Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3428 0 пікір 2 Қазан, 2013 сағат 12:35

«Жас азамат» газетінің сегізінші саны

«Жас азамат» газетінің сегізінші саны

 

 

 ЖАС АЗАМАТ

 

 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 8 - сан

1918 жылғы 25 октябрь

Петропавл қ.

Саясат күйі

Қазір саясат дүниесінде әлеумет пікірін әбігерге түсіріп тұрған екі ауырлықтың бірі - большевиктердің күшейе бастауы, екіншісі: ынтымақтас патшалықтардың өзара мүшеге таласып, Россияға шын көмек көрсете алмай жатуы. Большевиктің күшейуіне әр тап өзінше себеп көрсетеді: бай, кадет, социалсымақтар табы.

«Жас азамат» газетінің сегізінші саны

 

 

 ЖАС АЗАМАТ

 

 

Шығарушы:

Қошмұхамет Кемеңгерұлы

 

Бастырушы:

Алаш серіктігі

 8 - сан

1918 жылғы 25 октябрь

Петропавл қ.

Саясат күйі

Қазір саясат дүниесінде әлеумет пікірін әбігерге түсіріп тұрған екі ауырлықтың бірі - большевиктердің күшейе бастауы, екіншісі: ынтымақтас патшалықтардың өзара мүшеге таласып, Россияға шын көмек көрсете алмай жатуы. Большевиктің күшейуіне әр тап өзінше себеп көрсетеді: бай, кадет, социалсымақтар табы.

 Самара комитетіне қараған әскерде темір тәртіп болмағандықтан, іс басында әскер кісілер жоқтықтан, бір жан, бір дене болып қарсы тұрмағандықтан, дейді. Социалистер тобы, патшашылдар бас көтеріп, билік тізгініне жармасқандықтан, крестьян жұмыскер пайдасы күн сайын шөгеріле бастағандықтан, бұрынғыдай көп аздың жетегінде хайуанша көне беру жоқ. Саясат биік тас үйлерде бұйрық жазушыларда емес, көшеде жүрген жұмыскерде, мұжықта. Бұлар да әзірше көңілі ұнатқан жолмен жүрмекші. Соңғы кездерде бұлардың негізгі құқықтарына қол сұғылып, ескіліктің иісі шыға бастаған соң, большевик пікірін қуаттаушылар көбейді. Самараның, Қазанның алынуы – көбінесе, іштен шыққан көмектен дейді.

Кей тап: большевиктер өз бетімен түк бітірмес еді, бұған көмек беріп, реттеп, алға бастырып жатқан неміс. Және ынтымақтас патшалықтардың жарқыратып, мол күш көрсетпегендігінен дейді. Біздің пікірімізше: орыс мұжығының қитығына тиетіні - соғыстың қайта жаңартылуы. Ұлтты, өзіңді сақтау үшін неміс пен соғысамыз дегенді дұрыс көрмеу, мұжық жұмыскер табиғатында аздығы, байлардың жұмыскерлерді қыса бастауы [сияқты себептер] ыңғайға билеген, қу сөздің қордасы болған большевиктің күшеюіне себеп болып жатыр.

Енді ынтымақтас патшалықтардың көмегіне келейік, біздің үкіметтердің һәм Уфада болып өткен мемлекет кеңесінің Брест татулығын бұзамыз, неміске қарсы соғыс ашамыз, дегенде, көбінесе, бел қылып ұстағандары - ынтымақтас патшалықтар мен Америка, Жапония еді. Бұлар әлі жарытып көрсетпек түгілі, өзара келісе алмай жатқан түрі бар. Көмегі қойболды болама деп, бастығы Милюков бар тап Германиядан көмек сұрап отыр.

Мемлекет достығы қашан да болса, «айнымалы төбеттер» дегендей болады. Майлы жіліктің қай жақтан түсуі біледі. Екі мемлекеттің бір-бірімен достығы да, дұшпандығы да, баянсыз екендігі - тарихи сыналған іс. Және бір мемелкеттің әлсіреуі, екінші мемлекеттің гүлденуіне себеп.

Мысалы, Россия әлсіресе, Германия, Түрік, Жапония гүлденеді. Өйтетіні: Жапония Қытай мен Қиыр күн шығыс Сібірді қылғиды. Жапонияның Читада жер сауда банкілер ашып үйлер, іс орындары (предприяратие) сатып алып жатқандығы, Қытайға билік жүргізе бастағаны бұған дәлел. Сібір үкіметінің тілі тигені газетте жазылды.

Жапония өнер - білім, тәрбиені немістен алып еді. Неміс оны бізге көмек көрсетер ме екен. Төрт жылғы соғыста да, Жапонияның тұтқан саясаты да белгілі. Сондықтан, неміске уақытымен күшті деп Түрік, Россия жеңсе, Қара теңіз бен Кавказды билеп кетеді. Германия Үндістанға (Англия қол астында)... Кавказдан Ауғанстан арқылы шығып, Үндістанның байлығын сорып, Англияны қуады.

 Россия әлсіремесе, Америкаға пайда: онда Россия Германияның Үндістанға өтуіне бөгет болады. Екінші жақтан, Жапонияға қарсы тұрады. Мұнысы - Қытайға көз тіккен Америкаға жақсы.

Міне, осындай байласқан мақсаттар біріне-бірі қайшы болып, Россия жеріне ынтымақтас патшалықтардың әскерлерінің келуін бөгеп жатыр. Бәлки, басқа астарлы шаралар жасалса, әскердің топ-тобымен келіп қалуы мүмкін. Саясат жұмбақ Солтүстік Американың президенті Вильсон большевикті үкіметіне айтақтап еді.

Енді кім білсін! Алыста жатып, от жағуға шебер ақ-қара бұқара, әділдік негізінде құрылған жобасында Түрікті Еуропадан қуу керек деп шоқ тастаған Вилсьон еді.

Россия қажыды, қансырады. Дос патшалықтар қашан көмек көрсетеді? деген әлеумет пікірі әбігершілікке кіріп отыр. Талай жерде саяси мақсатпен көмек көрсеткен Россия, енді мынау, тіленшідей қолын созып тұр. Қарны ашқанда бөлтірігін жейтін қасқыр сипатты ұлы патшалықтардың әділдігі талай сыналып еді. Бұл жолы қайтер екен?

 

ЗЕМСТВО

 Земствоның және бір жұмысы – жұрттың шаруасын түзеу. Ақмола облысының крестьян- казағының күн көріп тұратын кәсіптері - егін салу һәм мал өсіру. Егін салу жағын алайық. Облыстың бар адамның жүзден 86-сы егін салады. Сырттан қарағанда, халықтың көбі егін салатын болып көрінсе де, егіннің шығымы нашар. Егін салатын, орып-соғатын машинаның жоқтығы, жерді уақытында тазартып, тынықтырып, оңалтып тұрмағандық.

 Осыларды көрсетіп, қай жерге қандай астық жақсы шығатынын, қай жерді қанша уақытта тынықтырудың керек екенін, егінге залалын тигізетін арам шөп пен шегірткенің қалай көзін жоюдың мәнісін түсіндіретін һәм тәрбие үйрететін агрономдардың жоқтығы.

 Осылардың барлығы жиылып, жұрттың еңбектеніп жыртып-шашқан егінінен тиісті пайдасын көргізбейді. Бұған дәлел үшін жерінің топырағы, дымқылдығы осы біздікімен бірдей, бірақ жұмысы жақсы жолға қойылған төмендегі патшалықтардың һәм біздің егіннің шығымын салыстырып көрейік: 1906 жылдан 1910 жылға дейін бір жылдың ішіндегі егіннің орташа десятинасынан алынғаны:

                     Бидай      Қара бидай       Сұлы

 

Бельгияда

161 пұт

113 пұт

168 пұт

Германия

134

113

131

Франция

90

71

74

Америка

66

69

74

Россия

48

52

54

 

Бұдан көрінеді, жерді тырмалап жұмыстауында үлкен айырма бар екендігі. Егер де, 49 миллион десятина егін шашуға лайықты жері бар Ақмола облысы жоғардағыдай тырмалап жүргізсе, жүз миллиондай пұт астық шығарлық халі бар.

 Соңғы бір жылдардың есебінде (13 жылдық) Ақмола облысының жәй крестьяндарының орташа десятинасынан 41 пұтқа шыққанда, казак-орыс учаскені сатып алып, салған байлардікінен 69 пұтқа шыққан. Бұл көрсетеді соңғыларының жерді тырмалап, соғу, ору, жыртуында машиналарын жұмыстап, мұжықтардан артық қарағандығы. Егер де ана 41 пұт шыққан жерлерді тегіс соңғыларша жұмыстаса, облыста 43 миллиондай артық астық шығар еді.

 Земство осыларды еске алып, уездерге жер тырмасының ғылымын оқыған агрономдар шығармақшы. Олар жұртқа түсіндіріп тұқым шашып, тырмалап шығарып, егінге керекті машналарды қалай жұмсайтынын, жерді қалай тазартатынын, тынықтыратынын көрсетіп, бағып тұрмақшы.

Земство кісісі,

(жалғасы бар).

 

Аштық апаты

Алматыдан Самараға келген бір жолаушы «Волжский день» деген газетте жазады:

 Жетісуда есепсіз аштық. Қазақтардың жартысы қырылды деуге болады. Алматыдан Ташкент жолындағы Арыс станциясына шейін жаяу шұбырған қазақтар мен қыңсылап жүрген иттерден басқа тірі мақұлық көрмейсің. Жол бойы аруақ өңді, инеліктей қатқан қазақтар: «Бала сатып аласыңдар ма? Нанға айырбастаймыз», деп алды-артыңды орап жібермейді. Аштықтан ыңыранып өлім халінде жатқан қазақтар, аштан өлгендердің денесін шұқылаған құзғын-қарғалар, жұлқылаған иттер көзге жиі ұшырайды.

 Бар малдары большевиктердің талауына түсіп кеткендіктен, мінеки келешекті ойлап қам қылмағандықтың кеселі. Қарулы милиция осындай бәледен бас пен малды қорғау үшін еді. Енді бас-малы түгел елдер өткеннен үлгі алып, қамдану керек. Екі жылда екі облыс елден айырылдық, келешекте қандай күй Алаш басына туары белгісіз. Мұндай зор бүліншіліктер де, қамсыздықтан, ру-ру елдердің азып-тозып, жер жүзінен жоғалып кеткендіктері тарихтан белгілі. Қара бұлттың қайта түнергенін Алаш баласы ескеру керек.

 

Ескеру керек

(Жалғасы. Басы өткен нөмірде)

Осыларды шын басшылар қосарға алса, ел қайтіп елдікті ойлайтын, өркенді жұрт бола алады? Жуан ауыл - қырдағы бұзық мінездің ұясы. Қазақтың жәй өмірінің шырқын бұзатын партия болса, оған солар басшы екен, ұрлық болса, ұрыға құрық беретін тағы солар. Ел арасында жүрген жаман, өзінің түрін жоғалтуымен, ұрлықтың тамыры құрымайды. Сол ұрылардың атасы болып отырған жуандар жақсыларын бауырына басып бермей қалады, не ұры еместі ұры қылып алады. Бұған қарағанда, алдымен жаман ұрыға тыйым салу - қиянат секілді көрінеді. Және бір жуанға тисең, бар жуан шұрқырап жиылып, ара түседі. Осымен елдің шын тентегі тиылмай барады. Ол уақытта ел ішіндегі жылаулар, нашар, жуанның езгісі-ермегінде құлдық арқанында мойны шіріп, тағы сорға қамалып жүре береді.

Ертеңгі милиция қызметін де көреміз. Қызметке келген бір кедейдің өзі бір кедейдің жалғызы болғанда, жуанның баласының он-оннан саусылдап мырзалық құрып, нашарларды зарлатып жүргенін. Абайдың: «Мен закон қуаты қолымда тұрған кісі болсам, адам баласының мінезін түзеп болмайды деген кісінің тілін кесер едім», деген сөзінің қазақ турасында іске алынатын кезі келді.

Осы күнгі дүние майданының ең биік тұрғысына шығып тұрған жұрттардың қайсысын алсақ та, олардың осынша дәрежеге жетуіне, әділ билік, тәртіпті, ашық саясат болған. Олардың басшысы ел қамын жақсы ұғып, әуелгі мақсатына көптің қамын қойған. Осыдан, басшысын көбі сүйіп, артынан ергіш болған. Біздің басымызға келіп тұрған осы күнгі заман жұқалаған - жуастық, қайырымдылықты көтермейді. Әуелі халықтың жұрттығынан айырылуына себеп болған нәрсені қайта алып келіп, енді халықтық дүкенін құруына құрал қыламын деуге болмайды. Ол иліге алмайды. Игенді көтермейді. Ендігі халық болуымызға ұйтқы болатын нәрсе - құрыш құрсаулы әділ, қатал билік. Ендігі хакімнің алдына нашар да, жуан да теңшілікте болып, билігі негізге құрылған закон болмаса, жуан атаның берекелі ел ішінде жүрмеуі керек. Әлі де жуан ата билеп-төстеп, қадірлі болатын болса, автономия деген бөлектік дегеннің бәрі де сырты бүтін, іші түтіннің ісі болады. Бырақ, мұндай күйді бұрынғы уақыт көтерсе, қазіргі уақыт көтермейді. Іші түтін болса, сыртында бүтіндік жоқ, ертең күл болып көкке ұшады. Егер бұл күнге дейін келген осы хал, бұдан кейін де созылатын болса, елдің елдікке махаббаты оянбайды. Енді нашарды ортаға тартып, теңдікке алып, әділет көзбен қарап, есесін өзіне тапсыру керек.

Осы жолды тұтынған әкімшілік келе-келе жұрттың мейірімді атасы болып, шын жұрт болуға жарарлығына көз жеткізіп, жүрегіне жігер қосуына болады. Әуелі жуан ата жіңішке ата жігінің қайта тууына себеп болған. Сол көпке бірдей қорған боларлық биліктің жоқтығынан болатын.

 Өзге жұртты алсақ - бай өз бетіне, кедей өз бетіне, әркім өз ісіне ерікті. Біздің жіңішке атаның балалары, жуаннан бөтен іс істемек түгіл, содан бөтен ой ойлауына да болмайды. Мұның түбі - ойланып қараған кісіге құлдық. Өзге жұртта әркім өз басы, үй ішінің қамынан басқа, баққа таласып, не бірінікін бірі ұрлап алып, біріне-бірі зорлық қылып, жұлқысып партия қылатындары еш уақытта болмайды. Бізде не сөз ұғар, не малды кісі болса, әуелі ауылына қожа болып, одан ағайынына, одан ауылнай-болыс ісіне қожа болғысы келеді. Осыдан жоғарыдағы айтылған көп шатақ еріксіз шығады. Біздің енді ескеретін нәрсеміз, сол жуан мен нашар арасындағы айырмашылықты жоғалтып, жұртты бөліксіз, тыныштық өмір қалпына түсіру.

Бұл үшін ел ішіне күшті, әділ үкімет орнап, нашар мен жуанды теңестіріп, жуан зорлықшылды не қылса да елден айырып, әлсіретуге тырысу керек. Осы айтылған жуан, нашар деген жік кетсе, қазақ жұрты мәдениетке шылбыр берерлік қалыпқа жақындауына болады. Бұлай болмай, ел мен шын басшы біріне-бірі жақындаса алмай, жуанды басшы қылатын болса, ел шын сарысу кеулеп, жұрттықтың буынын бекітіп, бойын өсіре алмайды.

Жұртшылыққа рух ұялайды деген тарих жолы, мысқалдап бойға сіңген ғылым дейміз, сол тарихтың жолы осындай өзгерістерді керек қылып отыр. Біз әлі шикі жұртпыз, талай өзгеріске мойын ұсынамыз, заман еріксіз мойын ұсындырады.

Биылғы жастар съезінің қаулысындағы «Николай заманында іс басына мінгендер, енді ел ішіндегі кісілікке сайланбасын» деген қаулы осы негізге келетін. Бұл халді әр кімге де ескеру керек!

Мұхтар Әуезов.

 

ІШКІ ХАБАРЛАР

Ел ішінде иығы асқан Ертіс бойындағы қазақтардың орыс жерлерін арендаға алып пайдаланғандығы көпке мәлім. Бұл жерлердің арендаторлары (уақытша пайдасын көруге алатындар) пысықшалар, партияқорлар, жуан аталар һәм байлар болады. Осылар өздерінің аттарына алып, жандарындағы қарашаларына бермей қоятын уақыттары да болады. Мұндай озбырлық партия көтерілген жылдарда жиі болады. Мысалы: 17-жылғы комитет сайлауында арендаторлар жерден қысылғандарды өздеріне аудартып, көпшілік дауыс алып отырды. Сондағы арендаторлардың сойылын соқпағандар, енді жазасын тартып жатыр. Өткен жылғы Жәдігер болысындағы даудың ақыры жерге соқты. Партияға ермей қалған қарашалардан арендатор пішендікті есепсіз қымбатқа сатып, өсімін алып жатыр. Қарашы екі шошақ шөп шапса, бірін өзі алып және үстеу ақша алады. Арендатордың олжам аз деуіне бөгет, кірерге есік жоқ. Арендатор мырзаның «кемпір назды» қоя тұрып елдікті ойлауы жөн еді. Бірақ олай болмады. Анығы, асқандықты істеді.

Дала баласы

 

Құлақтандыру

Ақмола облысының қазақтарына! Биыл 80 балаға арналған интернат ашылады. Мұның отызы Полтавкенің (Омбы уезі) екі класты школінде, әрқайсысы 25 баладан Атбасар мен Пресногорьковканың (Қызылжар уезі) екі класты школінде ашылады. Баласын қазынадан оқытамын деген нашарлар осы айтылған школдардың бірінің басқарушысының атына арыз беру керек. Арыз қабылданбаған күнде областной земский управаның атына беру лайық. Ерте қамтымай, кеш қалып өкініп жүрмеңдер!

Оқу ісін басқаратын областной управа

жанындағы «Қазақ бөлімі».

 

ТҮРЛІ ХАБАР

Қазір Башқұрт полктарында учебный команда (упрету) ашылған. Тезден башқұрттар үшін прапорщик офицерлер мектебі ашылмақшы. Бұған екі класты школ программасымен емтихан берген мұсылман жігіттері алынбақшы.

***

 Германияның бас министрі Рейхстагта (мемлекет думасы) сөйлеген: қазір біздің халіміз 1916-ншы жылдағыдан нашар емес. Онда бізді екі бүйірден қысқан Россия мен Румыния саптан шығып қалды... бізде озбырлық қылайық деген ой жоқ: Бельгияның өзі жай тұрмады. Бұл дүние соғысын әзірлеген ҮІІ Эдуард болатын. Францияның бізден жер алуға ұмтылып келгендігіне тарих куә. Россияның славяншылдығы (славян тұқымын біріктіру пікірі) Австрияны Балқан түбегінен қуғысы келді...Англия, Франция өздерінің Грецияға істеген зорлықтарын жауып, Германия Бельгияға зорлық істеп жатыр деп жар салады. Әлсіз, саны аз халықтар соғысамыз деседі, жүз жылдан бергі Ирландияның (Англияның бір бөлігі) тартқан михнаты Америкада ескерусіз.... ең татулық сұрайтын күні. Бұлар, біздің мақсатымыз өзімізді қорғау. Біздің үкімет халқының айтқанынан шықпайды, біздің татулық сұраған өтінішімізге татулықты сүйгіш Америка республикашылдарының басы Вильсон теріс қарады.

***

Сібір үкіметі қала думасының сайлау закондарын өзгерту жөнінде комиссия құрған.

***

19 октябрьде Омбыдағы фабрика-завод жұмыскерлерінің қойған шарттарын қуаттау үшін забастовкаға кіріскен.

***

17 октябрьде Омбыға Англияның ішкі Россияға қарай бара жатқан бір эшелон әскері келді.

***

17 октябрьде ішкі Россия Сібірдегі түрік-татарлардың Уфадағы бас миллатлар ісі Қызылжарға көшіп келді. Тұратын орын алып жатыр. Миллатлар комитеті мүшелерінен басқа, татардың әлеумет қызметкерлері келген. Арасында Ғазиз Ысқақи, Саханбек Мамлеев те бар.

***

Омбыда темір жол жұмыскерлерінің үкімет шығарған жалақыны жұмыстың бітуіне қарай төлейтін тәртібіне көнбей, жасаған забастовкасы күшпен тиылған.

***

Темір жол бойындағы қалалардағы школдардың көбі әскер тұруға деп алыныпты, театр, киноматограф, клуб орындары әлі алынған жоқ. Бұл да болса, орыс халқының оқудан ойынды артық бағалайтындығын көрсетеді. Бұрын да надандары аз емес еді. Енді тіпті сорақы болар.

***

 Газеттерге шаштаразы – цензура қойыла бастады. Ақпарат бостандығы [деген түсінік] жансыз сөзге айналды. Ашына сөйлеген газеттердің беті аққұйқаланып, [алынып қалған материалдардың орны бос қалып] шығатын болды.

***

 Басқармадан өтініш: бұл уақытқа дейін ұйымдарға, кейбір «Алаш Орда» советтеріне, қадірлі ел ағаларына, аз да болса ұлт қажетін өтер деген сеніммен «Жас азаматты» таратып сатуға, топтап жіберіп тұрмыз. Кейбір орындардан сатылғаннан түскен соманы алып та жатырмыз. Басқалар да солай жібереді деген үмітіміз бар. Енді жоғарыда айтылған ұйымдар «Алаш Орда» советтері һәм қадірлі ел ағаларының бұдан былай таратып сатуға халдерінің келетін-келмейтінін, келген күнде қанша данаға дейін жіберудің мөлшерін хат арқылы білдірулерін өтінеміз!

 

Газеттің сандарын  баспаға дайындаған, түсініктерін жазған

М. Қозыбаев атындағы СҚМУ профессоры

Зарқын Тайшыбай

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар