Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Ой түрткі 1595 3 пікір 21 Желтоқсан, 2023 сағат 14:00

Телефонның сезімді жоғалтқанын білесіз бе?

Абайдың «сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты» дегені келді ме?!

Заман ағымына қарай көш керуенмен ілесе дамығанымыз жақсы ғой, бірақ, қолымыздағы телефонның адами қасиеттің негізгі кілті сағыныш пен сезімді жоғалтқанын білесіз бе? «Жылдам хабар» алғызатын сымсыз телефон біздің өміріміздегі ең қымбат құндылықтардан ажыратып жатқанын білесіз ме? Баянсыз достық, тұрақсыз махаббат, қымбат уақыт, тәтті ұйқымызды тонады. Қалай болса солай телефонға түсіре беретін фото-видиолар фотосуреттің құнын түсірді. Үйге келген қонақтарға аса құрметпен фотоальбом ұсынатын уақыт, әскерге кеткен жігіттердің еліне оралғанда алдымен фото-альбом жасап әкелетін заманы келмеске кетті.

Бірлік, береке, мейірім – сағыныштан тұрады. Махаббат, тұрақтылық, ұят, иман, серт, шынайылық – сезімнен тұрады. Абайдың: «Мен өзім тірі болсам да, анық тірі емеспін,.. Сыртым сау болса да, ішім өліп қалыпты. Ашулансам ызалана алмаймын. Күлсем қуана алмаймын, сөйлегенім де өз сөзім емес, күлгенім де өз күлкім емес, бәрі әлдекімдікі» деген тоғызыншы қара сөзіндегі қорқынышы  дәл келді! Тұрмысымызға телефон пайда болғалы алыстағы туыс-туғанды сағынуды, дос-жаранды жан жүрегімізбен сағынып, іздеуді қойдық. Керек адамды телефон арқылы табу да, сөйлесу де, тіпті түрін көру де оңайдың-оңайы. Бала кезімізде алыстан ағайындар арнайы іздеп келіп, бірімен-бірі құшақ жая құшақтасып көрісіп, сағынысып, жыласып қауышатын уақыт келмеске кетті. Бәрінен де қайғылы жағдайды, жақыныңның қазасын телефонмен айта салу әдетке айналды. Қазақта қайғылы хабарды әйел адамдар естіртуге болмайды, көбейе береді деген жаман ырым бар. Абайдың «сыртым сау болса да ішім өліп қалыпты» дегеніндей біреудің қасіретін жәй бір жаңалыққа айналдырып, қыңқ демей жөнеле беретін болдық. Сезімнің өлгені деген сол емес пе? Бейуақытта телефон шырылдаса жүрегің суып, көңіліңе әртүрлі алаң кіре бастайды. Адамның адами қасиеті жоғалмай тұрған заманда қаралы хабарды ер адамдар жөн білетін үлкендерін алдыға салып, тұспалдап, астарлап, көңілін ауыртып алмайтындай жөнімен жеткізетін. Кәзір алла сақтасын! Жақсылықты жеткізетін «сүйіншінің» де қадірі кетті. Қысқасы адами сезіміміз  жансызданды. Күлудің орны мен ашуланудың шегін білмейміз. Біреуді аясақ та, қуансақ та  ағыл-тегіл жылаймыз. Күлкілі емес іске ыржалақтап күліп, орынсыз жерде орынсыз іске өлердей ашуланамыз. Сабырсызбыз. Ішімізде толып, қамалып қалған сезім атаулыны қалай шығарудың жолын ұмыттық. Жақындармен сирек бас қоссақ та, емен-жарқын әңгімелесе алмаймыз. Тіпті үйдегі балалар, немерелер мен үлкендермен де сөйлеспейміз. Бәріміздің қолымыздағы түбі жоқ тұңғиық дәуге шұқшиамыз да отырамыз. Көшеде келе жатып осы шұқшиманың кеселін тартқандар сансыз болса да ес жия алмаймыз.

«Ақырзаман болғанда адамзатты жалғыз көзді дәу билейді» деп сол заманды күтіп жүргенімізде жалғыз көзді дәу адамдығымызды билеп алды. Адами алып қасиет жансыз телефонды билей алмады. Дүниеге жаңа келген нәресте әке-шешесінен бұрын телефонды таниды. Өйткені ол телефонды анасының ішінде жатқанда біліп алған. Ең қорқыныштысы кәзіргі балаларда қытық жоқ. Қытық – сезім атаулының бастауы, жан түйсігінің оянуы. Жан түйсігі оянбаған балалар мейірім, рақым, сезінуді білмейді. Қабаққа қарау, жаныңа жақын адамның ренжіп отырғанына бей-жәй қарау жан түйсігінің оянбауынан бастау алады. Адамның ішкі түйсігінің оянуы, сөйлеу тілінің қалыптасуы ойлау қабілетінің дамуы қимыл-қозғалыс, іс-әрекет, бойдағы сезім нүктелерінің сезімталдығымен тікелей қатысты. Ішкі жан дүниесінің мазасыздығын тілмен жеткізе алмау, көңіл қуанышын бөлісе алмау менің ойымша адами кемшілік. Осының барлығын дала данышпандары атанған бабаларымыз «Қуырмаш», «Мыршым-мыршым», көлеңкелі саусақ ойындары, бес тас, асық, тоғызқұмалақ сияқты ойындар  ойнату арқылы бала бойына сіңіре білуі ғажап. Кәзіргі психологтардың саусақ басын уқалау, алақанға, қол сыртына, табанға массаж жасау бала дамуына әсер ететінін айтады. Баланың қалыптастуын, түсік дамыту, тұлға қалыптастыруды бесіктен бастап ойлаған қайран  бабалар ақылды ұл,  арлы қыз тәрбиесін алыстан ойлаған. Абайдың он бесінші қара сөзінде: «Ақылды кісі мен ақылсыз кісінің бір белгілі парқын көрдім. Әуелі - пенеде адам болып жаратылған соң, дүниеде ешбір нәрсені қызық көрмей жүре алмайды. Сол қызықты нәрсесін іздеген кезі өмірінің ең қызықты уақыты болып ойында қалады» дейді.

Әрине, айтпағым - заманға қарай ағымнан қалу емес, бастысы адами құндылығымызды бірінші орынға қойып, ертеңгі ұрпаққа өнегелі ісімізді жеткізер бабалар жолын еш ұмытпағанымыз жөн. Есті адамның орынды іске қызығып, құмарланып, айтса құлақ, ойланса көңіл сүйсінетіндей адамды кездестіру қиынның-қиыны болып бара жатқан тұста «Әй!» дейтін ақсақалдар керек. Абайша айтқанда, адамның өз орнын таппай не болса сол баянсыз,  бағасыз, пайдасыз нәрсеге қызығып, күндік қызыққа ғана құмар болып, өмірінің ең қызықты шағын өткізіп алатыны өкінішті.

Алмахан Мұхаметқалиқызы

Abai.kz

3 пікір