Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3223 0 пікір 18 Қазан, 2013 сағат 14:33

Елбасы жүктеген маңызды міндеттер мұқият орындалуы тиіс

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізіп, министрлерге, өңір басшыларына қадау-қадау тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған орай кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ селекторлық режимдегі кеңейтілген аппараттық кеңес өткізіп, Елбасы міндеттеріне қатысты аудандармен қала әкімдеріне, департаменттер мен басқармалар басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Мемлекет басшысы Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ Үкіметтің кеңейтілген мәжілісін өткізіп, министрлерге, өңір басшыларына қадау-қадау тапсырмалар жүктеген болатын. Осыған орай кеше облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ селекторлық режимдегі кеңейтілген аппараттық кеңес өткізіп, Елбасы міндеттеріне қатысты аудандармен қала әкімдеріне, департаменттер мен басқармалар басшыларына тиісті тапсырмалар берді.

Президент тапсырмаларына жеке-жеке тоқталған аймақ басшысы ең алдымен орынбасарларына, басқарма басшыларына, әкімдерге барлық мемлекеттік бағдарламалардың орындалуына талдау жүргізуді жүктеді. Бағдарламалар қалай атқарылып жатыр, олардың оң нәтижесі бар ма, жоқ па? – міне, осы мәселелерді жан-жақты зерделеу қажет. Келесі бір басты міндет бюджеттік саясатты оңайландыру, оның тиімділігін арттыру, яғни, қазына қаржысының шығындарын барынша азайту болып отыр. Осы ретте біздің облыс мемлекеттік сатып алу процедураларына байланысты Үкіметке өз ұсыныстарын жөнелтуі керек. Көптеген заңбұзушылықтардың осы мемлекеттік сатып алуларды жүргізу барысында орын алып жататыны жасырын емес. Сондықтан аймақ басшысы Бердібек САПАРБАЕВ облыстық прокуратураның, қаржы полициясының жетекшілеріне құқық бұзушылықтарды кеміту жөнінен кеңестер өткізуді тапсырды. Аймақ басшысының айтуынша, бұл орайда бізге Ақтөбе облысының тәжірибесін байқап көрген жөн. Аталмыш өңірде мемлекеттік сатып алулардың орталықтандырылған жүйесі құрылған. Конкурстардың кешіктірілуі, созылып кетуі де – атқарушы билік көңіл бөлуі тиіс түйткілді мәселелердің бірі.
Жалпы, біздің облыстағы қаржының игерілу қарқыны жаман емес. Өткен 9 айдағы көрсеткіштер бойынша бюджеттің шығыс бөлігінің орындалуы 98 пайызды құрап отыр. Облыс Әкімі жыл соңына дейін бөлінген ақша толық игерілуі тиіс екенін ескертті.

Аймақта салынып жатқан жекелеген әлеуметтік нысандар құнының тым жоғары болуы шүбә келтірмей қоймайды. «Бұл үшін мектептер, балабақшалар және ауруханалар үшін типтік жобалар қажет» деп санайды облыс Әкімі Бердібек САПАРБАЕВ. Ол құрылыс барысына тиісті бақылаудың жоқ екеніне де назар аударды.
Жер телімдері бойынша да облыста мәселелер бар. Бос жатқан жерлер мұқият тексерілуі тиіс. Олар мемлекетее қайтты ма, меншіктегі телімдерталапқа сай пайдаланылып жатыр ма? Аймақ басшысының тапсырмасына сәйкес, алдағы уақытта атқарушы билік осы мәселелермен түбегейлі шұғылданатын болады.
Облыс Әкімі Мемлекет басшысы жүктеген міндеттерге байланысты жолдардың сапасын да тілге тиек етті. Мәселен, Өскемен қаласының көшелері, Өскемен - Риддер тасжолы талап үдесінен шығып отыр ма? Облыстағы «Қазақавтожол», «Облшығысжол» кәсіпорындары жаңа технологияларды қолданулары керек. Ал олар жолдарды байырғы әдіс-тәсілдер арқылы жөндеп келеді. Соның салдарынан автомобиль жолдарын пайдалануға берген бір жылдан кейін қайта жөндеу керек болады. Атап өтілгендей, әлемдік рейтингте жол сапасы жөнінен Қазақстан 140 елдің ішінде 117-ші орында тұр.

Алкогольді ішімдіктер сату саласына да жүйелілік қажет. Өскемен, Семей, Риддер, Зырян сынды қалаларда ішімдік сатылатын дүкен-дүңгіршектер әлеуметтік-мәдени орындардан қашық болуы тиіс, сонымен қатар, ондай сауда нүктелерінің санын шектеу қажет.

Облыста мемлекеттік-жекеменшік серіктестік орталығы құрылған. Бірақ аймақ басшысының айтуына қарағанда, аталмыш орталықтан әлі бірде-бір ұтымды ұсыныс түспепті.

– Мемлекет басшысы несиені субсидиялау, кәсіпкерлерге қаржылық гранттар беру жұмыстарына қатысты сын айтты. Міне, осы бағытта жұмыс істеуіміз керек. Атқарылған және алдағы уақытта атқарылатын шаруалар турасында Үкіметке есеп беруді тапсырамын. Өкінішке қарай, белсенді шағын және орта бизнес нысандары да облыста азайған, бұл да – ерекше көңіл бөлетін мәселе, – деген аймақ басышысы «Бизнестің жол картасы» бағдарламасын іске асыруда кедергілер бар екенін айтып, шағын несиелердің қайтарылымына талдау жүргізуді тапсырды.
Елбасы тапсырмаларына орай облыста жұмыс орындарын құру ісін одан әрі жалғастыру қажет. Іргелі өндіріс орындарындағы отандық үлесті ұлғайтуды да ұмыт қалдыруға болмайды. Алпауыт кәсіпорындар негізінен өз өңірімізде немесе елімізде шығатын шикізаттарды тұтынуы тиіс. Өскеменде Индустрияландыру аймағы бар, бірақ ол жерде әлі нақты жобалар жоқ, ол аймақты құруға мемлекет тарапынан қаржы бөлініп, инфрақұрылым салынды.
Елбасы электр қуатын үнемдеу қажеттігін жиі талап етеді. Облыста бірнеше шағын су және жел стансаларын салу қолға алынған. Алайда, жаңа жобалар байқалмайды. «Жасыл экономика» бағдарламасына сай облыс басшылығы қоқысты қайта өңдеуге жіті көңіл бөліп отыр. Жуырда осындай кәсіпорын құру мақсатында инвесторлармен келіссөздер жүргізілмек. Энергияны үнемдеудің тағы бір жолы – есептегіш құралдарын орнату.

– Ыстық және суық суды есептеу құралдары ең алдымен бюджеттік мекемелерге орнатылу керек дегенбіз. Осы тапсырманың орындалу барысын тексереміз. Тағы бір айтарым, қазір күн жылы болса да, қала пәтерлеріндегі батареялар қайнап тұр, жылу орталықтары сыртқы ауа температурасын да қаперге алуы қажет қой, – деді аймақ басшысы.

Биылдан бастап жергілікті органдардың, атап айтсақ, ауылдық округ әкімдерінің құзіреті кеңейтілді. Сайланған ауыл әкімдері не істеп жүр? Олар өз міндеттерін жауапкершілікпен атқарып, елді мекендердегі жер телімдерін, жылжымайтын және жылжымалы мүліктердің бәрін есепке алулары тиіс.

– Әлеуметтік жаңғырту бойынша білім мен денсаулық сақтау салаларына бірқатар міндеттер жүктеліп отыр. Атап айтсақ, барлық мүмкіндіктерді пайдалана отырып, облыстағы ұлттық бірыңғай тестілеудің көрсеткіштерін жақсартуымыз, облыс азаматтарының қай мекемелерде емделетініне сараптама жүргізуіміз қажет. Ауыл шаруашылығы өнімдерін түпкілікті өңдеу – Елбасы жүктеген міндеттердің бірі. Аграрлық секторға бөлінген субсидиялар қалай пайдаланылуда? Осы мәселемен айналысу керек. Азық-түліктердің тұрақтандыру қоры тиімсіз деген жаңсақ пікірлер айтылып жүр. Осы қорлар инфляцияны ауыздықтауға зор көмегін тигізіп отыр, – деді облыс Әкімі.
Тірек елді мекендерде қолға алынған барлық жобалар толық іске асулары тиіс. Спорт және мәдениет нысандары бос тұрмауы керек. «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына сәйкес азаматтарды болашағы жоқ ауылдардан көшіру жұмыстары ақсап жатыр облыста. Осы іс жыл соңына дейін аяқталуы қажет.

«Қолжетімді баспана-2020» бағдарламасы бойынша тұрғын үй құнын арзандату керек. Құрылыс материалдарының бәрі бірдей шеттен тасылмауы тиіс. Осы салаға бақылау орнатқан жөн.

Халықаралық интеграция бойынша Кеден одағы елдерімен, көршілес мемлекеттермен жұмысты қарқындату қажет. Мәселен, Кедендік одақ елдеріне облыстан жөнелтіліп жатқан өнімдерге есеп жүргізілмейді.
БАҚ жұмысына қатысты да біраз сын айтылды мәжілісте. Елбасы обьективтілік жоқ десе, аймақ басшысының пайымынша, ауылдық жерлердегі қарапайым еңбек адамдары туралы ақпарат аз беріледі.

– Өзге өңірлер республикалық БАҚ арқылы болмашы дүниелерді жариялап жатады. Ал бізде қолға алынып, жасалып жатқан ауқымды жұмыстар көрсетілмейді. Тағы бір айтарым, баспасөзде сын мақала жарияланатын болса, оған тиісті мекемелер үш күннің ішінде тұщымды жауап қайтаратын болсын. Сын тектен-текке жазылмайтын шығар?! – деп қатаң ескертті облыс Әкімі.

Соңғы кездері кәсіпкерлер өздеріне түрлі мемлекеттік органдардан тексерушілердің жиі келетінін айтып шағымдануда. Облыс Әкімі жиында осындай басы артық тексерулер санын азайту қажеттігін міндеттеді.
– Инновация бағытында жоғары оқу орындарымен әріптестік әлсіз, атап айтсақ, ШҚМТУ мен ШҚМУ-дан ешбір тиімді ұсыныс жоқ, – деді аймақ басшысы. Ол сондай-ақ, түрлі форумдарда қабылданған шешімдердің, қол қойылған меморандумдардың орындалу барысына бақылау жүргізуді де жеткізді.

Жиында облыс Әкімі ұстаздармен және дәрігерлермен жүз пайыз қамтылуды көздейтін жоба жасауды да тапсырды.
– Біз маман тапшылығын қашан жоямыз? Жыл сайын қаншама түлек оқу бітіріп, диплом алып жатады. Ал бізде кадрлар жетіспейді. Осы бағытта нақты жоспар қажет. Аталмыш проблеманы түбегейлі шешетін уақыт жетті, – деді облыс Әкімі.

Жалпы, осы жиынның қорытындысы бойынша аймақ басшысы өз аппаратына және орынбасарларына Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау бойынша арнайы кесте құрып, жауапты тұлғаларды белгілеу керектігін қадап тапсырды.

Үкімет отырысында өзге де маңызды мәселелер қозғалған болатын. Аймақ басшысы олар туралы да айтып, тиісті сала жетекшілерінің мойындарына нақты тапсырмалар артты. Басқосуда қысқы жылыту маусымына дайындықтың, күзгі жиын-терін жұмыстары мен әлеуметтік нысандар құрылысының барысына қатысты өзекті мәселелер пысықталды.
Жиын соңында облыс Әкімі жуырда өткен Шығыс Қазақстанның Алматыдағы күндері және Өскемендегі ауыл жастарының конгресі сынды ауқымды іс-шаралардың табысты өткенін айтып, осыған орай аталған шаралардың басы-қасында жүрген қызметкерлерге, ұйымдастырушыларға өзінің алғысын білдірді.

Ержан Әбіш

Дереккөзі: «Дидар» газеті

Abai.kz

0 пікір