Бейсенбі, 16 Мамыр 2024
Жаңалықтар 4259 0 пікір 8 Қазан, 2013 сағат 11:13

Тұрсын Жұртбай. Сақтаған Бәйішев «жау шаптылап» шықты...

2.

 Бұл жолы да «әйгілі жүйрік», Қазақстан қоғамдық ғылымдарының бас идеологі Сақтаған Бәйішев «жау шаптылап» шықты. Орталық комитеттің алдағы күндердегі найзағайлы дүлейінің (смерчь) жойқын екпіні мен шабуылдар майданының ауқымын белгілеп, «барлай отырып атой салған» бұл мақалаға сол кездегі «Социалистік Қазақстан» гезетінің бас редакторы Қасым Шәріпов пен Орталық комитеттің сол кездегі нұсқаушысы, тарихшы, кейіндері осы жолдардың авторына КПСС тарихынан дәріс оқыған А.Қайыргелдин қол қойды.

1951 жылы 21-ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған бұл мақала «Ғылымдағы идеясыздық пен бисаясаттыққа жол берілмесін» деп аталды. Онда Тіл және әдебиет институты өзіне бөлінген қаржының барлығын ел арасына арнаулы экспедициялар шығарып, күмәнді қолжазбалар мен жырларды жинауға жұмсағандығын алға тарта келіп:

2.

 Бұл жолы да «әйгілі жүйрік», Қазақстан қоғамдық ғылымдарының бас идеологі Сақтаған Бәйішев «жау шаптылап» шықты. Орталық комитеттің алдағы күндердегі найзағайлы дүлейінің (смерчь) жойқын екпіні мен шабуылдар майданының ауқымын белгілеп, «барлай отырып атой салған» бұл мақалаға сол кездегі «Социалистік Қазақстан» гезетінің бас редакторы Қасым Шәріпов пен Орталық комитеттің сол кездегі нұсқаушысы, тарихшы, кейіндері осы жолдардың авторына КПСС тарихынан дәріс оқыған А.Қайыргелдин қол қойды.

1951 жылы 21-ақпанда «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланған бұл мақала «Ғылымдағы идеясыздық пен бисаясаттыққа жол берілмесін» деп аталды. Онда Тіл және әдебиет институты өзіне бөлінген қаржының барлығын ел арасына арнаулы экспедициялар шығарып, күмәнді қолжазбалар мен жырларды жинауға жұмсағандығын алға тарта келіп:

«... Алайда Тіл және әдебиет институты өткен дәуірдің мұрасын жөндеп игере алмады. Бұл әдеби материалдардың көпшілігі әлі зерттелмеген, олардың қаншалықты бағалы екендігі белгіленбеген. Ал кейбір шығармалардың («Есім хан», «Телағыс», «Жәнібек», «Арқалық» және басқалары) өткен дәуірдің  ақындарының ауыздарынан шыққандығы күмәнді. Өйткені бұл шығармаларды қазіргі замандағы ақындар жинаған және бұл шығармалардың қайдан шыққандығы документ бойынша көрсетілмеген. Қазіргі замандағы ақындар жазған осы қиссалардың кейбіреуі өткен дәуірдің жырларына жатқызылған, ал, екінші жағынан, қазіргі замандағы жинаушы ақындардың өз шығармалары деп есептелген. Әрине, өткен дәуірдің әдеби мұраларын жинап, жариялау ісіндегі мұндай теріс әдістің түбінде қазақ әдебиетінің тарихын фальцификациялауға апарып соқтыратыны даусыз»,– деп шырға тастады.

Сонда, іргесі жаңадан құрылған Тіл және әдебиет институтының қолжазба қоры болмаса, фольклор мен ауыз әдебиетінің үлгілері, эпостық мұралар мен қиссалар, айтыстар мен халық ақындарының жырлары, тарихи оқиғалар мен шежірелер жиналмаса, онда қандай ғылыми тақырыппен айналысуы мүмкін? Араға жарты ғасыр өткеннен кейін бұл мұраның 100 томдығының шығуына негіз қалаған да сол тұстағы ғылыми экспедициялар жинақтаған халықтық шығармалар екенін ескерсек, жоғарыдағы үш ғалымның, соның ішінде мақаладағы материалдарды жинақтап берген С.Бәйішевтің бұл пікірі – пікір емес, арандатуға құрылған жалған жала екенін аңғару қиын емес. Бірақ та С.Бәйішевтің бұл пікірсымағы дұрыс емес деп өзгені былай қойғанда М.Әуезовтің өзі де қарсы шыға алмайтын. Ал ол мұралар жинақталмаса қалай ғылыми тұрғыдан «қаншалықты бағалы екендігі қалай белгіленбек»? Ал «фальцификациялауға апарып соқтырғандар» туралы:

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институты және оның ғылыми қызметкерлері өткен дәуірдің материалдарына, әсіресе, бұл материалдарды жинаушыларға сын көзімен қарау дегенді мүлде қойған. Ескі мұраларға осындай бипартиялық көзбен қарау салдарынан, жиналған материалдардың бәрі халық шығармасы деп танылған, ал материал жинаушылардың бәрі халық ақыны деп есептелген. Институттың халық ақыны деп жүрген адамдарының бірі Шәкір Әбенов ХІХ ғасырдың ақыны Дулаттың барлық өлеңдерін жазып берген; сөз ырғағының бәрі қазіргі заманға сәйкес келетіндігіне қарағанда, бұл өлеңдердің Дулаттікі екендігі өте күмәнді. Немесе, ХХ ғасырдың белгілі ақыны Сұлтанмахмұт Торайғыровтың туысы Шаймерден Торайғыров Сұлтанмахмұттың өлеңдерін өз қолымен қайта өңдеп, буржуазиялық-ұлтшылдық сарындағы шығармаларын қазіргі заманға сәйкестірген; осының нәтижесінде Сұлтанмахмұт Торайғыров ешбір қайшылығы жоқ, социалистік реализм бағытындағы таза совет ақыны болып шыға келген»,– деген жорамал жасайды.

Шындығында, Сұлтанмахмұт Торайғыровтың екі томдық шығармаларының қолжазбасын Машһүр Жүсіппен ақылдаса отырып жинақтаған, баспаға дайындаған Жүсіпбек Аймауытов болатын. Ол қолжазбаны Ілияс Жансүгіровтің жары Фатима Ғабитова сақтап қалған мұрағаттардың ішінен алып, ғылыми айналымға түсірген Бейсенбай Кенжебаев еді. Ол кезде Ілиястың атын атауға тиым салынғандықтан да Шаймерден Торайғыровтың нұсқасының арасына кіріктіріп пайдалануға мәжбүр болды.

Ал күні бүгінге дейін анда-санда басы қылтиып қалатын Дулат мұрасын толықтай жинақтап өткізуші, тура осы жылы бесінші рет түрмеге қамалған Шәкір Әбеновпен арадағы бауырлық базынамызды пайдаланып, шындығын айтуын сұрағанымызда, Дулаттың өлеңдері мен дастандарына еш қиянат жасамағанын, оны осы көркемдік кестесі мен тілдік тазалығы үшін Абайдың ұстаз тұтқандығын, тек өзі жазған жалғыз өлеңді тұтқындалар алдында ішіне тығып кеткенін уәде бере айтып еді.

Ш.Әбенов: «– Е, бұлт адамның басына бір үйірілсе қашып құтылмайды екенсің. 1948 жылы тағы (бесінші рет!) ұсталдым. Сақтаған Бәйішевтің соның алдында Мұхтарды, Есмағамбетті сынаған мақаласы газетке басылған. Соның ішінде “буржуазияшыл – ұлтшыл, байшыл ақын Дулаттың өлеңдерін “Еспенбет” дастанын Есмағамбет Шәкірге әдейі тапсырма беріп жаздырды», – деп сынады. Сол маған айыптау материалы болды. Шуға қарай бой тасалап ем, бәрібір, құтылмадым. Тергеуші: “Сен осыларды өзім ойдан шығардым. Ондай ақын жоқ деп бас тарт”,– дейді. Бар нәрсені қалай жоқ дейсің. Академияның қолжазба қорына Дулат жыраудың 6 000 жол өлеңін тапсырғаным рас. “Сен қазақтың мұңын Дулат боп жоқтап отырсың. Айт шыныңды”,– деп ақырады. Рас, қолжазбаның ішінде “Бәйбіше туралы”, “Тырнақтай кір қонған соң” деген өз өлеңім қоса тапсырылып кетіпті. Дулатты қалай жоққа шығарамын. Ал “Сабырбай мен Байбаланың” айтысын өңдеп жазғаным рас. Қойшы, содан 1948 жылы Кемерово облысындағы Марийнскі қаласындағы “Севлагқа” айдалдым. Содан 1955 жылы босадым» (Өмір жылжып барады жүзге қарай... Шәкір Әбенов 90 жаста// Қазақ әдебиеті. – 1990. – қыркүйек).

Бұл пікір оның көзі тірісінде баспасөзде жарияланған болатын. Кейінгі толқынның қаперінде жүрсін деген ниетпен түсінік арасына кіргізіп отырмыз. Өйткені, бұл бопсаларға сенгенсіп, пікір қозғағансығандардың қазір де қылт ете қалып жүргені алаңдатады.

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институтының ескі мұраларға арналған материалдарының бәрінде де қазақ халқының өткендегі тұрмысы дәріптеледі, қанаушы таптардың өкілдері, хандар, билер мақталады; қазақ халқының бүкіл тарихы сыңаржақ көрсетіледі, қазақ ауылдарындағы тап күресі бүркеліп қалады. Институттың ғылыми қызметкерлері қазақтың феодалдық-рулық құрлысының тарихымен әуестеніп, соның сарынына түсіп кеткен. Институттың ғылыми қызметкерлерінің жеке еңбектерінде, сонымен қатар баспаға дайындалған «Қазақ әдебиеті тарихының» І томында қазақтың түрлі хандарының – Абылай, Кенесарының басқаларының заты асыл, данышпан адамдар еді деп дәріптейтін ертегілер, өтірік-аяң сөздер бар. Соқыр сенімдегі надан адамдардың бір кезде ойдан шығарған осындай жалған ертегілерін институттың ғылыми қызметкерлері халық шығармасының үлгісі деп таныған».

Бақастықпен сөз жарыстырғанымыз емес, бірақ та, ойдың орамына, қаламның ұшына оралып тұрып алған мына сұрақ емеуірін үшін болса да өз-өзінен сұранып тұр. Ең қауіпті надан – білімді надан. Ал «соқыр сенім» сол білімді наданның көзқарасының ащытқысы. Адамдық, тектік, ұлттық, халықтық қасиеттерді мансұқ етіп, тарихқа топырақ шашып, адамдардың тағдырын жалаң да жалған идея үшін талқан етудің өзі «соқыр сенімдегі надандық» емес пе?

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «ҚК(б)П Орталық комитеті өзінің қаулысында былай деп жазды: Тіл және әдебиет институтының еңбектерінде, бірсыпыра ғылыми қызметкерлердің диссертацияларында «әдебиетті қоғамның материялық тұрмыс жағдайларынан ажыратушылық бар, қазақ ауылдарындағы тап күресін бекерге шығару немесе бүркемелеу бар, бұрынғы феодалдық-рулық құрылысты дәріптеушілік бар. Революциядан бұрынғы ақындардың ауызша шығармаларын, билердің шешендік сөздерін талдағанда олардың шығармаларының әлеуметтік мәні мүлде ашық көрсетілмеген. Тарихта белгілі феодалдар – Кеңгірбай, Қараменде, Шорман жән басқалар сияқты бұқара халықтың жаулары – халықтан шыққан данышпандар, халықтың қорғаушылары еді деп мақталады».

Бұл – кеңес өкіметінің идеологиясына жабысқан көкбауыр пікір. Сондықтан да оның айтылуы табиғи және әдеттегі тілге тиек ретінде алынатын басыртқы. Негізгі ойлары келесі сөйлемдерде ашылады.

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Қазақстандағы көрнекті тіл мамандарының бірі Кеңесбаев жолдас Қазақ ССР Ғылым Академиясының бірінші сессиясында сөйлеген сөзінде былай дейді: «Қазақстанның тіл мамандарының алдында тұрған кезекті міндет – ертедегі тіл мамандарының – түркологтардың зерттеулерін қорыту, түріктердің (қазіргі қолданылып жүрген «түркі» ұғымы мағынасында – Т.Ж.) жазба мұраларын зерттеу жөніндегі түркологтардың бағалы еңбектері қазақ тілінің тарихын жасаудың негізі болуға тиіс» (астын сызған біз). Қазақстанның әдебиетшісі Әуезов жолдас та өзінің «Қазақ әдебиетінің тарихын зерттеу мәселелері» туралы баяндамасында тегінде осыны айтты. Әрине, әдебиет пен тіл тарихын зерттеуге, арғы замандағы түрік тұқымдарының әдебиет тарихы мен тіл тарихын зерттеулеріне ешкім де қарсы емес, бірақ біз Кеңесбаев жолдас пен Әуезов  жолдасқа мынадай сұрақ қояр едік: қазіргі заманғы қазақ әдебиеті мен қазақ тілінің негізгі мәселелері осы ма, қазіргі тұрмысымыздың өте қажетті, кезекті міндеті осы ма? Бұл жолдастар мынадай даусыз фактыны елемей отыр: қазақтың жазба әдебиеті, қазақтың мемлекеттік әдеби тілі шынында Ұлы Октябрь Социалистік революциясынан кейін туып, өркендеді».

Бұл пікірлер алдағы уақытта әшкереленетін панисламизм, пантүркизм, әдебиеттің тапсыздығы, фольклор мен эпос туралы «ұйымдастырылатын тақырыптарға» көрсетілген нұсқау болатын. Бір таңданарлығы, осы «панисламизм мен пантүркизмнің» идеологтарының қатарына І.Кеңесбаевтің пікір иесі ретінде қосылып кетуінде. Әдетте, ол кісінің ашық және құпия майдандағы «қаракеттері» қарсы жақтан табылатын.

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Өте сауатсыз жазылған диссертациялық еңбектің бірі – Ә.Қоңыратбаевтің «Лироэпос» («Ғашықтық жыры») деген еңбегі. Диссертант өзінің еңбегінде қорытылмаған шикі материалдарды жинай берген, осы мағынада бұл еңбекті ғылыми еңбек деп атауға болмайды. Қоңыратбаевтың диссертациясы идеясыздықтың, бисаясаттықтың, бипартиялықтың үлгісі болып табылады. Қоңыратбаев жолдас өзінің еңбегінде көрінеу саяси қателер жіберген. Ол маркстік методологияны қолданудың орнына, бір кездерде буржуазияшыл ұлтшылдардың қатарында болып, солардың идеологиясын насихаттаған кейбір совет әдебиетшілерінің теріс, қате, зиянды пікірлерін қолдаған, саяси сезім дегеннен айырылғандықтан, автор буржуазиялық-ұлтшылдық былықтарды тарихқа енгізуге тырысқан. Сонсын, өзінің еңбегінде автор адамзат тарихының қоғамында болған өндірістік қатынастардың негізгі түрлерін шатастырып, қазақ өмірінде «бақташылар қоғамы», «көшпелі қоғам», «бектік қоғам» және осы сияқты ерекше қоғамдар болған деп былжырайды».

Алдындағы ағаларының барлығы халық жауы атанған Әуелбек Қоңыратбаевты басына сөйлеуі оңтайлы тәсіл. Бірақ «кімнің былжырағанын» тарих өзгеше көрсетіп берді.

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Б.Кенжебаев жолдастың «Сұлтанмахмұт Торайғыровтың ақындығы» деген еңбегі де қатеден сау емес. Кенжебаев жолдастың диссертациясында революциядан бұрынғы қазақ ауылындағы таптық жіктелу жоққа шығарылған, осының салдарынан ол ХХ ғасырдың басындағы бірсыпыра әдебиет өкілдерін жалпы ұлттық, жалпы халықтық қайраткерлер есебінде сипаттайды. Шығармасында талай қайшылықтар кездесетін демократ ақын Сұлтанмахмұт Торайғыровты автор диалектикалық материализм позициясындағы, ғылыми коммунизмді таныған философ деп есептейді. Бұл, әрине, Торайғыровтың шығармаларын тым асыра бағалау болып табылады. Осындай бірсыпыра қателері бар диссертациялық еңбектердің жақсы бағалануы ғылыми қызметкерлер арасында принциптік сынның жоқтығын, қайта шірік либерализмнің бар екенін көрсетеді».

Иә, «шірік либерализм» мен «вульгарлық социалогизмнің» бірін-бірі жақтыра қоюы мүмкін емес. Ал өз дегенінен қайтпайтын Б.Кенжебаев араға бес жыл өткен соң Сұлтанмахмұт Торайғыровтың шығармашылық мұраларын әдебиет тарихына қайта енгізді.

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Тіл және әдебиет институтында ғылыми кадрлардың мамандығын арттыру ісі жолға қойылмаған. Институтың қызметкерлігіне немесе аспиранттығына кездейсоқ адамдар алынған. Институттағы ғылыми қызметкерлер мен аспиранттардың жалпы білім дәрежесі төмен, олардың бірде-бірі большевизм теориясы мен тарихын шындап үйреніп жүрген жоқ. Бекбергенов, Тәжібаев, Тұрысбекова, Нұрмағамбетова және басқалар сияқты көп аспиранттар марксизм-ленинизм негіздері мен ағымдағы саясаты жөнінен әліп-би мәселелерді де айыра алмайды... Филология ғылымдарының кандидаттары Шалабаев, Қоңыратбаев, Нұртазин сияқты институттың бірсыпыра басты қызметкерлері Сталин жолдастың шығармаларының бір томымен де таныс емес. Олар Маркстің: «Ғылымда даңғыл жол жоқ, кім де кім жалықпастан ғылымның тасты соқпақтарына түсіп тырмысса, тек сондай адам ғана ғылымның сәулелі шыңына жете алады»,– деген данышпандық нұсқауын ұмытқан. Олардың мұны ұмытқан себебі – институтта бипартиялық, идеясыздық күшті болған, бірінің қатесін бірі көрсетпей, кемшілікті жасыра түсу жұмыстың стиліне айналып, кейбіреулердің еңбексіз ғалымдыққа жетуіне жол ашылған».

Тағы да бақастық үшін емес, енді сөз жарыстыру үшін бір сауал қоюға тура келіп тұр. Мұндағы сыпыра сиырып, бисаясаткерлерді әшкерелеуді – партиялық тапсырма мен коммунистік қырағылыққа жатқызуға болады. Дегенмен де, осы үш автордың ішінде Т.Нұртазинмен білім жарыстыратындай оқымыстының жоғы анық. Сонда, «еңбексіз ғалымдыққа жеткен кейбіреулердің» жетесіне жетесі жетпеген С.Бәйішев қандай еңбегімен академиктікке қол жеткізді? Осындай «тісі қайралған» еңбектерімен бе, әлде саяси экономика саласындағы қисындырылған қисынсыз теориялық насихаттары ма? Егерде қағида ретінде зорлап жүзеге асырылған сол қисындар орынды болса, онда кеңес идеологиясы мен экономикасы неге тоқырауға ұшырады? «Еңбексіз ғалымдар» өздерінің «саяси ғылымын» дәлелдеу мақсатында кәдімгі әдеп сақтаудың өзін «ар санаған». Оған қазақ әйелдерінің арасындағы алғашқы сыни көркем ойдың иесі атанған, өзі де сөзі алаш идеясының аруына лайық, ер-азаматтың намысын алып берген қызды дүниеге келтіргені үшін де «ел қамын ойлаған азаматтың» құрметтеуі тиіс кейуанаға қатысты мына пікір дәлел.

С.Бәйішев, Қ.Шәріпов, А.Қайыргелдин (жалғасы): «Осындай ғалымдардың бірі Ә.Маметова өзінің «Қазақтың шешен билерінің сөздері» деген диссертациялық еңбегінде халық мұңын қорғаған бір бидің сөзі еді деп мынаны айтады: «Ауыл құты – бәйбіше, ру құты – ақсақал, аймақ құты – би, ұлт құты – хан». Институттың басшылары мен оппоненттер Маметова жолдастың еңбегін мақтағанда, осы былығын көре тұрып мақтады ма екен! Өзінің тарихи дамуында талай заманды артта қалдырып, Советтік Отанымыздың саясында өсіп өркендеген қазақ халқына керегі – бұрынғының әдет-ғұрпы мен салт-санасы емес, бүгінгі күннің тіршілік мұқтажы екендігі Тіл және әдебиет институтындағы жолдастарға түсінікті емес пе екен!».

Қазақ ұлтының рухани мұраларының ғылыми тұрғыдан байыпты зерттелуінің қажеттілігі Тіл және әдебиет институтының ғалымдарына түсінікті болатын. Түсініксіздігі, Кеңес Одағының Батыры атанған Мәншүк Мәметова сияқты:

«Советтік Отанның саясында өсіп өркендеген, бұрынғының әдет-ғұрпы мен салт-санасын емес, қазақ халқына керекті – бүгінгі күннің тіршілік мұқтажын»,– қорғап қаза тапқан арудың анасын идеологиялық арандатуы.

Әкесінің «халық жауы» емес, «халықтың досы» екенін дәлелдеу үшін майданға аттанған намысты қызды тәрбиелеген, жиырмасыншы жылдары қазақ әдебиетінің тарихы туралы Ж.Аймауытов, М.Жұмабаев, Ы.Мұстамбаев, Қ.Кемеңгеров, М.Әуезов, С.Мұқановпен пікір салыстырған Әмина Мәметкелінінің сол дұрыс ниетін:

«Мұның бәрін білімнің аздығынан, тәжірибесіздіктен кеткен кездейсоқ қате деуге бола ма?»

Болады екен. Өйткені:

«Бұл – қате ғана емес, бұл – теріс бағыт. Мұның негізі – қазақтың бұрынғы феодалдық құрылысын дәріптеу, өткен дәуірдің түрлі өкілдерін мақтап, кейбір реакцияшыл элементтерді ақтап алу, қазақ ауылында тап күресі болғанын жоққа шығару» екен, міне, сондықтан да ғылым, әдебиет және көркем өнер қайраткерлері жайында жасаған баяндамасында ҚК(б)П Орталық комитетінің секретары Шаяхметов жолдас: «Тіл және әдебиет институтының кейбір қызметкерлері, тілесе де, тілемесе де, әлдеқашан қиратылып, ұмытылған жергілікті ұлтшылдыққа  өздерінің қателері арқылы есік ашты»,– деп өте дұрыс айтты. Қазіргі заманның тақырыбынан қашқақтау, әдебиет пен тіл мәселелерін большевиктік партияның саясатынан – советтік құрылыстың тіршілік негізі болып табылған саясаттан бөлек алып қарау, шынында да, буржуазияшыл-ұлтшылдық идеологияны жандандыруға, идеясыздық пен бисаясаттыққа жол ашады. Өйткені ұлы Ленин айтқандай, бипартиялық дегеніміз – буржуазиялық идея, ал партиялық дегеніміз – социалистік идея. Сондықтан да Қазақстан коммунистер (большевиктер) партиясының  Орталық комитеті ғылым мен әдебиеттегі бисаясаттық фактілерін елеусіз қалдыра алмады, халықтың рухани тілектерін орындауда өздерінің борыштары мен міндеттерін ұмытқан адамдарға қарсы күресін бәсеңдете алмады. ҚК(б)П  Орталық комитеті «Қазақ ССР Ғылым Академиясының Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер туралы» қаулысында БК(б)П Орталық Комитетінің идеология мәселелері жөніндегі нұсқауларына толық сүйене отырып, әдебиетшілер мен тіл мамандарының таяудағы міндеттерін көрсетіп берді. Біздің әдебиетшілеріміз бен тілшілеріміз партияның нұсқауларын толық қолданып, идеологиялық  жұмыстағы саяси қателер мен бұрмалаушылықтарды тереңнен ұға білулері керек, ол қателердің зардабын жоя білулері керек, сөйтіп, ғылым мен әдебиетте идеясыздық пен бисаясаттыққа жол бермеулері керек. Ғылым мен әдебиетте партиялық күшейсін! Партиямыз бен халқымыздың қазіргі талабы осы. Бұл талап коммунистік қоғам орнату жолындағы күрестің алдыңғы қатарындағы идеология майданының барлық қайраткерлерінің жұмысына негіз болуға тиісті»,– болды.

Мұндағы айтылған әр «нұсқау» алдағы үш жыл бойы тікелей саяси нақуандық қызметке айналып, әр сөз, әр орам, әр адам жеке-жеке әшкереленіп, жеке-жеке талқығы түсті. Ал жазушылар өздеріне тиесілі қызыл сөзді барынша саяси тұрғыдан қырнап, «батылдандырып» (С.Мұқанов), неғұрлым әсерлі орамдармен түрлендіріп, «өздерінің жұмысына негіз етіп алды».

Ұстазымыз А.Қайыргелдин марқұм, осы жайларды қызулана сөйлеп келіп: «Біз не істемедік...»,– деп, қолын бір-ақ сермеумен сөзін аяқтайтын. Зады өзінің де осы мақалаға қол қойғаны және оның «мәдениет майданында» салған ылаңы есіне түсіп кететін болса керек.

Ал Мұхтар Әуезов «өзіне не істемеген, ойына келгеннің бәрін істеген» Марксизм-ленинизм институтының директоры Сақтаған Бәйішевті:

«Мен өзімнің тарапымнан, бағана бір айтып өткенімдей, С.Б.Бәйішевтің Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы біздің академиктердің қатарынан орын алуы барынша мақсатты және қажеттілік екендігін терең құрметпен сезіне отырып, толық сеніммен оның кандидатурасын қолдаймын. Оның барлық ғылыми-зерттеулері мен қоғамдық қызметтерін қорытындылай отырып, Сақтаған Бәйішұлының жеке тұлғасының көптеген белгілері осы кандидатураға толық лайық келеді. Онда ғалымға аса қажетті ішкі адалдыққа қоса – талапшылдық, табанды қайсар адамның мінезі бар. Мұның барлығы ғылым Академиясына дәл бүгін аса қажетті, септігін тигізетін мінез. Ғылым Академиясы өзінің қатарын лайықты академикпен толықтыруы қажет. Менің ойымша, Сақтаған Бәйішұлы арқылы Ғылым Академиясы сондай кандидатпен толығатынына сенемін»,–деп академиктік атаққа қуана-қуана ұсынды.

Осы ретте замандастарының: «Әуезов көргісі келмесе – тауды да көрмейтін, алғағысы келсе – өзіне өмір бойы қастандық жасап келген адамды да жойдаусыз мақтай жөнелетін»,– деген пікірі ойға оралады. Бұл пікірді айтуға қандай ішкі мүдде мәжбүрлік етті, кім білсін, бірақ ақ тілегі еді деп тағы да айта алмаймыз. Әлде әдеттегідей Орталық комитет мәжбүр еткендіктен алдағы үмітті күндердегі алар сыбағасына алаңдамас үшін осындай қадам жасады ма. Бұл, әрине, кез-келген ұлы адамның бойындағы қайшылық. Бір анығы, әйтеуір, «партиялық әділ принциптен» тумағаны шындық. Ал тура сол кезде М.Әуезов «терең құрметпен сезіне отырып, толық сеніммен» қарайтын, бойынан «ғалымға аса қажетті ішкі адалдыққа қоса – талапшылдық пен табанды қайсарлықты» көрген» С.Бәйішев өзге бір пиғылдағы идеологиялық майданның саяси комиссары ретінде «табандылық  пен қайсарлық» танытып жатқан болатын.

«Жазалау саясатының» екпіні мен пәрмені бәсеңсіп қалмас үшін «Правда» газеті өзінің тілшісі А.Черниченко арқылы түрлі қостау пікірлерін (отклик) ұйымдастырып, Қазақстандағы әр бір әшкерелеуді «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевқа, ал ол өз кезегінде М.А.Сусловқа жеткізіп отырды. Сөйтіп, бүкіл Қазақстанның идеологиясы тікелей Кремльдің қадағалауын көшті.

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2066
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2495
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2103
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1608