Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Айқай 793 1 пікір 13 Наурыз, 2024 сағат 16:23

Бишімбаев соты: Бас прокуратура не дейді?

Сурет: Жанар Каримова (vlast.kz)

Осы аптадағы Қазақстан қоғамын дүр сілкінткен жайт экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты болды.

Бас прокуратура Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне күмән келтіретін материалдардың еліміздің медиа алаңында жариялануына байланысты алаңдаушылық білдірді.

ҚР Бас прокуратурасы осыған қатысты:

«Медиа-кеңістікте Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру нәтижелеріне күмән келтіретін материалдар жариялануда. Мұндай мәліметтерді тарату оның нақты іс бойынша объективті және әділ сот төрелігін жүзеге асыруына кедергі жасау мақсатында сотқа әсер ету нысаны ретінде бағалануы мүмкін. Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 407-бабына сәйкес соттың қызметіне араласуға жол берілмейді және ондай әрекет үшін жазаланады» - деп мәлімдеді.

Бұдан бөлек ҚР Бас прокуратурасы біле тұра жалған мәліметтерді таратқаны үшін ҚР Қылмыстық кодексінің 274-бабы бойынша қылмыстық жауапкершілік қарастырылғаны да ескерте кетіп жасаған хабарламасында:

«Осыған байланысты Бас прокуратура барлық азаматтар мен БАҚ-тарды заңдылықты сақтауға шақырады, қылмыстық құқық бұзушылықтар жасаудан және соттың қызметiне қандай да болмасын түрде араласпауды ескертеді», - делінеді.

Қылмысты деп табылған Қуандық Бишімбаевқа қандай айып тағылып отыр?

2023 жылғы 9 қарашада елорда мейрамханаларының бірінде қайғылы оқиға болды – Салтанат Нүкенова дене жарақатынан қайтыс болды. Алдын ала ақпарат бойынша әйелді жұбайы Қуандық Бишімбаев ұрып-соққан. Кейбір бұқаралық ақпарат құралдарының хабарлауынша, зардап шеккен адамға дер кезінде медициналық көмек көрсетілмеген және жедел жәрдем келгенде әйел қайтыс болып кеткен.

Сол күні ІІМ мейрамханадағы төбелес фактісін ғана растап, әйелдің дене жарақатынан қайтыс болғанын айтты. Алайда полиция күдіктінің атын атаудан бас тартты.

Кейін Қазақстанның ішкі істер вице-министрі Сәкен Сәрсенов Қуандық Бишімбаевтың ұсталғанын растады. Ал ішкі істер министрлігі Салтанат Нүкенованың өліміне қатысты тергеуді жеке бақылауға алды.

2024 жылдың қаңтарында Қазақстан ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха Қуандық Бишімбаевқа «айрықша қатыгездікпен жасалған кісі өлтіруден» басқа «азаптау» бабы да жүктелетінін айтты.

Естеріңізге сала кететін жайт: Қуандық Бишімбаевқа қатысты қылмыстық іс бойынша 11 наурызда бірінші сот процесі өтті. 12 наурызда сот тыңдалымы өз жалғастығын тапты. Оның қорытындысы бойынша алда Бишімбаевтың ісін алқабилер қарайтын болды. Әйелі Салтанат Нүкенованы өлтірді деп айыпталған бұрынғы ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаевтың ісі бойынша негізгі сот талқысы 27 наурызға белгіленіп отыр.

Осыған байланысты Бас прокуратура барлық азаматтар мен БАҚ-тарды заңдылықты сақтауға үндеді.

Abai.kz

1 пікір