Сенбі, 27 Сәуір 2024
Білгенге маржан 4586 6 пікір 23 Желтоқсан, 2023 сағат 12:56

39 жылға созылған Тәуелсіздік...

Қасымыздағы азаттығынан айырылған елдер: Тибет

Қазіргі күндері шетелдік туристтер үшін жабық саналатын, Қытай Халық  Республикасының құрамындағы Тибет автономиялық облысы сонау 1951 жылдың қыркүйек айында өзінің отыз тоғыз жылға созылған Тәуелсіздігінен кейін Қытай елінің аумағына күштеп қосылған болатын.

Өткен ғасырдың басында, нақтырақ айтқанда, 1913 жылдың қантарында, осы елдің рухани жетекшісі XIII-ші Далай ламаның басшылығымен Тибет елі Тәуелсіз мемлекет болып жарияланады.

Тәуелсіз мемлекет болып атала салысымен Далай лама ел ішін жаңа  жағдайға бейімдеп, қайта құрып, жаңғырта бастайды. Сонымен қатар, ел Тәуелсіздігін қорғап тұратын, заманға сай армия жасақтайды. Осы елдің  армиясын да табысты жүргізілген реформалардың арқасында, алыстағы  Ялунцзян өзенінің жағалауына дейінгі аралық, ел астанасы Лхасаның   бақылауына алынады. Бұл аралықта Тибет мемлекеті, Ұлыбритания,  Моңғолия, Қытай, Непал, Бутан елдерімен дипломатиялық қарым-қатынас орнатады. Өзге елдермен де аралық қатынасын жақсартуға талпынуды  күшейтеді. Сөйтіп, Тибетті сол бір уақытта айналасындағы мемлекеттер Тәуелсіз ел ретінде мойындай бастайды.

Екінші Дүниежүзілік соғыс кезінде Тибет жұрты соғысушы елдердің ешқайсына да қосылмай, өзінің бейтараптығын сақтайды.

Алайда, 1946 жылы Қытай аумағында, Гоминьдан және Қытай Коммунистік  партиясының арасында азаматтық соғыс басталып, ақырында төңкерісшіл (революционер) Мао Цзэдун мен оның жақтастары жеңіске жетеді. Осының  нәтижесінде, Қытай Халық Республикасы орнығып, дербестігін күшейткен  соң, шекаралас Тибет елімен қақтығыс басталады.

Ақыры, 1951 жылдың қыркүйек айында Қытайдың Азаттық армиясы Тибет жеріне кіріп, оның астанасы Лхасамен қосып, оны жаулап алады. Сөйтіп,  отыз тоғыз жылға созылған Тибет елінің Тәуелсіздігі бір демде құрдымға  кетті.

Осы елдің тарихын зерттеп,  ерделей қарасаң, Тибеттің Тәуелсіздігінің  жоғалуы, ең алдымен ішкі тайталастан әлсіреуі, сондай-ақ, осы ел билігінің  ұстанған өте қорқақ, жалтақ саясатына байланысты екен.

Қазіргі уақытта бұл Тибет жұрты өзінің ұлттық тілін, халықтық дәстүрін, мәдениетін, ата-баба тарихын мүлде жоғалта бастаған. Тек, ертеден  қалыптасқан, дәстүрлі медицинасы ғана қалған. Өзге елдердің, әсіресе  еуропалық зерттеуші-ғалымдардың осы елге байланысты еңбектерін  қарасаң, Тибет ұлты алдағы он бес-жиырма жылдан кейін ұлт ретінде  жойылуы әбден мүмкін деп көрсеткен екен. Шынымен де сұмдық қой!

Бейсенғазы Ұлықбек

Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі

Abai.kz

6 пікір