Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Көршінің көлеңкесі 2235 29 пікір 16 Қараша, 2023 сағат 12:36

Орыс тілі қазақты өркениетке жеткізді ме?..

Соңғы кезде Қазақ зиялылары арасында хакім Абайдың қара сөзіне, тіпті жеке тұлғасына шәк келтіретіндердің қатары көбейгені рас. Жанұзақ әкім мырза соңғы бір мақаласында Абай қара сөздерінің өскін ұрпақты еңсесін көтеруге, ұлтымен мақтануға емес, керісінше жек көруге, өзін қор санауға тәрбиелейтінін жазған еді.

Ел ішіндегі ана тілімізді менсінбейтін кейбір іріткішілердің сотта Абайдың қара сөзін дәлел ретінде ұсынып жүргеніне де ет үйренгелі қашан?! Сол Абайдың қазақты тұқыртатын әйгілі сөздері бұл жолы анау-мынау емес, өткен 9-қарашада елімізге сапарлай келген Ресей президенті – әйдік Путиннің аузынан естілді. Қазақы қаймағы бұзылмаған облыстарда Ресей қаржысына орыс тілді мектеп салу жәйін сөз еткенде, Ресей басшысы Абайдың: «Орыс тілінсіз қазақтың күні қараң», деген мағынадағы сөзін тілге тиек етті.

Қазақ қоғамының орыс тілімен кіндігінің ажырамастай болып байлануы Абай, Шоқан заманынан бастау алғаны белгілі. «Орыс тілі арқылы Батыс мәдениетімен танысып, биік өреге жетті» делінетін бұл екі тұлғаға қара қазандай өкпесін айтатындар әр кезде табылып тұрды. Соның бірі Шоқанмен дос болды делінетін Достаевский бастаған орыс жазушы, зиялылары қазақтың асын ішсе де ұлтымыз туралы бір ауыз жақсы сөз жазбады дейтін уәж. Мұндай өкпенің туындауы Патшалық Ресей билігі мен қоғамының көшпенділерге ұстанған көзқарасын түсінбеуден туындаса керек. Петр патша Еуропаның ғылым-техникасына үйренуге барын салса, орыс зиялылары да Батыс Еуорпа зиялыларының өзге мәдениетке мұрынын шүйіре қарайтын, әсіресе, көшпенділер өркениетін «жабайы» санайтын «Еуроцентритік идеясын» ұстанды. Достаевскийдің Шоқанға жазған хатында Парижге барып көруге кеңес беруі соны айғақтайды. Өзіне қарсы бас көтерген зиялыларды Сібірге, қазақ жеріне айдаған патша үкіметінің де, сайын дала да елін сағынған орыс зиялысының көшпенділерге ұстанған көзқарасының ұқсас, бірдей болғанын тарих айғақтайды.

Айдаудағы орыстармен шүйіркелесіп көзі ашылды делінетін Абайды орыс ғылымы мен тілінің «көзсіз фанаты» деп сипаттасақ тарихи жаңсақтық болары сөзсіз. Оған Хакімнің көптеген сөзі дәлел. Қырық бірінші сөзінде: «Қазаққа ақыл берем, түзеймін деп қам жеген адамға екі нәрсе керек: Әуелі – бек зор үкімет, жарлық қолында бар кісі керек. Екінші – ол адам есепсіз бай боларға керек», - дейді. Бұдан Абай атамыздың орыс жұртын көпес Романовтар әулеті басқарып отырғанын, Петр патшаның орыс мұжықтарын күштеп сақал-мұртын қырғызып, батысша киіндіріп, заманауи адам қылғанын, жүйеден патшалық Ресейдің саяси құрылымын бізден де жақсы білгенін байқаймыз.

Иә, уақыт бір орында тоқтап қалмақ емес. Қазақ қоғамы да дүниенің қазанында қайнап, алға жылжыды. Абай идеясының орынын Алаш ордалықтар басты. Олардың орыс тіліне, мәдениетіне, саясатына көзқарасы Абайдан мүлде бөлек бағытта өрбіді. Орыс билігімен саяси, мәдени күресті қатар алып жүрді. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы: «Қазақ бұдан былай «киргиз-хайсак» атанып жүрмек емес! Қазақ қиямет қайымға дейін қазақ болып қалмақ», - деп мәлімдеді. Ұлттың төл әліпбиін жасады. Саяси бағытта Ресейді емес, өзімізге жақын шығыстың алпауыты Жапонияның жолын ұстануды құп көрді.

Билікке болшевиктер келгеннен кейін қазақ тілінен, дінінен, тегінен айырылды. «Орыс тілі коммунизм тілі болады» деп барша халықты сендірген олар, Батысты тұқырту үшін Кеңестер одағының бүкіл ресурсын сарып қылып, қазақ жерінде атом, биологиялық қарулар жасаумен, ғарышты игерумен айналысты. Кеңес кезіндегі орыс ғылымының жетістігі оның жеке потенциялынан емес, қызыл идеологияның тікелей бастамасымен, мәжбүрлі түрде жасалды. Орыс тілінің Біріккен ұлттар ұйымында қолданылатын тіл мәртебесін алуы да Сталиннің саяси ықпалынан болды. Жүйеден қазақ қоғамының тәуілсіз ел атанса да, орыс тілінің отарына айналып отыруы да қызыл идеологияның саяси шешімдерінің салдары екені, қазақ ұлтының жеке қалауы емес екені жалпақ жұртқа мәлім.

Қорытып айтқанда Еуропаның дүбірі жер жарған төрт реткі ғылым-техника төңкерісінің бел ортасында болмаса да, сыртын көрген қазіргі қазақ қоғамының рухани, ғылыми қажетін Абай заманымен өлшеу империялық пиғылдан туған бір жақты, барып тұрған ұшқары пікір екені даусыз.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

29 пікір