Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
46 - сөз 3566 3 пікір 3 Қаңтар, 2024 сағат 14:34

Озық қоғамда озбырлыққа жол жоқ!

Сурет: Әлеуметтік желіден алынды

Жаңа аттаған жаңа жылдың бүгін үшінші күні... Мерекені атап өтіп, бір-бірімізбен жүздесіп, құшақтасып, бір арнада тоғыстық.

Арнайы құттықтаулар жіберіп, сыйлық үйлестіріп, тосыннан да қуантып үлгердік. Осы мерекелік көңіл-күй әр отбасында орнады. Осы аураны мен әр үйден сезіне алдым. Сол үшін шын қуандым. Сырттай бақылап отырсам, дастарханды жайнатып, ас мәзірін ерекше етіп ұсынып, ағайынға сый-құрмет жасап жүрген үйдегі әйелдер, аналар, апа-сіңлілер. Ер азаматтарды да бақылаған тіпті қызық. Олар да сауда орталықтарында асығыс сыйлық таңдап, базардан азық-түлік толтырып, зыр жүгіріп жүр. Құшағында гүл мен торт, кейбірінде ойыншықтар, жаңа жылдық тәттілер. Иә, осындай керемет үйлесім тапқан әр үйде бақыт, береке, балалардың шат күлкісі. Отбасылық идиллия бар ортада жаңа жылдық кеш осылай өтеді. Айтпағым не? Тек мереке емес, аптаның қай күні де бақытты отбасы үшін есте қалады. Бұл жаңа қоғамның іргетасын қалайтын нағыз отбасының келбеті. Алайда, «шынайы оқиғаларға негізделген» мысалдар жарқын сәттердің быт-шытын шығарады. Әйелге жұдырық ала жүгіру, ауыр соққыға жығу, тіпті күш салыстыруға келмейтін тұста санасу, төмендету, жаншу сияқты оқиғалар тіпті түңілтіп жібереді. Ал балаға қатысты жасалған қылмысқа қарай алмайсың...

Жаңа жылдағы мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың алғашқы сұхбаты аталған мәселені қайта қарауға күш берді. «Egemen Qazaqstan» жалпыұлттық газетіне берген сұхбатын оқып, онда айтылған әр салиқалы ойға салмақты қарауды талап етеді. Заң мен тәртіп орнаған қоғамның болашағы зор екенін ескерткен Президент біртұтас ұлттың өркендеуіне үлес қосуға шақырды, жалпыұлттық бірегейлігімізден ажырмай, ұлттық құндылықтарды жоғары ұстануды ұсынды. Ал тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимылды жаңалау, заңды күшейтуге бағытталған өзгерістер көңілге қонды. Тұр­мыстық зорлық-зомбылық жаса­ған­дарға әкімшілік және қылмыстық жауапкершілік едәуір күшейтілгені, жәбірленушінің қайта-қайта қысымға ұшырамауы үшін бұдан былай мұндай іске қатысты тараптарға екінші рет татуласу мүмкіндігі берілмейтіні, сондай-ақ әйелдер мен балаларға жасал­ған зорлық-зомбылыққа қатыс­ты қылмыстарды тергеумен әйел тергеушілер айналысатыны сенім ұялатты.

Одан бөлек ішкі істер органдарында әйелдерді зорлық-зомбылықтан қорғау­мен шұғылданатын маман­дар штаты қалпына келтіріліп, олардың құзыреті күшейтілетіні мәселені шешуге жасалған нақты қадам екені байқалды. Бірақ қоғамда озбырлық пен зорлық-зомбылықтың кез келген түріне мүлдем төзбейтін түсінік қалып­таспайынша, бұл өзгеріс­терден еш пайда жоқ. Қабырғаның ар жағындағы жан ұшыра көмек сұраған дауысына үн қатпасақ, жәрдемдеспесек, заңның құдіреті болмайды. Мен бұл пікірді мінберлерден жиі айтып жүрмін. Қоғамдық көлікте, ортада, ұжымда, отбасында орын алған келеңсіз оқиға сұраусыз қалмауы керек. Неге, не үшін деп себебі сұралып, салдарымен күрес жүруі қажет. Президент осы тұрғыда қолға алынған нақты шараларды атап көрсетті. Олай болса, қозғалыс бар, жылжу бар, тек оның оң бағытта, дұрыс шешімдер қабылдануына әсер ету маңызды. Осы мақсаттағы ортақ істер атқаруға күш саламыз.

P.S. Отбасылық мерекелер, атаулы күндер сүйіктілер мен сүйе білгендер, шынайы құрметтеп, сыйласа білгендер жадында сақталады. Сондықтан осы жылы жадыраған жылы естеліктер көп болсын!

Қарақат Әбден,

ҚР Мәжіліс депутаты

Abai.kz

3 пікір