Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2380 0 пікір 7 Қараша, 2013 сағат 04:26

Жұмабай Құлиев. 22 жыл өтті. «Таз кепешімізді» тастаған жоқпыз

Ақиқатқа жүгінейік, біз – тәуелсіздігіміздің 22 жылында талай қайталанбас сәтті кезеңдерді уысымыздан шығарып алған елміз. Бүгінде жаһандық ойында біздің сыртқы саясаттағы азусыздығымыз өз алдына, тек шикізатымыздан басқа, елді сақтап қалатын салмақты көзіріміз жоқ.

Ең бастысы, мемлекет іс-әрекетінің негізгі қағидасы – әлеуметтік әділеттік болуы қажет, онсыз қандай да бір игі бастама тұралап тынады. Мұндай жағдайда жемқорлықпен күрес биліктің өз құлқыны үшін күреске айналады. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы бюджеттік қаржыны талан-таражға салудың тетігі болып шығады. Ал, индустриалды-инновациялық бағдарлама қысыр әңгіме деңгейінде қалады.

 

Бір жылда 4000 компанияны жекешелендіріппіз

Ақиқатқа жүгінейік, біз – тәуелсіздігіміздің 22 жылында талай қайталанбас сәтті кезеңдерді уысымыздан шығарып алған елміз. Бүгінде жаһандық ойында біздің сыртқы саясаттағы азусыздығымыз өз алдына, тек шикізатымыздан басқа, елді сақтап қалатын салмақты көзіріміз жоқ.

Ең бастысы, мемлекет іс-әрекетінің негізгі қағидасы – әлеуметтік әділеттік болуы қажет, онсыз қандай да бір игі бастама тұралап тынады. Мұндай жағдайда жемқорлықпен күрес биліктің өз құлқыны үшін күреске айналады. Үкіметтің дағдарысқа қарсы бағдарламасы бюджеттік қаржыны талан-таражға салудың тетігі болып шығады. Ал, индустриалды-инновациялық бағдарлама қысыр әңгіме деңгейінде қалады.

 

Бір жылда 4000 компанияны жекешелендіріппіз

Бір қарағанда бағыт дұрыс сияқты. Індетіп іздесең, нәтижесі мардымсыз. Индустриалды – инновациялық даму бағдарламасы, кластерлер, 30 корпоративті көшбасшы, үдемелі индустриалды – инновациялық даму тәрізді бағдарламалар қабылданды. Үкімет осы бағдарламалар орындалмағаны үшін талай сынға ұшырады. Қысқасы, нақты әртараптандыру болған жоқ. Керісінше, шикізатқа тәуелділік арта түсті. Соған қарағанда, елімізде әуел бастан экономикалық реформаның негізі дұрыс құрылмағанға ұқсайды. Мысалы, Польша жекешелендіруді осы реформа басталғаннан кейінгі 6-7 жылдан соң жүргізді. Ал, Қытайда жаппай жекешелендіру күні бүгінге дейін басталған жоқ. Маргарет Тэтчер премьер-министр болған 10 жылдың ішінде 12 компанияны ғана жекешелендірді, ал бізболсақ бір жылдың ішінде4000 компанияны жеке адамдардың қолына ұстата салдық. Осы асығыстықтың зардабын бүгін аяусыз тартудамыз.

Уақыт өте келе, егемендікке нұқсан келтіретін, мемлекеттен жоғары тұратын органдар құрыла бастады. Мысалы, кеден одағының комиссиясын бекіттік. Онда қалай дауыс беріледі? Экономикалық дау кезінде Беларусь –21,5 пайыз, Қазақстан – 21,5 пайыз дауысқа ие, ал Ресейге тиесілі дауыс –57 пайыз. Осындай қорлайтын, еліміздің ары тапталатын одақты көріп пе едіңіздер? Кез келген одақта бір ел бір дауысқа ие емес пе? Бұл сөз жоқ оңбай ұтылыс еді. Осының бәрі аузынан сөзі, қойнынан бөзі түскен, тайталасуға жоқ, әлемдік дипломатиялық шеберліктен жұрдай біліксіз мамандарымыздың кесірі.

Сондай-ақ, осы бір мемлекеттік аса ауқымды шараларды қабылдауда, заңдастыруда Парламенттің де қателігі шаш-етектен. Бұл мекеме пилоттық жобаларды ойластырмай жасады.

Нәтижесінде кеден одағының тетіктері іске қосылғанда өзге елдерге қарағанда, Қазақстан қиын жағдайда қалды. Тек қана ресейлік тариф бойынша өмір сүре бастадық. Осының кесірінен жанар-жағармайдың, жарықтың, тұтыну тауарларының бағасы әлденеше есеге дейін өсті.

Неге Ресейден екі есе арзан Беларусьтің кеден тарифін алмадық? Біз 80 миллион тонна мұнай өндіреміз, энергетика жағынан әлеуетті елміз. Бір тамшы мұнайы жоқҚырғызстанда жанар-жағар май бізден үш есе арзан, азық-түлік бес есе арзан. Мейрамхана мен асханалары да үш есе арзан.

 

 Ет жеңіз. Мысық жейтін ет

Кеден одағы дегеннен шығады, кеше ғана, 2013 жылдың 11 қазаны күні үкімет, облыс әкімдері және бизнес өкілдері қатысқан жалпы жиында Президент Нұрсұлтан Назарбаев: «Рас, Беларусь еті жақсы шығар. Бірақ, олар жас малдарды өздерінде қалдырып, бізге әбден қартайған, ыңғыршағы айналған кәрі сиырлардың етін жіберетін көрінеді. Құнары аз мұндай етті адам емес, мысыққа беретінін білесіздер ме? Биылғы жылы еліміз бір кило да ет экспорттаған жоқ, ал Үкімет 2016 жылы 60 мың тонна ет экспорттаймыз деп отыр. Бұған кім жауап береді, қайда қарап отырасыздар?» – деп Үкімет мүшелеріне шүйлікті. Президент сынынан «КазАгро» ұлттық компаниясы да қағыс қалған жоқ. Өндіріске енгізілген 208 жобаны іске асыратын 53 мекеме тоқтап қалған. Сарапшылардың пікірінше, 1991 жылы ауыл шаруашылығының  ЖІӨ-дегі үлесі 34 пайыз болған екен. Соңғы жылдары ол 7 пайыздан асып көрген емес. Бұл ауылшаруашылығының қуаты бес есеге дейін құлдыраған деген сөз.

Сондай-ақ, Президент осы жиында Үкімет мүшелеріне кеден одағының тиімділігі мен залалын жете тексеруді тапсырды.

1990 жылы Нұрсұлтан Назарбаев: Республикамыздың ЖІӨ-нің 93 пайызын Мәскеу қақшып алады, ал Қазақстанға тек 7 пайызы ғана қалады», – деп, Орталықтың өктемдігін батыл сынап еді. Енді өз қолымыз өз аузымызға жеткен 22 жылда баяғы «таз кепештен» ұзамауымыздың сыры неде?

Әңгіме өзегі ауылшаруашылығы болғасын, осы саладағы келеңсіздіктерді қаузай кетейік. Біздің статистика агенттігінің мәліметінше, 2011 жылы 23 миллион тонна астық, 5360,5 тонна сүт, 129,1 мың тонна ет өндіріппіз. Бұл мәліметтердің жалған екенін 2012 жылдың 10 желтоқсанында Парламенттің пленарлық отырысында депутат Дариға Назарбаева ашып берді. Дариға ханым елімізде сүт тапшылығы туындап отырғанын, шетелдерден әкелінетін құрғақ сүттердің балалар денсаулығына зиян екенін, сондай-ақ, Қазақстан шетелдерге ең сапалы ет жөнелтіп, керісінше өздері Австрия, Аргентина, Германиядан тасылған арзан әрі көкшандыр етті тұтанып отырғанын таңдана мәлімдеді.

Ау, сонда айдың, күннің аманында жасық ет жейтіндей бамысызға не күн туды?!

Өзіңіз ойлаңызшы, өз халқымыздың сұранысын қанағаттандырмай отырып, өзіміздің семіз әрі құнарлы етімізді шетелге экспорттау неменеге керек? Ендеше, Үкіметтің етті мал шаруашылығын дамытамыз деуі бос әурешілік. Шетелдерден арнайы ұшақпен әкелінген, бағасы удай қымбат 385 бас сиырдан ауру шығып, бәрі бір мезетте өртелді. Ауру екенін жете тексермей, елге әкеліп, мемлекет қаржысын судай шашқан          Ауылшаруашылығы министрлігінің алаяқ қызметкерлері жазаланды ма? Жоқ. Мынадай қаскөйлік Сталин заманында орын алса, осы министрліктің біраз атқамінерлері атылып кететіні сөзсіз еді.

 

Бетіңе не жағып жүрсің?

Жұртшылықтың есінде болар, 2000 жылдары Германияда зеңгібаба тұқымынан қауіпті ауру тарап, ысырапты сүймейтін неміс мамандары біраз дағдарып қалды. Кейіннен тәуелсіз басылымдар жазғанындай, ақылды неміс экономистері ауру сиырларды өртемей, олардың еттерін түрлі химикаттармен араластырып, үшінші сортты елдерге опа-далап, крем ретінде өткізіп жіберіпті.

Сөйтіп, ауру сиыр етінің өзінен пайда тауыпты! Мемлекеттік, халықтық мүдеге келгенде қара басын саудаға салуға дейін баратын қайран неміс халқынан айналмассың ба!

Ал, біз болсақ, Елбасын бір алдап, халықты екі алдап, дүкен сөрелеріндегі шұжықтарды шетелдерден әкелінген күмәнді еттен жасап жатырмыз.

Сонда біз болашақта елімізді етпен қалай қамтамасыз етпекпіз? Ауылшаруашылығында еңбек ететін мамандар даярланып жатыр ма? Ауылшаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор Қыдырбай Жүсіпұлы: «Аграрлық университетке қазір мал өнімдері технологиясы дейді, бұрын зоотехник, веттехник дейтінбіз, соған сегіз-ақ жас оқуға түсіпті. Ал, сол сегіз маман не бітіреді? Шаруашылыққа барып жұмыс істей ме, жоқ әлде диплом үшін оқып жатыр ма? Міне, осындай күйде отырып, біз мал шаруашылығын қалай дамытамыз? Мемлекет енді осы мәселеге бет бұруы тиіс. Әйтпесе, шетелге иек артудан басқа амал қалмайды», – деп қынжылады.

Осының бәрін біле тұра құзырлы мекемелер өз әрекеттерінен танар емес. Үкімет бізге ет жіберетін елдерді квотамен қолдап жатыр. Тіпті депутаттарымыз бірінші тоқсан бітпей жатып-ақ, квотаны көбейтуді сұрауы неліктен?! 2011 жылы 23 миллион тонна астық жинадық деп әлемге жар салдық. Осы мәліметке сенуге бола ма? Астықты өлкедегі ауыл әкімдерінің «көтерме» деректерімен ұзаққа бармасымыз анық. Сонымен, «рекордтық астық жинау» мерекесі аяқталды, өтірікті судай сапырған кейбір шенеуніктер орден алды. Сол жиналған астықтың біразы қар астында қалып шіріп кетті, онда ешкімнің шаруасы болған жоқ.

Министр А.Мамытбеков 2012 жылы Республика ауылшаруашылығы 1291 жаңа трактормен, 1152 астық жинайтын комбайнмен толықты деп мақтанышпен баяндайды. Салыстырып қарасақ, республика тұрмақ,  1991 жылы бір ғана Алматы облысының өзінде 22287 трактор, 3979 комбайн болған екен.

Президент Нұрсұлтан Назарбаев өз сөзінде «КазАгро» компаниясын бекер сынға алып отырған жоқ, ауылшаруашылығы министрлігі миллиардтарды жарып қалатын «күмәнді инновацияларды» қаржыландыруды осы компания арқылы іске асырды.

Амал не, біздің Үкіметте, Парламентте тек ірі бизнестің мүддесін қорғайтын лоббистер отырғаны шындық. Егер осы бағытпен әрі қарай жүре беретін болсақ, еліміздің азық-түлік қауіпсіздігіне орасан қауіп төнетіні айтпаса да белгілі.

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2090
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2505
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2166
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1614