Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Билік 1112 0 пікір 9 Қаңтар, 2024 сағат 18:08

Экономист: Ақша айналымы болатын жерде ашықтық болғаны маңызды   

Фото: baribar.kz

Ресми Астана ұлттық экономика көлемін 2029 жылға дейін екі есе ұлғайтуды көздеп отыр. Бұл туралы мемлекет президенті Қасым-Жомарт Тоқаев 3 қаңтарда «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбаты барысында айтты. Экономист мамандардың айтуынша, ЖІӨ өсімімен қатар Адам даму индексі секілді көрсеткіштер нақты аталған жағдайда, мемлекет азаматтарының тұрмысы шынайы артқанын бағамдауға болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев  «Егемен Қазақстан» газетіне берген сұхбатында Халықаралық валюта қорының сарапшылары берген мәліметтерге жүгініп, Қазақстанның Ішкі жалпы өнімі қазіргі бағамен есептегенде 259 миллиард доллардан асқанын, яғни 2022 жылмен салыстырғанда 15 пайызға артқанын атап өтті. Қазақстандық экономист Қуанышбек Дүйсеновтың пікірінше, президенттің берген бұл сұхбаты 2023 жылы мемлекетте үкіметтің атқарылған істеріне жылдық есеп ретінде жарияланды. Жалпы, экономист маман мемлекет басшысының БАҚ құралдарына осылай есеп беруі жиі болса, билік өкілдері мен халық арасындағы алшақтықты азайтудың тиімді әдісі болады деп санайды.

«Сұхбаттың экономикалық жағына келсек, 2023 қабылданған экономикаға қатысты атқарылған жұмыстары бойынша ой білдірсем, біріншіден Инвестиция штабын құруды атасақ болады. Шынымен де еліміздің көптеген салаларына құйылған инвестиция ел экономикасының президент айтқандай 2029 жылы ЖІӨ қазіргі көрсеткіштен екі есе өсуіне сенім ұялатады. Алайда, бұл штабтың инвестицияларды тиімді жұмыс істеуі бойынша нақты мемлекет басшысы мен халыққа есеп беріп отыруы маңызды екенін ескеру керек. Себебі, ақша айналымы болатын жерде ашықтық болуы маңызды»,- дейді экономист.

Естеріңізге сала кетсек, Қазақстан президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз сұхатында экономиканы көтеру мақсатында жүзеге асырылуы тиіс істерді атап өткен болатын.

«Біріншіден, еліміздің өркендеуіне жол ашатын бірқатар нақты міндетті шешу қажет. Сондай міндеттің бірі – ауқымды өнеркәсіп жобаларын жүзеге асыру. Қыркүйектегі Жолдауда Үкіметке мұндай жобаларды анықтау және Инфрақұрылымды дамыту жоспарын әзірлеу туралы тапсырма берілді. Бұл жобалар ірі бизнес өкілдерімен, институционалды инвесторлармен және сарапшылармен бірге пысықталып, нақты жұмыс жасалып жатыр.

Тағы бір маңызды міндет – инвестиция тарту. Бұл міндетті орындауға жекешелендіру және активтерді қайтару науқандары да септігін тигізеді. Қомақты инвестиция болса, экономика қарқыны үдей түседі және жаңа мүмкіндіктер пайда болады. Осы орайда мен жақында Инвестиция штабын құру туралы Жарлыққа қол қойдым. Бұл штабқа еліміздегі инвестициялық ахуалды жақсарту және инвестициялық жобаларды сапалы жүзеге асыру үшін ауқымды өкілеттік берілген.

Екінші бағыттағы жұмыс экономиканың барлық саласына қатысты «ойын тәртібін» белгілейтін жүйелі реформаларды жүзеге асыру шараларын қамтиды», - деді мемлекет басшысы.

Сонымен қатар, мемлекет президенті Қазақстанда Салық кодексі әзірленіп жатқанын атап өткен.

«Президент атаған “Салық кодексі” елдегі салық саясатын тиімді етіп, бюджеттегі жараны “Ұлттық қор” есебінен таңбай, ел экономикасын өзі-өзін қамтамасыз етуі үшін қабылданған шешім деп ойлаймын. Әрі ол шешімде кәсіпкерлердің шыныменде кәсіппен айналысуға ұмытылысы мен мүмкіндіктерін шектеліп қалмауын қарастыру керек. Себебі, салық алу механизмді реттелсе де, салық төлеуден жалтарушылардың санын арттырудан сақ болуы қажет. Бұл президенттің жалпы макроэкономикалық шешімдерге қатысты пікірі еді, бірақ мен үшін нақтылау қажет болған сөзі: “Шын мәнінде, мен үшін макроэкономикалық көрсеткіштер соншалықты маңызды емес, азаматтардың тұрмыс сапасының іс-жүзіндегі жақсаруы одан әлдеқайда маңыздырақ” деді. Енді осы азаматтардың тұрмыс сапасының іс жүзінде жақсаруын қандай көрсеткішпен көретініміз әзірге белгісіз. Осы тарапта біз ЖІӨ өсімімен қатар АДИ (Адам даму индексі) секілді көрсеткіштер нақты аталған жағдайда, біз ел азаматтарының тұрмысыны шынайы артқанын бағамдай аламыз», - дейді Қуанышбек Дүйсенов.

Ұлттық банк дерегі бойынша, Қазақстанда қарызға батқан мемлекет азаматтары көп. Оны өз сөзінде президент Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше атап өтті.

«Мен азаматтарымыздың қарызға белшеден батқанына қатты алаңдаймын. Себебі, бұл мәселе жұрттың әлеуметтік жағдайына және еліміздегі қаржы жүйесінің тұрақтылығына тікелей әсер етеді. Мен 2019 жылы Мемлекет басшысы ретінде қол қойған алғашқы құжаттың бірі қиын жағдайға тап болған азаматтардың борышын азайту туралы Жарлық еді. Сол уақытта 500 мың адамның кепілсіз алған несиесі кешірілді. Бұл бір реттік шара болатын. Ал 2023 жылы жеке тұлғалардың банкроттығы туралы заң күшіне енді. Мұның бәрі мәселенің ушығып кетпеуіне ықпал етті. Осы жағдайды түбегейлі өзгерту үшін былтырғы Жолдауымда Үкіметке тың шараларды қолға алуды тапсырдым», - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Экономист маман Қуанышбек Дүйсенов үкімет тарапынан қабылданып жатқан шаралар жақсы нәтиже беретініне сенімді.

«Несие мәселесіне қатысты президент атаған биылғы шаралар белгілі бір деңгейде ушығып бара жатқан халықтың несиелену деңгейінің мәселесіне орынды әрекет деп бағалауға болады. Алайда, халықты тек “қаржылай сауаттылығы” төмендігі мен несие беру ұйымдарының және коллекторлардың өршіп кетуін ғана себеп етпей, өзге де факторларды қарастырған абзал. Ол жоғарыда аталаған баяғы халық тұрмысының деңгейінің төмендігі деп атауға болады. Әлбетте, оның артында экономикадағы көптеген макроэкономика факторлары бар. Дегенмен, оларды ескермей, тек осы несиеленуден туған мәселе салдары емес, себептерін де терең қарастырып көруге де болады. Алайда, банкроттық туралы заң және өзге реформалар осы бағыттағы ел азаматтарының жағдайын оңтайландырдағы оң өзгеріс деп емін-еркін айта аламыз», - деген пікір білдірді маман.

Мемлекет президенті республикалық басылымға берген сұхбаты барысында әлемдегі жағдай ел экономикасына қалай әсер етіп отырғанын атап өтті.

«Әлемдегі экономикалық ахуалдың біздің елге де салқынын тигізетіні сөзсіз. Алайда, кез келген қиындық жаңа мүмкіндікке жол ашады. Үкіметтің жел қайдан соқса да желкенді өзіне оңтайлы бұра алатындай, жан-жақты ойластырған жоспары болуға тиіс. Экономиканың өсімін ынталандыру шаралары мен құрылымдық реформалар қатар жүруі керек. Нақтырақ айтсақ, кәсіпкерлік пен бәсекені дамыту, жекеменшікті қорғау, әділ сот төрелігі болуы өте маңызды. Сонда ғана көздеген мақсаттарымыздың бәріне қол жеткізіп, белгіленген мерзімде ұлттық экономика көлемін екі есе ұлғайта аламыз», - деді президент Тоқаев.

Осы тұрғыдан алғанда экономист маман Қуанышбек Дүйсенов үкіметтің бұл бағытта жасалып жатқан жұмыстарын қолдайтынын айтады.

«Сыртқы саяси жағдай мен серіктестік аталғанда, Қазақстанның  кәсіпкерлеріне ішкі нарықтан басқа жаңа мүмкіндік туындататын жақсы дүниенің бірі. Ол Қытайға жүк тасымалын арттырудағы үкімет жұмысының жақсы қадамы деп атауға болады.

Қорыта келе, әлбетте экономикада тек сұқбат барысында айтылған мәселелерден басқа нақты қадамдар мен реформалар талап ететін механизмдер әлі қажет екені анық. Алайда, “көш жүре түзеледі” демекші, ең бастысы Қазақстан экономикасында алдыға аяқ басу үшін барша мүмкіндіктерді дұрыс қолдану арқылы, ел азаматтарының нақты тұрмыс деңгейін арттыру үміті бар екендігін жоққа шығара алмаймын», - дейді Қуанышбек Дүйсенов.

Айым Алмасқызы

11 сынып оқушысы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2365
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661