Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
456 0 пікір 11 Наурыз, 2024 сағат 16:11

Алименттен жалтару мүмкін емес

Сурет: mir24.tv

Қалалық жеке сот орындаушылар палатасының басшысы Айдын Қайдаров,  Алматыда 18 мыңнан астам алимент өндіру ісі қаралып жатқандығын хабарлады. Оның айтуынша, алимент қарызы бойынша Алматы қаласы өзгелерден оқ бойы озық тұр екен. Төленбеген алимент көлемі – 63 миллион теңге.

"Қарыз мерзімі үш айдан асатын 1000 проблемалық істерге қатысты біз белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Өз әрекеттерін жиі тұрақты жұмысының жоқтығымен ақтайтын алимент төлеушілерге жеке сот орындаушысы қамауға алу және шектеу түріндегі мәжбүрлеу шараларын қолданады", – деді  Алматыда өткен брифингте Айдын Қайдаров.

Ол өзінің мысалында ірі көлемдегі алименттік қарызды өтеу үшін үш бөлмелі пәтер берілгенін айтты. Басқа борышкер пәтердегі үлесін алимент ретінде аударған.

"Борышкердің мүлкін мәжбүрлеп алып қою мысалдары бар. Жыл басынан бері барлығы 10-нан астам борышкердің көлігі тәркіленді. Нәтижеге жүргізуші куәлігі де тиімді әсер етеді. Бүгінгі таңда Алматы қаласындағы жете сот орындаушылары "Яндекс" сервисінде жұмыс істейтін қосымша табыс бойынша борышкерлерді анықтауда", – деді спикер.

Алматы қалалық жеке сот орындаушылар палатасы да жұмыссыз борышкерлердің тізімін жасап, еңбек биржалары мен бос жұмыс орындары жәрмеңкелері арқылы жұмысқа орналасуға көмек көрсетуге жібереді.

Қазақстан Республикасының "Неке және отбасы туралы" Кодексінің 138-бабына сәйкес ата-ана кәмелетке толмаған балаларын асырауға міндетті. Палата борышкерлер арасында балаға алимент төлеу туралы шарт жасасу мүмкіндігі және алимент төлеудің әртүрлі әдістері туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Abai.kz

0 пікір