Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2896 0 пікір 6 Қараша, 2013 сағат 09:48

Тұрсын Жұртбай. «Ұраным – Алаш!..» Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды

Суретте: тарихшы Ермұқан Бекмаханов

Жаппай науқан 1951 жылдың 11-12 наурызы күндері Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтында басталды. Онда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды. А.Черниченко оның есебін «Правданың» бас редакторына жіберді, ал ол 13-наурыз күні Ильичевтің ілеспесімен Сусловқа жеткізіліпті. Сусыманың мазмұны мынадай:

«Правданың» мақаласын талқылауға арналған Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтының жабық партия жиналысы екі күнге созылды. Жиналысқа 30 адам қатысты. Жарыссөзде 11 коммунист сөйледі. Онда кеңейтілген қаулы қабылданды. «Правданың» мақаласы өте дұрыс деп табылды. Газеттің жарияланымы «Правданың» Қазақстан ғылымының дамуынан жасалған қамқорлық деп бағаланды. Қаулының әшкерелеуші бөлімінде: Кенесары қозғалысын феодалдық-реакциялық, монархиялық қозғалыс. Кітап авторы Бекмаханов – буржуазияшыл-ұлтшыл, троцкишіл Варшавскиймен ауыз жаласқан, екеуі бірігіп идеология майданына зиянкестік келтіріп отыр – деп бағаланды.

Суретте: тарихшы Ермұқан Бекмаханов

Жаппай науқан 1951 жылдың 11-12 наурызы күндері Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтында басталды. Онда «Правда» газетіндегі мақала толықтай мақұлданып, Кенесары және тарихшы Е.Бекмаханов «қазақ халқының жауы» болып жарияланды. А.Черниченко оның есебін «Правданың» бас редакторына жіберді, ал ол 13-наурыз күні Ильичевтің ілеспесімен Сусловқа жеткізіліпті. Сусыманың мазмұны мынадай:

«Правданың» мақаласын талқылауға арналған Қазақ ССР Ғылым академиясының тарих институтының жабық партия жиналысы екі күнге созылды. Жиналысқа 30 адам қатысты. Жарыссөзде 11 коммунист сөйледі. Онда кеңейтілген қаулы қабылданды. «Правданың» мақаласы өте дұрыс деп табылды. Газеттің жарияланымы «Правданың» Қазақстан ғылымының дамуынан жасалған қамқорлық деп бағаланды. Қаулының әшкерелеуші бөлімінде: Кенесары қозғалысын феодалдық-реакциялық, монархиялық қозғалыс. Кітап авторы Бекмаханов – буржуазияшыл-ұлтшыл, троцкишіл Варшавскиймен ауыз жаласқан, екеуі бірігіп идеология майданына зиянкестік келтіріп отыр – деп бағаланды.

Ал қаулының шешім қабылдайтын бөлімінде: Бекмахановтың партиялық мәселесі ол Москвадан қайтып келген соң талқылансын. Оны ғылыми дәрежесі мен атағынан айыру мәселесі көтерілсін. Қазақстан К(б)П Орталық комитетінен оның кітаптарына тиым салу өтінілсін. «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын жүзеге асыру мәселесі ұсынылсын. Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің хатшысы Омаров жолдастың Бекмахановты қолдай отырып, оның қарсыластарын қуғынға ұшыратып, ғылымға аракчеевтік (қарабайлық) қысым көрсеткен партияға жат мінезі Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің назарына ұсынылсын. Сонымен қатар, Бекмахановтың өзге де қолдаушылары мен қорғаушыларының, атап айтқанда, университеттің ректоры Тәжібаевтің, Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің бұрынға орынбасары Жұмағазиннің, сондай-ақ Әділгереевтің, Жиреншиннің т.б. партияға жат мінездерін де қарау мәселесі де қойылсын. Қазақстанның тарихын баяндауда маркстік ілімге қарсы ұстанымды өткізіп жіберген партия мүшесі, профессор Вяткиннің партияға жат мінезі Ленинград қалалық партия комитетіне хабарлансын,– деген шешім қабылданды».

ХХ ғасырдың сексенінші жылдарының аяғында, осы мақаладан кейін 38 жыл өткен соң Кенесары қозғалысы мен Ермахан Бекмахановқа қазақ тарихы мен қазақ тарихнамасынан өз орынын беріп, оларды ақтау туралы «Жұлдыз» журналында тарихшылар мен әдебиетшілердің басын қосып, пікір алысу өткізгенімізден кейін академик Кеңес Нұрпейіс пен тарихшы Бүркіт Аяған осы жабық партия жиналысының және сол жылы 21-тамыз күні өткен, президент Қ.Сәтбаевтің өзі төрағалық еткен Қазақ ССР Ғылым Академиясы Президиумы кеңесінің қолжазба хаттамасын бізге танысуға беріп еді. Онда қозғалыстың прогрессивті болуының себептерін орнықтыруға тырысқан Т.Тәжібаевтің, Әділгереевтің, Ділмұхамедовтің, Елеуовтің, Жиреншиннің, Нүсіпбековтің пікірлері мен соларды «халық жауы, ұлтшыл, буржуазияшыл, орысқа қарсы қастандық идеясын өршітуші» ретінде көрсеткен Т.Шойынбаевтің, Х.Ғ.Айдарованың, Тұрсынбаевтің, Сүлейменовтің, Покровскийдің әшкерелеулерін ғана бүкіл қазақ тарихшыларының пікірі ретінде М.А.Сусловтың назарына ұсынған.

Ондағы пікірлерді саралап талдаудың өзіне бір монография аздық етер еді және ол тарихшылардың еншісі болса керек. Ол пікірталастың стенограммасы Е.Бекмахановтың алты томдық басылымына енгендіктен де, қисындырып қиыстырудың жөні де жоқ деп есептедік.

Ал біздің мақсатымыз тарихи тұлғалардың тағдыр талқысын ашу және дәл осы арада бұл науқанның ұйымдастырушы «Правда» газетінің арандатуын көрсету болғандықтан да, сол «Правданың» Сусловқа жолдаған жоғарыдағы «сусымасының» жалғасын берумен шектелеміз. Ал мұнда осы жарияланымға байланысты алдағы уақытта кімдердің қуғынға ұшырауы мүмкін екені алдын-ала белгіленген және осы Бекмахановқа қарсыарандатуды қазақ тарихшыларының ішінен кімдер өршіткені туралы мағлұмат беріледі. Ендігі кезек І.Омаровтың «Күнделігінде» емеуірін етілген адамдарға келді.

А.Черниченко (жалғасы): «Жиналыста сөйлеген коммунистер Бекмахановтың қателіктерін баса сынады.

Тарих ғылымының кандидаты Тұрсынбаев: – Кенесары – Қазақстандағы барлық контрреволюционерлердің туы болды. Ол ашалордашылардың да, 1930-жылдардағы байлардың Созақтағы көтерілісінің де, 1937-1938 жылдары әшкереленген контрреволюционерлер тобының да туы болды. Бекмаханов – ғалым емес, оның ұстанымы жоқ, ол ұлтшыл және троцкишіл Варшавскийдің көмегімен шимай-шатпақ кітап жазды. Оның кітабі қазақ халқы мен орыс халқының арасындағы достыққа іріткі салады.

Бекмахановтың барлық қарсыластары Омаров жолдастың тарапынан арандатуға және қуғынға ұшырады. Олар жоғары оқу орындарына дәріс беруден шеттетілді, ғылыми кеңестің құрамынан және әр түрлі басылымдардың алқа құрамынан шығарылды. Көптеген оқулықтар Бекмахановтың ұлтшыл идеясымағымен тығындалған. Бұл идеясымақтармен студенттердің идеологиясы уланып жатыр. Университеттің ректоры Тәжібаев Бекмахановтың барлық қарсыластарын университеттен қуып шықты, Қазақстан тарихынан дәріс беретін олардың орынын оның (Бекмахановтың – Т.Ж.) жақтастарына айырбастады. Біздің партия ұйымымыз «Правданың» мақаласын талқылауға рұқсат бергенде Бекмаханов Москваға зытып (удрал) кетті, кеткенде де депутаттарға арналған поезбен кетті, әрине, кейбір басқарушы жолдастардың көмегінсіз бұл мүмкін емес еді».

Өзіне-өзі сенімді, бойын шалқақ ұстап жүретін, кездескенді кеудесімен басып жібергесі келіп тұратын және университет пен тарих институтының ғылыми кеңестерінің және барлық тарихи басылымдардың алқа мүшелігіне қолы жеткен осы адам жетпісінші жылдардың ортасына дейін, қашан көз жұмғанша кенесарышылар мен бекмахановшыларды бет қаратпады. Бірақ тарихи уақыт оның да үкімін шығарып, ғылыми ой сахнасынан ысырып тастады. Міне, жарты ғасырдың көлемінде оның еңбегіне сүйенген сілтеме ешбір ғылыми еңбектен кездеспейді. Бұл да тарихтың үкімі шығар.

Келесі кезек «Правданың» редакция алқасында Кенесары мен Бекмахановты көкпарға салып берген тарихшы Бек Сүлейменовке берілді. Шындығын айтайық, әшкерелеуші партиялық ұстанымның тізгінінен ұстаған, «Правданың» сөзін сөйлеуші тарихшының да қуғынға ұшырап, жиырма бес жылға жер аударылып кетуі бізге еш түсініксіз көрінді. Себебін де анықтаудың реті келмеді. Қ.Мұхамедханов: «Мінезінен тапты. Ойнақтап жүріп өзі қақпанға түсті»,– дегеннен басқа сыр ашпады. Біздің ойымызға, осы «Алашорда» тергеу ісі бойынша куәлікке тартылып, соңынан олардың өзі ату жазасына бұйырылған Д.Әділевтің, Ә.Байділдиннің сорлы тағдыры оралды. Бек Сүлейменов те соның керін құшқан болуы мүмкін. Ал оның төмендегі келтірілген сөзі өзінің де, өзгенің де тағдырының шәт-шәлекейін шығарды.

А.Черниченко (жалғасы): «Тарих ғылымдарының кандидаты Сүлейменовтің сөзі: – Буржуазияшыл ұлтшыл Бекмаханов туралы Қазақстан тарихшылары қаншама рет мәселе көтерді десеңші, бірақ соның бір де бірін қолдамады. Керісінше, мұндай маңызды мәселені кім көтерсе, сол адам қуғын мен арандатуға ұшырады. Омаров жолдас менің Бекмахановтың кітабінің зиянды екені туралы БК(б)П Орталық комитеті мен СССР Ғылым Академиясының алдына мәселе қойғанымды білген соң, ол мені шақырып алды да дөрекі сес көрсетті. Бұл жағдай бірнеше рет қайталанды. Қазақстан К(б)П Орталық комитетінде өткен тарихшылардың республикалық кеңесінде сөйлеген менің сөзімді Шаяхметов жолдас бірнеше рет бөлді. Ол осы мінезімен отырғандардың бәрінің Бекмахановқа тиіспеуі керектігін аңғартты.

Шәріпов пен Әділгереев бірнеше рет Бекмахановтың жолбикелері (ходатаями) ретінде мемлекет есебінен Мәскеуге жіберілді. Бұл жолбикелер Мәскеудегілерді: Қазақстан тарихшыларының барлығы да Бекмахановтың ұлтшыл идеясымағымен келіседі-міс,– деп сендірді. Іс жүзінде ешқашанда ондай болған емес. Өз кезегінде Панкратова, Вяткин әуелі Әбдіхалықовқа (сол кездегі ҚК(б)П ОК-нің хатшысы –Т.Ж.), содан кейін Омаровқа Бекмахановтың кітабі туралы Мәскеуде қандай сөз айтылып жатыр, соның барлығын жеткізіп тұрды. Бекмаханов үшін Қазақстанда ерекше жағдай жасалған. Ол сын атаулыдан берік қорғалған, өзінің ойына не келсе, соны істейді. Омаровтан басқа, ал мен Омаровты әлі жетілмеген партия қызметкері деп есептеймін, Бекмахановты Сауранбаев, Тәжібаев, Нүсіпбеков, Жиреншин қорғайды. Мені бұрынғы СССР-дің Жоғары білім министрі Кафтанов жолдастың әрекеті таңқалдырады, ол бір қолымен Бекмахановтың зиянды еңбектерін университетте оқытпау туралы әділ бұйрыққа (айтпақшы, Қазақстанда бұл бұйрық жұртшылықтан жасырылды), екінші қолымен Кафанов жолдас дәл осы зиянды еңбегі үшін Бекмахановқа жеделдете ғылым кандидаты және ғылым докторы дәрежесін беру туралы бұйрыққа қол қояды. Барып тұрған принципсіздік деген осы емес пе?».

Иә, Сүлейменовтің бұл сөзінен оның Кенесары үшін емес, отыз жастан асар-аспастан ғылым докторы дәрежесін алған Ермахан Бекмахановтың көтерілген бағы қатты күйіндіргені анық аңғарылады. Ал Ілияс Омаровтай адамды «жетілмеген партия қызметкері» деуі, ол адамның өзінің де тарихшы ретіндегі тарихи ойлау жүйесіне күмән келтіреді. Осы ретте Бек Сүлейменовтің тура осы мәселеге байланысты 1948 жылғы 8-қаңтарда Қ.Сәтбаевқа қарата «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымындағы өрескел қателерді әшкерелеп жазған хатын еске алсақ, оның бұл мәселемен табанды түрде төрт жыл қатарынан айналысқанына көзіміз жетеді.

А.Черниченко (жалғасы): «Институт директоры Покровский: жиналыста сөйлеген сөзінде өзінің қателігін мойындады. «Қазақ ССР тарихының» екінші томындағы қателіктер Омаровтың, Панкратованың, Вяткиннің аракчеевтік үстемдігі мен зорлығының нәтижесінде жіберілгендігін айтты. Содан кейін ол буржуазиялық-ұлтшыл көзқарастарды өткізіп жіберген Бекмахановтың барлық еңбектерін сынады, Кенесарыны әшкерелейтін көптеген архив құжаттарын мысалға келтірді. Бекмаханов ол құжаттарды қолдан өңдеген, одан Кенесарыны қолдайтын мағына беретін жекелеген тіркестерді ғана оқшау қолданған.

Ғылым Академиясының партком хатшысы Ефимов: «Правданың» мақаласын талқылауға Орталық комитет көпке дейін рұқсат бермеді. Тек таяуда ғана ҚК(б)П Орталық комитетінің екінші хатшысы С.И.Круглов жолдас оған рұқсат берді. Академияның президенті Сәтбаев, академик Сауранбаев Бекмахановты әшкерелеуге барынша кедергі келтіріп бақты. 1949 жылы партия ұйымы Бекмахановтың мәселесін қарамақ болғанда әр түрлі телефон соғылды. Алматы обкомының хатшысы Жанғозин жолдас ешқашанда академияның өміріне назар аударып көрген жоқ, назар да аудармай келеді, міне, сол кезде ол телефон шалып, Бекмахановтың мәселесін қоюға үзілді-кесілді тиым салды. Тура сондай тиым бұрынғы қалалық партия комитетінің хатшысы, өзінің байдың тұқымы екенін жасырғаны үшін  БК(б)П қатарынан шығарылған С.Жүсіпбековтің тарапынан да жасалды. Омаров жолдас: Бекмахановтың қателігін ұлтшылдық емес, саяси қателік деп қараңыздар,– деп мені үгіттеді».

Бұл мағлұматқа қарағанда Кенесарыны әшкерелеу – партиялық емес, ұлттық сыпат алғанын байқатады. Өйткені, Қазақстан Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов, идеология жөніндегі хатшы І.Омаров, Алматы Обкомының идеология жөніндегі хатшысы Д.Ж.Жанғозин, Алматы қаласының бірінші хатшысы Ысқақовтың, идеология хатшысы С.Жүсіпбековтің, Университеттің ректоры Т.Тәжібаевтің, Тарих институты партия ұйымының хатшысы А.Нүсіпбековтің Кенесары қозғалысы мен Е.Бекмаханов туралы жағымды пікірін жоққа шығарып, оған қарсы күресушілер – Академияның партия ұйымының хатшысы С.Я.Ефимов, Тарих институтының директорлары (кезегімен), академиктер С.В.Юшков, С.Н.Покровский, І.Омаровтың «Күнделігінде» емеуірін етілген адамның бірі, Қ(б)КП Орталық комитетінің екінші хатшысы (Мәскеу үшін бірінші хатшының есебінде) С.И.Круглов, «Правданың» Қазақстандағы тілшісі А.Черниченко, «Правданың» қызметкерлері П.Кузнецов пен В.Озеров, «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичев, БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің қызметкерлері Морозов, Лихолат, Апостолов, А.Митин, Митрейкин, бөлім меңгерушісі В.С.Кружков, БК(б)П Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, сұр кардинал М.А.Суслов екенін ескерсек, онда көзқарас қайшылығының астары Кенесары мен Бекмахановта емес, ұлтшылдық пен шовинизмнің мүдделі қақтығысында жатқанын байқаймыз. Әрине, өмір сүріп отырған өктем империяның дегені болатыны анық. Академик А.Панкратованың:

«... Грузиннің, тағы басқа ұлттардың тура осындай оқиғаларға қатысты кньяздарының қозғалысы прогрессивті болады да, неге қазақ хандары рекционер деп бағаланады, мен соны түсінбеймін»,– деген мағынадағы Ілияс Омаровқа жазған хатындағы сұрақтың жауабына ешкім де бас қатырып жатпады.

Тарихи шындық пен тарихи көзқарас шындығы тура осы арада жатыр еді.

А.Черниченко (жалғасы): «Жиналысқа қатысқандар, әсіресе жастар: «Кенесары үшін неге күрес жүріп жатыр, аз ғана сауаты бар адам үшін оның реакционер екені белгілі емес пе. Кенесары кімге, не үшін керек? Мәселенің мәні неде?»,– деп сұрақ қойды.

Әуелде баяндама жасаған, кейіннен қорытынды сөз сөйлеген (институттың – Т.Ж.) партия ұйымының хатшысы, тарих ғылымының кандидаты Нүсіпбеков өзінің қателігін толық мойындады. Тарих ғылымының кандидаты Ділмұхамедов: әр түрлі мақалалардың әсері ықпал еткендіктен, Кенесарыны қазақ халқының көсемі деп қабылдағанын айтып, қатесін мойындады.

Осы жиналысқа қатысқан республикалық «Казахстанская правда» газетінің насихат бөлімінің меңгерушісі Рачков жолдас үзіліс кезінде Покровскийдің бөлмесінде бірнеше адамның көзінше:

– Осы жиналысқа МҚК-нің (Мемлекеттік қауіпсіздік министрлігінің – Т.Ж.) қызметкерінің қатыспағанына қатты өкінемін. Ол көптеген нәрселерді өзінің қаперіне алған болар еді,– деді»,– деп жазды «Правданың» тілшісі.

Әрине, Рачков жолдас бекер алаңдаған, өйткені осыны ұйымдастырып, арандатып отырған мекеменің өзі – сол Мемлекеттік Қауіпсіздік министрлігі болатын. Оған Ж.Шаяхметовтің жолдаған «құпия бұрыштамалары» дәлел. Жаңағыдай империяның қуатты идеологтары кіріскеннен кейін Қазақстан К(б)П Орталық комитеті бюросының қаулы шығаруы ғана қалды. Ол Қаулы 10-сәуір күні «Правда» газетінде басылған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақала туралы» деген атпен барлық мерзімдік баспасөздерде жарияланды. Онда (қысқаша мазмұны):

«Правда» газетінде 1950 жылы 26-декабрьде жарияланған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаланың хан Кенесары Қасымовтың реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалысына баға берерде Е.Бекмахановтың жіберген өрескел саяси қателерін дұрыс ашатындығын Қазақстан К(б)П Орталық комитеті атап көрсетті» (...).

«Ф.Энгельс 1851 жылы 23 майда К.Маркске жазған хатында «Россия Шығыс жөнінде шын мәнінде прогресшіл роль атқарып отыр... Россияның үстемдігі Қара теңіз бен Каспий теңіздері және Орталық Азия үшін, башқұрттар мен татарлар үшін цивилизацияландырушы роль атқарып отыр...», деп жазды (Шығармалар, ХХІ том, 211-бет)».

«(...) Мұның өзі қазақ еңбекшілерінің патша отаршылары мен қазақ феодалдарына қарсы ұлт-азаттық қозғалысының өсуін тудырды; бұл қозғалыс езілген орыс шаруаларының күресімен тығыз байланысты болды».

«(...) Сонымен Кенесары қозғалысы халықтық қозғалыс та емес, бұқаралық қозғалыс та емес, азаттық қозғалыс та емес, реакциялық қозғалыс болды».

«(...) Ғылым және партия жұртшылығы Е.Бекмахановтың саяси қателерін оған сан рет көрсетті. Қазақстан К(б)П  Орталық комитетінің «Қазақ ССР тарихының» екінші басылуын әзірлеу туралы» 1945 жылы 14-августтағы қарары ол үшін үлкен ескерту болуға тиіс еді. Бірақ Е.Бекмаханов ғылым және партия жұртшылығының пікірімен санаспады және партияға қарсы, буржуазиялық-ұлтшылдық позицияларда қасарысып қалып келеді.

Қазақстан К(б)П  Орталық комитеті мынаны да атап көрсетті «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П  Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-августтағы қарарын орындамады және хан Кенесары Қасымовтың қозғалысына баға беруде кітаптың бірінші басылуында жіберген саяси қателерді тағы да жіберді.

Қазақстан К(б)П Орталық комитеті «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген 1950 жылы 26 декабрьде басылған мақаласын дұрыс деп таныды және маркстік-лениндік ілім негізінде Қазақстан тарихын терең және шын баяндауды, совет дәуірінің тарихын жасауға айрықша көңіл бөлуді, қазақ халқының тарихын, оның ұлы орыс халқымен берік достығының тарихын бұрмалауға тырысқан әрекеттің қандайына болса да қарсы батыл күрес жүргізуді республика тарихшыларының алдында өте маңызды міндет етіп қойды.

Қазақстан К(б)П  Орталық комитеті Қазақ ССР Академиясының Президиумын мына жұмыстарды істеуге міндеттеді: «Қазақ ССР тарихының» бірінші томы түзетіліп, 1952 жылы қайта басылсын, онда бұл кітаптың екінші басылуында жіберілген саяси қателер жойылсын; Қазақстандағы ХVІІІ-ХІХ ғасырлардағы ұлттық қозғалыстар туралы мәселе халықтық, азаттық қозғалыстарды реакциялық, феодалдық-монорхиялық қозғалыстардан айыру тұрғысынан шешілсін;

Кенесары Қасымов қозғалысының реакциялық, феодалдық-монархиялық қозғалыс екендігі туралы мәселе «Қазақ ССР тарихының» көп томдығында, «Қазақ әдебиетінің тарихында» және басқа да кітаптарда көрсетілсін.

Қазақ ССР Академиясының тарих, археология және этнография институты мен тіл және әдебиет институтының директорларына, республикалық газеттер мен журналдардың редакторларына Кенесары Қасымовтың реакциялық қозғалысын әшкерелейтін бірнеше мақалалар әзірлеп, басып шығару тапсырылды.

Қазақстан К(б)П облыстық комитеттеріне, аудандық комитеттеріне және қалалық комитеттеріне «Правда» газетінің «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген мақаласын Қазақстан К(б)П  Орталық комитетінің бұл мәселе жөніндегі қаулысын республиканың жоғары оқу орындарының пария ұйымдары мен барлық орта оқу орындарының педогог коллективтерінің ашық жиналыстарында талқылау тапсырылды.

Осы жылдың апрель айында Алматы қаласы мен облыс орталықтарында интеллигенцияның жиналысын өткізіп, ол жиналыста «Қазақстан тарихының мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баяндау туралы» баяндама жасау белгіленді...»,– («Лениншіл жас»,1951, 21 сәуір) деп атап көрсетілді.

Осыдан кейін 20-сәуір күні Жазушылар одағында «Кенесары – халықтың қас жауы» атты тақырыпта партия ұйымының ашық жиналысы өтті. Онда одақтың жауапты хатшысы Қ.Жармағамбетов көлемді баяндама жасап, қазақ әдебиетіндегі Кенесары бейнесінің сомдалуы тарихына барынша кең тоқталып өтті. Ол:

«Кенесары Қасымовтың реакцияшыл қозғалысын әдебиетте дәріптеудің жаңа толқыны 1939-жылдардан басталады. Бұл мәселеге ССРО Ғылым Академиясының Қазақ филиалының сол кездегі әдеби секторы ұйытқы болды да, сол сектордың сол кездегі басшысы Е.Исмаиылов ұйымдастырушы болды. Е.Исмаиылов 1940 жылы Кенесарының қырғыз халқына жасаған басқыншылық шабуылын ақтап, арнаулы монография жазды. Әдебиет секторының сол кездегі ғылыми қызметкері X.Бекхожин «Әдебиет және искусство» журналының 1941 жылғы 5-номерінде «Қазақ әдебиетіндегі Кенесары мен Наурызбай бейнелері» деген мақаласын жариялады, Исмаилов пен Бекхожиннің бұл еңбектерінде Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық қозғалысы прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалыс деп танылып, Кенесары мен оның төңірегіндегі қарақшылары – халық батырлары дәрежесінде дәріптелді. Дәлірек айтқанда, Кенесары жөніндегі ұлтшыл-алашордашылардың ескі сандырағын қайталады.

1940 жылы Исмаиловтың басшылығымен Кенесарыға арналған поэмалар мен өлеңдерден жинақ құрастырылып, 1941 жылы Қазақтың Мемлекеттік Баспасына өткізілді. Исмаиловтың басшылығындағы әдебиет секторы бұл шараларға да қанағаттанбай, Кенесары мен оның нөкерлері туралы ақындарға шығармалар жаздырды. X.Бекхожин «Науан батыр» деген поэма жазып, қандыбалақ Наурызбайды халық батыры деп көтермеледі. А.Тоқмағамбетов Кенесарының әскери басшыларының бірі, қырғыз халқына қарсы басқыншылық соғыста жауыздығымен көзге түскен Бұқарбай туралы поэма жазды. Қ.Аманжолов «Көкшетау» деген поэма жазып, Кенесарының  Көкшетауда болған кезін аңсайтындығын баяндады. Исмаиловтың тапсыруымен халық ақындары Саяділ Керімбеков, Доскей Әлімбаев, Иманжан Жылқайдаров Кенесарыны мақтап поэмалар шығарды. Бұл поэмалардың бәрін де әдебиет секторы сатып алып, Исмаиловтың басшылығымен Кенесары туралы екінші кітап әзірленді.

Исмаилов 1944 жылы «ССРО Ғылым Академиясы Қазақ филиалының хабарларында» жарияланған «Соғыс жылдарындағы қазақ поэзиясының жайы мен міндеттері» деген (53-бет) мақаласында Шамиль мен Кенесарыны бояулы сөздермен мадақтай келіп, олардың тарихтағы орнын Суворов, Кутузов, Амангелді, Щорс, Чапаевтарға теңейді.

1946 жылғы «Қазақ әдебиеті» деген кітабында (орта мектеп оқу құралы) Исмаилов Кенесарыны халық батыры, ұлт-азаттық қозғалысының көсемі деп бағалайды.

1949 жылы М.Әуезовтің редакциясымен шыққан қазақ әдебиеті тарихының бірінші томындағы «Тарихи жырлар» деген бөлімде Исмаилов «ХІХ-ғасырда болған ұлт-азаттық қозғалысының ішіндегі ең көрнектісі Кенесары Қасымовтың басшылығымен болған халық көтерілісі» (311-бет) – деп түйеді.

Осының барлығы әдебиетші Исмаиловтың Кенесарының реакцияшыл-ұлтшыл қозғалысының әдебиеттегі адвокаты болып келгендігін дәлелдейді.

С.Мұқанов 20 жыл бойына Кенесары Қасымовтың қозғалысын халыққа қарсы реакцияшыл деп келді. 1923 жылы жазған «Шешендер қара тақтаға жазылмаңдар!» деген мақаласында С.Мұқанов Кенесары қозғалысының реакцияшыл мәнін дұрыс әшкереледі. Одан кейінгі жылдарда «Қызыл Қазақстан», «Жаңа әдебиет» журналдарында жарияланған қазақ әдебиеті тарихының мәселелері жөніндегі мақалаларында да алғашқы айтқан пікірінде қалып отырды.

1942 жылы жазған «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиеті тарихының очерктері» деген кітабында С.Мұқанов бұрынғы пікірлерінен безіп, Кенесарының реакцияшыл қозғалысын прогрессивтік, ұлт-азаттық қозғалысы деп таниды.

Қазақ халқы тарихының даулы мәселесі болып келген Кенесары қозғалысына көзқарасының тым шұғыл өэгеруінің себебін Мұқанов жолдас осы жиналыста ашып айтуы керек.

Профессор Жұмалиевтің көзқарасында да дәл осындай тұрақсыздық болғанын көреміз. 1938 жылы жарияланған «Махамбет Өтемісовтің творчествосы» деген еңбегінде Кенесары қозғалысын халыққа қарсы қозғалыс деп таныса, 1941 жылы «XVIII және ХІХ ғасырлардағы қазақ әдебиетінің тарихы» (орта мектеп үшін оқу құралы) деген кітабында Нысанбай творчествосын талдай келіп, Кенесары қозғалысын прогрессивтік деп түсіндірді. 1948-49-50 жылдары шыққан орта мектептің оқу құралы кітаптарында да осы пікірін қайталайды. Өз көзқарасының өзгеру себебін Жұмалиевтің де ашып айтуы керек.

Абай шәкірттері туралы мәселе, дәлірек айтқанда, Абайдың ақындық мектебі туралы мәселе қазіргі кезде әдебиетшілеріміз арасында талас тудырып жүрген мәселе екендігін ескерте келіп, баяндамашы бұл мәселе жөнінде пікір алысу керек деген ұсыныс жасады. Кенесары Қасымовтың реакцияшыл-монархиялық, феодалшыл-ұлтшыл қозғалысына баға беруде әдебиет тарихында жіберілген саяси өрескел қателерді жоюдың шараларына тоқтала келіп, баяндамашы осы жылғы апрельдің 4-і күні «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған «Әдебиетте Кенесары қозғалысын дәріптеуге карсы күресейік» деген Ғұмарова жолдастың мақаласы, сондай-ақ апрельдің 19-ы күні «Ленинская смена» газетінде жарияланған осы мәселе жөніндегі Ә.Тәжібаев жолдастың мақаласы өте маңызды пікірлерді көтеріп, X.Бекхожин, Е.Исмаиылов, X.Жұмалиев, М.Әуезов, С.Мұқановтардың Кенесары қозғалысын бағалаудағы қателіктерін дұрыс ашатындығына атап тоқтады» («Әдебиет және искусство», 1951, №8).

Баяндамадан алынған осы ұзақ үзіндіден қазақ әдебиетінің басына қандай қауіп төнгенін анық байқауға болады. Аты аталған адамдардың партиялық жазадан құтылуы екіталай болатын. Талқылау барысында әлі жарияланбаған дастандар да сынға ілініп кетті. Оған Қ.Жармағамбетов өзінің қорытынды сөзінде:

«Иә, Асқар Тоқмағамбетовтің дастаны жарияланбаған, бірақ ол ақынның Кенесары қозғалысына көзқарасын білдіреді. Сондықтан да шындықты атап өттім. Ал Кенесары туралы шығармалар бұл жиналыста талқылана ма дегенге келсек, ҚК(б)П қаулысы Кенесары қозғалысы туралы мақалалар шоғырын жариялауды міндеттейді, ондай мақалаларды алдағы уақытта жариялаймыз»,– деді.

Иә, кеңестік жазалау идеологиясы атқарған ісіңді ғана емес, ойлаған ойыңды да жазаға тартуға бағытталды. Өжет ойлы Қайнекей оны ескермесе, өзіне мін тағылатынын біліп, тізімге қосқан. Өкінішке орай, осы бір науқандағы жанталас кезінде оның азаматтық өзегі өртеніп кетті. Аса қуатты ой иесі өзінің арымен өзі арпалысып, ақыры өмірін жалғыздықпен аяқтады.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2078
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2502
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2133
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1612