер”, “жалған ғашық”, “ессіз ғалым”, “менмен”, “қошеметші”, “ғафил”, “тексіз”, “ынсапсыз”, “дүниеқоңыз”, “мейірімсіз”, “пасық”, “имансыз”, “амалсыз”, “мұңсыз”, “бейхабар” және т.с.с қасиеттеріне қарап оларды надандар категориясына жатқызған. Құран да мұндай адам типтеріне жеке жеке тоқталып, ондайлардан аулақ болуға үндейді.

Иасауи атамыз “Надандардан қашып Хаққа (Тәңірге) сыйындым ”. Надандар мен надандықты жою үшін Хақтан жәрдем тілеп, “Жерастына” түстім. “Сол үшін “фана” болып Хаққа бардым”, “Дана таппай “жер астына” түстім ”, “Көкірегімді тесіңдер “дерт пен қамға” толды әбден ” –дейді. Оның надандық ұғымының мазмұны адамда Құранды, хикметті жалпы сөз ұғарлық құлақтың болмауын, Тәңірге шүкіршілік тұрмақ одан қорқудың не екенін білмеуін, уақытты, өмірді босқа зая өткізуді, арам асқа малыну мен парақорлықты, құмарлықты, екіжүзділік пен жағымпаздықты, мақтаншақтық пен жаңсақтықты, қорқаулық пен қорқақтықты, мұңсыздық пен ынсапсыздықты, ашкөздік пен қанағатсыздықты, қызғаныш пен ашуды, кекшілдік пен асылықты, көзбояушылық пен меңіреулікті, имансыздық пен арсыздықты және т.б. жаман қасиеттерді қамтиды.

Досай Кенжетайдың желідегі жазбасы

Abai.kz

7 пікір