Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Абай мұрасы 1121 5 пікір 3 Қаңтар, 2024 сағат 14:14

Абай іліміндегі діндер бірлігі

Бүгінгі күндері елімізде тәңіршілдік пен исламның арасында жарықшақ шығып, халық екіге бөліне бастады. Бұл келеңсіз құбылыстың (басқа да текетірестердің) себебі, Болмыстың бірлігін түсінбеуден шығады. Болмыстың бірлігін ұмытып, оның түрлі көріністеріне көңіл аударғанда, шексіз көп ұғымдар, көзқарастар, ағымдар пайда болады. Олардың арасындағы өзара тартыс дүниені күрес майданына айналдырып жібереді. Бұл дүние көрінісі.

Шын мәнінде, Алла тағала бір болғандықтан, діндер арасында қайшылықтар жоқ. Бұл қайшылықтар Абай іліміндегі жан құмары мен тән құмарының күресінен пайда болады. Көп жағдайларда нәпсінің ықпалымен тән құмары күш алып жан құмарын тұншықтырады. Жеке адамдар ғана емес, бүкіл адамзат қоғамында, оның ішінде біздің елде де, бүгінгі күндері осы себептен өте қауіпті  құбылыстар пайда болып отыр. Соның бірі, түрлі ағымдардың, олардың ішінде дінаралық, текетіресі күшейіп, бүкіл қазақ халқының бірлігі бұзыла бастады. Бүгінгі күндері күш алып бара жатқан тәңіршілдік пен исламның арасындағы тартыс соның бір көрінісі. Бұлардың тартысы қазақ ұлтын сақтау жолындағы ең қауіпті құбылыс болып табылады. Себебі, олардың екеуі де халқымыздың ұлттық болмысын  қалыптастырған негізгі құндылықтар. Бұл құндылықтардан айрылып, оларды сақтай алмасақ, халық рухани тірегінен айырылып, еліміз мүлде мүшкіл жағдайға түсуі мүмкін. Сондықтан, жағдайдың алдын алу үшін оларды біріктіретін жол іздеуіміз керек.

Оларды біріктіру үшін, ең әуелі бұл екі ағымның не  екенін, қалай пайда болғанын, ішкі мәнін, және халқымыздың оларды қалай қабылдағанын анықтап алуымыз керек. Бұлардың екеуі де Болмыс көріністері. Болмыс бір және бөлінбейтін біртұтас болса, онда қайшылықтар неге пайда болады?

Бұл мәселелерді шешу үшін әуелі болмыстың не екенін дұрыс түсініп алуымыз керек. Бұл жолда да Абай мұрасы үлкен тірек бола алады.  Сондықтан, Абай ілімін пайдаланып Болмыстың не екеніне көз жіберейік.

Болмыс дегеніміз не?

Болмыс адамзат дүниетанымындағы ең ауқымды, және ең кең ұғым. Болмыс шексіз және көптеген көріністерден құралады. Болмыс «бар», «болу» деген ұғымнан шығып, бар болғанды түгелдей қамтиды.  Сондықтан, Болмыс рухани мен материалдық әлемді толық қамтиды. Заттық әлемнің ішіндегілер де, оны сыртындағылар да, түгелдей Болмысты құрайды. Болмыс бір және біртұтас дегеніміз осы.

Бұл бірлікті Абай өзінің   отыз сегiзiншi сөзiнде қысқаша тұжырымдап, толық түсінуге мүмкіндік береді. Ол былай деп жазады:

Бiз Алла тағала «бiр» деймiз, «бар» деймiз. Ол «бiр» дегеннiң өзi ақылымызға ұғымның бiр тиянағы үшiн айтылған сөз. Болмаса ол «бiр» дегеннiң өзi Алла тағалаға лайықты келмейдi.

Абай Алла тағаланы Болмыстың көрінісі ретінде беріп отыр. Алла тағала шексіз болғандықтан, Ол бүкіл Болмысты қамтиды, яғни Болмыстың Өзі. Бұл тұжырым Алла тағаланың ешбір сөзбен сипаттауға болмайтын шексіздігін білдіреді. Болмыс та осындай, ендеше Ол Алла тағаланың көрінісі болып табылады. Болмыс Алла тағала, ал Алла тағала Болмыс. Екеуінің айрмашылығы жоқ. Абайдың берген бұл ұғымы теология негізі деуге де болады.

«Алла тағала «бiр» деген сөздiң өте терең мәнi бар. Бұл исламдағы монотеистік негізгі ұғым. Алла шексіз болса, онда Оның Өзі мен жаратқандарының арасында да ұқсастық болуы керек. Бұл туралы Абай былай деп жазады:

Өз пиғылдарыңды Соған өз халіңше ұқсатуды шарт қыл. Алла тағалаға ұқсай алам ба деп, надандықпен ол сөзден жиіркенбе, ұқсамақ – дәл бірдейлік дағуасыменен емес, соның соңында болмақ.

Өмір Болмыспен үйлесімді болса, әркім де Алла тағалаға ұқсас қасиеттерге ие болатынын Абай осылай көрсетеді. 

Алла тағала шексіз болғандықтан, Ол бүкіл Болмысты қамтиды. Бірақ бұл шексіздікті ақылмен түсiну қиын. Себебі, Абай сөзімен атқанда «Алла тағала өлшеусіз, біздің ақылымыз өлшеулі. Өлшеусізді өлшеулімен түсінуге болмайды». Шексіз Алланы сөзбен де суреттеп, жеткізуге мүмкін емес. Оның есімі жоқ, бірақ біз ұғымның бір тиянағы үшін түрлі сөздермен сипаттаймыз. Әр халық өзінше атайды, ал біздің қазақ «Алла», «Құдай» және «Тәңір» деп атайтынын білеміз. Бұл сөздер шексіз бір Абсолютті білдіреді. Түпкі мағынасы бір – бүкіл әлем бір көзден шығады, Ол таза Рух. Рух атауы көп болғанымен, Ол бөлінбейтін, барлығына ортақ, біртұтас. Барлығы Содан шығады. Ал Одан шыққандардың барлығы қайта қайтып, біртұтас болып, бір орталыққа бағынуы керек. Ол үшін төменгі жандар жоғары жандарға бағынып, құлшылық жасайды. Жан осылай ең жоғарғы Жанға, Түп Иеге қайтып, бірігеді.

Түп Иеге қайту жан иелерінің қозғалысымен түрлі құлшылық жасау арқылы болады. Қуаттардың қозғалысы арқылы әлем түрленіп, жаңғырып, өзгеріске түсіп отырады. Бүкіл әлем қуаттар қозғалысы. Бұл туралы Шәкәрім былай деп айтып кеткен:

Жаралыс басы – қозғалыс,

               Қозғауға керек қолғабыс.

               Жан де мейлің, бір Мән де,

               Сол Қуатпен бол таныс,

                         Әлемді сол Мән жаратқан.

               Қозғалмаса көшпейді,

               Көшпеген нәрсе өспейді.

               Өспеген нәрсе өзгермес,

               Түрден ол түрге түспейді,

                         Қозғалыс түрлеп жаратқан.

      (Жаралыс басы – қозғалыс)

Шәкәрім бұл жерде жан иелерін және Жаратушыны Жанды Қуатпен балап отыр. Болмыс дегеніміз Жоғарғы Рух көрінісі, ал барлық көрініс түрлері Рухтан, яғни рухани қуаттан пайда болады.  Дүние өмірі дегеніміз – қуаттардың қозғалысы. Олардың барлығын жаратқан – бір Мән. Мәнді әр халық өзінше атайтын болғандықтан, сөздің тиянағы үшін біз Оны Құдай деп атаймыз.

Болмыстың бірлігін табиғат құбылыстарынан да көре аламыз. Инстинктпен өмір сүретін хайуанаттар төменгі жанның жоғары жанның ырқында болып, табиғи заңдылыққа толық бағынады. Мысалы, үйдегі мысық, иттер өздеріне қамқор жасаған адамдарды жақсы түсініп, айтқандарына бағынып, көмектесуге ұмтылады. Кейде олардың қылықтары мен «түрлері» де  иелеріне ұқсас болып келеді. Себебі, олардың тәндері бөлек болғанымен, рухтары біріне бірі әсер етіп, ұқсастанған. Хайуанаттар денесіндегі жандарды инстинкт басқаратындықтан, төменгі жандар жоғарғы жандардан жасқанып, оларға қиянат жасамайды. Қорықпайтын адамға ормандағы аңдардың шабуыл жасауы өте сирек болатыны да осыны көрсетеді. Адамның  өздерінен жоғары тұрғанын олар жақсы түсінеді.

Абай әрi қарай сөзiн жалғастырып, өзінің терең ойларына түсiнiк бередi. «Ол «бiр» деген сөз Алла тағала ғаламның iшiнде, ғалам Алла тағаланың iшiнде», – дейдi. Бұл сөздердің бүкіл болмыс өмірін ашатын терең мағыналары бар. Олар Алла тағаланың түрлі аспектілерін, яғни көріністерін береді.

«Ғалам» сөзі қарапайым әлем емес, рухани деңгейді білдіріп, рухани және материалдық әлемді бірдей қамтитындықтан, әлемнің рухани және материалдық қуаты бар. Құдайдың аспектілері, яғни көріністері көп. Осы көріністерімен Ол бүкіл әлемді жаратып, басқарады. Оның Жаратушы қуатынан бүкіл әлем пайда болады. Оларды жоғары және төменгі деп бөлуге болады. Жоғары қуатқа жандар, ал төменгі қуатқа материя жатады. Алланың бұл аспектілерін «Абайдың рухани мұрасы» атты еңбегімізде кеңінен бергенбіз. Бұл арады оларға қысқаша тоқтала кетейік.

Алла тағала ғаламның iшiнде.

Рухани қуат, яғни Құдай, материяны жаратып қана қоймайды, сонымен бірге, оның барлық түрлерінің ішінде. Алланың бұл аспектісі Оның әлемді қалай жаратып, қалай басқаратынын түсінуге мүмкіндік береді. Алла тағала ғаламның iшiнде болса, онда Ол ғаламның бiр бөлiгiнде ғана емес, оның барлық бөлiгiнде болуға тиісті. Ол макрокосм мен микрокосмның, яғни әлемнiң, әрбір түкпірінде, барлық бөлшегiнде, әрбiр атомның iшiнде, сонымен бірге, әрбір жан иесінің жүрегінде болуы керек. Бүкіл болмысты қамтитын мұндай терең ұғымды тек қана рухани деңгейде, жүрекпен түсінуге болды.

Алла тағала әрбiр атомның iшiнде, әрбір жүректе болғандықтан, Ол барлығын біледі, барлық құбылыстың себебі, және әлемдегi барлық құбылысты Өзі басқарады. Бүкіл әлем осы себептен үйлесімді. «Алла ішіңді айтқызбай біледі, ойла» дейді Абай. Алладан ештеңені жасыруға болмайды. Не болмаса, «Құдайсыз шөп басы да қимылдамайды» дейді халық. Жаратушыға тілек айтып, не болмаса іштегі сырды жасырып та керегі жоқ. Себебі, Ол ішіңді айтқызбай біледі, және әркімге өмірге керегінің барлығын әуелден берген. Өмiрдегi барлық әсем, сұлулық, немесе неше түрлi ақыл жетпес табиғаттың күрделi құбылыстарының барлығы да Алла тағаланың хикметтері. Алладан ештеңені жасыруға болмайды – Ол барлығын қадағалап отыр. Жан жүректе орналасқан. «Онан соң жүрек айтыпты: «Мен — адамның денесінің патшасымын, қан менен тарайды, жан менде мекен қылады, менсіз тірлік жоқ» дейді Абай. Жүректе ғаламның ішіндегі Алла тағаламен бірге, Оның жоғарғы қуаты жан да орналасқан. Жанды осылай басқарып, Алла бүкіл жан иелерінің өмірін бағыттап отырады. Алла мен жанның байланысын ұят дейміз. Ұят адамның ішкі тірегі. Ол неғұрлым күшті болса, адамгершілік те солғұрлым жоғары болады.

Жүректегі Алла кінәрәт істерден аулақ етіп, адамды дұрыс жолға салып, Түп Иеге алып келеді. Жан құмары мен тән құмары үнемі күресте. Бұл күрес өмірдегі қайшылықтар көрінісі. Кейде нәпсімен былғанған жан жүректегі Аллаға бағынбай, бұрыс жолға салынып кетеді.

Ғалам Алла тағаланың iшiнде.

Абайдың бұл сөзі Құдайдың әлемдік көрінісін береді. Әлем Құдайдың бір көрінісі, яғни аспектісі. Ғалам Құдайдың ішінде болса, онда ғаламның әрбір көрінісі Құдайдың Өзі, яғни Құдайдан айырмашылығы жоқ деген ұғым шығады. Сондықтан әлемдегі әрбір жан иесі, хайуанаттар әлемі, табиғат көріністерінің барлығы Құдайдың бір көрінісі болып табылады. Құдайдан басқа ештеңе де жоқ. Сондықтан, «Құдайдан басқа да бар» деген ұғым Аллаға серік қосу болып табылып, күпірлік болады.

Әлемнің барлық көріністері белгілі бір заңдылықтармен қозғалысқа келіп, өзара байланысып, Шәкәрім сөзімен айтқанда, «Қозғалыс түрлеп жаратқан». Мысалы, Күн бүкіл космосқа өзінің жылу қуатын беріп, түрлі планеталарға өмір береді. Оның жаны және материалдық денесі бар. Жаны сол денесімен бүкіл әлемге қуат беріп отыр.  Күнді оның ішіндегі Құдай басқарады.  Оны күн періштесі дейміз. Ал Жер бетіндегі өмірді Құдай түрлі жан иелері, және басқа періштелер арқылы жаратады, және басқарады. Періштелер Құдайдың фәни әлемдегі көмекшілері болып табылады. Жердің, әрбір хайуанат түрінің, тіпті судың, ауаның, оттың да өз періштелері бар. Періштелердің басқаруымен материалдық өмір үйлесімді болып отыр. Ашаршылық кезінде қазақ халқы жоғарғы Жаратушыға мал сойып, тасаттық береді. Сол кезде адамдардың құлшылығына разы болған Жаратушы періштеге жаңбыр бергізеді. Осылай бүкіл әлемді бір Құдайдың әлемдік көрінісі басқарып отырғанын түсінеміз.

Болмыс біртұтас. Бұл тұтастықты ғаламның ішіндегі, әрбір бөлігіндегі Алла тағаланың Өзі сақтап тұрады. Ғаламның бір бөлшегі болғандықтан, әрбір адам да осы тұтастыққа ұмтылуы керек. Ал білместігінен оған кері әрекет етіп, тұтастықты бұзатын болса, онда ол қарымта заңдылығы бойынша өзіне тиесілі жазасын алады. Абайдың «Біріңді, қазақ, бірің дос көрмесең, істің бәрі бос. Малыңды жауға, Басыңды дауға қор қылма, қорға, татулас» деген сөзі тегін айтылмаған. Абай осылай табиғи заңдылық болып табылатын болмыс бірлігіне шақырады. Қоғамның барлық шырғалаңы, оның ыдырауы, отбасының бүлінуі тәрізді барлық шырғалаңдардың негізгі себебі Абайдың берген осы өсиетін білмеуден, не болмаса оны ескермеуден болып табылады.

Ғаламның Алла тағаланың ішінде екенін білу арқылы қоршаған ортаның әрбір көрінісінен Құдайды танып, Оның бізге деген махаббатын, қамқорлығын, мейірімділігін сезініп, Оның шексіз құдыреттілігін, ешкімге тәуелсіздігін түсінеміз. Осылай иманымыыз толығып, өседі. Адамдар арасындағы қатынас түзеліп, қоғамда бейбітшілік орнайды. Абайдың «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген қағидасы іске асады. Қоршаған ортаға қамқорлық пайда болады.

Осылай әрбір жан иесінде Құдайға деген махаббат күшейіп, Түп Иеге қайтуға мүмкіндік туады. Сонымен бірге, әрбір адам болмыс заңдылығын бұзбай, бақытты өмір сүре алады. Иманды қоғам дегеніміз осы.

Құдайдың тұлғалық қасиеттері.

Әлем көріністерінің шексіз алуандығының себебі неде? Оның себебі Алланың шексіз еркіндігі мен қалауында жатыр. Бұлар тұлғалық қасиеттер. Абай Алланың тұлғалық қасиеттерін де береді. Ол отыз сегізінші сөзінде былай дейді.

«Алла тағаланың сипаттары: Хаят (Өмір, Тірлік), Ғылым, Құдірет, Басар (Түсіну, Білу, Қабылдау), Сәміғ (Естуші, Тыңдаушы), Ирада (Тілек, Мақсат, Қалау), Кәлам (Сөз, Тіл), Тәкин (Тудыру, Жасау, Бар қылу)». Бұл сегіз сипат Құдайдың тұлғалық көрінісін береді. Яғни, Жаратушыда тұлғалық қасиеттер болғандықтан, Оның жаратқандарында да тұлғалық қасиеттер бар. Әлемдегі барлық жан иелерінің тұлғалық қасиеттері Алладан шығады. Алла тағала тұлға болғандықтан, Оның жаратқандарының барлығы да тұлғалар.

Тұлғаның негізгі белгісі ерік пен қалау болып табылады. Жан шексіз болғандықтан, оның еркі мен қалауы да шексіз. Сондықтан, әлемдегі тұлғалар шексіз, әлем көрінісі де шексіз. Өмірде бірдей жан иесінің болуы мүмкін емес. Тіпті бір ағаштың жапырақтарынан да тиянақпен қараған адам айырмашылықтар табады. Осылай әлем құбылыстарының сан алуандығы туып, олар қозғалыс арқылы өмірді тудырады. Өмір дегеніміз осы сансыз көп тұлғалардың өзара қарым-қатынасы.

Әлем заңдылығын Құдай жасағанымен, Ол бұл заңдылықтан тыс және оған араласпайды. Абай бұл туралы «Ауруды жаратқан Құдай, бірақ, ауыртқан Құдай емес» дейді. Болмыстың әділет заңдылығы бойынша өз еркімен жасаған әрекеті үшін жан сыбағасын, яғни қарымтасын алады. Құдай шексіз рахымды және мейірімді болғандықтан, Ол жанның еркін шектемей, әрекетіне толық ерік береді.

Абай көрсеткен діннің ішкі мәні ұмытылып, оның сыртқы көрінісіне көңіл бөлінгенде өмірдің тартысы туып, көптеген шырғалаңдар пайда болады. Еліміздегі келеңсіз көріністердің көпшілігі, міне, осы себептен деуге болады.

Досым Омаров,

Абайтанушы, теолог-ғалым

Abai.kz

5 пікір