Сенбі, 27 Сәуір 2024
Әне, көрдің бе? 1858 19 пікір 5 Наурыз, 2024 сағат 14:10

Ақмарал ханым, артықтау кеткен жоқсыз ба?

Фото: parlam.kz

Осы бізде кім-кімнің де сәл билікке қолы жетсе, бірден өзгеріп сала беретіндігі несі екен? Өзіне бекітіп берілген саладағы атқарған жұмысының нәтижесімен емес, сәнді киімі мен қол сөмкесі секілді кәкір-шүкірмен мақтанатындығын қайтерсің?..

Мұндай тыраштанушылықты әлемнің өркениетті елдерінде артта қалғандық, яғни надандық деп санайды. Олар біздердегідей байлығын асырып көрсетпейді, қайта жасырып көрсетеді. Қараша халық алдында неғұрлым қарапайым күйінде көрінуге тырысады.

Ал бізде…Бізде бәрі керісінше. Міне, орынтаққа жайғасып та үлгірмеген еліміздің денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова журналистер алдында жайсыз жағдайға ұшырады. Бұл су жаңа министріміз әлемжеліге тек қана брендтік стильге жататын аса қымбат киімдерімен сәнденіп түскен суреттерін салып қойыпты. Қазір бірдеңені жасыру оңай емес қой, ерігіп жүрген журналистер бұл суреттен министрдің өзі онша мән бермейтін жайтты байқап қойыпты. Сөйтсе, киіп тұрған көйлегінің бағасы 900 мың теңге, ал жай ғана қол сөмкесі 250 мың теңге тұратын көрінеді.

Бір қызығы, министріміздің аса әуесқой журналистердің сұрақтарына берген жауабында қарағанда бұл дүниелерді аса қымбат нәрсе емес, жай ғана қарапайым дүниелердің қатарына жатқызатын көрінеді. Ол кісінің айтуынша, көйлегін мерейтойға деп сатып алған. Ал қол сөмке деген не тәйірі, оны еліміздегі кез-келген әйел қиналмай-ақ сатып алады екен.

Енді бұған не айтарсыз? Министр шынымен осылай ойлай ма екен? Ау, еліміздің басым бөлігінің айлығы шайлығына жетпей, алды күнкөрістің қамымен Англияға, арты Оңтүстік Кореяға асып жатқан әйелдердің қайсысының қолынан осындай сөмке көріп едіңіз, министр ханым?

Біз, әрине, Ақмарал Әлназарованың өзі басқаратын саладағы біліктілігіне күмән келтіргелі отырған жоқпыз. Бұл кісінің талай сатыдан өткендігінен әрі медицина саласынан мол тәжірибе жинаған жан екендігінен мол хабардармыз. Тек Абай хакім айтпақшы «Өзіңде бармен көзге ұрып» қалатындай жағымсыз әрекеттерден аулақ болғандығын қалар едік.

Осымен қатар біз шетелдік министр ханымдар да брендік қымбат киімдерден таршылық көріп отырғанмағандығын еске сала кетер едік. Олар да аса сәнді киінеді. Алайда олардың біздерден айырмашылығы, мұндай сәндік киімді халықаралық кездесулерде немесе шетелдік аса жоғары дәрежелі делегацияларды қарсы аларда, болмаса халықаралық шарттарға қол қою рәсімі секілді ерекше жағдайда ғана киінеді. Ал қарапайым жұмыс барысында сол жүріп-тұруға лайықты ортаңқол киімдермен жүре береді. Қызметтік этика дегеніміз осы. Мұны біздің ханымдарымыз біле ме, жоқ па, одан хабарсызбыз.

Жалпы, қарапайымдылық пен талғампаздық кім-кімге де жарасары сөзсіз. Әсіресе, халық өз ақшасына жалдаған мемлекеттік биік лауазымды жандарға. Бұл тіпті қатаң қағидаға айналса игі.

Жайберген Болатов

Abai.kz

19 пікір