Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 4616 0 пікір 1 Қазан, 2013 сағат 05:30

Тұрсын Жұртбай. Тобырлар талқысы (жалғасы)

ТӨРТІНШІ ТАРАУ: ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ

(немесе Кенесары кергісі)

 

1.

Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді[1].

1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. Тіпті майдандағы ұлт командирлерінің өзінен ұлтшылдықты іздеді және тапты. Аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бірінші болып тізімге ілікті. Өзіне қарсы жүргізіліп жатқан тіміскіге наразылық білдіріп 1945 жылы 10-ақпан күні ҚК(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке:

ТӨРТІНШІ ТАРАУ: ТОБЫРЛАР ТАЛҚЫСЫ

(немесе Кенесары кергісі)

 

1.

Ешқашанда идеологиялық еркіндікке жібермейтін, жарылқау мен жазалау саясатын қиыстыра жүргізетін, алғысы мен қарғысы айырғысыз кеңестік тәсіл – мемлекеттік басқару жүйесінің тұрақты құралына айналды. Ел басына күн туған шақта Сталин әр ұлт өкілдерінің намысын ояту үшін кәдімгідей әруақ шақырып, ұран тастады. Соның нәтижесінде барлық халықтық батырлар қайтадан тарих сахнасына шығып, сананы баурап, ұлттық рухты күшейтті. Қазақтар да Қобыланды мен Алпамысты, Абылай мен Кенесарыны еске алып, олардың әруақтарынан қолдау іздеді[1].

1943 жылы кеңес шекарасы жаудан азат етілген соң есін жиған идеологтар патриоттық-ұлтшылдықтың майдандағы жауынгерлермен бірге елге ілесе келіп, ұлттық сананың күшеюінен сескеніп, астыртын идеологиялық жазалау саясатын ойластыра бастады. Тіпті майдандағы ұлт командирлерінің өзінен ұлтшылдықты іздеді және тапты. Аттары аңызға айналған Бауыржан Момышұлы мен Кеңес Одағының Батыры Мәлік Ғабдуллин бірінші болып тізімге ілікті. Өзіне қарсы жүргізіліп жатқан тіміскіге наразылық білдіріп 1945 жылы 10-ақпан күні ҚК(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметовке:

«Мен ешқашанда өзімнің ұлтымды жасырғамын жоқ және жасырмаймын да. Менің ұлтым – қазақ, халқым – кеңес елі. Мен кеңес халқына қызмет етемін, алайда өзімнің ұлтымның, қазақ халқының намысын лайықты деңгейде биікке көтеруге тырысамын. «Мен қазақпын» деген сөз менің ұғымымда: өз ұлтыңа деген махаббат, өзіңнің халқыңның ерлік дәстүріне деген құрмет, оның көп ғасырлық мәдениетіне, әдебиетіне, өнеріне деген сүйіспеншілік, оған ар, намысыңмен қызмет ету, оның өзге ұлттардан кейін қалып қалмауын қадағалау, халықтардың достығын нығайту, бауырлас халықтарға барынша көмек көрсетіп, демеу, қажет болған жағдайда онымен бірге ортақ жауымызға қарсы күресу.

Мен: «Мен қазақпын»,– деп айтқан кезде, өзімнің халқымды әсірелей әспеттеп, аспандата асқақтатпаймын. «Қазақпын» – деген сөз менің ұлттық тегімді білдіреді. Сол сөз арқылы мен өзімнің ұлтыма деген сезімімді білдіремін, бұл сөз – менің сол ұлттың өкілі екенімді білдіреді, соңғы тамшы қаным қалғанша мен оған қызмет етуге міндеттімін. Бұл, сонымен қатар: мен өз ұлтымды сүйемін және қадірлеймін, оған адал қызмет ете отырып, мен барша кеңес халқын сыйлаймын және жақсы көремін, қасиетті кеңес халқы ретінде бауырмдай көріп, оған да қызмет етемін, өйткені біздің ұлы отанымызды мекендеген барлық ұлт біртұтас және бір мақсатқа ұмтылады деген сөз. Мұндай талассыз шындықты дәлелдеудің қажеті де жоқ. Өз халқыңның қызметшісі болудан артық дүниеде асқақ та адал, намысты сезім жоқ»,– деп жазды.

Соған жауап сияқтанып, «Едіге» жыры мен «ел қамын жеген Едігенің бейнесі» әсіре дәріптеліп, ұлтшыл сезімді қоздырғаны, оның буржуазияшыл-ұлтшылдық идеяны дәріптегені туралы СОКП-ның  Орталық комитетінің қаулысы шығып, тарихи-эпостық мұралар жаппай сүзгіден өтті. Содан кейін «Звезда» журналы мен А.Ахматова мен М.Зощенко шығармашылығындағы идеясыздық туралы, В.Сосюраның «Украинаны сүй» атты өлеңіндегі ұлтшылдық сезім туралы, Маррдың тіл ғылымындағы «ой ағымы» мансұқталған қаулы-қарарлар арт-артынан шығып, идеологиялық жазалау науқаны басталды да кетті. «Қазақ ССР тарихы» кітабының екінші басылуын әзірлеу туралы» Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы қарары саяси-идеологиялық жанталасты одан бетер жанықтырды.

Жалпы қазақстандағы «ұлтшылдық пен ұлт тарихын бұрмалау, Кенесарының реакциялық қозғалысы» туралы мәселенің ушығуының түпкі тамыры тереңде жатыр еді және мұндай «жазалау зұлпұһарының қазақ мәдениеті мен ғылымының желкесіне төнгеніне» алты жылдан асқан болатын. Сондықтан осынау қатерлі кезеңнің «тарихи алғышарттарын» Е.Бекмахановтың шәкірті, осы мәселе жөнінде екеуара жылдап пікір алысқан күндердің белгісі ретінде тарих ғылымының докторы, профессор марқұм Ә.Тәкеновтің пайымдауымен баяндауды жөн көрдік.

Тарихты – тарихшыдан артық ешкім түсіндіріп бере алмаса керек.

Ә.Тәкенов: «... Партиялық идеологтар тарих ғылымын қатаң бақылауға алды. Ал өмір талабы идеологияның ырқына көнбей жатты. 1941 жылдың қысында Алматыға бір топ эвакуацияланған орыс ғалымдарының келуі бұдан бұрын оқу-ағарту  Халық Комиссариаты белгілеген Қазақстан тарихын жазу ісін тездетті. Бұл істің бас-аяғында комиссариаттың қызметкері, 1937 жылы Воронеж педагогтік институтын бітірген, жас тарихшы Ермұқан Бекмаханов жүрді. ҚК(б)П Орталық комитеті соғыс жағдайында тарихтың патриоттық тәрбие берудегі орынын ескере келе қолдау жасап, академик Панкратова және Орталық комитеттің идеология жөніндегі хатшысы Мұхамеджан Әбдіхалықов «Қазақ ССР тарихының» редакторы болып бекіді. Оны жазуға Греков, Дружинин, Вяткин, Кучкин, Зутис, Миллер, Лурье сияқты орыс ғалымдары атсалысты. Қазақстандықтардан Әуезов, Марғұлан, Покровский, Мұқанов, Мүсірепов, Исмаиылов, Кенжебаев қатысты. Тез қарқынмен жазылған қазақ тарихы ерте дүниеден сол кезге дейінгі уақытты қамтыған еліміздің тұңғыш тарихы еді. Оны оқырмандар да үлкен ықыласпен қабылдады. Солардың бірі – Бауыржан Момышұлы бұл кітапты Панкратовадан алып, пікір айтып, жанашырлық көрсеткен екен. Өз халқының тарихын оқу қай қазаққа да баға жетпес қуаныш емес пе?

Бір ескеретін жай, бұл – «егемен кеңес республикаларының» ішінде жеке республика тарихына арналған тұңғыш кітап екен. Бірақ тап осы жай кейбіреулерге күдік туғызса керек. Кітап Сталиндік сыйлыққа ұсынылып, алғашқы сараптан өтіп, мәселе түпкілікті шешілер кезде бұған сенімсіздікпен караған КСРО Ғылым Академиясының корреспондент-мүшесі А.И.Яковлев болды. Бұл кісі кеңес тарихының негізін салушылар: КСРО тарихының оқулығын жазған Панкратова, Тарих институтының директоры академик Греков, академик Дружинин, «Қазақ ССР тарихы очеркінің» авторы, қазақ тарихының маманы Вяткинге немесе бүкіл қазақ ғылымының қаймақтарына – Әуезов пен Марғұланға қарсы шығатындай қазақ тарихының маманы да емес екен. Әңгіме білуде емес, бұл сыншының саяси көзқарасында болып шығады. Оған кітаптың әр жеріндегі он шақты беті, дәлірек айтсақ авторлардың тұжырымдамасы ұнамайды. «Мемлекеттік теория» тұрғысынан келген Яковлев оның себебін: патшалық Ресей өзінің құрамына кірген (жаулап алынған) халықтар үшін прогресс пен мәдениет әкелді, сондықтан оған қарсы күресу реакциялық сипат ретінде бағалануы тиісдеп түсіндірді. Әрине, орыс патшаларын дәріптеген сталиндік көзқарасқа бұл тезис сайма-сай келді. Оның КСРО тарихының оқулығы туралы: «Орыс мектептерінің барлық оқулықтары орыстың ұлттық оқулығы болуы тиіс. Бұл мазмұнға тағы да 100 халықтың мүддесін сиғызуға болмайды»,– деген пікірі Яковлевтің республикалар тарихына қарсы позициясын нығайта түсті. 1944 жылы айтылған бұл пікір тек 1988 жылы белгілі болды (Письма Анны Михайловны Панкратовой – «Вопросы истории», 1988, № 11, 54-79-беттер).

Бұл пікірге «Қазақ ССР тарихының» авторлары қарсылық білдіріп, Панкратова кеңес халықтарының тарихындағы азаттық күресті қолдады. Ғалымның талап етуімен 1944 жылы  БК(б)П Орталық комитеті 29-мамыр мен 8-маусымның аралығында көрнекті совет тарихшылары 5 рет кеңес өткізді. Текетірес содан басталды. Яковлев пен Бушуевқа қарсы шыққан Панкратова, Греков, Державин «Қазақ ССР тарихының» тұжырымдамаларын қорғады. Кеңес нәтижесіз өткендіктен де А.Н.Панкратова Орталық комитеттің хатшысы ІЦербаковқа жазған ресми хатында: Яковлевтің пікірі ұлттық-отарлық саясат мәселелері жөніндегі марксизм-ленинизм негіздеріне сай келмейді, сондықтан да «Қазақ ССР тарихы» нақты талқылауды талап етеді. Бұл мәселе Қазақстан үшін маңызды, өйткені бұл: қазақтардың ұлттық сезімін қозғайды,– деген ойы есте ұстарлық, шын жанашырлық пікір. Кеңестік империяның идеологтары «қазақтың ұлттық сезімі» (сол сияқты басқа ұлттардың да) туралы сөз қозғап көрген емес. Тек «ұлы орыстық ұлттық сезім» немесе «ұлы орыстық ұлттық мақтаныш» хақында ғана айтуға жол берілді (мысалы «орыс орманы», «орыс қысы», «орыс аспаны», «орыс даласы» деген сияқты тіркестер осының көрінісі). Басқа халықтардың ұлттық сезімі кеңестік патриотизммен ғана шектелуі тиіс болатын. Кеңестік идеологтар «ұлтшылдыққа» қарсы күреспен «ауызданғандықтан» да, ұлттық тарихты оқу – ұлтшылдықты туғызады,– деп үрейленді. Соғыс жағдайында аз ұлттарға қысым жасау (депортация) саясаты да осы «ұлтшылдықпен» күрес ретінде жүргізілді. Ұлтшылдықтан қысымшылық көрмеген тек орыс халқы болды. Ал «ұлыдержавалық шовинизм» тек «шовинизм» деп үстірт айтылды, нақты шовинистер «табылмады». Басты жау – ұлтшылдық болып айқындалды.

Осы тұрғыдан алғанда 1945 жылы «Большевик» журналында қазақ тарихына еш қатысы жоқ М.Морозов дегеннің «Қазақ ССР тарихы» туралы рецензиясы әлдекімдердің қолтығына су бүріккендей болды. Оның үстіне рецензия авторы 1944 жылы Орталық комитет өткізген кеңесте айтылған теріс пікірлерді теріп жазған партаппарат қызметкері еді. Ал «Большевик» Орталық комитеттің органы болғандықтан да, Кеңестік Орталық комитеттің хатшылары Щербаков, Андреев, Маленьков жұмған ауыздарын ашпағандықтан да, ол рецензия Орталық комитеттің пікірі ретінде қабылданды. «Басты кейіпкерлер» Яковлев пен Морозов емес, олардан да жоғары лауазымды адамдар болып шықты. 1944 жылғы Кеңестің алдында Андреев, Маленков, Щербаковтардың атына хат түскен екен. Ол хат:«Кейбір кеңес тарихшыларының еңбектеріндегі күрделі кемшіліктер мен антилениндік қателіктер туралы» деген атпен жазылып, оған Орталық комитеттің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісі Г.Ф.Александров, оның орынбасары П.Н.Федосеев, «Правданың» бас редакторы П.Н.Поспеловтің қол қойғаны кейін мәлім болды («Вопросы истории», 1991, № 1,188 – 205 беттер. 48).

Бұл хаттың «ұлтшылдық» қателіктерге арналған бөлімінде негізінен «Қазақ ССР тарихына» баса көңіл аударылыпты. Ондағы пікір бойынша: авторлар ұлт мәселесі жөніндегі сталиндік ережелерді түсінбеген, өйткені, сталиндік тұжырым бойынша басқа халықтардың Ресейге қосылуының, тіпті күшпен қосылуының өзінің «зияны шамалы»; ал ол халықтарды, мысалы Грузияны – Персия, Украинаны – Польша жаулап алған болса, мұндай мүмкіндіктің «зияны үлкен» болған болар еді. Бұған қарасақ, бұрын отаршылдықты – «үлкен зиян» деп келгеніміз қате болып шығады. Бұл орыс отаршылдығының зардабын жұмсарту ғана емес, оны ашық жақтау еді.

ҚК(б)П Орталық комитетінің 1945 жылғы 14-тамыздағы Морозовтың рецензиясынан туындаған бұл ресми пікірдің негізінде «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымын дайындау туралы» қаулы қабылдады. Қаулының авторлары Қазақстанның – төңкеріске дейінгі дәуірі туралы жазылған тұсты сынға алды: ол кезең – әлеуметтік-экономикалық даму, тап күресі тарихы тұрғысынан емес, қазақтардың тәуелсіздік үшін күресінің тарихы болып жазылған. Қазақ сұлтандарының тонаушылық жорықтары мен (Қаратай сұлтан) шынайы ұлт-азаттық қозғалысты шатастыруға болмайды. «Қазақ ССР тарихында» халықтың санасында ұлттық қаһарманы болып келген Едіге мадақталған. Кенесары туралы берілген баға «біржақты, бұл қозғалыстың ішкі қайшылықтары ескерілмеген»,– деген ескерту жасалды. Бұл қаулының кесірі аз болмады. Ең бастысы, қазақ халқының тарихындағы ұлттық сананы оятқан қаһармандардың жаппай сынға алынуына жол ашты. Осы қаулыдан аттай бір жыл бұрын партия хатшысы Ж.Шаяхметов (Сталинге еліктеп) майдандағы қазақ жауынгерлерін олардың батыр бабалары – Абылай, Сырым, Исатай, Махамбет, Кенесары, Наурызбай – аруағымен рухтануға шақырған еді (Қазақ халқының жауынгерлік дәстүрі. «Социалистік Қазақстан», 1944, 18.VШ.).

Кейін бірінші хатшыға бұл сөздерінен бас тартуына тура келді. 1945 жылғы қаулы халқымыздың соғыс кезінде ояна бастаған ұлттық, тарихи санасына нұқсан келтіргенін алдағы оқиғалар дәлелдеді.                                                                                                                     

Ұлтшылдықпен күрес науқанының отына түскен бірден бір тұлға талантты тарихшы Ермұқан Бекмаханов болды. Оның бірнеше себептері бар еді. «Қазақ ССР тарихының» дау туғызған Кенесары көтерілісі тарауын жазу Бекмахановқа тапсырылған еді. Ал 1943 жылы 28-маусымда ол «Қазақтардың Кенесары Қасымов бастаған азаттық күресі (1837-1847)» тақырыбында Мәскеудің Тарих институтында кандидаттық диссертация қорғады. Іле-шала бұл мәселені кеңейтіп, 1946 жылы 31 жасар ғалым «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» деген монографиясы бойынша докторлық диссертация қорғады. Бұл еңбегі 1947 жылы М.П.Вяткиннің редакциясымен Алматыда жарық көрді. Кітаптың бір бөлігі Кенесарының қозғалысын қамтыды. 1946 жылы Бекмаханов Қазақстан Ғылым академиясы Тарих, археология және этнография институтының директоры С.С.В.Юшковтың орынбасарлығына тағайындалды.

Осының бәрі, жас ғалымның зор табыстары, кейбір күншілдерге шаншудай тиді. Бұрынғы «Қазақ ССР тарихына» байланысты айтылып жүрген сын пікірлер, енді тікелей тек Бекмахановқа қана бағытталды. Тактикалық жағынан алғанда, бүкіл авторлар ұжымымен күресуден көрі бір адамды омақастыру оңай болатын. Мұқым елде орын алып отырған идеологиялық шарпысулар да Қазақстанда тағы да ұлтшылдыққа қарсы науқан ашуға орайлы жағдай жасады.

Бұл науқан қазақ топырағында еселене жаңғырып, «ескі феодалдық қоғамды дәріптейтін буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы күреске» ұласты. Осы ретте ҚК(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы 21-қаңтардағы «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысының кесірі зор болды. Зиялы қауымның дарынды өкілдері негізгі нысанаға алынып, кез-келген белсенді ғалымсымақтарға олардың көзіне топырақ шаша алатындай мүмкіндік берілді, сөйтіп, тұлғалар қорғансыз жағдайда қалды... Бұл дүрмек тарихшылардың да берекесін алып, дегбірін кетірді, 1947 жылы 5-наурызда М.Ақынжанов пен Ә.Тұрсынбаев «Казахстанская правда» газетінде жарияланған «Профессор Маргулан извращает историю» деген мақаласында оны «пантюркист», орыс және қазақ халықтары достығының тамырын «қопарушы» деп айыптады. Тарих институтының сессиясында сол жылы мамыр айында Х.Ғ.Айдарова «Қазақстан тарихы мәселелеріндегі ұлтшылдық бұрмалаушылық» деген тақырыпта баяндама жасады. Мұндай сынау, орынсыз саяси кінә тағу ғалымдардың азаматтық арын таптап, сағын сындырудан басқа еш нәтиже бермеді. Ал бұл дарынсыз күншілдерге ғана жол ашты. Кадрлар жоғары оқу орындарынан да қуыла бастады... «Идеологиялық айқаста» ғылымға қатысы жоқ партократтар жөнсіз белсенділік байқатты. Мысалы, Алматы қалалық парткомының хатшысы Ысқақов ҚазМУ-дің орта ғасыр тарихының оқытушысы Я.Д.Серовайскийді шетел тарихшыларының еңбегін пайдаланғаны үшін сынады. ҚК(б)П Орталық комитеті идеология бөлімін басқарушы И.П.Храмков БК(б)П  Орталық комитетіне «түзету» жасап, тек Батысқа бас игені үшін емес, Шығысқа бас игендерді (әрине, қазақтарды) да айыптауға шақырды. Осындай өрескелдікті сезген Ж.Шаяхметов 1948 жылы наурызда ҚК(б)П Орталық комитетінің Пленумында:«Өткеннің бәрін жамандай беруге болмас»,– деп тоқтау айтуға мәжбүр болды. Дегенмен, саяси науқанды тоқтатпақ түгіл, одан өзі де аман шыға алмады».

Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің 1947 жылғы «Қазақ ССР Ғылым Академиясы Тіл және Әдебиет институты жұмысындағы өрескел саяси қателіктер туралы» қаулысына орай академик Сақтаған Бәйішевтің «Профессор М.Әуезов ескіліктің шырмауында» атты мақаласы «Социалистік Қазақстан» газетінде жарияланғаннан кейін, іле «қазақ әдебиетінің тарихына» қатысты сындар жаппай басылып жатты Бұл науқанның екпіні  қанша қатты болғанымен де, тұтқынға түскендерді және репрессияға ұшырағандарды жазалау сияқты уақытша әскери, саяси қысыммен шектелді.

Бір таңданарлығы, тура сол жылы, осы қаулыдан кейін, яғни, 1947 жылдың 14-қыркүйегі күні «Социалистік Қазақстанда» «хан Кененің қаза тапқанына 100 жыл толуына орай «Кенесары Қасымов» деген көлемді мақала жарияланды. Мақала авторы Ермахан Бекмаханов. Алдағы болатын баяндауларға тікелей қатысы бар, ондағы айтылатын әшкерелеулерге мүлдем қарама-қарсы, байыпты пайыммен, жақсы ниетте, «қара дүлейдің» қарсаңында жазылған бұл пікірге таң қала отырып ықшамдап ұсынамыз:

Е.Бекмаханов: «Кенесары Қасымов. (Қаза тапқанына 100 жыл толуына)»: «Қазақ халқының 1837-47 жылдардағы үлкен ұлт азаттығы қозғалысының басшысы Кенесары Қасымовтың қаза тапқанына биыл 100 жыл толды. Кенесарының қимылы Қазақстанның тарихында, қазақ халқының келешектегі тағдырын белгілеген өзгерісті кезеңмен тұстас келді. Көшпелі қазақ ауылының шаруашылығына товарлы-ақшалы қарым-қатынастың енуіне байланысты Қазақстанның экономикасында үлкен өзгерістер болды, ал, Қазақстанның саяси тұрмысын алатын болсақ бұл дәуірде қазақ хандықтары: 1822 жылы – Орта жүзде, 1824 жылы – Кіші жүзде хандық жойылды.

Қазақ даласына бір жағынан патшалы Ресей, екінші жағынан Орта Азия хандықтары шабуыл жасаумен болды. Қазақстанның ол кездегі сыртқы саяси жағдайы осыған қарай белгіленді. Патша үкіметі мен Орта Азия хандықтарының басқыншылық саясатына қазақ халқы күшті қарсылық көрсетті. Қазақ халқының ұлт азаттығы күресін Кенесары Қасымов бастап шықты. Екі жақпен бірдей арпалысуға күші жетпейтінін, қазақ халқының саяси тәуелсіздігін сақтап қала алмайтындығын Кенесары көтерілістің алғашқы күндерінде-ақ түсінді. Сондықтан, Орта Азия хандықтарына ең алдымен Қоқан хандығына қарсы күресе отырып Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы патша өкімет орындарымен келісуге тырысты, өйткені, патшалы Россия сияқты қуатты елге қарсы күрестен нәтиже шықпайтынын жақсы білді».

Ғалымның бұл пікірі, әрине, ағылшын барлауына көрсетілген қызмет ретінде бағаланды.

Е.Бекмаханов (жалғасы): «Кенесарының көтерілісі Россия патшалығына, Орта Азия хандықтарына қарсы, отаршылдыққа қарсы азаттық сипаттағы көтеріліс болды. Кенесарының қозғалысында ішкі күрес жоғарыда айтылған негізгі мақсатқа бағындырылды. Ішкі күрес отаршылдыққа қарсы күреспен ұштасты, өйткені, ел билеген сұлтан-правительдер, аға сұлтандар патша өкіметінің сенімді одақтасы болды. Кенесары патша үкіметі мен Қоқан мен Хиуа тартып алған қазақ жерлерін қайтару, Россияның қарамағында қазақ халқының біртұтас мемлекетін құру ұранымен күреске шықты.

Кенесары бастаған күрес 10 жылға созылды, үш жүзге тегіс таралды. Бұл күреске қазақ халқының қалың бұқарасы – кедейлер, егіншілер, жатақтар кеңінен қатысты. Сондықтан Кенесары қозғалысының бүкілхалықтық сипаты болды. Өздерінің мақсаттары үшін, ең алдымен, тартып алынған жайлауларын, жайылымдарын қайтару үшін күрескен қалың бұқараның қатысуы көтерілістің кең өріс алуын қамтамасыз етті. Бірақ, көтеріліске басшылық қалың бұқараның қолында болған жоқ, Қазақстанның патриархалдық-феодалдық бытыраңқылығын жойып, Россияның қарамағындағы қазақтың біртұтас мемлекетін құруды көздеген орташа феодалдық топтардың қолында болды. Көтеріліске қатысқан күштердің мұндай бөлінуі заңды еді, өйткені, көтеріліс Қазақстанда патриархалдық-феодалдық қоғам қатынасы, рушылдық тұрмыс қалпы үстем болып тұрған жағдайда өтті.

Бір жағынан патшалы Россияның, екінші жағынан Орта Азия хандықтарының шапқыншылығына ұшырап тұрған жағдайда Қазақстанның саяси тәуелсіздігін тек іргелес мемлекеттердің біріне сүйенгенде ғана сақтап қалуға болатын еді. Өзінің сыртқы саясатында Кенесары патшалы Россияға сүйенуге тырысты, өктемдік тәртіп орнатушы, артта қалған Орта Азия хандықтарына бағынудан бас тартты. Кенесарының Россияға бағыт бұруының ең бірінші себебі – Россия қуатты мемлекет болды. Мұны түсінген Кенесары өзінің серіктеріне: «Россия барлық мемлекеттерден үлкен, орыс патшасы барлық патшаларға аға»,– деді. Оның үстіне Кіші жүз бен Орта жүз қазақтарының шекарадағы орыс халықымен, патша үкіметінің басқыншылық саясатына ешқандай қатысы жоқ халықпен, ежелден бері сауда-экономикалық қатынас жасауы да Кенесарының Россияға бет бұруына себеп болды.

Сол себепті де көтерілістің алғашқы күндерінен бастап Кенесары соғыс қимылдарын тоқтату туралы, екі арадағы жанжалды бейбітшілікпен бітіру туралы Батыс-Сібір генерал-губернаторы Горшаковпен келісуге тырысты. Бірақ Горшаков мұндай келіссөздерді бастаудан бас тартты. Ол өзінің хаттарының бірінде былай деп жазды: «Қазақ даласында бейбастақтық туғызған айыпкерлермен келіссөздер жүргізуден, әсіресе, олардың император патшаға, сөзсіз бағынудан басқа қандай да болса шарт қоюына аз да болса желеу беруді лайықсыз тауып, мен Кенесарының хатын жауапсыз қалдырдым».

Көтерілістің өнбойына Кенесары Батыс-Сібір өкімет орындарына қарсы күресе отырып, Орынбордың өкімет орындарымен және орталық өкіметпен келісуге тырысты. Кенесары Россияның қарауында болуға ризалық білдірді, бұнымен бірге қазақ жерінің қайтарылуын, Россияның қоластында қазақ халқының тәуелсіз мемлекеттігі сақталуын шарт етіп қойды. Бірақ, бұл шарт патшалы Россияға тиімсіз болды.

Патшалы Россия  қазақ даласымен жер жөнінде ғана шектес болып, мемлекет шекарасын сақтау үшін қазақ елімен тек байланыс жасап келген дәуір өткен еді. ХІХ ғасыр патшалы Россия  алдына жаңа шапқыншылқ міндет – Орта Азияға шабуыл жасау міндетін қойды, ал Қазақстан бұл жолдағы белгілі бір белес болды.

ХІХ ғасырдың 40-шы жылдарында патшалы Россия алдына Қазақстанды бір жолата өзіне қосып алу, оны Орта Азия хандықтарына және Алатау қырғыздарына одан ары шабуыл жасау қамалына айналдыру міндеті қойылды. Орта Азия мен екі арадағы сауданы күшейту мүдделері ғана емес, Орта Азияда ағылшын-орыс бәсекесінің күшейгендігі осы міндетті алға тартты. Орта Азияда бекінбейінше патшалы Россия өзінің Орта Азиядағы мүдделерін қорғай алмайтын еді. Сол себепті патшалы Россия Кенесарының талабын қабылдамады.

1844 жылдың өзінде граф П.Д.Киселевтің Бөкей ордасындағы жағдай туралы баяндамасына Николай І: «Патшалықтың ішінде екінші патшалық болуы мүмкін емес»,– деп бұрыштама соқты. Осы бірауыз сөздің өзі Бөкей ордасының келте автономиясының тамырын қырқып қана қоймай, автономия туралы ниеттің қандайына болса да, біржолата тиым салғандық еді. Мұндай жағдайда Кенесары талабы көріне үмітсіз талап болды.

Кенесарының бұл өзгерістері қандай болды? Кенесары өзінің мемлекетін жеке адамдар арқылы басқарды. Бұл адамдар сот, дипломатия, финанс, елден мал-мүлік жинау мәселелерімен, соғыс ісімен шұғылданды. Ханның жанындағы Жоғарғы Кеңеске тек феодалдардың орта топтарының өкілдері мен батырлардың бірсыпырасы қатысты. Жер-жерде өкімет жұмыстары жасауылдар арқылы орындалып отырды. Әр документтерінде бұл жасауылдар «Кенесары комиссарлары» деп аталады.

Кенесарының мемлекет аппаратында жасаған өзгерістері феодалдық негізде құрылған мемлекеттің бір орталыққа бағындырылуына жағдай туғызды. Сот – право жөніндегі өзгеріс сот істерінің қаралуын жақсарту, барымтаны, ел арасындағы жаугершілікті тоқтатуды, өштескен руларды татуластыруды көздеді. Кенесары әдет-ғұрып правосына бірсыпыра өзгерістер енгізді, оның ішінде ру байларының сотын жойып, сот істерін өзі тағайындаған билер мен жасауылдардың қолына берді, оларды граф деп атады. Кенесарының ордасында болған хорунжий Орманов: «Кенесары жоғарыда аталған билерге жолдаған хатын жіберді, олар бұл адресте граф деп аталған» –дейді. Ақылы істерді қарау тәртібін үшке бөлуге болады: 1. Кенесарының қармағындағы руларға қатысы бар барымта, кісі өлімі жөніндегі сот істерін қарау. 2. Кенесарының қармағынан тыс рулардың істерін қарау. 3. Кенесарының қармағындағы қазақтар мен патшаның қоластындағы қазақтар арасындағы істерді қарау.

Кенесары өзінің қармағындағы қазақтардың малын беталды барымталауға қатты тиым салды, барымталанған малды иелеріне дереу қайтарып отырды. Өзінің туысқаны Көшек сұлтанға Кенесары: барымталанған жылқыларды «құлынына дейін қалдырмай» қайтаруға бұйырды. Арғын руларының өкілдері қыпшақтардан мал талап етіп Кенесарыға арыз ете келгенде, Кенесары өзінің жасауылдары – Масақ пен Кенжеге:«Арғындардың талабын орындауға» – бұйырды.

Салық жөнінде Кенесары жеке феодалдардың алымдары орынына, хан қазынасының пайдасына алынатын бірыңғай салық шығаруға тырысты, сөйтіп феодалдық алымдар орнына мемлекет салығын шығармақ болды. Кенесарыға бағынған ауылдар Хиуа мен Қоқан хандарына салық төлеуді, сол сияқты үкіметке түтін алымын төлеуді тоқтатты. Мұның өзі қазаққа салық жөнінде едәуір жеңілдік болды. Бірақ, соғыс жағдайында Кенесары амалсыздан әртүрлі алым салықты қаталдықпен өндіріп отырды.

Кенесары малды аудандардан алынатын «зекетті», егіншілерден алынатын «ұшырды» бұрынғы күйінде сақтады. Оның үстіне ауылдық салық, әртүрлі тығыз қажетке көптеген алымдар жинады.

Кенесарының шаруашылық жөнінде қолданған шараларының зор маңызы бар. Соғыс губернаторы Обручевке жазған хаттарының бірінде Кенесары: «Қайырымды генерал патшадан маған рахымшылық етуді өтінсін, сонда мен өзімнің қырғыздарымды егін егу, аң аулау және басқа бейбіт кәсіптермен шұғылдандырып, тыныш өмір сүремін»,– дейді.

Кенесарының ордасы орнатылған Ырғыз бен Торғай аудандарының өзінде ғана 1000 үй қазақ егін кәсібімен шұғылданды. Орынбор комиссиясының есебінде де «Россияның қармағындағы жерге қайтуға мүмкіншілігі болмағандықтан, (Кенесары) өзіне ерген елді Іле және оған құятын өзендер бойында егін кәсібімен шұғылдануға үгіттегені» атап көрсетілген.

Сөйтіп, Кенесарының саясаты қазақтың егін шаруашылығымен шұғылдануына себеп болды.

Кенесарының саудаға көзқарасының да зор маңызы бар. Алғашқы кезде ол орыс саудасына қарсы болды, оны отаршылдық саясатты жүргізу жолдарының бірі деп таныды. Бірақ, көп ұзамай Кенесары бәленің басы саудада емес, патша үкіметінің әскери соғыс ырқындағы отаршылдық саясатында екенін түсінді. Шекара бойындағы қазақтар жергілікті орыс халқымен қызу сауда істеп отырғанын ол жақсы білді. Кенесарыға келген қазақтар оған орыстармен тату қарым-қатынас жасауға кеңес берді, қазақтардың оларға «әрдайым күні түсіп отыратынын, олардан астық және басқа керек-жарақ алатынын» айтты.

Сондықтан Кенесары өзіне қараған ауылдарда сауда істеуші купецтердің өз товарларын алымсыз сатуына рұқсат етті, оларды зорлық-зомбылықтан қорғады. Орынбордың шекаралық комиссиясының председателі Генстің атына жіберілген бір ақпарда: «бұл бүлікшілердің ауылдарында болған саудагерлер көп пайда тапқан, өйткені олардың ауылдарына келіп сауда істеушілерге бұйрық берілген»,– делінген.

Кенесарының саясаты қазақ халқының орыс халқымен сауда қатынасының күшеюіне көмектесті, шаруашылықтың қара дүрсін (натуралдық) негізінің бұзылуына жағдай туғызды.

Кенесары әлеуметтік реформашы болған жоқ. Оның құрған феодалдық мемлекеті, шынында, тұтас мемлекет емес еді, өйткені ұлы жүздің аудандары 1847 жылға дейін Кенесары мемлекетіне қосылған жоқ.

Кенесары өзінің белгілеген шараларын түгел жүзеге асыра алмады. Қазақ елінің ол кездегі артта қалған қоғамдық-экономикалық құрылысы Кенесарының жаңалық енгізу әрекетін тойтарып, бөгет жасай береді.

Кенесары көтерілісінің жеңілетіндігі сөзсіз еді. Оның негізгі себебі, ең алдымен, ішкі саяси жағдайда және қазақ халқының біртүтас мемлекетін құру әрекетінің кеш басталғандығында болды.

Кенесарының прогресшілдік ниетіне, қазақ халқын біріктіру мақсатына зор кедергілер кездесті. Қазақстанның феодалдық бытыраңқылығы, рулардың өзара тартысы, феодалдар мен патша өкіметі орындарының бұл тартысты одан сайын қоздыруы Кенесарының игілікті бастамасының бәріне күшті бөгет болды. Оның себебі Қазақстаның әлеуметтік-экономика жағынан артта қалғандығында еді. Сол себепті рушылдық мүдделер жалпы халықтық мүдделерден басым бола берді. Көтерілістің жеңілуінің негізгі себептерінің бірі осы.

Кенесары қозғалысының біркелкі дамымағанын, көбінесе стихиялық қозғалыс болғанын да ескеру қажет. Көтеріліс он жыл бойына Қазақстаның ең маңызды аудандарының бәріне, негізгі рулардың бәріне дерлік таралды. Бірақ, бір мезгілде және біркелкі таралған жоқ, сондықтан өкімет орындары қай уақытта болса да көтерілісшілерге бөлшектеп соққы беріп отырды. Мұның өзі патша үкіметіне өте тиімді, ал көтерілісшілерге мүлде тиімсіз болды.

Бұл жөнінде мынандай екі жағдайдың зор маңызы болды: біріншіден, көтерілісшілер мал баққан көтерілісшілер еді, олардың материалдық өндірісі түгелінен малды бағып-қағу, асырау мүмкіншілігіне байланысты болды. Екіншіден, үкімет орындары Кенесары қозғалысын басқанда, негізінде көтерілісшілерді ежелден мекенденіп келген, жайылымы мол аудандардан қиырдағы, шөбі аз қуаң далаға бірте-бірте ығыстыру әдісін қолданды. Кенесары өзіне ерген қазақ руларымен амалсыздан бірте-бірте алысқа – Көкшетаудан Торғай, Ырғыз ауданына, одан Балқаш бойына шегінді, одан кейін Қытай шекарасына таялды, ақыры, Тоқпақ маңында тау арасында қаза тапты. Шегінгенде жай ғана шегінбей, ауыр ұрыстар жүргізе отырып, орасан зор шығынға, бүліншілікке ұшырай отырып шегінді.

Ақыр аяғында ол кездегі халықаралық жағдайдың өзі де көтерілісшілерге өте қолайсыз болды. Өзара байланысы аз төрт бөлшекке (Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз және сол кездің өзінде патшалы Россия қол астында болған Бөкей ордасы) бөлінген Қазақстан, қазақ халқының біртұтас мемлекет болып бірігуіне жол бермеуге тырысқан мемлекеттердің қоршауында болды.

Патшалы Россия да, Қытай да, Орта Азия хандықтары да – Хиуа, Бұхара, Қоқан – Қазақстанды әрқайсысы өзіне бағындыру үшін өзара күресті.

Кенесарының өз басының қателері де көтерілістің апатпен аяқталуына себеп болды. Сұлтандар мен билерге қарсы күресте Кенесары бейбіт отырған рулардың ауылдарына шабуыл жасады. Мәселен, 1843, 1844 және 1845 жылдарда көтеріліске қосылмағаны үшін жаппас руының ауылдарын үш дүркін қатты талқандады. Сұлтан-правительдердің билердің қармағындағы ауылдар көтеріліске болысқысы келе тұрса да, феодал-ру басылардан қорыққандықтан көтеріліске қатыса алмай отырғанын ескерместен, Кенесары бұл ауылдарға талай шабуыл жасады. Бұл феодалдар мен ру басыларды талқандап, халықты өзіне тарту орына, Кенесары талғамастан бұларды екі жағынан да шапқыншылыққа ұшыратып, халық арасында өзіне қарсы наразылық туғызды.

Кенесары қырғыздар жөнінде де сондай қателесті. Қырғыз манаптары – Орман, Жантай және басқаларының өзін қолдамағаны үшін, Кенесары сарыбағыш қырғыздарына шабуыл жасады.

Патша үкіметі орындары Ырғыз, Торғай аудандарын (кіші жүз) басып алғаннан кейін көтерілісшілерге ұлы жүздің жеріне шегінуден басқа жол қалмады. Ол кезде Қазақстанда патша үкіметі басып алмаған жер тек осы ұлы жүз болатын. Бірақ, ұлы жүздің едәуір жері Қоқан бектерінің қармағында еді, ал, Алатау қырғыздары Кенесарының ежелгі жауы Қоқан ханына бағынулы еді.

Ұлы жүзде Кенесарының негізгі ұраны – Қоқан басқыншыларына қарсы күресу болды. Кенесары қырғыздарға жазған хатында: «Мен жауласу үшін, қан төгу үшін келген жоқпын, қазақ пен қырғыздың күшін біріктіріп, оларды Қоқаннан бөліп алу, жалпы айтқанда қоқандықтардың қысымынан құтқару үшін келдім», – деді.

Кенесарының қырғыз манаптарымен келісе алмай, ақырында оларға қарсы соғысқа шығуының себебі не?

Ең алдымен, патша үкіметі орындары қазақтарды қырғыздарға айдап салып, екі арада соғыс шығарды. Ньюхаловтың генерал-майор Вишневскийге тапсырған рапорты бұған дәлел. Ол рапортта былай делінген: «Мен олардың ішіндегі ең атақты билерге: бұғы руындағы Борамбай Бекмұратов пен Айтпай Сералинге, сарыбағыш руындағы Орман Ниязбековке, солты руындағы Жанғараш Есғожинға хат жазып, олардың және орыс үкіметінің жауы – Кенесарыны құртуға үгіттедім».

Қырғыз манаптары Қоқан жағына шығып, опасыздық еткені үшін Кенесары қырғыздарға қарсы жорыққа аттанады. Бірақ Кенесары қырғыздарға қарсы соғыс ашқаннан кейін сарыбағыш руындағы қырғыздардың бірсыпрасы Кенесарыға қарсы күреске шықты. Оның себебі, біріншіден, қырғыз рулары арасында тартыс күшті бола тұрса да, қырғыздың қалың бұқарасы саяси жағынан өзара бірігіп, өз мемлекетін құруға ұмтылатын еді. Бұл ниетті жүзеге асыру үшін феодалдар арасында қатты соғыстар болып келді. Бүкіл қырғыз елінің саяси билігін өз қолына алу ниеті Орман манаптың әрекетінде айқын көрінді. Орман нағыз феодалдың өзі еді. Ол үкімет билігін өз қолына алу үшін қырғыздарды саяси жағынан біріктіруге тырысты. Ол халықтың көсемі болған жоқ, бірақ оның қырғыздарды саяси жағынан біріктіруге ұмтылған әрекетіне қалың бұқара тілектес еді.

Екінші жағынан, Кенесары Қырғызстанда күрестің нағыз феодалдық әдістерін қолданды. Ол манаптардан гөрі қырғыз халқына қатал тиді. Мұның өзі Орман мен Жантайдың қырғыз халқын Кенесарыға қарсы күреске біріктіруіне жеңілдік келтірді.

Кенесарының көтерілісі жеңілді. Алайда қазақ халқының ұлт азаттығы күресінің тарихында бұл көтеріліс ерекше үлкен орын алады.

Кенесарының көтерілісі ХІХ ғасырдағы Қазақстанды тегісінен дерлік қамтыған ең үлкен және ең ұзаққа созылған көтеріліс болды.

Отаршылдыққа қарсы азаттық көтеріліс болғандықтан қазақ халқының тарихында бұл көтерілістің прогресшілдік маңызы бар. Бұл көтеріліс қалың бұқараға саяси тәрбие берудің зор мектебі болды. Кейінгі, ХІХ ғасырдың 50-60 жылдарындағы көтерілістер осы Кенесары көтерілісі негізінде етек алып ұлғайды.

В.И.Ленин былай деп жазды: «Қалың бұқараның шын мәніндегі тәрбиесін еш уақытта қалың бұқараның өзінің дербес саяси күресінен, әсіресе, революциялық күресінен бөлектеуге болмайды. Қаналудағы тапты тек күрес қана тәрбиелейді, тек күрес қана оның күшіне жол ашып, оның дүниетану көзқарасын кеңейтеді, оның қабілетін арттырып, оның тілегін айқындайды» (Шығармалары, ІІ том, 7-бет).

Кенесарының көтерілісі, өзінің туған елінің бостандығы мен тәуелсіздігін қорғауға бел байлаған бостандық сүйгіш қазақ халқының жауға қарсы тұрарлық орасан мол күші бар екенін көрсетті.

Кенесарының қойған саяси талаптары тұрғысынан қарағанда да бұл көтерілістің прогресшілдік маңызы болды. Өйткені, Кенесары қазақ рулары арасындағы талас-тартысты, феодалдық бытыраңқылықты жойып, бір орталыққа бағынатын біртұтас мемлекет құруға тырысты.

Патша үкіметіне, Орта Азия хандықтарына талай рет қатты соққы берген бұл көтерілістің барысында қазақ халқы өзінің орасан зор мүмкіншіліктері бар екенін айқын түсінді»,– деп жазылған.

Мұндай батыл мақаласы үшін автор Орталық комитеттің тарапынан қатаң ескерту алды. Бұған ілесе зиялылар қауымының етегін өрт шалды.

Ә.Тәкенов (жалғасы): «1948 жылы 31 қаңтарда «Лениншіл жас» газетінде М.Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың «Саяси қате, ғылыми құнсыз кітап» деген сыни мақаласы жарияланды. Осыған байланысты Ж.Шаяхметов М.Сусловқа өтініш жасап, осы сұраныс бойынша КСРО ҒА Тарих институты 28-ақпанда Бекмахановтың монографиясын талқылады. Дискуссияның негізі – Ақынжанов пен Т.Шойынбаевтың рецензиясы болды. Оларға талқылауда бірінші болып сөз алған Х.Ғ.Айдарова қосылды. Олар Бекмахановқа буржуазияшыл-ұлтшыл деген айып тағумен шектелді. Бірақ С.В.Юшковтан басқа пікірталасқа қатысушылар автордың тұжырымдамасын қолдап шықты. Н.Дружинин: «Қазақстанның мәдени дәрежесі Ресейден төмен болды екен деп, оның қозғалысын прогресшіл сипаттан айыру заңсыз»,– деп көрсетті.

«Егер Х.Ғ.Айдароваға ілессек, индустардың ағылшындарға қарсы қозғалысы реакцияшыл болғаны да»,– деп кекетті, А.Кучкин: Х.Ғ.Айдарованың әрекеті дәлелсіз, бұл Бекмахановтың желкесін қию талабы екенін ашық айтты. С.В.Юшковтың Бекмахановпен өз арасындағы кикілжіңнің салдарынан арасы ашылумен бірге ол жаңа саяси коньюктураны тез сезгенін байқатты. Ол Бекмахановты докторлық диссертациясына берген оң бағасынан тайқып, енді «жаңа көзқарас керек» деп есептеді. 1948 жылы маусым айында Қазақстан Ғылым академиясында өткен пікірталас та Бекмахановты буржуазияшыл ұлтшыл деп айыптауға бармады. ҚК(б)П Орталық комитетінің Ғ.Боранбаев басқарған комиссиясы: Бекмахановтың саяси қателігі, оның партиялық мәселесін қарау туралы ұсыныстары да әзірше қолдау таппады. Бекмаханов тарихшы Рязановтың архивтегі қолжазбасын пайдаланыпты – деген арыздың дәлелсіздігін Дружининнің сарабы айқындады. Бекмаханов финанс тәртібін бұзды деген айыптау да анықталмады»,– деген қорытынды жасады.

1948 жылы 16-желтоқсанда КСРО Жазушылар одағындағы өзінің баяндамасында одақ хатшысы Б.Горбатов ойламаған жерден саяси мәселеге ауысып: Кенесары қозғалысы «орыстарды қазақ даласынан қууға бағытталды, ал Бекмаханов сол Кенесарыны барынша дәріптейді – деген өкпе-наз айтады. Осыдан сескенген Кеңесбаев, Покровский, Бәйішев «Қазақ ССР тарихының» дайындалып жатқан екінші басылымында Кенесары қозғалысын қалай бағалау туралы Ж.Шаяхметовтен «принципті нұсқау» сұрап, хат жазды. I.Омаровтың араласуымен Ж.Шаяхметов Кенесары қозғалысы:«XIX ғасырдағы қазақ халқының ең көлемді ұлт-азаттық қозғалысы болды»,– деп бағалады, бұл көзқарас 1949 жылғы «Қазақ ССР тарихының» I.Омаров пен А.Панкратова редакциялаған екінші басылымдағы Бекмаханов жазған тарауға негіз болды. I.Омаровтың байсалдыпозициясы Қәріповтың «Вопросыистории» журналында (1949, №4) «По марксистки освещать историю Казахстана» (ол Қазақстанда партия газеттері мен «Большевик Казахстана» журналында қайта басылды) жарияланған мақаласынан да байқалады. Рецензент Кенесары қозғалысына байланысты Бекмахановтың монографиясындағы кейбір кемшіліктерді айта тұра, қозғалыстың халықтық сипатын мойындады. Бұл сындыавтордың өзі де қабылдады. Ал М.П.Кимнің рецензиясы Панкратоваға ұнамады. Бұл туралы ол 1949 жылы 11-қазанда I.Омаровқа жолдаған хатында: «Тарихшылар арасында болған тарихи шындыққа кереғар, қалайда қазақ халқының тарихын төмендетуге тырысушылық орын алуда. Неге грузин патшалары мен өзбек хандары ұқсас тарихи жағдайда прогресшіл қайраткер болып есептелуі керек те, ал қазақтар Абылайды немесе Кенесары Қасымұлын қаралауы тиіс екенін мүлде түсіне алмаймын»,– деп (Қазақстан Республикасы Орталық мемлекеттік архиві, І.Омаров қоры) жазыпты.

1950-ші жылы 21-ақпандағы ҚК(б)П  Орталық комитетінің «Қазақстандағы тарих ғылымының жайы және міндеттері туралы» қаулысында да мәселе орнықты сын-пікірлер айтумен шектелген. Мысалы, кеңес дәуіріне көңіл аз бөлінеді, Бекмаханов кейбір қателіктер жіберді – деген сияқты ескертулер болмаса, тарихшыларға саяси айып тағылмады. Бірақ идеологиялық күрес басылмаған еді. Дабыл орталықтан қағылды».

Ал сол орталыққа қоңыраудың жібін жалғап, шыжымдап жеткізуші жөніндегі Жұмабай Шаяхметовпен болған оңаша бір әңгіме туралы Ілияс Омаров қойын кітапшасына:

«Маған бүгін бір досым өзін қазақ зиялысымын деп есептейтін бір мүттайымның өзіне құпия түрде: «Мен домалақ арыз жазбаған күні таң атқанша дөңбекшіп ұйықтай алмай шығамын»,– деп айтқанын жеткізді. Кәсіпқой арызқойдың ғадеті қандай қорқынышты еді десеңші! Адамның арамзалығы қандай шексіз! Өкінішке орай біз олармен күресуге дәрменсізбіз. Қандай өкінішті жайт»,– деп жазыпты.

Мынадай алыпқашты науқанда әлгі сумақайдың әр арызы өте қатерлі әрекетке ұрындыруы мүмкін екенін, сондықтан да оны кердең қағып жүргізбес үшін Шаяхметовке барып: «Сол күні бүкіл Ғылым Академиясы тыныш ұйықтайтын болар еді»,– деп өмірінде бірінші рет адамға шара қолдануды өтінеді:

«Сонда Ілиясқа қажыған, шарасыз қабақпен қараған Ж.Шаяхметов: «Кеш қалдық, Ілияс, кеш қалдық. Бұл адам қазір Мәскеудегі әлдекімдердің көңілін тауып алған. Тіпті сеніміне де кіріп алды. Егерде біз оған тиіссек, ол біздің басымызды алып түседі. Ахметжан Қойшығұлов осыдан үш жыл бұрын оны жазалауды өтініп еді. Мен оған құлақ аспап едім. Сол кездің өзінде онымен күресу қиын болатын. Ал енді тіпті түк те істей алмайсың»,– депті (Ильяс Омаров: өмір және филолсофия).

Ілияс Омаровтың «Күнделігінде» аты көрсетілмеген бұл Пәленше кім? Әрине, сырттан сыралғы тыңшы келген жоқ. Ал іштегі іріткішілді іздеп біз де әуреге түспедік. Мұнымыз бекершілік екенін түсінеміз. Бірақ аты-жөні анық көрсетіліп тұрмаған соң, тәуекелдің өзі де қиянат сияқты көрінді. Ақыры Шаяхметовтің жорамалы шындыққа айналып, «дабыл қоңырауы» қағылды да, астан-кестен басталып кетті.

Ә.Тәкенов (жалғасы): «50-ші жылы 26-желтоқсанда «Правда» газетінің «Қазақстан тарихы мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан зерттелсін» деген мақаласы қазақ тарихшыларын, оған қоса басқа қоғамдық ғылымдар саласында қуғын-сүргіннің бастамасы болды. Мақала авторлары ғалымдар арасында негізінен Бекмахановтың монографиясын талдау кезінде көзге түскен ортақол тарихшылар болатын (Т.Шойынбаев, Х.Ғ.Айдарова, А.Якунин). Соған қарағанда бұларды қолдаушы белгісіз бір күш болса керек. Осылайша партия органы өз беделін пайдаланып, саяси науқанды ашты: «Мақала авторларының: «Бекмахановтың «қателіктерін» Мәскеу мен Алматы ғалымдары ашпады. Енді ол қателіктер «Қазақ ССР тарихының» екінші басылымына кірді»,– деген қатал тұжырымдары бұл «қатардағы» тарихшылардың үлкен беделді пайдаланғанын дәлелдейді».

Шындығында да, ұлтшылдықты әшкерелеу науқаны 1950 жылғы 26 желтоқсанда «Правда» газетінде шыққан аты шулы мақала ерекше қарқын берді. Өйткені бұл – жеке басылым мен жекелеген адамдардың жеке адамға немесе оның ғылыми көзқарасына қарсы пікір емес, керісінше, дүниенің тұтқасын ұстап тұрған қызыл империяның өзі насихаттаған «халықтар достығын» – қарауындағы халықтың зиялы өкілдерін «халық жауы» ретінде көзін жою арқылы күшпен, үреймен, тіпті, «коммунистік колонизаторлықпен», коммунистік шовинизммен орнату саясаты еді. Ал мұны жүзеге асыру үшін Украинаны, Қазақстанды, Татарстанды таңдап алды. Қазақстан БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі және оның жауынгері «Правда» газеті төрт-бес жыл қатарынан табанды түрде жұмыс істегені архив құжаттары арқылы дәлелденіп отыр. Соның ішінде ұлттық мамандардың ұясы ұлттық ғылыми ойдың мәйегі енді ұйып келе жатқан Ғылым Академиясы мен жоғары оқу орындарындағы ғалымдардың ұлттық тарихи көзқарасының қалыптасып, ғылыми тұрғыдан бекіп қалмауы үшін іріткі салуды мақсат етті. БК(б)П Орталық комитеті тарапынан жүргізілген жазалау жұмыстарына дайындықтың қалай жүргенін түсіндіру үшін қысқаша шолу жасай кетеміз.

1950 мамыр-маусым айларында «Қазақ ССР Ғылым Академиясының саяси көзқарасы жат мамандармен нығыздала толтырылғаны» туралы «Правданың» Алматыдағы тілшісі Черниченко мен Т.Шойынбаев ұйымдастырған арызды тексеру үшін БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімі нұсқаушылары П.Апостолов, Б.Н.Митрейкина, партия, кәсіподақ және комсомол ұйымдары бөлімінің нұсқаушысы А.Петровский Қазақстанға келді. Олар өздерінің «әшкерелеуші қорытындысын» 1950 жылы 29 маусым күні  БК(б)П Орталық комитетінің хатшысы Г.М.Мальенковқа жолдады. Онда академияға қарасты барлық мекемелер тексерілді. Черниченко мен Т.Шойынбаевтің ықпалының күшті және тексеруге тікелей ықпал жасағанын: комиссияның Академияны қаралауды – Е.Бекмахановтың Кенесарының қозғалысына қатысты пікірін айыптаудан, жер аударылудан қайтып келген «халық жауларының» қызметін анықтаудан бастағанынан-ақ аңғаруға болады. Біз тексеру комиссиясының қоғамтану, оның ішінде тарих пен әдебиетке қатысты тұжырымдарына қысқаша ғана тоқталамыз. Онда:

«Жазылған арызда: Қазақстанның ғылымы мен мәдениет саласында ұлтшылдық көріністерінің орын алып отырғаны, Қазақ ССР Ғылым Академиясында кадрларды таңдауда және орналастыруда большевиктік принциптің бұзылып отырғаны, сынға қысым көрсететіні көрсетілген. Көрсетілген фактілер тексеру барысында негізінен расталды. Қазақстан К(б)П Орталық комитеті өзінің қаулыларында: Қазақ ССР Ғылым Академиясындағы кейбір ғылыми қызметкерлері өздерінің еңбектерінде зиянды және идеялық жағынан қате мәселелерді дәріптеп көрсетілетіні, хандар мен байларды марапаттауға жол беретіні, революцияға дейінгі қазақ ауылдарындағы таптық күресті көмескілеп көрсететіні, буржуазияшыл-ұлтшыл идеяларды өткізіп жіберетіні және орысқа қарсы көзқарасты қоздыруға ұмтылғаны – бірнеше рет аталып өткен болатын. Алайда көптеген ғылыми қызметкерлер аталған қателіктер мен бұрмалауларды қайталаумен келеді және оған Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің тарапынан тиісті дәрежеде баға берілмей отыр.

Мысалы, «Қазақстан ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарында» атты кітаптың авторы Бекмаханов Кенесары Қасымовтың көтерілісінің маңызы мен сипаты жөніндегі жалған көзқарасты әлі де қасарыса қорғаумен келеді. Ол өзінің осы еңбегінде қазақ халқының тарихына қатысты сенімді дерек көзі ретінде Әлихан Бөкейхановтың – контрреволюциялық «Алаш» партиясының көсемінің еңбегін насихаттап отырғанын, осы кітаптың алғысөзінде «айдаудағы троцкишіл», Бекмахановтың кітабінің редакторы Варшавскийге «ерекше ықылас білдіргенін» жасырып отыр. Коммунист Бекмахановтың троцкишілмен сыбайлас болуы жалғыз бұл емес...

... Әдебиет пен өнер саласында да өрескел қателер қайталанып отыр. Қазақ әдебиетінің орта мектептің ҮІІІ класқа арналған оқулығында Жұмалиев (1948 ж.) «қырық адамның ақылы бар» хандар мен сұлтандарды мадақтайды. Оқулықта ХІХ ғасырдағы реакцияшыл ақындар Мұрат пен Шортанбайдың идеялары обьективті бағытта баяндалады, олардың Шығыстың мұсылмандық мәдениеті мен өткендегі хандықты жырлайтын өлеңдері насихатталады. Мұқановпен бірігіп құрастырған Жұмалиевтің ІХ класқа арналған оқулығында татардың контрреволюциялық жазушысы, пантүркістік идеяның көсемі Гаспиринский мен 1930-жылы кеңеске қарсы әрекеті үшін сотталып кеткен (Ыбырай, Үкілі Ыбырай – Т.Ж.) Сандыбаевтің аты жүр».

Ә.Тәкенов (жалғасы): «Сыншылар пікірталастар кезіндегі ойларын қайталаудан әрі аспаса да «Правда» төменгі сөздерді ірі әріптермен беріпті. «Барлық тарихи деректер Кенесары қозғалысы революцияшыл да, прогресшіл де болмағанын баяндайды. Бұл қазақ халқын кері, патриархалдық-феодалдық тіректің бекуіне, ортағасырлық хандық өкіметтің қайта орнауына, Қазақстанның Ресейден және ұлы орыс халқынан қолүзуіне әкелген реакцияшыл қозғалыс болды»,– деген («Правда», 1950, 26-желтоқсан) шегелеп айтылған сөздер тікелей нұсқау іспетті әсер етті, солай болды да, «Правда» бұдан әрі тарихты «бұрмалаушы», марксизм-ленинизмнің ғылыми позициясынан ауытқушы, тарихи оқиғаларда буржуазияшыл-ұлтшылдық тұрғыдан бағалаушы Бекмаханов деп қорытындылаған».

Комиссияның қорытындысы (жалғасы): «Қазақ ССР Ғылым Академиясы 1950 жылы Ақышеваның «Қазақстандағы ірі байлардың мал мен мүлкін тәркілеу» атты монографиясын шығарды. Кітапта байлардың өшпенділікке толы, кеңеске қарсы пікірлері топтастырылып берілген, байлардың бандиттік көтерілісіне қатысқан кедейлердің көптеген жағымсыз пікірлері мен мысалдары келтірілген. Оның саяси зиянды екеніне байланысты Қазақстан К(б)П Орталық комитеті оны таралымнан алып тастады. 

Сол сияқты 1950 жылы жарық көрген Погорельскийдің «Көшпелілердің отырықшылануы және Қазақстандағы мал шаруашылығының дамуы» атты таралымнан алынып тасталған кітабында автор: «көшпелілердің рулық құрылымы біз білетін Маркс-Энгельс айтқандай емес, керісінше, Радловтың жазғанындай»,– деп дәлелдеген. Қазақтардың көшпелі өмір салтынан отырықшылыққа көшу мәселесіне байланысты партия мен кеңес өкіметінің орынын жоққа шығарған, керісінше, халық жауы Байтұрсыновтың пікірінен (ашаршылық туралы – Т.Ж.) сілтеме келтірген.

Орталық өлкетану мұражайындағы көрмелер орысқа қарсы рухта тәрбие беретін, феодалдық-рулық құрылымды дәріптейтіндей етіп қойылған. Патшалық өкімет емес, керісінше, орыс халқы қазақ халқының қанаушысы етіп көрсетілген...

... Қазақ ССР Ғылым Академиясының толық мүшесі Жұбановтың идеялық жағынан зиянды кітабында ұлтшылдықтың бағыты ашықтан-ашық баяндалған. Ол кітапта («Замана бұлбұлдары» – Т.Ж.) фольклорлық мұра дегенді бүркеншік етіп, революцияға дейінгі «әншіл», «күйшіл» қазақ тарихын орыстарға қарсы ұстанымдағы «әнмен» баяндайды... Сол кітабі үшін Жұбановқа диссертация қорғамастан өнертану ғылымының докторы атағы берілді.

... Республика театрларының сахналарындағы көптеген пьесаларда, операларда, балеттерде де зиянды идеялар мен образдар орын алған. Көптеген драматургиялық шығармалардың авторлығына партиядан шығарылған ұлтшыл Мүсірепов ие болған. Оның және басқалардың пьесаларында («Қыз Жібек», «Ер Тарғын», «Қамбар мен Назым») Қазақстан К(б)П Орталық комитеті 1950 жылы айыптаған феодалдық-патриархалдық сарындағы, аңыздағыдай жомарт хандар мен байлардың тұрмысы дәріптелген поэзиялық шығармалар пайдаланылған...

Мысалы, «Алашорда» партиясының белгілі көсемі Халел Ғаббасовтың туған інісі А.М.Ғаббасовты – Сәтбаев Шөлейттану институтының директоры етіп тағайындаған...

Тарих саласында ұлтшыл, Сәтбаевтің күйеу баласы Әлкей Марғұлан тасаланып жүр. Филология ғылымдарының докторы бола тұрып ешқандай пайдалы ғылыми өнім берген емес. Оның 1939-1940 жылдардың арасындағы жалғыз еңбегі Едіге туралы мақала. Марғұлан бұл мақаласында орыс және қазақ халқының дұшпанын мадақтап, Едігені қазақ халқының ең озық өкілдерінің бірі, оның қорғаушысы етіп көрсетеді. Марғұлан өзінің бұл мақаласын  БК(б)П Орталық комитетінің қаулысында Едігенің реакциялық сипаты әшкереленген соң жариялап отырғанын айта кету керек».

Иә, саяси қуғыннан әбден зықысы шығып, отыз жеті-отыз сегізінші жылдары «жындыханада», «өлген» деген қауесеттің нәтижесінде тірі қалған Ә.Марғұлан бұл жолы да ғылыми экспедицияға шығып, қалаға жоламай қойды. Ол Арқа, Балқаш, Іле бойында зерттеу жүргізіп, «Саят құстары» атты еңбегін жазды.

Комиссияның қорытындысы (жалғасы): «...Ұзақ уақыт бойы Сәтбаев төрт отбасынан тұратын байдың тұқымдары, ағасы көрнекті контрреволюционер, алашордашы болған Ермековтерді қолтығының астына алып келді...

Академияның президенті Сәтбаев басқаратын Геология институты саяси тұрғыдан барынша күдікті адамдармен нығыздала толтырылған. Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің Академияның жұмысы туралы қаулысынан кейін 1950 жылы осы институттан бұрынғы троцкийшіл, кеңес әскерінің қашқындары, шет ел барлауының агенттерінің, бұрынғы «Алашорда» буржуазияшыл-ұлттық партиясының белсенді мүшелерінің балалары, жиыны 10 адам жұмыстан шығарылды...

Академияның Президенті Қ.И.Сәтбаев аса ірі байдың отбасынан шыққан. Оның екі ағасы кеңес өкіметі мекемесі тарапынан репрессияға ұшыраған. Сәтбаев өзінің 1917-1919 жылдары «Алашорда» контрреволюциялық партиясына белсенді қызмет еткенін партиядан жасырып келген...

... Тексерудің материалдары таяу арада Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бюросында талқыланатын болғандықтан да Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығын ауыстыру туралы ұсыныс қойылғаны жөн болар еді – деп есептейміз».

Міне, Орталық комитеттің нұсқаушыларының саяси өресі қандай дәрежеде болған және қандай «ірі ғылыми мәселелермен» айналысып, анықтаған. Анығы, бұл «Қорытындыны» жазуға Черниченко, Шойынбаев тікелей атсалысқан және Б.Н.Митрейкин де тікелей мүдделі болған. Өйткені, ол СССР Ғылым Академиясының филиалдары мен базаларының ғалым хатшысы болып жүрген кезінде Қ.Сәтбаевпен қас-қабағы жараспапты. Қ.Сәтбаевтің осы «Қорытындыға» берген 25-тамыздағы Қазақстан К(б)П Орталық комитетінің бірінші хатшысы Ж.Шаяхметов пен БК(б)П Орталық комитетінің үгіт-насихат бөлімінің меңгерушісінің орынбасары В.С.Кружковқа берген түсіндірмесінде:

«Ол (Митрейкин – Т.Ж.) 1941-1945 жылдары Қазақ филиалына немкетті қарады, тіпті өзінің саруайымшыл күңкілімен оның өсуі мен дамуына кедергі жасады. Сол жылдары Қазақ филиалында құрылған кез-келген жаңа ғылыми институт Митрейкин жолдастың тарапынан үнемі «штыкпен» қарсы алынды, «қалай болып қалар екен» деген жалтақтыққа жол берді»,– деп жазуы Митрейкин мен Сәтбаевтің екі арасы «ежелгі жау дос болмас» деген жағдайда екенін байқатады.

Өз кезегінде В.С.Кружков мәселені  БК(б)П Орталық комитетінде тезірек талқылауды жүзеге асыру үшін «Правда» газетіне тапсырма беріп, Қазақ ССР Ғылым Академиясы жөнінде сын материал жариялауды тапсырды. Ал олар «дайын тұрған» Кенесары Қасымовтың қозғалысы туралы жазылған Е.Бекмахановтың кітабін оққа байлады. «Қазақстан тарихы туралы кітаптағы бұрмалаушылықтарға қарсы» деген сыни мақала ұйымдастырып, «Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеровті Ж.Шаяхметовке жолығып, оның пікірін біліп келуге жіберді. Бүкіл қазақ елін «жау шапты» деп атойлатуға мүмкіндік берген екеуара әңгіменің жазбасы мынадай:

«1950, қазан. Сұрақ (мақала мен өзге де құжаттарды екі рет оқып шыққаннан кейін): – Біздің әңгімемізді қалай түсіндіруге болады және Сіздің пікіріңізді қалай жеткізу керек?

Жауап: – Ең басты мәселені бөліп алып жауап беру керек: Кенесарының қозғалысы реакциялық қозғалыс болды ма, әлде прогрессивтік қозғалыс болды ма? Біз оны осы уақытқа дейін прогрессивті деп есептеп келдік. Шәріповтің мақаласы Орталық комитеттің пікірін білдіреді. Егер «Правда» қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе, егерде бұл мәселе пісіп-жетілді деп есептейтін болса, онда бұл мәселені одан әрі талқылау барысында тұғыр етіп алу үшін мақаланың өктем мәнерін (об изменении тона) өзгертуді ойластырған жөн шығар. Біздің де атқарған жұмыстарымызды атап өту керек, Шәріповтің мақаласын, сонымен қатар өзге де құжаттарды жариялату арқылы Орталық комитет дұрыс бағытта жұмыс істеді ғой.

Сіздің мақаланың авторлары жөніндегі сұрағыңызға жауап ретінде айтарым мынау: бұл мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей, Орталық комитеттің басына шығып, масайрап кетпес үшін мақаланы мұнда қолы қойылған адамдардың атынан бермегендеріңіз дұрыс. Бүркеншік атпен, ең дұрысы орыс фамилиясына ұқсас келетін атпен бергендеріңіз жөн. Әйтпесе, қазақтың астарлы фамилиясының артында кімнің жасырынып тұрғанын іздеп бүкіл Қазақстан шабылып жүрмесін. Мақаланы маған көрсетіп, сенім білдіргендеріңізге өте ризамын»,–деп екіұштылау жауап беріпті Ж.Шаяхметов жолдас.

Ж.Шаяхметовтің бұдан басқа мазмұнда жауап беруі мүкін бе еді? Әй, қайдам. «Мақаланы екі рет оқыған соң», «Қалай да бұл мәселе жөнінде пікір білдіруді қажет деп шешсе», «мәселені көтерудегі өздерінің орынын дұрыс түсінбей, масайрап кетпес үшін» деген сөздер Кенесары Қасымов қозғалысы мен Е.Бекмахановтың соңына түскендердің де табанды күресін, талыс сүйенішін танытады. Осы уақытқа дейін оларға Ж.Шаяхметов тосқауыл қойып келсе, енді оған «ризашылығын білдіру» ғана қалған еді.

Бұл мәселенің «беті кері қайтпайтындай теріс бағып кеткенін»: 1950 жылғы 12-желтоқсан күнгі «Правданың» бас редакторы Л.Ф.Ильичевтің БК(б)П Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы, әлемге «коммунистік идеологияның сұр кардиналы» деген аты шыққан М.А.Сусловқа жолданған «Қазақстан тарихының мәселелері маркстік-лениндік тұрғыдан баяндалсын» деген тақырыбы қайтадан өзгертіліп жіберген «қызмет бабындағы мәліметтік жазбасы» анық дәлелдейді. Мұнда сол кездегі Қазақстандағы саяси көзқарас ахуалынан және ұлттың адал азаматтарының ұстанған пікірінен толық мағлұмат берілетін болғандықтан да, тұтас келтіреміз:

«Кенесары Қасымовтың қозғалысына дұрыс баға бермеген Е.Бекмахановтың мәселесі туралы әр кезде бірнеше адам: мәскеулік тарихшы Якунин мен Х.Ғ.Айдарова, қазақ тарихшысы Шойынбаев, «Правданың» меншікті тілшісі Черниченко редакцияның алдына арнайы мәселе ретінде қойып келді. Якунин мен Х.Ғ.Айдарованың, Шойынбаевтің бірігіп жазған мақаласы редакцияның алқа кеңесінде үш рет талқыланды. Кенесарының қозғалысы туралы мәселені П.Кузнецов («Правда»), Морозов пен Лихолат (БК(б)П ОК үгіт-насихат бөлімі) жолдастар арнайы қарастырып шықты. Олардың барлығы да Е.Бекмахановты айыптаған бұл мақаланы жариялау жөнінде ұсыныс білдірді. Мақала жариялауға қабылданды.

Е.Бекмахановтан жедел хат алған соң және сіздің нұсқауыңызбен қосымша тексеру жұмыстары жүргізілді. Правда» газетінің сын және библиография бөлімі редакторының орынбасары В.Озеров арнайы Алматыға барып қайтты. Қазақ тарихшыларының көпшілігі Е.Бекмахановтың ұстанымына қарсы екені, оны буржуазиялық-ұлтшылдық деп бағалайтыны анықталды. Қазақ ССР Ғылым Академиясының басшылығы (Сәтбаев жолдас) және Орталық комитеттің қызметкері (Омаров), (иә, олар үшін Орталық комитеттің хатшысы жай қызметкер – Т.Ж.) Кенесары Қасымовтың қозғалысына реакциялық қозғалыс ретінде баға берілген жарияланымға үзілді-кесілді қарсы екендіктерін мәлімдеді.

Мақаламен Шаяхметов жолдас та танысып шығып: оның өзі қозғалысты реакцияшыл деп есептемейтінін, егерде мәселе пісіп-жетілді деп есептеп, «Правда» мақаланы жариялауға бекінсе, онда оған кейбір өзгерістер енгізу керектігін білдірді. Өзгерістер енгізілді.

Бұдан басқа, «Правда» редакциясының сын және библиография бөлімі арнайы кеңес шақырды. Онда мақала әр түрлі көзқарас иелерінің талқылауына ұсынылды. Мақалаға қарсы Бекмаханов пен Вяткин жолдастар (кітаптің редакторы) қарсы сөйледі, олар Бекмахановтың соңғы хатының рухында, бірақ бұрынғыдай өктем емес, пікір білдірді. Якунин, Х.Ғ.Айдарова және Қазақстаннан арнайы келген Б.Сүлейменов – Е.Бекмаханов кеңестің назарына ұсынған құжаттарды жоққа шығарды.

Содан кейін мақала редакция алқасында төртінші рет талқылауға қойылды, тағы да Морозов пен Лихолат жолдастардың қарауына жіберілді. Олар: басылсын – деген ортақ пікір білдірді.

Е.Бекмахановтың соңғы хаты, оның бұрынғы ұстанымын ақтауға тырысуымен ғана емес, сонымен қатар күш көрсете баяндаған өктем мәнерімен (угрожающим тоном), сондай-ақ бірқатар жалған айыптауларымен және қарама-қайшылықтарымен назар аударады.

Е.Бекмаханов мақала авторларын (олардың аттары оған белгісіз болатын) дұшпанның қолшоқпары деп атады. Оның ойынша, мақала: «қазақ халқының жаулары – буржуазияшыл-ұлтшылдар мен космополиттер қасақана қуана қолдап отырған жалған пікір» екен. Сөйтіп ол мақалада айтылмаған тұжырымдарды дәлелдеуге тырысты.

Мысалы, Е.Бекмаханов: авторлар Кенесары мен Шәмілдің арасын салыстырады,– деп көрсетеді, ал мақалада Шәмілдің аты да аталмайды.

Бекмаханов мақала авторларына: «...(ХІХ ғасырдың) 30-40 жылдары қазақ еңбекшілері отаршылдық езгіні басынан кешірген жоқ – деген пікір айтады. Мұндай тұжырымдар патшалық реакциялық-отарлаушылық саясатын тікелей қорғау болып табылады»,– деп кінә тақты. Ал мақалада: «Қазақстанның Россияға қосылуы «прогрессивтік сыпат алды» – деп көрсетіле отырып, бұдан әрі «сонымен қатар, патшалық өкімет, ХІХ ғасырдың 30-жылдарында қазақ даласы мен Орта Азияға басып кіруі арқылы еңбекші бұқараға ауыр езгі жүргізді. Орыс патшалығының отарлау саясаты, зорлық пен тонаушылық қазақтардың заңды қарсылығын тудырды»,– деп көрсетілген болатын.

Е.Бекмахановтың хатының өзінде тікелей қайшылықтар бар. Мысалы, ХІХ ғасырдың 30-40 жылдарындағы Орта Азиядағы ағылшын-орыс қатынастарының шиеленісуін жоққа шығарады (16-18 беттер). Ал Бекмаханов сол кітабінің ішінде орыс әкімшілігі жүйесінің Қазақстанға енгізілуі үрдісі жөнінде: «... бұл үрдіс 30-жылдары ағылшын-орыс қатынастарының бәсекесіне байланысты бұрынғыдан да кең түрде шиеленісе бастады... Орта Азия бірте-бірте орыс-ағылшын бәсекесінің негізгі күрес майданына айналды»,– деп жазды (114-бет).

Е.Бекмахановтың хаты – тек қана өзінің теориялық ұстанымын табанды түрде қорғау ғана емес, сонымен қатар мақаланың жариялануы мәселесін шешуге көрсетілген қысым болып табылады.

Сондықтан да мақаланы жариялаған жөн болар еді деп есептейміз.

Л.Ильичев».

Мұның өзі Кенесары қозғалысын теріс бағалау арқылы қазақтың ұлт-азаттық идеясын мәңгілік өшіруге бағытталған «идеологиялық жазалау» саясатының, С.Сәдуақасовтың салыстырмалы бағасымен айтсақ, «патшалық отарлаудың» – «коммунистік – колонизаторлық» жүйеге ауысуынан басқа ештеңе емес» екенін танытады. Әрине, «сұр кардинал» Суслов сумаңдаған жіңішке, арық, салалы саусақтарымен сондай бір сүйінішпен сүйкете қол қойғаны анық. Реті келгенде айта кетейік, ол араға тура отыз бес – отыз алты жыл өткен соң қазақ тарихын тағы да жоққа шығаруға ұмтылып, Олжас Сүлейменовтің «Әліп пен ақын» кітабі туралы тура осындай  қаулыға қол қоюға тапсырма берді. «Сұр кардиналдың соңғы жазалау жарлығы» орындалмай қалды. Уақыттың екпіні мен ырғағы өзгерді, оның бойындағы «коммунистік-колонизаторлық» қуаты да сарқыла бастап еді.

Сонымен, 1950 жылы 26-желтоқсан күні партия мен кеңес өкіметі қазақ халқына аса қуатты әрі жазалаушы, халық жауларын әшкерелеулер мен алауыздыққа итермелеген, сөйтіп, ұлттың мәйегін іріткен арандатушы «жолдауы»  арқылы жаңа жылға «тосын сый тартты».

Мақаладағы басты пікір: Кенесары Қасымовтың ұлт-азаттық көтерілісі қазақ халқын орыс халқына қарсы қойды, ол хандықты көксеген қозғалыс, қазақ ғалымдары мен шығармашылық иелері Кенесарыны ұлттық қаһарман ретінде әсіре мадақтайды – дегенге сайды. Онда:

«(...) Известно, что национальный вопрос в разные времена служат различным интересам и принимает различные оттенки, в зависимости от того, какой класс и когда выдвигает его. Кенесары Касымов и окружавшая его феодальная верхушка, увидев как невыгодно было им потерять старые привилегии и могучество начали борьбу за возрождение средневекового ханства. Все исторические данные говорят о том, что движение Кенесары не было ни революционным, ни прогрессивным. Это было реакционное движение, которые тянуло казахский народ назад, к укреплению патрихально-феодальных устоев, и реставрации средневековой ханской власти, и отрыву Казахстана от России и великого русского народа»,– деп (әдейі түпнұсқалық мәтін алынды) пікір білдірді.

«Правданың» мақаласы – сот үкімінен де пәрменді еді және Орталық комитеттің бірінші хатшысы да оның күшін жоя алмайтын. Сол үкім енді Қазақстанның тағдырын ұршықтай иірді.

КПСС Орталық комитетінің идеология жөніндегі хатшысы М.А.Сусловтың жетекшілігімен үгіт-насихат бөлімінің және «Правда» газетінің баспасөзде ұйымдастырған «науқандық шабуылын» әшкерелейтін хаттар мен құжаттардың, мағлұматтар мен түсініктердің, мақалалар мен домалақ арыздардың мазмұнына жүгінсек Ж.Шаяхметов пен І.Омаров Кенесары қозғалысын әшкерелеуге қарсы болған, олар үш айға дейін «Правданың» мақаласын бастауыш партия ұйымында талқылауға рұқсат бермеген, тек Шаяхметов ісспарға кеткен кезде екінші хатшы Кругловтың пәрменімен мақала Тарих институтының партия ұйымында асығыс талқыланған. Ал Д.А.Қонаевтің естелігінде: бұл науқанды өршітуге ұйытқы болған және осы мәселеде дұрыс бағыт ұстамаған – Ж.Шаяхметов басқарған Орталық комитеттің өзі – деген емеуірін танылады.

Сонымен, Қазақстанда бұл науқан ерекше екпін алып, құйындата жөнелді. «Қызыл өңешке сүйенген» жандайшап әшкерелеулер жаныға қарқын алды. Басында ғылыми мекемелерде ғылыми немесе шығармашылық мәселе ретінде талқыланған «идеясыздық» пен «буржуазияшыл, феодалшыл ұлтшылдықтар» зиялылардың жеке басын қатерге тігіп, сотталып, қуғынға ұшыратты. Қазақстанда солардың алғашқысы болып қарауылға Қаныш Сәтбаев пен Мұхтар Әуезов және оның осыдан жиырма жылдай бұрын жазылған «Хан Кене» пьесасы ілінді.

Соңы қызылкеңірдекке ұласып, ұлт көсемдері дәрежесіне көтерілген тұлғалардың өзі бірін-бірі көрсете бастады. Қазақстан зиялылары жаппай және жағаласа жау іздеуге көшті.

(Жалғасы бар)

Abai.kz


[1] Бұл тарау: талданатын тақырып та, жазушы да, туынды да біреу болғандықтандан амалсыздан дерліктей «Хан Кенеге» қатысты «Бұзылған бесік!..» атты әфсанаға «Бесік бұзар «әлди» деген атпен мақсатты түрде топтастырылып берілгенін ескерте кетеміз.

0 пікір