Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Қоғам 2641 8 пікір 24 Қаңтар, 2024 сағат 14:47

Кінәлілерді жақтайтындар не ойлайды?

Фото: Zakon.kz

Бұл жұртты түсіну қиын. Бірдеңенің мәніне терең үңіліп, әбден ой елегінен өткізіп барып тұжырым жасаудың орнына, әлдекімнің сөзіне ере ме, болмаса талдап-екшеп жатуға еріне ме, сезімге беріліп, асығыс түйін жасайды.

Бір ғана факті. Осы былтырғы жылдың аяқ кезінде ғана Алматыда бір бұзақы автобус жүргізуші әйелді ұрып, талдырып тастап, соның салдарынан үш бірдей адамның тапталып өлгендігінен бүкіл жұртшылық хабардар шығар. Халық негізінен анау тәрбие көрмеген, қит етсе шоқпар ала жүгіретін еркекесымақтың кінәлі екендігіне шәк келтірмейді. Дегенмен, бұған соққыдан жағы сынып, миы шайқалған, соның салдарынан автобус тізгінен айырылып қалған, қазір ауруханада жатқан әйелді де кінәлайтындар табылды. Сондағы кінәсі не? Оның билет алмаған жолаушыға: «Бұл аялдамадан түспейсің. Алдымен билет алып, келесі аялдамадан түсерсің», - деген есекертпесі ме? Әлде ол: «Жарайды. Билет алмасаң алмай-ақ қой. Асығыс екенсің, міне, көпірдің үстіне келдік, қауіпті болса да есік аша қояйын түсе сал», - деп билетсіз жолушы үшін жол ережесін бұзуға тиісті ме еді?

Тағы бір қызығы, осы бұзақыға ара түсетін жандардың табылғандығын қайтерсің. Және олар өзгелер емес, сол тентектің кесірінен абайсызда мерт болған жандардың туған-туыстары жағынан естіледі. Олар «жүргізуші әйел анау кісімен ұрыспау керек еді» деген ешбір қисынсыз сөз айтады. Ау, анау ешбір билет алмастан «мені түсір де түсір» деп тепсініп тұрған, онымен қоймай «түсірмесең жаныңды шығарамын» деп үйінде әйеліне үнемі қоқаңдап үйренген, тәрбие көрмеген еркекке «шығарып көр» деп қалған шығар. Күніне он сағат бойы рөлде отырған, осы уақыт ішінде осындай билетсіз талай әпербақандарды көріп, шаршаған нәзік жанның аузынан әлгі сөзі шығып та кеткен шығар. Сонда тек сол сөзі үшін ғана оңдырмай соққының астына алу керек пе? Ол тіпті, мұнысын үйіндегі әйелін күнде ұрып жүргендей ұсақ-түйек деп санаған шығар, авариядан кейін: «Қой, мен үйге барайын, балаларым күтіп тұр. Мені жіберіңдер!» деген адамнан дені дұрыс нәрсе күтуге бола ма?

Ал біреулер оны емес, әйелді де жазаға тарту керек деп жатыр. Оу, мұны айтасыз. Анау 15 жас қазақ жігітін ұйықтап жатқанда атып өлтірген құныкер жауыз - Челахты ақтап алушылар әлі де көп. Солардың ішінде қыршынан қиылған жастардың ата-аналары да бар. Ал егер осындай оқиға ана Ресей жерінде болып, 15 орыс баласын бір қазақ өлтірсінші, не есітер едіңіз? Ал қазақ аса кешірімшіл халық қой. Оны да бір күні босатып жіберерміз мүмкін. Мен оған тіпті де таң қалмас едім.

Жайберген Болатов

Abai.kz

8 пікір