Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3470 0 пікір 18 Қазан, 2013 сағат 04:54

Шәріпхан Қайсар. Алаш тілі қайткенде ақпарат тіліне айналмақ?...

Ақпараттық кеңістік цифрлану үстінде, дәлірегі ол Электрондық кеңістікке айналуда. Жаңалыққа жаны құмар қазақтар жаппай жаһандық үрдіске бет қойды – жасы да, жасамысы да жаһандық желідегі ақпараттың алым-беріміне сүңгуде. Егемен алған жылдары насихат журналистикадан нағыз журналистикаға енді көшуге кіріскен қазақ жарияшылары енді ақпараттың мұхиты саналатын интернеттен оқырманын іздеуге мәжбүр. Жас ұрпақ іздегенін интернеттен табатын болды. Қағаз басылыммен оқырманның жас толқынын тәрбиелеп үлгермей қағажу еттік... Енді жаһанданудың жаңа үрдісіне амалсыз бас қойуға мәжбүрміз. Бұған жуырда жастардың астаналық  «Нұрастана» газетінің жабылуы куә. Газет электрондалған күйі aynaline.kz доменіне толық көшіпті. Аталмыш жаңалықты Тілкомитеті 16.10.2013 күні ұйымдастырған «Ақпараттық кеңістікте қазақтілді тұтынушылардың белсенділігін арттыру жолдары» атты семинарға қатысқан сарапшылар құлағдар етті.

Ақпараттық кеңістік цифрлану үстінде, дәлірегі ол Электрондық кеңістікке айналуда. Жаңалыққа жаны құмар қазақтар жаппай жаһандық үрдіске бет қойды – жасы да, жасамысы да жаһандық желідегі ақпараттың алым-беріміне сүңгуде. Егемен алған жылдары насихат журналистикадан нағыз журналистикаға енді көшуге кіріскен қазақ жарияшылары енді ақпараттың мұхиты саналатын интернеттен оқырманын іздеуге мәжбүр. Жас ұрпақ іздегенін интернеттен табатын болды. Қағаз басылыммен оқырманның жас толқынын тәрбиелеп үлгермей қағажу еттік... Енді жаһанданудың жаңа үрдісіне амалсыз бас қойуға мәжбүрміз. Бұған жуырда жастардың астаналық  «Нұрастана» газетінің жабылуы куә. Газет электрондалған күйі aynaline.kz доменіне толық көшіпті. Аталмыш жаңалықты Тілкомитеті 16.10.2013 күні ұйымдастырған «Ақпараттық кеңістікте қазақтілді тұтынушылардың белсенділігін арттыру жолдары» атты семинарға қатысқан сарапшылар құлағдар етті.

 Семинар демекші, отырысқа интернеттегі қазақтілді біршама мамандар мен сарапшылар жиналды. Модератор болып мәслихатты журналист саласындағы қазақтың аз топ-менеджерлерінің бірі  Дәурен Қуат жүргізді. Кіріспе сөз айтқан Тіл комитеті төрағасының орынбасары Шерубай Құрманбайұлы интернеттену үдерісі мемлекеттік тілді дамыту саласында жаңа бағыттар мен мәселелер туғызып отырғанын, сол себепті осы сала бойынша мамандар мен сарапшылардың білігін ортаға салу маңызды екенін білдірдіріп өтті. Бастау сөзінде модератор қазақ журналистикасының тарихына қысқаша шола отырып, өткен ғасырдың 90-жылдарындағы «жанкешті журналистика» кезеңіне тоқталды.

АҚШта  Американың («Болашаққа» жалынбай-ақ) өз грантын ұтып алып, өз бетімен магистратура бітіріп келген  белгілі желі-журналист Асхат Еркімбай  интернеттегі қазақтілді қолданушылардың мүддесі мен ерекшеліктерін зерделеп берді. Асхаттың келтіруінше, интернеттегі белсенді қазақтілді оқырман негізінен 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл бір жағынан қуантады, екінші жағынан ұрпақ сабақтастығының үзілу қаупін туғызады. Себебі, аға ұрпақ оқырман алдында өзінің бар-жоғын таныта алмаса, еркінсіген жас буын ұлттық тіннен ажырап қалуы кәдік. «Контент – интернеттің патшасы» - бұл да Асхаттың ауызынан шыққан тәмсіл. Ақпарат мазмұны кімдікі болса, электрондық кеңістік соның пайдасында дегені. Маманның айтуынша, қазақ газеттері, өздерінің электрондық нұсқаларын интернетке бейімдемеген күйі, қағаздағы құлаштаған мәтінді қоя салатынын, оның желі оқырманы үшін оқуға ауыр екендігін тәптіштеді. Демек, қазақ журналистикасы бұл жағынан әлі өз білігін арттырып үлгерген жоқ. Бұған Жоғарғы оқу орындары мен Журналистер одағы не Ақпарат комитеті тарапынан назар ауатын уақыт болды.

 «Қазконтент» АҚ басшысының орынбасары Нартай Әшім  Қазконтенттегі мемлекеттік тілді дамыту жұмыстарына тоқтала отырып, өздерінің әлі де талай сынға ұшырап отырғанын жасырмады. «Қазақстан» ұлттық телеарнасының Интернет жобаларын үйлестіруші бөлім жетекшісі Мейрамхан Жәпек ханым жұртты мемлекеттік саясатты насихаттаудың көзі – интернет екеніне жеткізді. Бұған биліктің де көзі жеткені қашан – мемхатшы бұл турасында біршама бастама көтеріп, блоггерлер мен желішіл журналистерді рухани жағынан қолдай бастады. Тіпті, кейбір қауесет бойынша, «Айқын», «Алаш айнасы» секілді ірі газеттер де «жаһандануды» бастан кешпек...

aynaline.kz сайтының бас редакторы Жарқын Түсіпбек электрон газеттерге қазақ тіліндегі сауатты ақпарат ұсыну мәселесін сөз етті. Бұл мәселе бойынша өз пікірін ұсынған программист Ерлан Оспан академиялық әдеби тілдің интернеттегі оқырман үшін ауыр тиетіні, оған барынша жеңіл де тез ұғылатын тілдің қажеттігі біршама пікірталас туғызды. Жеме-жемге келгенде әдебиет пен журналистика тілін шатастыратын жазарманның интернетте ақпарат таратуға шорқақ екендігі айтылды. Алайда, бұл көзқарас әдеби тілден бас тартып, қазақ тілін қарабайыр жаргонға айналдырмауы қажеттігін Шерубай Құрманбайұлы табан тіреп айтты. «Кеңес өкіметі тұсындағы монополист ақпарат көзі болған ҚазТАГ-ке қатысты тараған «Қазақтың тілі ме, ҚазТАГтың тілі ме?» деген тәмсіл де кезінде біраз жайттың бетін ашқаны бар» – деді Дәурен Қуат.

Электрондық кеңістіктегі басты үш секторды үш жүзге балап сөйлеген Түркі академиясының Электрондық кітапхана секторының үйлестірушісі Серік Ерғали электрондық құрал-жабдықтардың мемлекеттік тілге қатысты «қаріптік опасыздық» жасап отырғандығын, банк банкоматтарын былай қойғанда, олардың компьютерлері әлі күнге қазақ қаріптерін теруге жарамсыз, ал коммерциялық өнімдер мемлекеттік тілді тіпті айналып өтетіндігін, хабарлама мен жарнама мемтілді менсінбейтінін, бұларға қазақтілді қауым тарапынан ықпал болмағандықтан жуық арада шешілуі қиын екендігін келтірді. Әсіресе, бетімен кетіп отырған меморгандардың сайттарының қазақша беттерін қоғамдық бақылауға алып, олардың тұрақты жаңартылуын қадағалау қажеттігі туындағанын да ескертті.  Бұл саладағы қаптаған мәселені шешу үшін мемлекеттік, коммерциялық және қоғамдық ұйымдар біріккен корпоративтік құрылым қажеттігін алға тартты. Ал, 2000 жылдардағы «жанкешті интернетпен» айналысқан әлеуеті зор қазақтілді мамандарға әлі күнге мемлекет тарапынан тапсырыстың жоқтығы да сөз болды.

Отырыстың келесі бөлігі бірыңғай интернеттік біліктерге қатысты тақырыптарға арналды. Munara.kz ақпараттық сайтының бас редакторы Аршат Оразов желі-журналистика саласындағы жаңа «колумнистика» бағыты туралы ашып көрсетті. Бұл кәдуілгі газеттегі бас редактор бағаны сықылды болғанымен, бұған интернеттегі желі лидерлерін тарту жолымен ұйымдастырылатын әрекет екен. Нәтижесінде сайт та, «бағаншыл автор» да абырой мен еңбекақы жағынан ұтады.

Бар әңгіменің маңызы мен мәйегі әлеуметтік желіге көшкелі биліктің де ұйқысы бұзылғаны белгілі. Сондықтан бұрынғы бөлінетін қаржы көзін енді қағаз ақпаратқа емес, цифрланған ақпарат қайнарына бағыттау үрдісі басталатын сыңайлы. Бұған әлеужелі мамандары да өз біліктерін көрсете бастады. Кәзір соңына мыңдаған оқырман мен таныс ерткен Фейсбуктың өз қаһармандары бар. Әйгілі осы желіні пайдаланудың жолдарын баяндаған Нұрлан Жанайдың дәрісі де өз тыңдарманын риза етті. Ал Massaget.kz сайтының редакторы Мейрамгүл Оңғарова қазақ сайттарының қолданушылары негізінен жастар екеніне тағы бір мәрте көз жеткізді. Редактор интернетте қарапайым қазақ-орыс сөздігінің, түсіндірме сөздіктің жоқтығын, барының сапасының төмендігі мен қазақтың бар сөзін қамтымайтындығын, ескілігін атап, 20 жыл ішіндегі шешілмеген мәселенің қордаланып отырғанына ашыныс білдірді.

Л.Гумилев атындағы ЕҰУ журфагының аға оқытушысы Б.Орынбетова «Қазақтілді интернет кеңістігіндегі тіл проблемалары: Тіл тазалығы,тілдік нормалардың сақталуы» турасында нақты мысал келтіре отырып, жаһандық желідегі сауатсыздыққа жұрттың назарын нақтылап аударды.  Алайда, қатысушылардың айтуынша, мұндай жобаларды арнайы әрі тұрақты түрде мониторинг жасау арқылы ғана қолға алған тиімді екені айтылды. Әсіресе, дәріскер айтқандай, жиі қате болып саналатын қарапайым жалғау-жұрнақтардың жалғануы Дұрыс жазу тексермесі арқылы жойылатындығы тағы бір сөз болды. Әрбір компьютерде тұруға тиіс мұндай сауатты программалардың әлі күнге қазақтілді аудитория үшін жоқтығы біршама жұртты ашындырды. Бұл мәселелермен айналысу үшін салынатын тендерлер көбінесе солақай мамандарға тап болып, олардың нәтижесіздікке ұрынып отырғандығы да сөзге тиек болды. Қатысушылар тарапынан жалпы тіл мәселесін электрондауды тендер арқылы ұйымдастыру ешбір алға бастырмайтыны атап өтілді. Бұған арнайы бағдарлама жасалып, субсидия мен ғана қаржыландыру керек делінді.

Отырыс біраз мәселені қамтыды, біршама білікті ортаға салды. Қазақтілді сайт редакторлары жыл басында бастаған «интернет және қазақ тілі» тақырыбын сөз ету тағы да жалғасты. Сайып келгенде, мемлекеттік мекемелердің бірқатары өздерінің жобалары туралы есеп берумен шектелсе, бірқатары отырыс өткізумен ғана тынады. Ал ұлттық деңгейдегі мәселені шешетін мемлекетшіл саясат қайда?  Ұлттық мамандар мен сарапшылар бар, дайын, ал атқарылатын жобалар қайда?

 

Abai.kz

.

 

 

0 пікір