Сенбі, 27 Сәуір 2024
Билік 1586 8 пікір 11 Желтоқсан, 2023 сағат 12:28

Монополистердің ығына жығылу халықты жылусыз қалдырып отыр...

Сурет әлеуметтік желіден алынды

КСРО тараған кезде Батыстық сарапшылар: «Экономикалық жүйені ауыстыруға болады. Бірақ Кеңес Одағы кезінде жылу және су құбырларын һәм тасжолдар мен қоқыс полигондары капитализм рельсіне түсіру оңайға түспейді. Осының ішінде жылу және су құбырларының орны бөлек.

Өйткені, жылу және су құбырлары бүгінгі тәуелсіз мемлекеттер үшін «жарылмаған бомба», - деген саяси-әлеуметтік сәуегейлік айтқан еді. Сондай-ақ, Батыстық экономикалық кеңесшілер оны алмастырудың жолдарын және орыстық құбырды Батыстық жаңа технологиялармен алмастырып, логистика мен инфрақұрылым қалыптастырудың, зауыттар мен жұмыс орындарын ашудың айла-шарғысының жөн-жоралғысын көрсеткенімен, Назарбаев билігі бұның бәрін құлағына қыстырмады. Тіпті бәленбай рет сайланаған депутаттар корпусы бұл мәселеге қатысты не қауқарлы заң, не лауазымды тұлғалар басымен жауап беретін жазалау функциясын өмірге әкелуге құлық танытпады. Барлығы да табиғи монополистердің ығына жығылудан аспады.

Тап осы табиғи монополистердің ығына жығылудың ақыры моноқалаларымыздың жылусыз қалып, халықты қыста қалтырататын факторға айналып отыр.

Орталық Азиядағы қысы да 40, жазы да 40 градус суық пен ыстықтан тұратын аймақ – Қазақстан бір кездері Батыс ескерткен қауіптердің алдын алса, былтырғы һәм биылғы Екібастұздағы оқиға орын алмас еді.

Осы қаланың соты «Экибастузтеплоэнерго» ЖШС бұрынғы бас директоры Павл Мельничук, «ЭТЭЦ» ЖШС басшысы Виктор Вебер мен «Экибастузские тепловые сети» басшысы Евгений Горваттарға қатысты сот үкімін шығарды. Алғашқы екеуі бес жылға сотталса, Горват 2 жыл 6 ай түрменің дәмін тататын болады.

Енді олардың ізбасарларының жайбасарлығы мен енжарлығы Степногорскіде орын алып, Славский мен Целиноград көшелерінің қиылысындағы жылу құбыры жарылып, көп қабатты үйлердің тұрғындары қақаған қыста жылусыз қалды.

Өткен жексенбілік күндерді еліміздің бірқатар аймақтарында, атап айтқанда Ақтау, Балқаш пен Екібастұзда су және жылу құбырларында апат болды. Қақаған қыста қараша халық сусыз, жылусыз қалды, тағы.

Осыдан соң, ҚР Энергетика министрлігінің вице-министрі Жандос Нұрмағанбетов доғарысқа кетуі тиіс деген әңгімелер айтыла бастаған. Бүгін аталған министрлік Нұрмағанбетовтың қызметтен алынғанын растады. «Басқа қызметке ауысуына байланысты», деп түсіндірген бұл жайды.

Түйін: Моноқалалардың жылу жүйелері жаңа технологиямен толық алмастырылмай, бұндай апаттар еліміздің шығысы мен солтүстігінде орын ала беретін болады. Одан құтылудың жолы Назарбаев билігі кезінде осы салаға жауап берген барша жоғары шенділер мен әкімдердің тақымына қыл бұрау салып, нағыз айыптыларды тор көздің ар жағына атандыру. Оларды құрықтаудан түскен ақшаны жылу мен су жүйелерін қалыпына келтіруге жұмсау. Бірақ билік осы қадамға бара ала ма?! Ойқы-шойқы жолдармен ішек-қарыныңды аузыңа түсіруден, күлімсі сасыған қоқыспен дем алғызудан, қыста тон киіп үйде бүрісуден құтылар жолды халыққа көрсететін бірде-бір партияның белсеніп шықпауы көп нәрсені ұқтырады.

Abai.kz

8 пікір