Сенбі, 27 Сәуір 2024
Ақмылтық 1517 56 пікір 1 Наурыз, 2024 сағат 13:53

Ғылым таппай мақтанба...

Сурет автордың жеке мұрағатынан

Немесе ғылым туралы заң қандай болуы тиіс?

Мәжілісте жаңа заң – «Ғылым және технологиялық саясат туралы» Заң жобасы қаралуда. Мәжілістің Қоғамдық палатасының мүшесі ретінде сол жобаны талқылауға мен де қатыстым.

Ең алдымен айтарым, заң жобасына заман талабына сай көптеген құқықтық новеллалар енгізілгенін мойындау керек. Әсіресе, ғылым мен нарықтық экономика талаптарының бір-бірімен үйлесуі, ғылыми зерттеулерге жұмсалған бюджеттік қаржының тиімділігін арттыру, ғылымға инвестиция тарту секілді жаңаша баптарды баса атау керек.

Заң жобасын талқылауға ғылыми орта өкілдерін кеңінен тарту үрдісі де көңілге қонарлық. Мәселен, жобаны талқылаған Мәжілістің Қоғамдық палатасының отырысы Қазақ Ұлттық университетінің кітапханасында өтті, оған ғалымдар да қатысып, өз ойларын білдірді.

Десек те, осы заң жобасы мен жалпы ғылымның жағдайына қатысты бірер ұсынысымыз да жоқ емес.

Біріншіден, заңның атауының өзі ғылым секілді кешенді құбылыстың аясын тарылтып жіберген сияқты. «Ғылым және технологиялық саясат» дейді, ал ғылым болса, тек қана технологиядан құралмайды ғой. Гуманитарлық, қоғамдық, әлеуметтік, жаратылыстану сияқты маңызды салалардың заң атауына енбегенін қалай түсінеміз? Бұлай дейтін себебім сол: бізде ғылым туралы басқа заң жоқ.

Иә, соңғы кезде президент Тоқаев техникалық мамандықтар мен технология, инженерия туралы көп айтып жүр. Ол да дұрыс болар. Бірақ «президент солай айтты екен» деп, ғылым мен білімнің басқа бағыттарын заң атауында ұмыт қалдыруға болмайды ғой.

Мәселен, қоғамдық ғылымды місе тұтпаған кез келген қоғам өзінің идеологиялық, идеялық, бағадарламалық стратегиясынан, керек десеңіз, ұлттық ерекшелігінен, мемлекеттік ұстынынан айрылып, өркениетттік көштен кеш қалуы мүмкін.

Екіншіден, заң жобасында ғылыми жобаларға жұмсалған қаржының қайтарымы туралы жақсы айтылған. Бірақ мұндай талап біржақты болмауы тиіс.

Мәселен, архелеогиялық қазбаларға жұмсалатын қаржының қайтарымын қалай есептейсіз? Немесе филологиялық еңбектердің экономикалық тиімділігін қалай өлшейсіз? Жалпы алғанда, технократтық емес ғылымдарға қатысты осындай сауалдар жеткілікті.

Үшіншіден, соңғы кезде ғылымның бас ордасы саналатын Ұлтық Ғылым Академиясына қатысты сұрақтар көбейіп кетті. Кеше ғана тағайындалған президенті көп ұзамай орнын босатты. ҰҒА-ның құқықтық мәртебесі мен өкілеттіктеріне қатысты да билікте тұрақты пікір қалыптаспаған сықылды.

Меніңше, ҰҒА реформасына кедергі болып тұрған басты жайт сол: оның бір аяғы кешегі Совет дәуірінде, ал екінші аяғы - Жаңа Қазақстанда, яғни ол бір-біріне кереғар екі жүйенің ортасында талтайып тұр. Реформа жасау үшін осы екі жүйенің бір жағына шығу керек деп ойлаймын.

Төртінші мәселе ғылыми кадрларға қатысты. Оның ресейлік сипаты бар. Украинаға қарсы соғыс ашқан Ресей өркениетті әлемнен аластатылып, ортадан шеттетілді. Соның ішінде Ресей өз еркімен білім саласында барша дүние мойындаған Болон процесінен бас тартып, кешегі советтік білім беру жүйесіне көшті. Қазақстан болса, өз аумағында ресейлік университеттердің филиалдарын көптеп ашып жатыр. Бір сұрақ: ондағы білім қай жүйеге сәйкес беріледі, ертеңгі күні сол филиалдардан дәріс алған біздің жастар әлемдік оқу жүйесінен тыс қалып, оқуларын басқа елдерде жалғастыра ала ма?

Бесінші мәселе ғылымдағы еркіндік пен балама пікірге қатысты. «Академиялық еркіндік» деген қалыптасып қалған термин бар.

Бір мысал келтіре кетейін.

Осыдан біраз уақыт бұрын «өте тәуелсіз» бір журналдың соты болды. Ескі Қазақстанда оппозициялық саналған ол басылымды сот жапқалы жатыр еді. Соттың саяси сипаты бар екенін бәрі көріп отыр. Сол сотқа біз үшеуіміз – Расул Жұмалы, Айдос Сарым және мен – журналды қорғап, сарапшы ретінде қатыстық. Біздің уәждеріміз орнықты әрі орынды болғанымен, аты онша белгілі емес, билік жіберген бір ғалымның сөзі қабылданып, ақырында журнал сот шешімімен жабылды.

Сөйтсек, біздің бар кінәміз «ғылыми атағымыз жоқ екен», ал биліктің сойылын соғуға келген ғалым дырдай ғылым докторы екен.

Бұл дегеніңіз – билік саяси сот процесіне мемлекеттік университеттің ғалымдарын қатыстырды деген сөз.

Мұндай жағдайда «академиялық еркіндік» туралы сөз қозғаудың өзі ұяттау екен...

Әміржан Қосан

Abai.kz

56 пікір