Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2911 0 пікір 18 Қараша, 2013 сағат 06:42

Тұңғышбай ӘЛ-ТАРАЗИ: КӨРЕРМЕНМЕН СЫР БІЛДІРМЕЙ СЫРЛАСЫП ЖҮРМІН

Тұңғышбай аға, біраздан бері сізді «Ел арнадағы» «Оян.кз» бағдарламасынан байқап жүрміз. Сізді мұндай «рольге» көндіру оңай болмаған шығар. Қалай келістіңіз?

Тұңғышбай аға, біраздан бері сізді «Ел арнадағы» «Оян.кз» бағдарламасынан байқап жүрміз. Сізді мұндай «рольге» көндіру оңай болмаған шығар. Қалай келістіңіз?
– Ішіңдегі сырыңды тап баса алатын қыздардан айналмайсың ба? Рас, мұндай «рольге» көнуім «ОЯН.КЗ» бағдарламасының ұйымдастырушыларына оңайға түскен жоқ. Көк жәшіктен көріп жүрген көп сандырақтан қайран көңілдің қалып жүргені ақиқат. Оның үстіне уақыт деген қымбатымның арзандайтын түрі көрінбейді. Ештеңені қиратып та жүрмеген шығармын, әйткенмен төрт қабырғаға телміріп қалған, екі қолы алдына сыймайтын, көштен қалып, көшеге шықпайтын бойкүйез зейнеткерлердің санатында емеспін әзірге. Сабағым бар, Одағым бар, жұмысым бар дегендей... Алайда, анда-санда көзің шалып қалатын хабар-ошарларға көзім түссе, қарным ашатынын жасырмаймын. Мәскеуді, басқаны көз жұмып қайталайтын бағдарламаларға да қаным қас. Елдің есін ессіз дүниемен улауды асқан іскерлік деп есептемеймін. Бүгінгінің салтына айнала бастаған сериалдардан да азар да безермін. Екі кітаптың бетін ашпаған, ғайыптан тайған «актрисалар мен режиссерлер» пайда болған екен, ойды былай қойып, көз тоқтатайын десең, қас-көздерінің бояуы қалың, ал істері мен сөздері саяз, ой-пиғылдары тайғанақ. Бірақ мақсат-мүдделері аспанда, оған көтерілетін білім баспалдақтарының күмәнділігінде шаруалары жоқ. Одан гөрі эстрада әншілерінің кейбір клиптері мазмұнды келеді. Арна басшыларымен апақ-сапақта кездесіп қалып, әлгі шалаларға несіне тізгін бересіздер деген сауалыма, «қаражат аз болған соң, амалсыз» деген әлжуаз жауап аламын. Шаладан шала дүние шығатынын біле тұра, не себептен ондай шешімге баратындарын түсінбей әлекпін. «Арзанның сорпасы татымайды» дегенді ата-бабамыз ана замандарда айтқан ғой. Кейбір беті жылтыраған көкек қыздар, бірер шатпақ түсірілімге продюсер болғансып, тіпті Елбасымен кездесуге баруға дейін «көтеріліп», көсемси бастапты. Демек, Елбасы мен ел арасындағы зерделі жастар мен зиялы қауымға «көпір» болар институтта кінарат болғаны, олардың таңдау әдісі мен талғам таразысында ауытқу бар деген сөз. Әйтпесе, назар аударарлық қазақ өнерінде қабырғалы дүние жасап жүрген, басқан ізі білінбейтін жастар да, жасамыстар да жетіп артылады. Бірақ олар жоғарыға жалмаңдап көрінуге көргенді ибасы, еселі еңбегін міндеттеуге мәуелі ұяты жібермейді. Әлгі айтқан арадағы «көпірлерге» де көлденеңдеуді ар санайтын, тіпті ол жайлы ойламайтын «бетегеден биік, жусаннан аласалар». Кезінде үкімет адамдарының алдына баруға Хадиша Бөкеева, Сәбира Майқанова, Шолпан Жандарбековалардың пәтігі жетуші еді. Олар да ол кездері отыз бен қырықтың үстінде болатын. «Атавизмге» барып отыр демеңіз, жастардың жарқырағанына қарсы емеспін, алайда жылтыраған мен жалтырағанның айырмасы әжептәуір ғой. Хош, «бірді айтып, бірге кеттім», сұрағыңның төтесіне келсек, «ОЯН.КЗ» бағдарламасынан әзірге «қашып» кетпей жүргенім – оң мен солдағы ешкімді қайталамайтыны, таза қазақылығы, заманауилығы мен қарапайымдылығы да көңілге қонғандай болды. Ұйымдастырушылары да өз ісіне шеберлер, бұрыннан таныс, қыр арқасына қыруар тәжірибе «арқалаған» Қымбат Досжан, Гүлнар Мейірбековалардың қиылған көңілін қалдырғым келмеді. Әріптестерім де салмақты, Майра қарындасым да қазаққа сүйкімі артық қыз.
– Теледидарда бұрын-соңды жүргізуші болғаныңызды байқамап едік, өзіңізге ұнап жатыр ма? Бұл сіз үшін жұмыс па, демалыс па?
– Неге, біраз жерге «шапқанбыз» дегендей, аракідік болған. Бір кездерде «Бәрі де мүмкін» деген шоуды, орыс тіліндегі «Открытая Азия» хабарын біраз уақыт жүргіздім. Ал, тележурналистеріңіз кенедей жабысып менен сұбхат алуға құмар. Актердің артық қадірі мен шын бағасы – жаттандылығы мен жасандылығында емес, әмбебаптығында, қай жарысқа салсаң да алдын бермес ақтаңгер болғаны жөн-дүр. Аузына келген арзан сөзді сапыратын жалған жұлдыздар көп қазір. Айтарың болмаса, үндеме, абыройыңды кетірме, ел алдына шықпа. Менің суреткер ретіндегі ұстанымым осы, алдымдағы шәкірттеріме де қояр талабым сол. Ал, «жұмыс пен демалыс» жайына келсек, екеуі де аздық қылады. Меніңше бұл – ой-толғақ десе болатындай, яғни көрерменмен сыр білдірмей сырласу, қарапайым үлгіде қымбат ойлар бөлісу, экран сыртындығы елмен тең пиғылда ақылдасу, еппен жақындасу, сабырмен бірге биіктеу.
– «Ел арнаның» шығармашылық ұжымы сіздің қолайыңызға жағып жатыр ма? «Оян.кз»-тің басқа таңғы бағдарламалардан айырмашылығы қандай?
– Мен өзіме биік талап пен жоғары жауапкершілік артатын адаммын. «Қолайыңа жаға ма» деген төте сұраққа тете жауап беру әзірге ертерек. Басы жап-жақсы басталып, аяғы ізім-ғайымдана сиырқұймышақтанып, божырап кететін бағдарламалар көп қой. Әсілі біздер еліктегіш болып алдық, өзгенің қаңсығын таңсық етуге әбден етіміз үйреніп кетті. Өз тарапымыздан ешкімге ұқсамайтын я бір телебағдарлама, я шоу, тіпті сериал да түсіре алмай жүрміз. Қит еткеніміз – қайталау, өзегіңнен шығар өзіңнің өндірің қадірсіз. Осыны ойлағанда қарадан күйіп-пісіп, шарасыздығымызға қапа боламын. Алақанға түкіріп, кірісіп-ақ кеткің келеді, алайда сенің оныңды ұғып, қолдап жатқан ешкім жоқ. Бүгіндері шалалардың «ширақтығына» шаң ілеспейтін, қордалы ой мен қазыналы тірлік қарапайымдылығынан қора сыртында қалып жүргені жасырын емес. Ойлай берсең ой да көп, уайым да көп, қайсыбірін айтайын. Әйтпесе түріктердің «Сүлейманынан» асқан тарихи сериал түсіріп бере алмасам, әкел қолдарыңды! Кем Кемелов, Тоң Теменов, Қаш Жөнеловтерден кем кәсіби, олардан кем мәтіби емеспіз, «ер екендеріңізді білейін», ұстатыңыз қолыма! Әй, бірақ...
– Жас кезіңізде телеарнаға құмартпадыңыз ба? Жүргізушілікке неге талпынып көрмедіңіз?
– Жас кездегі құмарлықта есеп бар ма? Өзіне көзің түсе бастаған сыныптас қыздардан бетер құмар қылған телеарна деген сойқан біздің қылпылдаған 10-12 жастағы шағымызда келді ғой. Құмарту былай тұрсын, аузымызды ашып, көзімізді жұмып қараушы едік. Ес білгендегі өскен, темір жолдың 27 разъезд деп аталатын шағын бекетінде жол бригадирінің үйіне орнатылған жолшылар жанұясына деп, бөлімше басшыларының арнайы бөлген титтей телевизорына әлгі кісінің форточкасынан әзер сығалайтынбыз. Үйіме топырламасын деп, ол үйдің шайпау әйелі, әлгі теле жарықтықты сол тесікке орнатып, экранын далаға қаратып қоюшы еді. Ал өздері үй ішінде бала-шағасымен кешкі тамағын жәукемдеуге кірісетін... Көк жәшіктің ішінен сөйлеп тұрған басты көргенде аң-таң болғаннан, ол бастың не айтып, не қойғанын түсінбесек те, тапжылмай тесілуден жалықпайтынбыз. Әлгі шайпау жеңгеміз, «құрыңдар әрі, кеш болды, байым таң ата жұмысқа барады», деп сылп еткізіп өшіріп тастағанда, ұнжырғамыз түсіп, үйді-үйімізге тарқаушы едік... Жүргізушілікті айтасыз, ол қол жетпес биіктік еді ғой, оған талпынбақ түгілі армандаудан үркетінбіз... Қол ұзарып, ес жиғанда сахна құдіретімен қауыштық та, оң мен солға, арғы-бергіге алаңдауға мұрша болмады емес пе...
– Бағдарлама жүргізушісі ретінде жастардан да, орта, аға буын өкілдерімен де пікірлесесіз. Мұның қиындығы қандай, қызығы қайсы?
– Актер болу – әмбебап болу. Кез келген буынмен, кез келген тақырыпта пікірлесе білу міндет. Актер – мамандық емес, тұлғалық қалып, өзгеше өлшем. Байқасаңыз, пікірлесе отырып, сол тақырыптың аясы мен төңірегінде қарсымдағы кісіге талай нәрсені айтқызып алам, білік қоржынымды толтыра түсем. «Жаспен жасша, жасамыспен жасамысша» пікірлесу дегенге онша түсіне қоймаймын. Кіммен, нендей тақырыпта сыр шертіссең де, екі жақтан да талғам арзандамай, білік төмендемей, іш пыстырмай, сыңғырлаған қоңырау іші бос болмай, бір қалыпта, бір кеңістікте теңескенге не жетсін.
– Театр қайраткерлер одағын басқарасыз. Режиссерсіз, актерсіз, ән де айтасыз. Біз білмейтін қандай талантыңыз бар?
– Өзім үшін өлең жазам, өзім айтатын әндердің сөзін өзіме ыңғайлап қайта құрастырам, алайда авторлығына ортақ болмаймын. Театртанудан теориялық ғылыми монографиялар, мақалалар өрем, өнертанудан кандидаттық диссертация қорғағам, докторлықтан да дәмелімін, актерлық шеберліктен сабақ беруге болатын, жоғарғы жақ, ЖАК бекіткен профессор деген атағым бар, өз айтқаны болмаса, көрінген көк аттының былжырағына ермейтін, «көп айтса – көнді, жұрт айтса – болдыға» тізгін бермейтін шатағым бар екені жалпақ жұртқа аян. Қысқасы, тынымсыз деген де, шындық құмар жұғымсыз деген де «талантым» бар.
– Бәрекелді. Соңғы кезде сізді сахнадан да, кинодан да сирек көреміз. Елімізде кино мен сериал өндірісі қарқынды дамып жатқаны белгілі, сізді қандай жобалардан көре аламыз?
– Жақын арада да көре алмайтын шығарсыздар. Қалпым мен парқым келіспей жүр... Киноның тақырыбы майда, театрдың өресі сайда жатыр, әзірге... Сериалдарыңыздың бүгінгі сұрқы – менің қырсықты тұрқыма пар келмеген соң, оның атын атамай-ақ қойыңыз. Театрымда бәлки, жаңа қойылымдарға режиссерлік, я басты роль бұйырар деген есек дәме бар. Бұрынғы «білгір» бастықтың «білмегендерін» білетін шығармын деп, бүгінгі бастық ишара жасаған-ды... Алла біледі, алайда...
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Д. Мәкежан
"Халық сөзі" газеті

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2102
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2516
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2202
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1624