Жексенбі, 19 Мамыр 2024
Жаңалықтар 10563 0 пікір 9 Қыркүйек, 2009 сағат 08:47

Алаш идеясының тәрбиелік мәні

ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш зиялылары отарлық езгіде азап шегіп жатқан қазақ халқының аянышты халін көріп, оны құтқарып алудың жолын іздеп шарқ ұрды. Халықты отарлық бұғаудан құтқару үшін азаттық, бостандық ұранын ту қылып тігіп, бүкіл халықты осы жолда бірлесіп күресуге шақырады. Тәуелсіздікті армандаған Алаш зиялылары 1917 жылы желтоқсанда, Орынбор қаласында Алаш автономиясын жариялады. Оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Бұл Алашорда өкіметінің негізгі мақсаты - тәуелсіздікке қол жеткізіп, халықтың тұрмыс-халін жақсарту еді.

Қазақтың мүддесін қорғайтын Алашорда өкіметі құрылғанын естіп білген қазақтың саналы азаматтарының да, халықтың да қуаныштарында шек болмады. «Отарлық бұғаудан құтылдық қой» - деп бөріктерін аспанға атты. Бірақ бұл қуаныш баянды емес еді. Отарлық саясаттан қол үзбеген Уақытша өкімет те, Колчак өкіметі де Алаш автономиясын қолдамады. Кеңес өкіметі Алаш автономиясын қолдау түгіл, Алаш көсемдерін қуғын-сүргінге ұшыратып, ақыры оларды «Халық жаулары» деген желеумен 1937-1938 жылдары жаппай қырып тастады. Бұлармен бірге Алаш саясатын қолдамаған, Кеңес үкіметіне бірлесе қызмет атқарып жүрген қазақ зиялыларын да құртып жібереді. Сөйтіп, Кеңес өкіметі  көзге түскен адамдарды аяусыз жазалап, халықты қорқытып, зәресін алып бұқтырып тастаса да әділетсіз қоғамға іштей қарсылық еш уақытта тоқырап қалған емес.

ХХ ғасырдың бас кезінде Алаш зиялылары отарлық езгіде азап шегіп жатқан қазақ халқының аянышты халін көріп, оны құтқарып алудың жолын іздеп шарқ ұрды. Халықты отарлық бұғаудан құтқару үшін азаттық, бостандық ұранын ту қылып тігіп, бүкіл халықты осы жолда бірлесіп күресуге шақырады. Тәуелсіздікті армандаған Алаш зиялылары 1917 жылы желтоқсанда, Орынбор қаласында Алаш автономиясын жариялады. Оның төрағасы болып Әлихан Бөкейханов сайланды. Бұл Алашорда өкіметінің негізгі мақсаты - тәуелсіздікке қол жеткізіп, халықтың тұрмыс-халін жақсарту еді.

Қазақтың мүддесін қорғайтын Алашорда өкіметі құрылғанын естіп білген қазақтың саналы азаматтарының да, халықтың да қуаныштарында шек болмады. «Отарлық бұғаудан құтылдық қой» - деп бөріктерін аспанға атты. Бірақ бұл қуаныш баянды емес еді. Отарлық саясаттан қол үзбеген Уақытша өкімет те, Колчак өкіметі де Алаш автономиясын қолдамады. Кеңес өкіметі Алаш автономиясын қолдау түгіл, Алаш көсемдерін қуғын-сүргінге ұшыратып, ақыры оларды «Халық жаулары» деген желеумен 1937-1938 жылдары жаппай қырып тастады. Бұлармен бірге Алаш саясатын қолдамаған, Кеңес үкіметіне бірлесе қызмет атқарып жүрген қазақ зиялыларын да құртып жібереді. Сөйтіп, Кеңес өкіметі  көзге түскен адамдарды аяусыз жазалап, халықты қорқытып, зәресін алып бұқтырып тастаса да әділетсіз қоғамға іштей қарсылық еш уақытта тоқырап қалған емес.

Кеңестік тоталитарлық жүйенің жендеттері асқан қатыгездікпен қатал тәртіп орнатып отырса да, азаттықты аңсаған кейбір саналы жастар өз қатарларының ұлттық санасын оятуға ұмтылып келді. Мектеп оқушыларынан бастап, жоғары оқу орындарындағы заман ағымын аңғара бастаған кейбір саналы студенттер қазақ халқына жасалып отырған зорлық пен қиянаттарды көздерімен көріп, әділетсіз қоғамға өздерінің наразылықтарын әр жерде білдіріп отырды. Олар өшіп бара жатқан өз халқының  тілінде, дініне, салт-санасына жаны ашып, келешекте қазақ халқы өзінің ұлттық қалпын сақтай алмай жоғалып кетеді-ау деп қайғырып, азаттық алса екен-ау деп армандады. Енді туған халқының азаттық алуын армандап, өз бастарына төніп тұрған қатерден де сескенбеген абзал азаматтар туралы сөз қозғайық.

1940-1941 оқу жылында Қарағанды облысы, Нұра ауданындағы Казгородок (қазіргі Кертінді)  ауылындағы орта мектепті бітірген бір топ оқушылар Қарағандыдағы екі жылдық оқытушылар институтына келіп, оқуға түстік. Бәріміз де бір бөлмеде жатамыз. Ауылдағы мектепте радио жоқ еді. Мұнда күндіз-түні радио сайрап тұр. Радиодан әр түрлі хабар естіп, қазақтың тамаша ән-күйлерін тыңдап, рухани азыққа кенелдік те қалдық. Өзіміз бұрын көрмеген газет, журналдарды да тауып алып, қызыға оқимыз. Кітап оқығың келсе, қалалық кітапханаға барасың.

Институтта біздерге қазақ әдебиетінен Айтбай Нарешов лекция оқитын. Ол лекция оқығанда бәріміз де ұйып тыңдап, елтіп қалғандай болатынбыз. Өйткені қағазға да, кітапқа да қарамай түсіндіріп отырған ақындардың  өлеңдерін мәнерлеп жатқа айтатын. Институттағы «Жас қалам» деп аталатын үйірмеге өзі басшылық етті. Онда оқып талдайтын кітаптарды да өзі әкеліп отыратын. Оның әдеби үйірмені басқарып жүргізіп отырудағы тікелей көмекшісі Бүркіт Ысқақов  болды.

Бір күні Айтбай Нәрешев ауырып қалып, институтқа келмеген соң, Бүркіт екеуіміз үйіне бардық. Төсек тартып жатыр екен. Амандық-саулық сұрасқаннан кейін інісі Рамазанға кітап сөрелерінен бір-екі кітап алғызып берді. Оның жеке кітапханасындағы кітаптардың көптігінен бұрын мұндайды көрмеген Бүркіт екеуіміздің есіміз шықты. Біз көзбен сүзіп, таңдана қарап жатырмыз. Ашық тұрған кітап сөрелерінің қасында құлыптаулы бір шкаф тұр екен. Онда да кітап толып тұр. Оны ашып қарауға бізге ұлықсат бермеді. Біз не болса да соны ашып көруге құмарта түстік. Кейіннен ағасының үйде жоқтығын пайдаланып, інісі Рамазанға жалынып шкафты аштырып көрсек, іші толған «халық жаулары» Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястың т.б кітаптары. Шкафтың ең төменгі түп жағында бізді ерекше қызықтыратын арапша әріптермен жазылған Ахмет Байтұрсыновтың «Маса», «Қырық мысал» кітаптары, Міржақып Дулатовтың «Оян, қазақ!» сияқты кітаптары сақтаулы екен.

Бүркіт екеуімізді ерекше қызықтырған тағы бір кітап Сәбит Мұқановтың «ХХ ғасырдағы қазақ әдебиеті» (1-бөлім, ұлтшылдық - байшылдық дәуір. Қазақстан баспасы. 1932 жыл. Қызылорда. Латын әріптерімен жазылған) деген кітабы болды. Бүркіт екеуіміз бұл кітаптарды біртіндеп қана білдіртпей алып, ешкімге көрсетпей оңаша оқып шықтық. Өзімізге ұнаған өлеңдерді дәптерге жазып алып, жаттап отырдық.

Біздің жататын жеріміз институттың ең төменгі қабатында. Жоғарғы қабатындағы бөлмелер оқу кабинеттері. Олар лекция біткеннен кейін құлыпталмай ашық тұрады. Бүркіт екеуміз басқа студенттер ұйықтағаннан кейін сол бөлмелерде оңаша оқып жүрдік.

Алаш ақындары мен олардың көсемдері жайында түсінік алып, олардың не үшін күрескенін білгеніміз - біздердің ұлттық намысымызды оятып, ерекше рухтандырып жіберді. Алдағы уақытта сол Алаш азаматтарының жолын қуып, туған еліміздің азаттығы, бостандығы үшін күресуге бел будық.

Елім-ау бір сен үшін міндік атқа,

Қолдан жем қылмаймыз деп сені жатқа.

Қолға алып Алаш туын ұрандадық,

Қарамай шапқан қылыш, атқан оққа.

Осы сияқты туған елі үшін жан аямай еңбек ете білген Алаш ақындары М. Дулатовтың, А. Байтұрсыновтың т.б өлеңдерін оқып, өмірлерінен түсінік алғаннан кейін қазақ халқының нағыз жанашырлары Алаш азаматтары екенін білдік.

Азаттықты аңсап жүрген Алаш азаматтарының бәрі де туған елін отарлық бұғаудан құтқарып, бостандық, азаттық әперу үшін төніп тұрған қауіп-қатерден де қаймықпай, шыбын жандарын да пида етуге дайын тұрған.

Бұған Мағжанның мына өлеңі толық дәлел бола алады:

Желе бер жаным қара көк,

Желкілде желмен айдарым.

Қолымда найза көк болат,

Ерлігіме айғағым.

Ұлт дегенде көпіршіп,

Жарайсың қаным қайнадың!

Ұлтымнан мен садаға

Бекіндім, белді байладым.

Білгенін енді істесін,

Өлімменен ойнадым!

Бұдан асқан туған халқы үшін жасайтын ерлік болар ма!

Осы сарындас жазылған өлеңдер біздерге жігер беріп, рухымызды көтере түсетін еді.

Немесе Аймауытовтың:

Арғы атам - ер түрік,

Біз қазақ - еліміз,

Самал тау шалқар көл,

Сарыарқа жеріміз.

Бұғаудан босанған,

Біз - долы арыстан,

Долданса болмайтын

Жаңа дәу-періміз.

Ер түрік ежелден,

Оқ тескен етіміз.

Қаймығып еш жаудан

Қайтпаған бетіміз.

Жаусын оқ, ақсын қан,

Шықсын жан, қорқу жоқ.

Алаштың жолында

Жан қимақ  - ниетіміз.

Осы сияқты Алаш ақындарының өлеңдері біздің жастық жігерімізді желпіндіріп, Алаш арыстары орындаймыз деп ұмтылған азаттық, бостандық идеясын біз де әрі қарай жалғастырып, тәуелсіздік үшін күрессек-ау деп армандадық.

Елімізді коммунистік партия емес, Алаш партиясы билесе, қазақ халқы ешқандай күйзеліске, қырғынға ұшырамаған болар еді. Қазақтар 1931-1933 жылдары аштықтан жаппай қырылып жатқанда Компартия ешқандай көңіл аудармай: «Біздің елде бәрі де бар, бәрі де тамаша» - деп, лепіріп жүре берді. Қазақтар біржолата құрып кетсе де қиналып, қайғыратын түрі болмады.

Бүркіт екеуіміз өзіміздің сенімді деген достарымызға жаттап алған Алаш ақындарының өлеңдерін ауызша айтып жүрдік. Байқасақ, естіп, тыңдағандардың бәрі де сүйсініп өте ұнататын болды. Екеуімізді де бұл жағдай өте жігерлендіре түсті. Енді Алаш партиясы сияқты халықты сүйетін, тек халық үшін қызмет қылатын жаңа партия құрсақ деп ойлай бастадық. Ондай партияны қалай деп атауымыз керек деген ой көп толғандырды. Әуелі «Жас алаш» деп атамақ болдық. Мұны қойып «Жас қазақ» демек те болдық. Ақыры «Елін сүйген ерлер партиясы», қысқарта айтқанда «ЕСЕП» деп атадық. Бұл 1941 жылдың ақпан айының аяқ кезі еді.

Енді мұны пікірлес достарымызға жария етпекпіз. Өзіміз жатқан жатақхананың бір бөлмесіне тегіс жиналдық. Бәріміз отырмыз. Бүркіт түрегеп тұр. Оның күлімдеген түрінен барлығы да бір жаңа хабар күткендей тып-тыныш бола қалды.

Ол 1928 жылы Кеңес үкіметінің қазақ байларын зар жылатып мал-мүлкін тартып алғанын, бұл тәркілеудің нәтижесінде байларды ғана емес, олардың жұмысын істеп, бала-шағаларын асырап жүрген кедей-жалшыларды да ауыр жағдайда ұшыратқанын айтып берді.

1929-1930 жылдары «колхоздастырамыз» - деп барлық қазақтың күнелтіп отырған малын түк қалдырмай тартып алып, бүкіл халықты аштық алапатына, жаппай қырғынға ұшыратқанын, тіпті қазақты біржолата құрта жаздағанын тәптіштеп түсіндірді. Мұнан кейін есеңгіреп қалған елдің есін жиғызбай, «халық жауларын әшкерелеу» деген сұмдық науқан бастап, ел басқарып жүрген халықтың зиялы қауымын да, сауатсыз қарапайым адамдарды да жазықсыздан-жазықсыз қуғын-сүргінге ұшыратқанын айтты. Қатынасқандардың бәрі де ұйып тыңдап отыр. Сөздің соңында: «Халықтың басына түскен осындай ауыртпалықтарға, жан төзбес қайғы-қасіретке кім кінәлі деп ойлайсыңдар?» - деп сұрақ қойды. Ешкім үндей қоймады. «Ендеше» - деп әрі қарай жалғастырды өзінің айтар пікірін: «Бұған бүкіл елді билеп-төстеп тұрған Компартия және оның көсемдері айыпты. Егер олар халықтың қамын ойлап, қызмет атқарса, халықты қайғы-қасірет, күйзеліске ұшыратпаған болар еді. Сондықтан бүкіл халыққа, әсіресе қазақ халқына елін сүйіп қызмет ететін ғана партия керек. Сондай жаңа партияны өзіміз құрып алуымыз керек» - деді. Бүркіттің бұл пікірі отырғандарды тегіс қызықтыра, ынтықтыра түсті. Олардың ұнатып отырғанын білгеннен кейін шабыттана түсіп: «Жолдастар, - деді ол, біздің құрайық  деп отырған жаңа партиямыз «Елін сүйген ерлер партиясы» деп аталады. Оны қысқаша айтқанда «ЕСЕП» дейміз, осы отырған бәріміз бүгіннен бастап осы «ЕСЕП» партиясының мүшесіміз деп есептей беріңдер» - деп тұжырымдады өзінің пікірін. Тыңдап отырғандар тіпті риза болып, қол шапалақтап жіберді.

Сөйтіп, өзіміз жаңа бір саяси партия құрып алдық деп қуаныстық. Алдағы уақытта оның бағдарламасын да, жарғысын да жазып, шығарып қабылдаймыз деп келістік. Оларды тездетіп жазу Бүркіт екеуімізге тапсырылды. Осы күннен бастап студенттер, қызметтегі жастар тіпті жоғарғы сыныптардағы оқушылар арасында үгіт жүргізіп, пікірлесіміздің санын өсіре беруге талпындық. «ЕСЕП» партиясының қазіргі мүшелері деп мына төмендегілерді есептедік: Бүркіт Ысқақов (көсемі), Махмет Теміров (орынбасары), Елеш Бимағанбетов, Дәкен Шалабеков, Аманжол Дүйсенбаев, Әшім Сүлейменов, Жанайдар Әубәкіров. Бұлар - институтта оқып жүрген студенттер. Бұлардан басқа ауылда тұратын пікірлес достарымыз да партия мүшелері деп есептелді. Олар: Рақыш Бұйрабеков, Кәмәли Рахметов, Қажыкен Тінтаев, Аққошқар Мұқанов, Балапан Сәкібаев, Орынбай Сауқанов, Сайдалы Кенжебаев (кейіннен Мақуов), Дәулетбек Әкімбеков, Қыздарбек Әкімбековтер еді. Құпия түрде болса да біздің пікірлестеріміз, тілектестеріміз біртіндеп өсе берді.

Бүркіт екеуіміз бірге оқып жүрген студенттерге ғана емес, сол кездегі бүкіл Қарағанды қаласындағы Жамбыл атындағы жалғыз қазақ мектебіне барып, өзіміз жатқа білетін Алаш ақындарының өлеңдерін айтып, оқушылардың ұлттық намысын ояту үшін әңгімелесіп қайтамыз. Бұл мектеп ескі қалада. Жаңа қаладан жаяу келіп, жаяу қайтамыз. Сөйтіп, пікірлестер шоғыры мектеп оқушылары арасынан да шыға бастады. Институттағы студенттермен әңгімелесіп, олардың пікірлерін, мінез-құлықтарын біліп алғаннан кейін ғана өз жағымызға тартуға тырысатынбыз. Біздермен пікірлес болғандар тарих факультетінің студенттері: Нұркенов Ахметжан, Сейітов Қайлеш, Аманбаев Мұқаш, Әубәкіров Хайритдендер еді. Институтта Бүркітпен жақын жүргендердің бірі Жаппар Өмірбеков. Біздер кейінірек әдебиет үйірмесінде Алаш ақындарының шығармаларын оқып, талқылайтын болдық. Мұндай жаңалық үйірме мүшелеріне де қатты ұнайтын еді. Талқылауды Ахаңның (Ахмет Байтұрсынұлының) «Маса», «Қырық мысал» кітаптарынан бастадық.

Қазағым-елім,

Қайқайып белің,

Сынуға тұр таянып.

Талауда малың,

Қамауда жаның,

Аш көзіңді оянып.

Қанған жоқ па әлі ұйқың,

Ұйықтайтын бар не сиқың?!

деген өлеңін бірден ұнатып, бәрі де жаттап алды. Қайран, данышпан-ай, халқының басына қаралы күндер туып, ақыры аштық алапатына, қуғын-сүргінге ұшыратып қайқайып белі сынып, құрып кетуге де айналатынын қалай болжап айтқан деп таң қалатын едік. Жақаңның (Міржақып Дулатовтың):

Көзіңді аш, оян қазақ, көтер басты,

Өткізбей қараңғыда бекер жасты.

Жер кетті, дін нашарлап, хал харам боп,

Қазағым енді жату жарамас-ты.

деген өлеңін оқығанда ақын біздерді, қазақ жастарын әділетсіз қоғаммен күресуге шақырып тұрғандай сезінетінбіз.

Мағжанның «Баян батыр» поэмасымен басқа шығармаларын оқығаннан кейін бұрын қате түсініп жүрген көп дүниені қайта түсіндіріп, көзімізді ашып жібергендей болды. Абылайды да, Кенесарыны да қанішер, мейірімсіз, жауыз хандар деп суреттейтін.

Ал Мағжанның:

Қиын күн туған алаш баласына,

Шұбырып жапаның сары даласында.

Кез болған жаудан үркіп, «Ақтабанға»

Дұшпанның қалғандай боп табасына.

Арқаға аяқ салып, түскен барып,

Екі оттың - орыс, қытай арасына.

Күндерде сонау - қара, тапсырған ел,

Тағдырын Абылайдай данасына.

Сол күнде ел қорғаған Абылайдың

Қылсаң да аз қанша тәуеп моласына.

дегені біздерді Абылайдың аруағына бас идіріп, көңілімізге оған деген сүйіспеншілік тудырған еді. Шындығында, ақын жазып отырғандай бытырап кеткен қазақтың басын қосып, ел тағдырын қолына алып, жаужүрек батырларды, беделді билерді маңына жинап, «көп жаудың бірін шауып, бірін арбап», даналықпен ел басқара білген көреген хан екенін білдік.

Арқада Бурабайға жер жетпейді,

Басқа жер ойды ондай тербетпейді.

Арқада Бурабайға жер жетпесе,

Алашта Кенеханға ер жетпейді.

Мағжанның осы сияқты өлеңдері біздердің Кенесары туралы қалыптасып қалған бұрынғы теріс түсініктерімізді біржолата өзгертіп жіберді. Оны өзінің қара басы үшін хандық дәуірі аңсап жүрген қатыгез, мейрімсіз қарақшы сияқты суреттеп келсе, енді оның барлық іс-әрекеті отарлық бұғауда туып-өскен шұрайлы жерлерінен, мал-мүлкінен айрылып, қан қақсап қалған қазақ халқын отарлық бұғаудан құтқарып, өз алдына дербес тәуелсіз мемлекет құру үшін күресіп, жанын пида қылғанын түсіндік.

Мағжанның мына өлең жолдары:

Кене мен Абылайдың жолын қумай,

Жапанда жайылудың мәні қалай?!

деп біздерді - жастарды азаттық үшін күреске шақырып тұрғандай әсер ететін еді. Шіркін, халқымыздың   азаттығы үшін күресетін қолайлы бір күн туа қалса, біздер жан аямай айқасар едік-ау деп армандадық.

Алаш арыстарының негізгі көздеген мақсатын білгеннен кейін біздердің оларға деген сүйіспеншілігіміз өсе түсіп, Кеңес өкіметіне деген өшпенділігіміз өрши түсті.

Бүркіттің пікірін толық қолдап, дос болғандардың ішінде ерекше айтатындары Онайбек Құдышов пен Орынбай Айтмағанбетовтер еді. Сөйтіп біздің тілектестеріміздің саны біртіндеп өсе берді. Осылай шабыттана қатарымызды өсіріп жүрген кезімізде 1941 жыл 22 маусым күні Германиямен сұрапыл соғыс басталып кетті.

Таңертеңгі тамақты ішкеннен кейін Бүркіт екеуіміз оңаша бөлініп кеттік. Жаңа ғана басталып кеткен соғыс туралы пікірлесіп жүрміз.

- Бұл соғыста қай жақтың жеңгені біздер үшін пайдалы деп есептейсің? - деп сұрады менен.

- Менің пікірімше, Кеңес одағының жеңілгені дұрыс қой деп ойлаймын - дедім.

- Әрине, солай. Солай болуға тиіс деп, өз пікірін әрі қарай жалғастырды. Қазақ халқы ғасырлар бойы патша өкіметінің отары болып, зар жылап келді. Сөйтіп жүргенде Ақпан, Қазан төңкерістері болып, патша өкіметі құлап, өмірден түңіліп жүрген халықтарға жылт еткен үміт сәулесі көрінгендей болды. Бірақ, бұл үміт те ақталмады. Қазақ халқы сорлағанның үстіне сорлай берді. Енді міне, біздің халықты құртатын қырғын тағы басталды. Қазірде қазақтардың еркектер саны әйелдерден әлдеқайда көп. Себебі, 1931-1933 жылдардағы аштықта үй ішіндегі балалардың бәріне бірдей тамақ тауып бере алмаған ата-аналар артымызда отымызды өшірмей аман қалсын деп бір ер баланы аман қалуын тілеген. Енді міне, сол жастардың бәрі де қырғынға барып, қыршынынан қиылмақ. Халықты қырғыннан аман сақтап қалу үшін не істеу керек? Қалай ойлайсың? - деп маған сұрақ қойды. Мен ойланып қалдым. Менің жауабымды күтпей-ақ өзі әрі қарай өз ойын жалғастыра берді.

- Ендеше, - деді ол мүмкіндігі болса, соғысқа бармау керек. Біз кімді қорғап, кім үшін, не үшін соғысамыз? Бізде жанды салып қорғайтындай тәуелсіз болып отырған өз мемлекетіміз бар ма? Әрине, жоқ. Кеңес одағы деп отырғанымыз еріксіз қамалған халықтардың абақтысы. Сол абақты күйрегенде ғана ішіндегі қамалғандар еркіндікке шығады. Кеңес өкіметі қазақтарды ылғи қырғыннан қырғынға ұшыратып келеді.

Олай болса, өзімізді құртып келе жатқан, тіпті біржолата жоқ қылатын ойы бар қоғамды, мемлекетті не үшін қорғаймыз? Бізге оның аман қалуы емес, күйреп жеңілуі керек, отарлық бұғауда отырған халықтар сонда ғана бостандық алады деген пікірге тоқталдық.

Бүркіт екеуіміз азаттықты аңсап, Кеңес өкіметінің күйреуін тілеп, тіпті өзімізде соған үлес қосамыз ба деп ойлаған едік. Бұл ойымыз жай қиял, арман ғана екен. Дүлей күш өз дегеніне көндірмей қоймады. 1942 жылы, қараша айында Бүркіт соғыс майданына аттанды. Мен кейінірек еңбек майданында болдым. «ЕСЕП»-тің басқа мүшелері де әскерге алынып, майданға жөнелтілді. Бірақ ұйымның алғашқы мүшелері тарап кеткенмен «ЕСЕП» идеясын насихаттау соғыстың қызу жүріп жатқан кезінде де әрі қарай жалғаса берген.

1944 жылы Қарағандыда бір топ жастарды Кеңес өкіметіне қарсы жүргізіп жүрген саяси насихаттары үшін қамауға алған. Оларға «ЕСЕП» деген Кеңес қоғамына қарсы ұлтшыл ұйым құрды деген айып тағылған. Бұлар: Зейнолла Әбділдин, Бейсембай Жақсылықов, Асығат Рүстемов және Жаппар Өмірбековтер болатын. Оларды қатты қысымға алып: «Қоғамға қарсы мұндай жат пікірді сендерге кім үйретті?» дегенде, бәрі бірдей Бүркіт екеуіміздің аттарымызды атаған. Олардың мұнысы жапқан жала емес, шындықты жасырмай айтқаны еді.

Асығат Рүстемов пен Зейнолла Әбділдин жастау болған соң өздеріне керекті деректерді алып, бірсыпыра қинап, қолдарынан қолхат алып, босатып жіберген. Жаппар Өмірбековты бір жыл бойы түрмеде қинаған. Бейсембай Жақсылықовты он жылға соттап жіберген. «ЕСЕП»-тің идеясын жалғастырушылар мұнымен тоқтап, тоқырап қалмаған. Азаттық идеясын үгіттеуді саналы студенттер әрі қарай жалғастыра берген.

1960 жылдан бастап Орталық Қазақстандағы жоғарғы оқу орындарында «Жас қазақ» немесе «ЕСЕП» атты жасырын ұйым құрылған. Бұлар Кеңес Өкіметінің жүргізіп отырған саясаты қазақ ұлтының тілін де, мәдениетін де құртып жіберу екенін түсіндірген. Ұлттық іскер кадрларға үнемі қысым көрсетіп, оларға жауапты жоғарғы дәрежедегі қызмет атқаруға мүмкіндік бермей, ондай қызметкерге үнемі орыс коммунистерін ғана тағайындап отырғанын, қазақ мектептері жабылып, барлық мектептерде оқу орыс тілінде жүргізіліп отырғанын айтқан үндеу парақтарын таратып отырған. Қазақ жастарының ұлттық намысын ояту мақсатында үндеу парақтары (қағаздары) басқа қалалардағы жоғарғы оқу орындарына да жіберілген. Бұлар қандай бүркеншік ат қолданса да, қолға түсіп, жазаланған. Олар Зейнолла Игіліков пен Кәмел Жүнісовтер еді.  Бұларды қолға түскеннен кейін қысымға алып, қылмыстарын мойындап, 4 жылға соттап, РСФСР-дің Орал тауындағы саяси тұтқындар лагеріне жіберген. Бұлардан кейін «ЕСЕП» партиясына тілектес болып, Кеңес өкіметіне қарсы үгіт жүргізгендер деп Кәрім Сауғабаев, Мақсым Омарбековтерді  жазалаған.

Сөйтіп, 1941-1942 жылдары азаттықты аңсап, «ЕСЕП» деп ат қойып, Бүркіт екеуміздің жастардың ұлттық санасын оятамыз деп жүргізген  үгіт-насихатымыз өз нәтижесін көрсетіп, біздерден кейін де өзінің қолдаушыларын тауып, әрі қарай жалғаса берген.

Азаттықты аңсау идеясы қай жерде, қай жұмыста жүрсек те кеудемізден шыққан емес. Қауіпсіздік комитеті жендеттерінің қармағына ілігіп, саяси қылмыскер есебінде сотталып кеткенше бірге жүрген сенімді деген жолдас-жораларымызды ішке тартып, әңгіме айтудан өмір бойы жалыққан емеспіз.

Бүркіт «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істейді. Мен шеттілдер институтында студентпін. Шеттен келген студенттер жатақханада жатамыз. Сенбі, жексенбі күндері әдебиетке құмар бірнеше студенттер бір жерге жиналып алып, қазақ тіліндегі  кітаптарды оқып талқылаймыз. Жақан Сыздықовтың «Әлі қарттың әңгімесі» мен Нұрқан Ахметбековтың «Күләндам» поэмаларын оқып, талқылағанда Кеңес өкіметінің қазақ халқына жасаған қиянатын, зорлық-зомбылығын алғаш рет естіп отырған студенттер өздері осыған дейін мектептегі тәрбиенің нәтижесінде ұнатып келген қоғамға күдікпен қарай бастады. Алаш ақындары: Ахаңның (Ахмет Байтұрсыновтың), Міржақып Дулатовтың, Мағжан Жұмабаевтың, Жүсіпбек Аймауытовтың өлең-жырларымен танысқанда, қазақтардың қамын ойлаған қайраткерлер тек осылар екенін түсіне бастады. Бұл үйірме 1941-1942 жылдары Қарағандыда құрылған «ЕСЕП» ұйымының тікелей жалғасы еді. Үйірмеде «халық жаулары» деп аталып кеткен Сәкеннің, Бейімбеттің, Ілиястардың да шығармаларын оқып жүрдік. Мұнда Жекен Қалиев, Мұстахым Азанбаев, Адырбек Аманқұлов сияқты талапты студенттер белсене қатысып отырды.  Сөйтіп, Алаш ақындарының  азаттық аңсаған идеясы көңіл қойып оқыған тыңдаған жастарды өзіне тартып, баурап алатын еді.

1950 жылдың желтоқсан айында «Правда» газетінде Шойынбаев, Айдарова, Якуниндердің «Қазақстан тарихы мәселелерін маркстік-лениндік тұрғыдан баядайық» деген мақаласы жарияланды. Мұнда олар Ермұхан Бекмахановтың «ХIХ - ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» деген кітабын қатты сынаған. Онда Кенесары қозғалысы феодалдық-монархиялық ұлтшылдықтың көрінісі болды, оның ешқандай бұқаралық сипаты болған жоқ деп тұжырымдады. Кітаптың авторын барып тұрған ұлтшыл, ескішіл, хандық дәуірді көксеген жат пікірлі адам деп сипаттады. Бұл мақала Бүркіт екеуімізді де қатты толғандырып, тіпті ашу-ызамен булықтырды. Мақаланы оқып шығып: «Ия, - деді Бүркіт ренішті түрмен, өзі өскісі келсе, өсіп бара жатқанды етектен тартатын қазақтың күншілдігінің көрінісі ғой бұл. Бекмаханов теңізде жүзетін алып кеме болса, аналар (Шойынбаевтарды меңзеп отыр М.Т) жай ғана қалтылдаған қайық емес пе? Ендеше алдында тұрған еңселі кемедей кемеңгерді құлатса, қалтылдаған қайыққа да жол ашылмай ма?! Патша отаршылдарына тайсалмай қарсы шыққан Кенесарыдай туған елі мен жерін жан-тәнімен сүйген ерлерді жамандау тарихты бұрмалаған азғындықтың нағыз өзі ғой» - деп, өзімен бірге қызмет істеп жүргендерге өз пікірін ашық айтып жүрді.

Бүркіт екеуміз Шойынбаевтардың мақаласына қарсы Кенесарыны қазақтың қамын ойлап, халықты отарлық бұғаудан құтқаруға ұмтылған халық қаһарманы деп дәлелдеп «Правданың» өзіне жіберу үшін және Алматыдағы беделді газеттерде жариялау үшін мақала дайындадық. Ол кезде Бүркіт «Лениншіл жас» газетінде жауапты хатшы болып істейтін. Кандидаттық диссертация қорғауға дайындалып жүрген кезі. Бұл мақаланы жариялау үшін Бүркіт беделді тарихшыларды тартпақ болды. Біздер бұл кезде әбден өз ойымызбен қызынып алып, басымызға төніп тұрған қауіп-қатерді еске алмаппыз. Бүркіт екеуімізді Қауіпсіздік комитетінің жендеттері сыртымыздан толық бақылауға алып, тек қана қамауға алудың сылтауын күтіп жүрген екен. Біздің Кенесары мен Бекмахановты қорғап, ашық пікір айтқанымыз «құланның қасынуына, мергеннің басуы» тура келген екен.

1951 жылы 18 қаңтар күні Бүркіт екеумізді тұтқындап, абақтыға әкеліп қамады.  Бізге КГБ жендеттері өздері әбден машықтанып, бұрыннан қолданып жүрген қысым атаулының бәрін қолданып бақты. Алғашқы күндері Алаш ақындарының кітаптарын оқығанымызды да, «ЕСЕП» деген саяси ұйым құрғанымызды да мойындамаған едік. Ақыры өз айтқандарына көндіріп, бәрін де мойындатты. 5-6 айға созылған азапты тергеу жұмыстарын аяқтап, «Бүркіт Ысқақов пен Махмет Теміровтың ісі» деген қалың-қалың 4 папканы толтырып, біздің ісімізді сотқа берді.

1951 жылдың 14-15 маусымында Қазақ республикасының Жоғарғы соты РСФСР қылмысты істер кодексінің 58-бабының 10-11 тармақтары бойынша Бүркіт Ысқақов, Махмет Теміров (осы мақаланың авторы) және Айтбай Нәрешевтерді 25 жылға соттап, қосымша 5 жыл бойы азаматтық құқығынан айыру туралы қатал үкім шығарды. Мұстахым Азанбевты, Рамазан Нәрешевті, Жекен Қалиевты, Адырбек Аманқұловтарды 8-10 жылға соттады.

Сөйтіп, біздерді Кеңес өкіметіне қарсы ұлтшыл ұйым құрған, ұйымның мақсаты Орта Азия республикалары мен Қазақстанды Кеңес Одағының құрамынан бөліп, Түркияның қолдауымен буржуазиялық ұлттық мемлекет құру болған. Кеңес қоғамына қарсы үгіт-насихат жүргізген, тыйым салынған әдеби кітаптарды көпшілікке таратып отырған деп айыптады. Бұл айыптау Бүркіт екеуіміз үшін жабылған жала емес, нағыз шындық. Қолымыздан істей қоятын ештеңе келмесе де өз алдымызға тәуелсіз мемлекет болсақ-ау деп үнемі армандаған едік.

Біздер әр түрлі лагерьлерде азап шегіп жүрген кезімде 1956 жылы, ақпан айында Коммунистік партияның ХХ съезі «жеке басқа табынушылық және оның зардаптары» туралы мәселе қарады. Сталин мен оның сыбайластарының қылмысты істерін әшкереледі. Олардың талай жазықсыз жандарды қырып-жойғандарын, қуғын-сүргінге ұшыратқандығын айыптады.  Бұл жөнінде Н. С. Хрущев батылдық көрсетіп, дұрыс бағыт ұстады. Осыдан кейін көп ұзамай-ақ жазықсыз жапа шегіп жүргендерді әр жерде арнаулы комиссия құрып, босата бастады. Солардың бірі болып 1956 жылдың маусым айында мен де босанып шықтым.

Бүркіт екеуміз әр түрлі лагерьлерде алты жылдай азап шегіп, 1956 жылы тамыз айында Алматыда кездестік. Елге оралғаннан кейінгі байқағанымыз Кеңес өкіметі қазақтардың жеке ұлт есебінде өмір сүруін тежеуге біржолата кіріскен екен. Қазақ жеріне бұрынғы қаптатып көшіріп әкелген халықтар аздай-ақ, енді «тың жерлерді игереміз» деген желеумен жаңа кеңестік отаршылдарды қаптатып алып келіпті. Қазақтар өзінің туған Отанында отырып азшылыққа айналған. Қазақ мектептері жаппай жабылған. Сондықтан өз ана тілін білмейтін, өз ұлтын менсінбейтіндер пайда бола бастаған. Бүкіл қазақ халқы қалың тобырдың ішінде құмға төгілген тарыдай боп, құрып көрінбей кетуге айналған. «Іш қазандай қайнады, күресуге дәрмен жоқтың» кебін киіп, Бүркіт екеуміздің ішімізді жегідей жеді де қойды. Бұрынғы Кеңестік даурықпа саясаттың ықпалымен тың игеру науқанын күні бүгінге дейін мақтанышпен атай беруіміз бұл науқанның астарын толық түсіне алмауымызда болып отыр. Кеңес өкіметі бұрынғы патша өкіметі толық аяқтай алмай кеткен қазақ даласын біржолата отарлауды орындаған да шыққан. Мұның несі қуаныш, несі жетістік?!

Тың игеру науқаны кезінде қазақ халқының тілі де, діні де, салт-санасы да жойылып кету қаупіне ұшырағанын сезген Мәскеуде оқып жүрген саналы сезімтал студенттер жұрт қамын ойлап, ел еңсесін көтеруге тырысқан.  Мұрат Әуезов (жетекші), Мақаш Тәтімов, Ерсайын Тәпенов «Жас тұлпар» атты мәдени-саяси ұйым құрып, ел аралап концерт көрсетіп, лекция оқыған. Болған жерлерінде оларды халық зор қошеметпен қарсы алып, ерекше сүйіспеншілік білдіріп отырған. Тың игеру науқаны басып-жаншып тастаған елдің рухын көтеріп, ұлттық салт-санасын сақтап қалуға үндеген. Аз уақытта-ақ «Жас тұлпардың» дүбірі бүкіл республикаға жайылып, әр облыстағы жастар осы сияқты ұйымдар құра бастаған. Республика көлеміне кең тарап, жаппай жайыла бастаған қазақтың ұлттық намысын оятатын жастар ұйымдарынан қауіптенген Қазақстан Компартиясының Орталық комитеті бұған ерекше көңіл аударып, «Жас тұлпар» ұйымын таратқан. Барлық жерлерде алдағы уақытта мұндай жастар ұйымын құруға тыйым салған.

Тоталитарлық жүйе қанша қаталдықпен өзіне қарсы дегендерді аяусыз жазалап отырса да жастардың азаттық аңсап, әділетсіз қоғамға наразылығы ешуақытта тоқтап қалған емес. 1969 жылы Павлодар қаласындағы № 3 мектептің жоғарғы сынып оқушылары Арман Қаниевтың бастауымен «Жас ұлан» деген саяси жасырын ұйым құрып, жастардың ұлттық сана-сезімін оятып, азаттық алуды армандаған. Бұл уыздай жастарға да қатал шара қолданған.

Жастайынан азаттықты аңсап, Кеңес өкіметінің тоталитарлық-отарлық саясатына қаймықпай қарсы шыққан жастарының бірі - Хасен Қожа-Ахмед еді. Ол көптеген мақалалар, өлеңдер, үндеулер жазып, қоғамның әділетсіздігін әшкерелеген. Келешекте туған елдің тәуелсіздігі үшін жан аямай күресе білетін жастарды топтастырып, тәрбиелеп шығу мақсатында «Жас қазақ» деген жасырын ұйым құрған. 1977 жылы Компартияның ұлт саясатына қарсы шықты деген айыппен 2 жылға сотталған. Ол 1986 жылғы желтоқсан көтерілісіне де белсене қатысқан қазақтың нағыз патриот ұлы. Сол үшін оны 4 жылға соттап жіберген.

1979 жылы, қыркүйек айында Целиноград қаласында (қазіргі Астана) бүкіл жастар жиналып, Ерейментауда ұйымдастырылмақшы болған Неміс автономиялық облысына қарсы шеруге шыққан. Осының нәтижесінде Неміс автономиясы құрылмай қалды.

Азаттықты аңсаған қазақ жастары әділетсіз қоғамға наразы болып, Қазақстанның көп жерінде құпия ұйымдар құрып отырған. Ондайлардың қолға түсіп қалған кейбіреулерін жария қылмай-ақ жасырын тұншықтырып тастап отырса, кейбіреулері амалсыздан жария болып қалған. Туған елдің ауыр халін көріп жүрген жастар оның тәуелсіздігін, азаттығын армандап, Батыс Қазақстандағы Жалпақтал ауылында Кеңес өкіметіне қарсы жасырын ұйым құрған. Оны «Қазақ халқын құтқару ұйымы» деп атаған. Бұл ұйымды басқарған:

Көз алдымда жоқ болды таныстарым,

Кетті қанша атылып арыстарым!?

Бірігейік, жігіттер, бір ұйымға,

Жалғыз өзім жөн болмас алысқаным

деп жар салған жалынды жас Ғұбаш Әнесов еді. Бұл ұйым 1941 жылы құрылған. Бұған дейін олар 1939-1940 жылдары Кеңес өкіметіне қарсы жасырын үндеу парақтарын таратып, халықты азаттық алу үшін күреске шақырған. Олар кейінірек Сталинге Одақтан бөлініп шығу мақсатында 14 жігіт қол қойған хат жазып жібереді. Олар мұнда әр одақтас республиканың өз алдына бөлініп шығуына құқығы бар дегенді медеу тұтқан. Бұлар қандай жолмен болса да халықтың азаттық алуын армандаған. Ақыры Ғабиден Қолбасов деген сатқынның көрсетуімен 1941 жылы олар НКВД-ның қамауына алынып, мектеп түлектері Орал түрмесінде азап шегеді. 1943 жылы «үштіктің» шешімімен ұйым жетекшісі Ғұбайдолла (Ғұбаш) Әнесовты ату жазасына кесіп, қалғандарын Сейтқали Бажекенов, Сәтқали Молдағалиев, Ғұмар Тұрымовтарды 19 жылға, Иманғали Насыров, Өтеген Аманов, Сүндетқали Қаражанов, Қайырғали Сапаралин, Қамал Мақұлбаев, Сайфолла Шорабаев, Иғали Мұханбетқалиев, Мәззап Әлиев, М. Ахметов, Мұханбетжан Нұралиндерді әр түрлі мерзімге соттап жіберген. Бұлардың ішінен 20 жылға сотталып, тек қана Сәтқали Молдағалиев елге тірі оралған.   Бәрі де азаттықты армандап, құрбан болған. Олар «Халқым түбі бостандық алар менің» деп келешекке үлкен сеніммен қарап өткен.

1986 жылғы желтоқсандағы қазақ жастарының ашықтан-ашық әділетсіздікке қарсы шығуы - азаттық, тәуелсіздік үшін күрестің шарықтау шегі болды. Бұл көтеріліс Кеңес өкіметінің бұғауында қамалып отырған басқа халықтарға да бостандық үшін күресудің жолын көрсетіп, ақыры Қызыл империяның күйреуімен аяқталды.

Сөйтіп, қазіргі тәуелсіздік патша отаршылдарына қарсы жан аямай соғысқан жаужүрек батырларымыздың төгілген қанының, Алашорда арыстарының жан пида ғып туған елінің азаттығы үшін күресінің, бұлардың жолын қуып, олардың азаттық идеясын  қолдап, қатал тәртіптен де сескенбей, ұлттық намысты қару қылып, әділетсіз қоғамға қарсы шыққан «ЕСЕП», «Қазақ халқын қорғаушылар одағы», «Жас тұлпар», «Жас қазақ», «Жас ұлан» ұйымдарының күресінің, арманының, ақыры 1986 жылғы желтоқсандағы жастардың ерекше ерліктерінің арқасында орнап отыр. Ендеше, туған халқының азаттық, бостандық алуын аңсап, осы жолда қыршын жастық өмірлерін құрбандыққа шалған, жан төзбес ауыр азаптарды бастарынан кешкен, қуғын-сүргінге ұшыраған жастардың ұлттық рух, намыс пен жігерленіп, ерлікпен істеген істерін кейінгі жас ұрпаққа үлгі есебінде көрсетіп, жариялап түсіндіріп отырса қандай ғанибет болар еді!

Қазірде туған еліміз Қазақстанның еркіндік алып, өз алдына егеменді ел болып, өркендеп отыруы - біздерге Құдайдың берген баға жетпес үлкен сыйлығы. Осы қасиетті Отанымызды бәріміз де құрметтей де, жан-тәнімізді салып қорғай да білуіміз керек. Тәуелсіз елімізді басқарып, жоғарғы лауазымда қызмет атқарып жүрген кейбір қазақ жігіттері қазақ тілінде де, оның салт-санасына менсінбей осқыра қарайды. Бұл олардың бойына туа біткен қасиет емес, кеңестік рухта тәрбиеленіп  шығудың әсері. Ендеше келешекте жас ұрпағымыздың бәрін де отансүйгіштік рухта тәрбиелеп шығару үшін Алаш арыстарының істеген істерімен де, жазылған еңбектерімен де, шығарған өлеңдерімен де таныстырып, түсіндіріп отырса, олар Алаш рухын, идеясын бойларына сіңіре берер еді. Өйткені Алаш идеясы Отанына беріле қызмет етудің, оны шексіз сүйе білудің ең жоғарғы үлгісі. Олардың қай-қайсысы болса да туған халқын қалтықсыз сүйіп, оны отарлық бұғаудан құтқарып, оларға азаттық алып беру үшін жан аямай күрескен азаматтар. Бұл пікірімізді Мағжанның мына өлең жолдары дәлелдеп шығады:

«Не көрем де алаш үшін көргенім,

Маған атақ ұлтым үшін өлгенім!

Мен өлсем де алаш өлмес, көркейер

Істей берсін қолдарынан келгенін!»

Керек болса туған халқы үшін шыбын жанын да пида қылып, оны шексіз сүюдің нағыз үлгісі осы  емес пе!

Биылғы 2009 жылғы санақтың алдын ала көрсетіп отырған қорытындысы көңілге зор қуаныш ұялатып отыр. Кеңес өкіметі тұсында ашаршылық апатына, қуғын-сүргінге, соғыс жылдарындағы қырғынға ұшырап алты миллионнан екі миллионға дейін азайып, өмірден біржолата өшіп кетуге айналған Қазақстандағы қазақ халқының саны он миллионнан да асып, оның үлесі 67 пайызға дейін жеткен. Бұл бүкіл қазақтар үшін зор қуаныш. Бұл алдағы уақытта біздің ұлтымыз өмір көшінен жойылып кетпей, өркендеп өсе беретін болды деген сөз. Саны молайып өсе берсе, халқымыздың бедел, абыройы да арта бермек. Өздері толыққанды қазақ бола тұра тілін де, әдет-ғұрпын да менсінбейтіндердің саны азая түспек. Қазақ болу, қазақ болып туу тіпті зор мақтанышқа айналмақ. Бұл туралы Сұлтанмахмұт Торайғыровтың мына өлеңдерінде айтылғандай:

Мен - қазақ, қазақпын деп мақтанамын,

Ұранға алаш деген атты аламын.

Сүйгенім - қазақ өмірі, өзім - қазақ,

Мен неге қазақтықтан сақтанамын?!

Бүгінде ата мекенімізде бір-бірімізбен өз ана тілімізде сөйлесіп, қасиетті Отанымыздың өркендей беруіне, халқымыздың қатары өсе беруіне үлесімізді қосып, «Мен қазақпын» - деп масайрап,  еркін жүруіміз - бір есептен, жоғарыда айтылған жастардың төгілген қанымен азапты еңбегінің жемісі деуімізге болар еді.

 

Махмет ТЕМІРОВ,

зейнеткер, Қазақстан жазушылар одағының мүшесі.

Қарағанды облысы, Нұра ауданы.

 

 

Фотосуретте: Елін сүйген ерлер партиясын құрған ақын, ғалым Бүркіт Ысқақов (оң жақта) және оның серігі, досы Махмет Теміров

 

Дерек көзі: «Жаңа Сарыарқа» Қазақстан жазушыларының әдеби-көркем, қоғамдық-саяси журналы №3 (104).

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2146
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2551
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2364
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1661