Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Білгенге маржан 2919 1 пікір 21 Қараша, 2023 сағат 14:19

Швейцариялық прогрестің басты құпиясы неде?

Бүгінгі қазақтар «Швейцария ел тәрізді» болу деген Алаш ардақтыларының арманын жүзеге асыруға толық мүмкіндігіміз бар. Сонымен, Швейцарияның жетістіктерінің құпияларына үңіліп көрейік.

1648 жылғы Вестфалия бейбітшілік келісімі Швейцарияның тәуелсіздігін ресми түрде мойындады. Тәуелсіздіктің 400 жылдық тарихының 300 жылында біртұтас билік, тіпті ресми астанасы да болмағаны қызық. Швейцария Конфедерациясы - 8,5 миллион халқы бар, жер көлемі 41 285 км², мұхиттарға шыға алмайтын, орталық Еуропадағы шағын мемлекеті. Былайша айтсақ, жер көлемі Қазақстанның ең шағын бір облысының жеріне де жетпейді.

Юра таулары мен Альпі жоталары оның аумағы жерінің көп бөлігін алып жатқандықтан, табиғи ресурстары да шамалы. Швейцарияның ең ірі экспорты шоколад екенін білсең, табиғи ресурстардың бұл елдің дамуына әсері шамалы екенін түсінесің.

Швейцарияның барлық капиталы азаматтар мен компаниялардың меншігі болғандықтан, Швейцария халқы әлемдегі ең бай адамдарға айналған екен.

Швейцариялық азаматтың орташа дәулеті 696 000 долларды құрайды және әрбір 1000 адамға 86 миллионер келеді деген көрсеткішпен әлемде көш бастап тұр.

Швейцария азаматтарының орташа айлық жалақысы 2020 жылғы жағдай бойынша 6597 долларды құрайтыны да әлемдегі ең жоғары көрсеткіш болып табылады. 2022 жылы Швейцарияның жан басына шаққандағы ЖІӨ 91 мың долларға жетіп, әлемде 4-ші орынға ие болды.

Швейцария адам өмір сүруге ең қолайлы ел ретінде бірнеше мәрте танылды.

Швейцариялық прогрестің басты құпиясы неде?

Біріншіде: Швейцария азаматтарының бай, дәулетті өмір сүруінің 3 құпиясы бар. Бұл ТАУАР АЙНАЛЫМЫ, АКЦИЯЛАР ҮЛЕСІНІҢ КІРІСІ және ЖОҒАРЫ ЖАЛАҚЫ.  Швейцариялықтардың өте ауқатты өмір сүруінің негізі осы факторларға байланысты. Әрбір швейцариялықта қатарынан осындай үш кіріс болатындықтан бай-бағлан өмір сүреді. Басқаша айтқанда, Швейцария азаматтары өздері таңдаған жұмысын істеумен қатар жоғары жалақы алады, және акция үлесі мен тауар биржаларынан мол пайда таба алады.

Екіншіде: Швейцария-өнеркәсіптік революцияны жасай алған әлемдегі бесінші ел. Үш түрлі толқынды қамтыған «Бірінші өнеркәсіптік революция»-сы 1712-1914 жылдар аралығында болды.  Бірінші толқын 1709 жылдан 1840 жылға дейін созылды және ол тек Англияға қатысты болды. Екінші толқыны 1840-1870 жылдар аралығында болды және Франция, Германия, Швейцария, Бельгия және Америка Құрама Штаттары сияқты елдерді қамтыды.

Қазақстанда өнеркәсіптік революцияға қажетті табиғи ресурстардың барлық түрлері бар. Біз де жасай аламыз.

Үшіншіде: Швейцария елі ақша мәселесін толығымен шешкендіктен өте жоғары прогреске қол жеткізгенін бірден түсінуге болады. Бір таңқаларлығы, бұл кішкентай ел өзінің ұлттық валютасын- ШВЕЙЦАРИЯЛЫҚ ФРАНКТІ - әлемдік резервтік валютаға айналдыра алғаны таңқаларлық. Швейцариялық франк 1850 жылдан 1936 жылға дейінгі 86 жыл ішінде өз құнын мүлдем жоғалтқан жоқ. Сонымен қатар 1936-1992 жылдар аралығында ең төменгі валюта бағамы бар бірыңғай валютаға айналу қабілетінің құпиясы-ол алтын стандартын тұрақты ұстанып келуіне байланыты деп көреді. Сондықтан да бүкіл әлемге «швейцариялық алтын франк» ретінде танымал.

Жаңа Қазақстан билігі «Алтын теңге» саясатын қолдана алса бізде де  солай болар еді...

Төртіншіде: Швейцария әлемдегі алғашқы салық жұмағы болды. Швейцария құрылған 1648 жылдан бастап Швейцариядағы салықтар әлемдегі ең төмен салық деп танылып келді. Екінші дүниежүзілік соғыстан кейінгі Швейцариядағы салықтардың өсуімен 1960 жылға қарай жалпы мемлекеттік шығындар ЖІӨ - нің 7 пайызына, ал 1990 жылы 9,7 пайызға дейін өсті.

1999 жылы қабылданған Швейцарияның жаңа Конституциясы бойынша салық көбейіп 2020 жылға қарай Швейцарияның мемлекеттік бюджеті ЖІӨ-нің 10,7% ке жетіп 62,8 миллиард швейцариялық франкке теңесіп рекордтық деңгейіне жетті. Салықтың мұндай өсуі орын алғанымен Швейцария салығы әлі күнге дейін әлемдегі ең төмен салық болып саналады.

Осындай төмен салықтармен кез-келген ел зор қадамдармен дами алады. Швейцария Конституциясында мемлекеттің билігін шектейтін және оның азаматтарының құқықтарын қорғайтын салық салуға қатысты 17 бап пен 37 ереже бар.

Жаңа Қазақстан билігі де осындай конституциялық ережелерді ұсына білуі керек.

Бесіншіде: Швейцария билігінің Қазақстан билігінен айырмашылығы, КСРО-ның құрамында болып барлық жерді, барлық табиғи ресурстарды, барлық ауыр өндіріс кәсіпорындарын мемлекеттің меншігіне алып өз халқын қайыршылық деңгейге жеткізбеген еді. Басқаша айтқанда, Швейцарияда ешқашан социалистік мемлекет болған емес.

Қазақстанда социализмді аяқтағанымызға 30 жылдан асып кетті.

Алтыншыда: Швейцария билігі Қазақстан билігі тәрізді бағаны белгілеп еркін экономиклық дамуға тұсау жасаған жоқ. Швейцарияда еттің бағасы  еуропалық еттің орташа бағасынан 2 есе қымбат. Жалпы, Швейцариядағы барлық тауарлардың бағасы әлемдегі ең жоғары бағалардың біріне жатады. Алайда, карантин кезеңінде инфляция деңгейі 3,5% деңгейінде сақталып қалды, әлі де әлемдегі ең төменгі инфляцияға ие ел болып табылады. Егер тауарлар бағасының өсуі инфляция болып саналса, онда Швейцария инфляциясы ең жоғары ел болып саналуы керек.

Жаңа Қазақстан билігінде де инфляцияны  жеңе алатын жоба-жоспары болуға тиіс.

Жетіншіде: Швейцария халқы мінсіз азаматтық билік құра алды. Швейцария автономия принципі бойынша жұмыс істейтін 26 штат пен 2222 муниципалитетке бөлу арқылы мінсіз азаматтық әкімшілік құра алды. Егер оның 8,5 миллион халқы 2222 муниципалитетке бөлінсе, әрқайссын 3825 адам құрайды. Біздің елдегі бір ауылда орташа осындай халық бар. Швейцария муниципалитетінде жалпы алғанда барлық құқық бар. Жері өздерінің білімінде. Байлығы өзінікі. Мүлік өзінде. Биілігі өзінде. Мемлекеттің барлық шаруашылық  жұмыстары кантон мен муниципалитет жүзеге асырады.

Швейцарияда кантондық деңгейде көшелерді абаттандырудан бастап, мектептер мен балабақшаларға қатысты мәселелер, ғимараттар салу, жолдар мен көпірлерді жаңалау және бұзу, салық салу, жерді пайдалану және т.б. сияқты барлық мәселелерді азаматтардың тікелей жиналыстары мен референдумдар арқылы шешеді. Швейцарияның жаңа конституциясы 123 бап пен 305 ереже арқылы Одақ пен Кантондардың өкілеттіктерін бөлуге, олардың міндеттерін көрсетіп, өзара үйлестімге және өзара бақылауды қамтамасыз етуге арналған.

Жаңа Қазақстанда да жергілікті өзін-өзі басқару жүйесіне өзгерістер еңгізуге болады.

Сегізіншіде: Швейцария Парламенті екі палаталы. Өкілдер палатасында халық өкілдерінен тұратын 200 мүше, ал Сенатта штат өкілдерінен тұратын 46 мүше бар. Швейцария Парламентінің мүшелері ретінде ерекше артықшылықтарға ие «мырзалар» жоқ. Олар тұрақты жалақы алмайды. Олардың әрқайсысының өз жұмысы бар: мұғалім, дәрігер, заңгер, инженер, банкир, фермер, Мемлекеттік қызметкер, өнер және мәдениет қайраткерлері.

Қазақстанда 2 палатасы бар парламент бар, бірақ Швейцариядан мүлдем өзгеше.

Тоғызыншыда: Швейцарияда әділ және қуатты сот бар. Швейцарияның Женева сияқты облыстары қылмыстық істерде алқабилер сотын қолданады. Вауд, Невчатель, Цюрих, Тичино қатарлы провинцияларында кәсіби судьялар мен қарапайым азаматтардан тұратын трибуналдар жұмыс істейді.

Жаңа Қазақстан өз соттарымызды реформалай аламыз.  Сотты жаңалап, өзгерте аламыз.

Оныншыда: Швейцарияның Үкіметі де шағын. Швейцария Үкіметінде 8 министр бар. 39 мың мемлекеттік қызметші бар.

Жаңа Қазақстан Үкіметінде 21 министр, 82 мың  мемлекеттік қызметкер бар. Оларды қысқарта аламыз. Қысқартулар болуы керек.

Он біріншіде: Швейцарияның ілгерілеуі бейтараптық саясатымен тығыз байланысты. Бейтарап саясат дегеніміз кез-келген әскери, саяси немесе экономикалық одаққа қосылмау, соғысқа қатыспау, соғысушы тараптардың ешбірін қолдамау принципі. Егер ондай одақтарға ілесер болса, Швейцарияда міндетті референдум арқылы шешім қабылдайды. Швейцария 400 жыл бойы ешбір соғыстардан зардап шекпегендіктен әлемдік дамудың басында екенін түсінуге болады.

Қазақстан бейтарап ел бола алады. Негізінде Қазақстанды  бейтарап ел деуге де болады.

Он екіншіде: Швейцария Конституциясы әлемдегі ең демократиялық Конституцияға ретінде дамуда. Швейцария Конституциясының  жақсы Заң болуының себебі, 1848 жылдан бастап референдумдар 600 рет өткізіліп, Конституция уақыт ұттырмай жаңартылып қана қоймай 1874 және 1999 жылдары референдумдар мүлдем жаңа Конституцияны қабылдауға мүмкіндік берді.

Швейцарияның 100 000 азаматы бірігіп, 180 күн ішінде қол қоятын болса Федералды Конституцияға ішінара немесе толық өзгерістер енгізуге құқылы. Егер Швейцарияның 50 000 азаматы 100 күн ішінде бірігіп, келісімге қол қойса, олар кез-келген федералды заңдарды немесе ережелерді референдумға шығаруға құқылы.

Жаңа Қазақстанда референдум арқылы мүлдем жаңа Конституцияны қабылдай аламыз. Тіптен Швейцариядан да тамаша Конституциялық жоба жасауға болады.

Он үшіншіде: Швейцария көппартиялық жүйені өте дұрыс пайдалану арқылы саяси партиялардың озбырлығын тамаша шектей алды. 1959 жылдан бастап Швейцарияның 4 негізгі партиясы Өкілдер палатасындағы орындарды бөліседі.

Жаңа Қазақстан 30 жыл билеп келген негізгі бір партиялық жүйені жойып, көп партиялы жүйеге ауыса алады.

Егер осы 13 өзгерісті жасай алсақ, Қазақ елі Швейцариялық үлгімен өз болашағын жұмақ секілді елде тұруына мүмкіндік жасай алады.

Солтүстік Корея төрағасы Ким Чен Ын балалық шағын Швейцарияда өткізіп, сол жерде білім алған капиталистік қоғамның өнімі.  Сөйте тұра өз елін әлі күнге дейін социалистік қалпында ұстап тұруы өкінішті.

Қазақстан билігінде  «Болашақ» бағдарламасы арқылы АҚШ-та, басқа да дамыған елдерде білім алған жастар қамтылып жатса да социалистік бюрократиялық жүйе әлі қалпында деуге болады. Біз өзіміз билік пен үкіметімізді реформалауға мұқтажбыз. Адамдар жүйені реформалауды «революция» деп қабылдайды. Ал біздің  революциямыз саяси жүйеде, экономикалық жүйеде және құқықтық жүйеде жан-жақты өзгерістерді талап етеді. Бізде қаңтар оқиғасынан бері «Жаңа Қазақстан» атты кітап жазылып келеді. Егер біз осы мақалада сипатталған негізгі 13 түрлі саяси және экономикалық революция жасай алсақ, Қазақ елі  еш кедергісіз Швейцарияға айналып  Алаш арыстарының армандарын орындай алатын болады...

Амантай Тойшыбайұлы

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1290
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1168
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 907
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1032