Сәрсенбі, 1 Мамыр 2024
Мәдениет 1132 2 пікір 15 Қаңтар, 2024 сағат 13:57

Ұлттық кино ұлтқа қызмет етсін десек...

Мен мына мақаланы осыдан тура бір жыл бұрын жазған екем... Өкінішке орай бір адам Мәдениет министрлігінен болмаса Қазақфильмнен звондап «дұрыс» немесе «бұрыс» деген жоқ. Абай айтпақшы «Жартасқа бардым, күнде айғай салдым... Одан да шықты жаңғырық» дегендей болды... Сол мақаламды кешелі бері Қазақфильмнің шуынан соң сіздермен қайта бөлісейін дедім...

Қара шаңырақ...

Монтаж... Фильмге жан бітетін кезең.

«Қара қыз» жобасының түсіру кезеңі біткелі де біршама уақыт өтті. Жалпы кино үш рет өмірге келеді. Ол сценарий жазылғанда, түсірілім болғанда, сосын монтажда. Режиссер үшін нағыз тыныш кезең соңғысы. Мен де сол монтаждың «ләззатына» шомылып жүрген кезім. Монтаждан соң «укладка» яғни, фильмнің диалогын қайта жазу, оған философиялық рең беру (мен үшін) және экрандағы сөз мәдениетін сақтау. Қазіргі жас режиссерлерге қарағанда мен кешегі Сұлтан Қожықов пен Абдолла Қарсақбаевты, Майра Абусеитова мен Нұрғиса Тілендиевті, Шәріп Бейсенбиев пен Қанымбек Қасымбековті, Қалтай Мұхамеджанов пен Асқар Сүлейменовті көріп қалған режиссермін ғой. Бұл кісілер экрандағы сөз бен саздың, мақам мен мақал-мәтелдің қасиетін түсінетін тұлғалар- тын. Сондықтан мен үшін экрандағы диалог тек сөйлеу үшін емес ертеңге қалар сөз кұдіретінің шүйгінін көрсетуде. Бүгінде «Қазақфильм» басшысыз. Аты шулы Ахан Сатаев Алия қыздың арқасында Мемлекеттік сыйлықты алған соң, ұстазы Сәкен Нарымбетовтың кабинетін тартып алып, қанғыртқан мырзаны Әруақ атқан болар зым зия болды. Орынбасарлары әлде И.Директор ма біреулер бар. Бірақ ол қандай маман белгісіз. Білетініміз басқа саладан. Ол мырзамыз кино саласын меңгергенше тағы бір ұрпақ ауысары хақ. Яғни, киноиндустрия саласының күйі кеткен заман боп тұр. Күнде «Қазақфильмге» барып келіп тұрам. Қаңырап тұрған қайран мекен... Тіпті қақпадан кіргенде халіңді сұрамаса да, амандасар адам жоқ. Әріптес режиссерларды да көрмейсің. Кіре беріс аллеяда да ала көздік бар ма деп ойлайсың... Бар өмірін Қазақ киносына арнаған Қасым Жәкібаевке естелік тақта да бұйырмаған... Баяғыдағы араның ұясындай гуілдеп жататын «Кино үйі» де жоқ. Дұрысы «пысақай басшылар» жекеменшікке сатып жіберген. Қысқасы бүгін де киногерлердің бас қосып әңгімелесетін, тоқайласып тост көтеретін жері де қалмапты. «Қазақфильм» мен «Кино үйі» тек қана премьера өтетін жер емес, бұл әріптестермен әңгіме дүкен құратын болмаса, болашақ киноның жобасын дос жолдаспен бөлісетін орын. Қала берді үйінде үй күшік болудан қашып кеп, әріптесіңмен қауышар мекен. Тіпті соңғы сапарға шығарып салатын сарай.

Ия, өкінішке орай Қазақстандағы Киногерлер одан ада. Кезінде Шәкен Айманов бас боп, Димаш Ахметұлы Қонаевқа айтып жүріп салып берген сарай бүгінде қайдағы біреулердің жын ойнағына айналып отыр. Ал осыны жоғарғы жаққа жеткізер, ақ пен қараның орны ауысып кеткенін айтатын адам да қалмағаны өкінішті... Қазіргі таңда киногерлердің тоқайласатын жалғыз мекені ол - Т.Жүргенов атындағы Өнер Академиясы. Ондағы кино факультеті ғана. Осыдан ширек ғасыр бұрын Алматы театр және көркемсурет институты болған Жоғарғы оқу орнына «Қазақ мемлекеттік театр жане кино институты» боп қайта құрылғанда осы факультеттің ашылуына мұрындық болғаныма қуанамын. Бұрын елімізде дайындамайтын кино саласындағы 12 мамандықтың бүгінгі күнде барына өзіме риза болам. Ол әрине оңай болған жоқ. Себебі қай мамандық болмасын оған сертификат, яғни ол мамандықты ашуға құжаттар керек дегендей кедергілер көп болған. Білім министрлігі айтқанға көнетін көрші емес. Содан көз көрген Москваға барып, ВГИК-тің есігін тоздырып жүріп, керек документтерін Білім Министрлігіне бергеніме, сөйтіп 12 мамандықтың елімізде ашылғанына қуанам. Алайда оны біліп, бағалап жатқан ешкім жоқ. «Бір кем дүние» деп Шерағаң айтпақшы, үндемеймін. Айтпақшы өткен жылдың соңғы айында «Евразия кинофестивалі» 16-шы рет өтті. Қуаныш пен өкінішке толы кино тойында көңілім аш боп қайтты. Тоқ болатыны – алыс-жақын елдердің жаңа туындысын тамашаласақ, аш болатыны – әріптестеріміздің бойкот жариялап, келмей қалғаны. Иә, уақыт өтті, кетті. Енді үзеңгілес әріптестердің келмегенінен кім ұтты? Кім ұтылды? Айтпаса да түсінікті. Киногерлер бүгінде ашулы. Іштерінде қара қазандай өкпе наз, қала-берді ашу ыза бар. Себебі бүгінде өнер ордаларындағы кәсіби мамандар, шығармашылық тұлғалар далада қалған. Ең негізгісі қазір кино түсіру қиямет қайым. Режиссерлар алдымен сценарийді продюссер орталығына өткізеді. Ондағы сарапшыларды Мәдениет министрлігі бекітеді. Міне, бұл нағыз азап. Алдымен сарапшылардың сапасы, олардың біліктілігі мен білімділігі киногерлердің ортасындағы одағай мәселеге нүкте қоятын уақыт болды.

Былтырғы бір ситуация әлі есімде. Сарапшыларға бас көз боп отыратын төраға болуы керек. Осындай үрдіспен төрағалыққа Қазақстанның Халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері, театр жане кино актері, режиссер Досхан Жолжақсыновты Орталық ұсынған көрінеді. Алайда сол сараптаманың ішіндегі бәз біреулер оған күмәнмен қарап, мұрнын шүйіріп «бізге жастар керек» деп кергіген дейді. Себебі Досхан ұлт жанды. «Қазақша түсіре алмасаң қалай қазақ режиссері боласың» деп айтып жіберетін азулы азамат. Ал әлгі байғұстың өнерде не бітіргенін сайтан білсін... Ештеңе түсірмеген, ештеңе тындырмаған бейшара. Осындай шүрегейлер қазақ киносын өрге сүйрей ме, болмаса көрге сүйрей ме?! Ол тек Аллаға аян...

Киноның сараптау кезін яғни, пичингті күзде өткізген жөн. Тіпті, болмаса қаңтардан қалдырмаған дұрыс және сметаның 30 пайыз емес, түсіру кезеңіне 50 пайызын беру керек. Мысалға 2022 жылғы пичингтің қаржыландыруы тамыздың аяғында, қыркүйектің басында ғана түсті. Біз сол азғантай уақытта Солтүстік Қазақстанда 20 күндей, Алматы облысында да 20 тәулік, Маңғыстауда бір жетідей жүрдік. Яғни, экрандағы көрініс тек күз айы боп шықты. Онда да қаржы бітіп, қалғаннан продюссер Тасболат Мерекенов таныстарынан қарызға алды. Қарыз ғой, қайтарылар, ал экрандағы көріністі қайда қоясың? Көркем фильмнің көркемділігі сонда қайда болады? Міне, гәп қайда жатыр. Бұл сұрақтың бәріне тек Министр ғана емес, көпшілік боп, коғам болып қарастырғаны жөн. Иә, ағайын...

Менің бұл шатпағымды біреу оқыр, ал біреу оқымас. Осы уәжге құлақ асатын бұлақ басындағы жандарға кім жеткізер деп ойлаймын. Ары қарай кеттік.

Жоғарыдағы продюссерлік орталықтан соң бар шешімді Мәдениет министрлігі қабылдайды. Бір қызығы 2019 жылғы Парламенттің 3 қаңтардағы қабылдаған заңға, 2022 жылдың 11 қазанында өзгертулер енгізілген болатын. Ол заңда киногерлерді қатардағы фирмалармен бірге өткізіп жіберген.

Бұл сол кездегі Мәдениет министрі Ақтоты Райымқұлованың тікелей білімсіздігі, ертеңін ойламаған ертегісі, болмаса киногерлерге деген өш алуы ма дейсің... «Өзімдікі дегенде өгіз қара күшім бар, өзгенікі дегенде анау-мынау ісім бар». Өйткені киногерлер Президентке Ақтотының үстінен хат түсірген. Өтірік сөз емес, шыңғырған шындықты айтып, Президенттен араша сұраған. Алайда мұны Актоты ұмытпаған көрінеді. Яғни, кино әлемін өзге саладан аршып алудың орнына құлата салған. Бүгінде осы заңның арқасында тендер деген бәле киноның түбіне жетуге шақ қалды. Мысалға өндіріске кету үшін сценарийің супер-пупер болса да, сметаның 3 пайызын шығармашылық топ банкіге салу керек. Апырмай-ау, кино коммерциялық контор емес қой... Оны қайдан алады? Қай банк оған кепіл болады? Бұл нонсенс... Жаңа оқу бітірген жас режиссерларды бұл тірідей бауыздау. Мысалға біздің түсіру тобы осы 3 пайызды табу үшін, яғни 12 миллионды банкіге салу үшін тентіреп кеттік... Әркімнен ақша сұрап, арымызды сатып, ала құйын болдық…

Ал, түсіру өз алдына бір азап болса, әр кезең-кезең сайын отчет өткізу керек. Оны алдымен «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» тексереді, ары қарай министрлік тексереді. Кино түсіріп жатып қаншама түсіру тобы тоқтап қалды. Немесе көктемге шегерілді. Бұл дегеніңіз кино үшін бір өліп, бір тірілу. Қысқасы осы бюрократтық шлагбаумдар көп ұзамай қазақ киносының түбіне жетуге аз қалды.

Иә, қазақ киносы талай-талай қиын кезеңдерді бастан кешірген. Алайда дәл осы кезең тым азапты, тым ауыр шақ... Бүгінде экранды тек арзанқол комедия жаулап алған. Ыржаң-тыржаң актерлар.Таяз көрініс, тақыр сюжет, қытықтап күлдіру... Қазақ киносының атын жамылған пысақай шоумендер енді ақша табуды осылай қолға алған. Абайды жақсы оқыған, тоқыған, үйренген. «Есек к... тін жусаңда мал табуды» меңгерген мамандар... Өздері дән риза. Көрермен де мәз-мейрам. Тек біздер ғана жабырқаулы күйдеміз. Ұрпағымыздың осындай «рухани» дүниені азық еткеніне кабырғам қайысады. Бірақ, оны кімге айтарсың.

Жартасқа бардым...

Күнде айғай салдым...

Одан да шықты жаңғырық...

Тағы шықты жаңғырық...

Халқым жүр-ау қаңғырып, - дейсің де қоясың. Осы тұрғыда Мәдениет министрлігі мен Қазақфильмдегі мамандар бірігіп, өткен-кеткен заңдағы қателіктерді жөндегені нұр үстіне нұр болары хақ. Егерде біз ертеңгі ұрпағымыз, болашақ қазақстандық жастарымызды, Отан сүйгіш патриот, ақылды, сезімтал, білімді етіп тәрбиелейміз десек, ең алдымен руханиятқа көңіл бөліну керек. Бұл дегеніміз ең алдымен әдебиет, мәдениет және ғылым. Өткен 30 жылда «алдымен экономика, сосын саясат» деп былжырағандардың қасында болдық. Оларға руханият керек емес еді. Мәдениеттен, өнерден, әдебиеттен жұрдай тобырдың ойында тек баю болды. Коррупция дегеніңіздің өзі арсыздық, ашкөздік, ұятсыздық, тойымсыздық. Біз 30 жылда осыған куә болдық. Ал, баланы жастан баулу керек десеңіз, ол тікелей киноға яғни, анимация мен балаларға арналған фильмдерге байланысты. Баяғыда біреу «қарынымның ашқанына жыламаймын, қадірімнің қашқанына жылаймын» демекші, қазір бізде дәл осы жағдай. Хал сұрасаң кез-келген режиссер жылап қоя береді. Қазір біз Жаңа Қазақстанға, ертеңге асыл арман, үкілі үмітімізді арнап отырмыз. Өткен ғасырдың 30-шы жылдары әлемде үлкен экономикалық күйзеліс, дағдарыс болды. Әсіресе Америкада. Дәл осындай қиын кезде Американың еңсесін көтеруге кино келді. Иә, кино қолын созды.

Қадірлі идеологтар! Қазақ елінінің ертеңін ойлайтын, Орда бұзар бауырлар! Бір сәтке тоқтап, ойланып көріңіздерші. Бізге ең алдымен Отанымыздың Тауелсіздігі, халқымыздың ауыз біршілігі, эконимикамыздың өрлеуі, жастарымыздың білімді, мәдениетті, тәрбиелі болғанын көргім келеді десеңіз, осыған назар аударыңыздар! «Айтқанның аузы жаман, жылағанның көзі жаман» демекші, осы проблемаларды көзі ашық азаматтар біліп жүрсе деген ой. «Ауруын жасырғанды өлім әшкере қылар» дегендей, жаңа келген министр осы қордаланған мәселеге көңіл аударса дейміз... Кешегі өткен Мәдениет министрлігінде не Одақтың Төрағасы болмаса, киноның ішкі проблемаларын білетін адамның қатыспауы да көңілге күдік қалдырғаны бар. Бұны жан айқай деп ұқсаңыз да болады. Қазақ киносы - халықтың мұрасы. Ал, мұраға мұқият болар кез туды деп ойлаймын... Егер мемлекет қазір ұлттық киноға қолын созса, кино да елге, мемлекетке, ұлтқа қызмет етеді деп ойлаймын. Бұл хақ...

Құрметпен Қазақстанның Халық артисі, кинорежиссер Талғат Теменов

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар