Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4447 0 пікір 22 Қазан, 2013 сағат 06:41

Нағыз Қапшықбайұлы. «Еврей әуендері»

«Еврей әуендері» Байрон шығармашығының аса жемісті жылдарының бастау кезінде жазылды, ол шақ ақынның әдебиет қазынасына Гяур, Абидос қалыңдығы, Корсар атты таңғажайып поэмаларын әкелген танымал кезі болатын. Бұл танымалдық сирек шеберлікпен жазылған «Еврей әуендерінен» кейін тіпті де аспандап ақын даңқы бүкіл Еуропаға жайылады. Топтамадағы жырлардың әсерлігі, әуезділігі ғана таңқалдырып қоймайды, тақырыбы әр алуан отызға тарта өлең тұтастай алғанда адам өмірі мен тағдырына құрылған – ізігілік, махаббат, күнәһарлық, өшпенділік пен сұлулық жайындағы кең құлашты драмаға айналады. Одан өлеңмен жазылған інжілдік үзік аңыздарды, жан тербеген сезім күйлерін, үзілген үміттер мен қасарған дүлей ашуды, адам дәті барып жаза бермейтін қилы бір жан азабын көресіз. Көресіз де өміріңіздің соңына дейін сізбен бірге қалатын айықпас әсерді арқалауға көнесіз.

«Еврей әуендері» Байрон шығармашығының аса жемісті жылдарының бастау кезінде жазылды, ол шақ ақынның әдебиет қазынасына Гяур, Абидос қалыңдығы, Корсар атты таңғажайып поэмаларын әкелген танымал кезі болатын. Бұл танымалдық сирек шеберлікпен жазылған «Еврей әуендерінен» кейін тіпті де аспандап ақын даңқы бүкіл Еуропаға жайылады. Топтамадағы жырлардың әсерлігі, әуезділігі ғана таңқалдырып қоймайды, тақырыбы әр алуан отызға тарта өлең тұтастай алғанда адам өмірі мен тағдырына құрылған – ізігілік, махаббат, күнәһарлық, өшпенділік пен сұлулық жайындағы кең құлашты драмаға айналады. Одан өлеңмен жазылған інжілдік үзік аңыздарды, жан тербеген сезім күйлерін, үзілген үміттер мен қасарған дүлей ашуды, адам дәті барып жаза бермейтін қилы бір жан азабын көресіз. Көресіз де өміріңіздің соңына дейін сізбен бірге қалатын айықпас әсерді арқалауға көнесіз.

Адам жанына сезімнің улы шәрбатын құя білген ақынға қаншалықты қарыздар болсақ, ізгі еңбектің тастасында елеусіз қалып қоятын аудармашыға одан бетер қарыздармыз. Оның таланты мен өлшеусіз еңбекқорлығы арқасында біз сезім терберлік дүниелерден ләззат алу бақытынан өзіміз тілін үйреніп, оқып-білгенге дейін мүлдем құралақан қалудан өзімізді құтқарып қалдық. Дәл осындай кезде біздің балаң ойларымызды желпіп өтіп, ту биіктен қолымызға «Еврей әуендерінің» аудармасы келіп түсті. Бұрын еш жерде оқылмаған осы бір туынды кезінде Еуропаны қалай аузына қаратқан болса біздің әдеби ортаға да тез таралып, аса бір қимас сүйіктісіне айналды. Содан былай Байронның өлең-жыры оқылған жерде Ғафу Қайырбековтың де аты ерекше құрметпен аталатын болды. Бұның тағы бір заңды себебі болды: Пушкин шығармашылығының қазақ даласындағы алғашқы беташарын Абай «Татиянаның хатымен» ашса, дәл солай «Еврей әуендерін» де буырқанған Байрон шығармашылығының қадірлі хабаршысындай көрген қазақ оқырманы құмарлана құшағына басты. Ендігі жерде Байрон бүкіл сән-салтанатымен қазақ әдебиетінің босағасынан кеп аттады. Орыс ақындарынан кейін бізге ыстық тартып тұратыны батыс ақындарынан осы Байронды айтуға болады. Шығармаларының түгелге жуық аударылуы және сәтті шығуының үстіне Байрон поэзиясының өзіндік сұлулығы оны бізге Пушкиннен кейінгі қадірлі ақын етті. Жан-дүниемізді баурап алған күштілігі соншалық тұтас бір буын одан көз ала алған жоқ. Әр кім керегінше өзіне шабыт алатын тылсым құдіретке айналды. Бір ел әдебиетінің керегіне ең ұсақ түйіріне дейін жарау Пушкин, Лермонтовтан кейінгі қайталанған керемет құбылыс болды. Ұлт әдебиетіне сырттан кеп ұстаздық еткен ақындар бұлардан кейін, cірә, бола қойған жоқ. Лермонтов өлеңді бұл екеуінен де көп жазған ақын. Поэмалары едуір сәтті аударылғанымен көп өлеңдерінің ішінен Абай аудармаларынан басқа жұртты баурап әкеткен аудармалар некен-саяқ. Лермонтов терең сыршылдықтың ақыны. Оған өзі құсаған Абайдан басқа ақын жақын келе алмаған. Керісінше Байрон мен Пушкиннен қазақ ақындары көп жақсы дүниелер аударды.

1814 жылы 12 шілде күні қонақасыдан оралған Джорж Гордон Байрон сол кеште қонақтар арасында болған, алыс жамағайының әйелі, үстіне жылтырақ қара түсті қаза көйлегін киген миссис Уилмот Хортонның елден ерек сұлу бейнесінен ерекше шабыт алып қайтады. Және тура сол күні өзінің атақты «She walks in beauty» (Она идет во всей красе) атты өлеңін жазады. Өлең арада бір жыл өтіп 1815 жылы жарық көрген ақынның «Еврей әуендеріне» енеді. 

Байронды қызықты, сүйікті еткен бұл жырды Ғафу біздің тілге де қызықты, сүйкімді етіп көшірді. Бізге таңданудан, тәнті болудан басқа ештеңе қалдырмайды да, тек өлеңнің тақырыбындағы әлгі мисс Уилмот Хортонның әдемі басып бәріміздің алдымызға жарық етіп шыға келетін жерінде, оның өзінде мисс Уилмот Хортонның кім болғанын білетін адам ғана байқайтындай көңілге болар-болмас қыжыл ұялататын, оны елуге не елемей кете беруге болар-болмасын білмей бір сәт дағдара қалып, өлеңнің тамаша тақырыбына - «көркіне көз тойдырып келеді қызға» тағы бір шұқшиясың. Жазылу тарихы өлеңнің тұрмыстағы, әлдебір жақыны қайтыс болып қара жамылып жүрген жас әйелге арналғаны туралы айтады. Ал қазақшасы оны «қыз» деп тұр. Күйеуге шыққпаған әйел баланы «қыз» дейміз. Ал сайып келгенде осынау болмашы ғана нәрсеге артық шұқшия қалудың керегі бар нәрсе ме өзі?!  «She» – «она» – біздің тілде «ол» яғни «әйел жынысы», Ғафу өлең кейіпкерінің басындағы жағдайды біліп, сақтанған күнде де тақырыптағы тіркеске керегі әйел затының тар шеңбердегі бір мағынасы «қыз» сөзі ғана. Міне, сырт тілдермен табиғатының айырмашылығына қатысты қазақ тілінің ұстанатын заңдылықтарының өзі де бұл жөнінен аудармашыны қоштайды. Негізінде, түпнұсқасындағы «she» де, орысша аудармасындағы «она» да кейіпкеріміздің отбасылық жағдайынан еш хабар бермейді. Сонымен бірге біздегідей дәл «қыз» деген ұғымды да білдіріп тұрған жоқ. Соған орай, өлеңді оқығанда біздің көз алдымызда пайда болатын әдемі бейненің үйленген-үйленбегені бізді титти де толғандырмайды, біз жаны мен тәні бірдей сұлу жаралған әйел затының кіршіксіз бейнесінің алдында бас шұлғып тамсанумен боламыз.

“She walks in beauty, like the night

Of cloudless climes and starry skies; ” 

Өлеңнің осы басталуынан-ақ өзгеше бір жанның әсерлі бейнесі санамызда алғаш көрініс береді. Ғафу да бұл жолдарды түпнұсқаның кең тынысты, зор екпініне дәлме-дәл етіп қазақшасын береді.

Самаладай жұлдыз жанған түн дерсің,

Көрсең көркін, көз тойдырған бейнесін.

Осы екеуінің арасындағы Ғафу жүгінген (егер осы болжамымыз рас деп сенсек) С. Маршактың аудармасымен салыстыра қарағанда:

Она идет во всей красе

Светла, как ночь ее страны.

Мисс Уилмот Хортонның жылтырауық маржандары бар қара түсті қаза көйлегімен көзге оттай басылған, ғажайып сұлулығын ақын жұлдызы жымыңдаған ашық түнгі аспанға теңеуі Ғафуда түпнұсқамен әлде қайда тең түсіп тұр. Тек, Байрон мен Маршакта «көркіне көз тойдырған» сұлу әсем басып жүріп келе жатады да (She walks - Она идет), бізде ол қимылсыз қалады. Есесіне біз оны қазақша тақырыбындағы «...келді қыздан» ғана аңғарумен шектелеміз. Бірақ бұның бәрі «көркіне көз тойдырып келеді қыздың» бойына мін боларлық дүниелер емес. Ал ақын өлеңнің бұдан біраз бұрынғы (1965.ж) алғашқы аудармасында (біздің бағымызға қарай алғашқы аудармасында) өлең тақырыбын да, басқы екі жолды да мүлде өзгеше аударған:

Қыз патшасы – жалғыз сол

Қалай құдірет жаратады пендесін,-

Дер едің сен, көрсең сұлу бейнесін.

Кейін ақынның бұл жолдарды түбегейлі өзгертуімен және басқа жолдарда да кездесетін кіші-кірім олқылықтарды түзетуімен өлеңді қазіргі ширақ, ойнақы күйіне түсірген. Ақынның бұл талапшылдығы Байронды да, өзін де құтқарып қалған.

Еверей әуендерін соңына дейін ерекше бір ынтықтықпен оқып шығасыз. «Иеффай қызы», «Бабилон суларының басында», «Балтасарға көрінген елестен» алған әсеріміз бұрынығы оқып жүрген кереметтерімізден де асып түсті. Ақынның Пушкин, Лермонтовты аударуда жиған мол тәжірибесі «Еврей әуендерінде» барынша ес қатады, орыс ақындарында кейде жүйткіп, кейде тоқырап қалатын аудармашы тілі Байрон өлеңдерінде мүлдем өзгеріп, қунап шыға келеді. Бұрынғыдан жаңаша, өзгеше бір түр табады. Еврей әуендерінен кейін біз Байронды ғана танып қойған жоқпыз, Ғафуды да тани түстік, оны тіпті де жақсы көріп кеттік. Байроннан жасаған аудармалары Ғафу шығармашылығының шын қуатын көрсете алған ерекше дүниелер болды. Ғафу бар жақсы шабыты мен ыстық жігерін Байронға толық арнады. Еврей әуендерінен басқа ешкімде болмаған Ғафу бойындағы шабыт тасқынын көреміз. Ол бір сәтке де баяуламайды. Өлеңнен өлеңге көшкен сайын оқушы ойын тұтқын етіп, уысынан шығармай тастайды. Белгісіз бір күбірге арбалған жандай дымыңыз шықпайды. Небір сұрапыл, небір жойқын әрі соншама нәзік әсерлердің тасқынында қалып қоясыз. Ол жерден кімді көрмейсіз? Ұрысқа кірісердегі Сауылдың торыққан бейнесі, құты қашқан Балтасар, жалынды Иеффай қызы, Мариамнаны жоқтаған Геродтың зары, туған жердің тау-жотасын кезген еркін киік, бәр-бәрі жүрегімізде жатталып қалған сырлы бейнелер.

 

Abai.kz

 

0 пікір