Жұма, 17 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3496 0 пікір 9 Қыркүйек, 2013 сағат 04:13

Төлен Әбдікұлы. Тұғыр мен ғұмыр (жалғасы)

Бірақ туған елмен сағыныш құшағында келіп қауышуды ешкімнің маңдайына жазбаған екен. Тұтқындарды совет шекарасына жеткізбей, орта жолда Прага қаласында қарсы алып, бірден тергеу ісі басталды. Күткен үміт, дәме – бәрі әдіре қалды. Тұтқындарды 20 - 15 жылға, ең кем дегенде, 10 жылға соттады. Үш адамға ату жазасын беріпті деген сыбыс тарады. Батыр Борис Иванов деген атпен 10 жылға кесілді. Соты 15-ақ минутқа созылды. Неше жылға соттайтындарын күні бұрын келісіп қойған секілді. Соттың да, прокурордың да бұлардың тағдырына тереңірек үңілуге құлықтары да, уақыттары да жоқ сыңайлы. Жиналыстың тезірек біткенін тілеп, үйлеріне қайтуға асығып отырған адамдарға ұқсайды.

Кейін өзге тұтқындар Батырға «10-ақ жыл алған бағың бар екен» деп, бастарын шайқап, таңырқап, мұны жолы болғыш әлдекімдей көріп жүрді.

 Сөйтіп баяғы тұтқындар сол күйінде тұтқын болып қала берді. Тек мекендері ғана өзгерді: бұрын неміс жерінде болса, енді - өз елінде.

         Соғыста төгілген қан, концлагерлерде шеккен азап, көрген қорлық, аштық пен ауру – осының бәрі құнсызданған ақшадай мәнін жоғалтып, енді  бәрін де қайтадан басынан бастау керек секілді. Оған адам баласының  өлшеулі ғұмыры мен күш-жігері жете ме, жетпей ме – ол жағы тек бір құдайға ғана аян. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.

Бірақ туған елмен сағыныш құшағында келіп қауышуды ешкімнің маңдайына жазбаған екен. Тұтқындарды совет шекарасына жеткізбей, орта жолда Прага қаласында қарсы алып, бірден тергеу ісі басталды. Күткен үміт, дәме – бәрі әдіре қалды. Тұтқындарды 20 - 15 жылға, ең кем дегенде, 10 жылға соттады. Үш адамға ату жазасын беріпті деген сыбыс тарады. Батыр Борис Иванов деген атпен 10 жылға кесілді. Соты 15-ақ минутқа созылды. Неше жылға соттайтындарын күні бұрын келісіп қойған секілді. Соттың да, прокурордың да бұлардың тағдырына тереңірек үңілуге құлықтары да, уақыттары да жоқ сыңайлы. Жиналыстың тезірек біткенін тілеп, үйлеріне қайтуға асығып отырған адамдарға ұқсайды.

Кейін өзге тұтқындар Батырға «10-ақ жыл алған бағың бар екен» деп, бастарын шайқап, таңырқап, мұны жолы болғыш әлдекімдей көріп жүрді.

 Сөйтіп баяғы тұтқындар сол күйінде тұтқын болып қала берді. Тек мекендері ғана өзгерді: бұрын неміс жерінде болса, енді - өз елінде.

         Соғыста төгілген қан, концлагерлерде шеккен азап, көрген қорлық, аштық пен ауру – осының бәрі құнсызданған ақшадай мәнін жоғалтып, енді  бәрін де қайтадан басынан бастау керек секілді. Оған адам баласының  өлшеулі ғұмыры мен күш-жігері жете ме, жетпей ме – ол жағы тек бір құдайға ғана аян. Бірақ оған мән беріп жатқан ешкім жоқ.

         Бір кезде бұларды топырлатып батысқа айдаса, енді терезелеріне темір тор салынған, есігіне күзет қойылған, ұзыннан ұзақ шұбатылған тауар пойызымен шығысқа қарай жөнелтті. Қайда апаратыныны да белгісіз. Әйтеуір бітпейтін бір ұзақ жол. Новосибирск, Красноярск артта қалды. Бір тұста Байкал деп шулап жатты, одан кейін Хабаровскіге келдік деді. СССР-дің территориясы мұншалықты үлкен екенін жұрт енді сезгендей болып келеді.

Тек дәрігер Николай ғана өзімен-өзі үнсіз ойға шомып, терезеге қарап, тапжылмай тұрғаны. Кейде әлденеге қуанғандай көзі күлімдеп, дөңгеленіп қалып бара жатқан орман-тоғайға үңіле түседі.

Бірде:

- Менің балалық шағым осы жерлерде өтті, - деді қасында тұрған Батырға жалт бұрылып. - Содан болар табиғатты өлердей жақсы көремін. Орман ішінде жалғыз жүргенді ұнатамын. Жаныңды тазартады, уайым-қайғыңды жеңілдетеді. Тәңірімен тілдескендей боласың.

Николай әр көрініске, болған оқиғаға философиялық мән бере сөйлейтін ойлы жігіт. Әлдебір қисынсыз, келеңсіз қылықтарды көрсе, үн-түнсіз басын шайқап салқын жымияр еді. Және сол жымиысында философиялық кекесін жатқандай көрінетін Батырға. Бұрыннан танитын ескі таныстан қалғаны осы. Батырдың саха жігітіне айналған құпиясын да білетін, алғаш ақылдасқанда түсініп қолдаған да осы еді. 

Состав алдымен Владивостокқа тоқтады, одан кейін тұтқындарды қаладан ары 70 шақырым жердегі портпен қатарлас тұрған лагерге әкелді.

Сырты балшықпен сыланған ағаш барақтардан тұратын лагердің ішіне тұтқындардың алды топырлап кіре бастағанда, Николай Батырды түртіп қалды:

- Көрдің бе ананы?- дейді лагердің қақпасын көрсетіп. 

 Қақпада: «Бостандыққа барар жол – еңбек» деген жазу тұр екен.

- Есіңе ештеңе түспей ме?- дейді сыбырлап.

Түскенде қандай! Бәрі есінде. Неміс лагерінің қақпасында да осындай жазу тұрған. Ұмытпаса, онда: «Еңбек адамды бостан қылады» деп жазылған болатын. Ешқандай айырмашылық жоқ деуге болады. Жандарынан өтіп бара жатқан конвойшыдан сақтанып Батыр үндемеді.

Лагердегі тұтқындардың құрамы сан-алуан. Ішінде соғыста қолға түскен солдаттар, Германияға қара жұмысқа айдалған қарапайым тұрғындар, эмигранттар, кезінде әйгілі болған ғалым, жазушы, өнер қайраткерлері, саясаткерлер,  шет елдік азаматтар, азамат соғысының ардагерлері, олардың балалары, ұры-қары, кісі өлтірген, тонаған баскесерлер, тіпті неміс тұтқындарына дейін бар.

  Бір ерекшелігі совет лагерьлерінде негізгі қожайындар - қылмысты топтар секілді. Лагерь басшыларының өздері олардың іс-әрекеттерін елемеуге тырысады. Жұрттың үйінен келген жылы киім-кешегін, азық-түлігін тартып алу, ағаш кесу немесе ағаш тиеу кездерінде апатты жағдай болды деген сылтаумен адам өлтіру олар үшін түкке тұрмайтын шаруа. Қылмысты топтар бірнешеу, әрі бір-бірімен бақас. Әрқайсысы лагерьде өз ықпалдарын жүргізуге тырысады. Қайсы бір топ тым күшейіп кеткен жағдайда қалған топтар бірігіп, қарсы күреске шығады. Қылмыс әлемінде басшы лидерге құлдық ұру қатты дамыған. Оның бұйрығынан артық заң жоқ. Қожайынның тапсырмасы дұрыс болса да, бұрыс болса да, орындалуға тиісті. Лагерьде көптен келе жатқан байырғы тұрғындардың айтуынша, мұндағы басшылықтың өзі олармен тығыз байланыста көрінеді. Әлде бір заңсыз сауда-саттық, ортақ пайдалары барға ұқсайды.

Лагерьдегі тіршілікті адами орта деп айту қиын. Үйткені сенімен адам деп ешкім есептеспейді. Мал дейтіндей мал да емессің. Және мал емес екеніңді өзің де жақсы білесің. Бірақ малдың жағдайында өмір сүріп жатқаның ақиқат. Егер сол малдық жағдайға, дәлірек айтқанда, құлдық жағдайға төзімділік білдіріп, үн-түнсіз жүре берсең, оныңмен басшылыққа да, алдыңдағы тамағыңды тартып әкеткен бандитке де ұнайтының анық. Тек біраздан кейін өзіңе ұнаудан қаласың. Баршаның жемі - ездер мен момындар. Сол кезде ішіңдегі адами сана оянып, әлде бір келіспеушілікке, наразылыққа, бүлікшілікке итермелейді. Бәлкім наразылық сезімі жұрттың бәрінде бар шығар, бірақ оны сыртқа шығаруға дәттері шыдамайды. Бір-ақ рет берілетін өмір қымбат.

Николай бір аптадан кейін дәрігер болып ауруханаға орналасты. «Менің бағым – мамандығым. Барлық қатерден осы дәрігерліктің арқасында аман қалып жүрмін. Дүниенің қай түпкіріне барсаң да, дәрігерге қызмет табылады»,- деп жүретін.

Барақта жалғыз қалғандай болған Батыр нарда қатар жататын көзілдірікті, тақыр бас Козлов деген үлкен кісімен әңгімелесіп жүрді. Козлов жұрттың айтуына қарағанда, әйгілі ғалым көрінеді. Бірақ аздап жүйке ауруына шалдыққан, әрі жады зақымданған. Батырдың атын ұмытып қалып, қайта-қайта сұрайды, қайта-қайта өзін таныстырады. Ақыры Батырдың аты- жөнін есінде сақтаған кезде өзі туралы әңгіме айта бастайды. Содан кейін бұған жақындай түсіп, сыбырлай сөйлеп:

-         Борис, осы сен неше жылға кесілдің? - дейді.

-         Он жылға.

Козлов он жылдың ұзақтығын есептегендей жоғары қарап үнсіз тұрады да:

- Он жыл деген немене жас адамға,- дейді бірдеңені менсінбегендей мұрнын тыжырайтып. – Амандық болса, ертең-ақ өте шығады. Сөз жоқ бостандыққа шығасың. Ал менің сүйегім осында қалады. Маған көп те қалған жоқ. Маңдайға жазылған тағдыр осы болса, құр күйрей бергеннен ол жеңілдемейді. Сондықтан тағдырыңды қабыл алып, онымен мәміліге келу керек. Ал менің мазамды алып жүрген мәселе бұл емес, басқа...- Козлов басқа мәселені айтар алдында жақсылап ойланып алғысы келгендей тағы да үнсіз қалады. - Иә, басқа,- дейді сосын сөзін жалғап. – Ленинградта менің қызым тұрады. Аты - Оля, Ольга Александровна. Сен босағаннан кейін соған барып, менің аманат-сәлемімді жеткіз. Айт, әкеңнің жазығы жоқ деп айт. Жарай ма?

Батыр өзінің Қазақстаннан екенін, ол жақтан Ленинградқа арнайы бара алмай қалуы мүмкін екенін, сондықтан уәде беруге батылы жетпей тұрғанын айтады. Козлов: «А-а, солай ма»,- деп түсінген сыңай білдіреді де, кішкенеден кейін әлгі өтінішін қайталап айта бастайды. Ақыры Батыр: «Жарайды, міндетті түрде айтамын»,- деп әрең құтылады.

Мінезі тым биязы, интеллигент, мүлде қорғансыз Козловтың көрмеген қорлығы жоқ секілді. Бұзақылар алдындағы тамағын тартып алып, өзін мазақ қылып күн көрсетпейді. Батыр жасы келген үлкен адамға әлгілердің көрсеткен қиянатына шыдай алмай, ара түсем деп өзіне бәле тілеп алғандай болды. Енді олар қайта-қайта тиісіп, Батырдың қыр соңына түсіп алды.

Олар лагерьден 10 шақырым жерде вагонға ағаш тиеу кезінде төбелес ұйымдастырды. Сол күні сүйектен өткендей үскірік аяз болды. Батыр құлақшынының бауын байламай, сыртынан шалмамен орап тастаған болатын. Кенет тәпелтек келген балалау жас жігіт Батырдың бас киімін жұлып алып, тұра қашты. Батыр қуып жетіп, желкеден түйіп жіберген кезде анау етпетінен жығылып, қолындағы құлақшын анандай жерге ұшып кетті. Батыр  бас киімін баса киіп, бауын байлап, орынына орала берген болатын, артынан «Біздің адамды сабап жатыр» деген айғай шықты. Өзінің орынына келіп үлгірген Батырдың қасына жалаңдаған үш жігіт жетіп келді. Бөренені Батырмен бірге көтерісіп жүрген грузин жігіті:

- Жігітер, жігіттер, - деді бәтуа сұрағандай екі қолын жоғары көтеріп, - келісімге шақырмын. Не болса да, бейбіт жолмен шешейік. Жарай ма, жігіттер?

- Жоқ, сен араласпа, - деді оған түлкі құлақшын киген қызыл бет жігіт. Өткен жолы Козловтың тамағын тартып алатын бұзақы екенін Батыр танып тұр. – Біз саған тиісіп тұрған жоқпыз. Біздің өз есебіміз бар. Тұрма жолымызда.

Қызыл бет жігіт жеп қоятын адамдай өкіреңдеп жақын келіп, сабайтын адам табылғанына қуанғандай, көзі арсыз күлімдеп, Батырдың жүзіне барлай қарады.

Батыр бұлардың бітімге келмейтінін бірден аңғарды. Соғысты көрген, неміс лагерлерінің тозағынан өткен, ажалман талай рет бетпе бет келген қарулы жігіт сын сағатта батыл шешім қабылдау қажет екенін білетін. Тағы  бір сөз айтуға оқтала берген бұзақыны аузын ашуға үлгіртпестен, шықшыттан сарт еткізіп бір-ақ ұрды. Анау кескен теректей құлап түсті де, өліп қалған адамдай қимылсыз қалды. Қалған екеуі Батырдан дәл мұны күтпеген болу керек, бір-біріне қарап бір сәт абдырағандай болды да, қалталарынан пышақтарын суырып алды. Батыр жерден кеспелтектеу бір таяқты көтеріп, аналардың шабуылын күтпестен тұра ұмтылды. Екі бұзақы бөліне  қашып, қайта оралып, енді Батырға екі жақтан жақындай түсті. Батыр қаша жүріп, таяқпен жасқап жолатар емес. Бір рет соққысы мұртты біреуінің дәл басынан тиді. Олар да жерден таяқ алды. Не бір боқтық сөздерді бірінен соң бірін тоғытып, екеуі екі жақтап қыса бастады. Батыр шыр көбелек айналып қорғанып жүр. Өзін ұстамақ болып тұра ұмытылған мұрттының қолынан ұрып, пышағын түсірді. Осы сәтте ту сыртынан ентіккен дыбыс пен қарға шақырлаған аяқ дыбысының тым жақыннан естілгенін сезіп, қолымен қорғана жалт бұрылғанда, қарына қадалған пышақтан сол қолы жан кеткендей ұйып, шатқаяқтай беріп шалқасынан құлады. Көзінің қиығымен байқағаны – мұртты айналшықтап жерге үңіліп бірдеңені іздеп жүрген секілді. Батыр жан дәрмен сау қолымен жер тіреп, тұрмақ болған кезде қолына әлде бірдеңе іліккендей болды; пышақ екен. Мұрттының іздеп жүрген пышағының үстіне құлапты. Батыр пышақты кезеніп орынынан тұрған кезде жағдай аяқ астынан өзгерді. Екі бұзақы төбелестің осымен аяқталғанын білдіріп, Батырдан көздерін айырмай, шегіншектеп, әлі есеңгіреп отырған қызыл бет жігітті орынынан тұрғызып, кері қайтты. Кетіп бара жатып қолдарын алқымдарына тіреп, Батырға сес көрсетті. Онысы «сен енді өліксің» дегенді білдіруші еді. 

Киімінің сыртына шыққан қанды көріп, грузин жігіті Батырға қамқорлық көрсетіп, тез түймесін ағытып, сол қолын жеңінен шығарып, қарының жоғарғы тұсынан орамалмен буып байлап тастады. «Ешкімге де арыз айтпа, одан ештеңе шықпайды» деп ақыл айтты. 

Лагерьге келген соң, Батыр дәрігер Николайға барды. Бөрене құлап, қарына үлкен шегесі кіріп кеткен. Николай бастығынан рұқсат алып, Батырды ауруханаға жатқызды.

         Бірақ лагерь бастығы төбелестің болғанын біліп қойыпты. Күзетшілер көрген екен. Тек, неге екені белгісіз, бұзақыларды емес, Батырды ғана жазаға тартты. Ауруханадан шығысымен, алдымен штрафзона болып есептелетін аралық лагарьге апарып қамады. Одан кейін соңғы этаппен Колымаға айдамақ. Штрафзонадағы жағдай өте  ауыр еді. Тамағы күніне екі мезгіл және жарты сыбаға: қатқан нан мен ескіріп кеткен селедка. Барақтың іші өте салқын, ең төменгі нарда ұйықтау мүмкін емес. Тұтқындардың көбі ауру. Түнімен күркілдеп шығады. Надзирательдері шектен тыс қатал. Батыр Колымаға айдалар күнді тағатсыз күтті. 

Этаптың аттануына бір апта қалғанда аралық лагерьге аяқ астынан дәрігер Николай келді. Батыр оның келісін әлде бір дәрігерлік көмекке байланысты шығар деп ойлаған. Олай болмады, оны да штрафзонаға жіберіпті.

- Не үшін? – деген сұраққа:

- Әйел мәселесіне байланысты, - дейді Николай өзінің философиялық кекесін жымиысымен.

         Николай ажарлы жігіт болғандықтан, әйелдер арасында беделі бар. Бірақ бір ғажабы, қыздарды өзі емес, қыздар мұны айналдырады. Жап-жас медбике қыз үйіріліп соңынан қалмай жүрген. Соның қырсығы тиген секілді.  

            - Бақытсыздық сапарын бірге бастап едік, ақырына дейін бірге болайық, - дейді тағы да сол жымиыспен Батырға қарап.

 

         Жүргелі тұрған кемелердің бірінде үлкен жарылыс болып, көп адам өліп, өзге кемелер де істен шығып, соған байланысты сапар жарты айдан астам уақытқа кешіккен болатын. Ақыры күздің алғашқы айында алды арты шақырымға созылатын қалың нөпір тұтқындарды теңіз жағасыман айлаққа жаяу айдап әкеліп, кемеге отырғызды.

         Кеменің іші түрмемен бірдей. Трюмде қамалып отырғаның. Палубаға дәретке конвоймен шығасың. Онда да көретінің - бұлыңғыр аспан, басылмайтын сылбыр боз жаңбыр, қорғасын түсті шексіз, шетсіз теңіз айдыны, анда-санда су бетінде шоршыған дельфиндер. Бұрын кемемен жүрмегендердің бастары айналып, тамақ іше алмай, құсып, азап шеккендері де аз болмады.

         Тек Николай ғана көңілді еді. Қайтадан дәрігерлік қызметке тағайындалуына байланысты кеме ішінде еркін жүруге рұқсат алған болатын. Сыртқа шығып келген сайын кеменің қай жерде келе жатқанын, енді қай жерге келетінін, теңіздің күндізгі, кешкі көріністерін айтып, әлде неге таң қалып басын шайқап отырғаны.

         Бір бірінен айнымайтын сүреңсіз күндер жылжып өтіп жатты. Аурулардың ішінде өлім жиіледі. Мүрделерді қапқа салып теңізге тастайды. Бұл да өліктерді теңізге жерлеу рәсімі болып есептеледі.

         Күн суыта бастады. Теңіз бетінен қалқыған мұздар көрінетін болды. Қанша жүзгендерін бір құдай білсін, бұлыңғыр аязды күндердің бірінде тұтқындарды әлде бір өзеннің сағасында жағаға түсірді. Әрі қарай жүзуге болмайды екен. Өзеннің бетін мұз басқан. Жарылысқа байланысты  кеме ұзақ кешігіп, соның қырсығы тиіпті.  Енді қақаған қыста тундра мен тайга арқылы жаяу жүру керек.

         Этапты бірнеше топқа бөліп,  қатар-қатар сапқа тұрғызып, бөлек-бөлек аттандырды. Шамасы, 50 градустық қақаған аязда жол жүру үшін басқаруға ыңғайлы шағындау топ тиімдірек болуы керек. Мыңан астам адамды тамақтандыру, оларға қоналқалық орын табу оңай емес екені белгілі. 

Тундраның меңіреу табиғатында жібімейтін бір мейрімсіздік, адамға деген өшпенділік бар секілді. Күн ап-ашық болғанмен, шұғыласында жылу жоқ, керісінше, жарқырап, сұп-cуық ызғар шашып тұрғандай сезіледі.

          Батыр тағы да өткен өмірін есіне алды. Осыдан 5 жыл бұрын неміс конвойларының қоршауында  200 шақырым жерге жаяу айдалса, енді соған ұқсас азапты сапар тағы да басталды. Тек мылтықтарын асынып, екі жақтап айдап келе жатқандар - өзінің сүйікті отанының күзетшілері. Қаталдығы немістерден кем емес. Қашпақ болсаң, бұлар да атып тастайды. Бірақ қашатын жер жоқ. Айдалада үсіп өлгің келмесе, осы топтан қалмауың керек.

         Жол бойында бетін қармен, шөпшекпен асығыс бүркей салған өліктер де көріне бастады. Топ түнделетіп қоналқы жерге жетті. Алаулатып от жағылды. Тамақсыз ыстық шәй ішілді.

         Шеткерірек отырған Батырдың қасына келіп жайғасқан әлдекім:

         - Сәлем, - деді бұған бұрыннан танитын адамдай.

         Бұрылып қарағанда таныды, өткенде төбелес кезінде жараланғанда өзіне көмек көрсеткен грузин жігіті екен. Біраз ұсақ-түйек әңгімеден кейін, ол Батырға бұрылып жақындай түсіп:

-         Саған айтатын бір маңызды шаруа бар, - деді сыбырлай сөйлеп.

«Ол не шаруа» дегенді білдіріп Батыр оның жүзіне қарады.

         - Станцияда сенімен төбелескен үш сілімтік бізге қарсы топтың адамдары болатын, - деді ол оттың қоламтасын қолындағы шыбықпен түрткілеп отырып. - Нағыз қорқау қасқырлар. Олар сені өлтіргілері келіп жүрді. Солардан аман сақтау үшін комендатураға айтып, сені штрафзонаға жіберткізген біздің шеф. Оған айтқан мен. Батыл жігіттерді ұнатамын. Ал қорқаулар батыл жігіттерден қорқады. Содан кейін қапысын тауып көзін құртқылары келеді. Бірақ қауіп-қатерден құтылған жоқсың, олардың әр жерде адамдары көп. Сені бір рет біз сақтап қалдық, бұдан кейін де бізден басқа ешкім сені қорғай алмайды. Бізге қосылуың керек. Жақсылап ойлан. Келіссең, кейін шефпен таныстырамын. – Грузин бұдан кейін мүлде көтеріңкі басқа дауыспен бүгінгі сапар, ауа райы, тундраның табиғаты төңірегінде басқа тақырыпқа көшті.

 Мынау әңгіме Батырды қайран қалдырды. Басына өлім қаупі  төнгенін, мұның өмірін сақтау үшін өзіне белгісіз біреулердің әрекет жасағанын білген емес. Штрафзонаға отырғызу, басқа лагерьге айдау - лагерь басшыларының әділетсіз шешімі деп қана ойлаған.  Өнебойын үрей билей бастады. Грузин жігіті екеуі бір-біріне арқаларын тіреп, от басында қалғып-шұлғып таңды атырды. Жұрттың бәрі де бір-біріне арқаларын тіреп ұйықтауда.

         Таң ата колонна жолға шықты. Бүкіл шек-қарынды қалтыратып, сүйектен өткен суық ештеңені ойлатпайды. Тіпті шаршау да, аштық та жайына қалды. Бір сәтке болса да, жылынатын жер табылса дегеннен басқа арман жоқ. Беттері үсіген, сақал мұрттарына мұз қатқан  тұтқындардың түрлері тым аянышты еді. Бірақ қолдары мен аяқтарын үсітіп, межелі мекенге жете алмасын білсе де, шыбын жанды қия алмай, лектің соңында таяққа сүйеніп қисалаңдап әрең келе жатқандармен салыстырғанда қалғандарының жағдайы шүкіршілік деуге болғандай.

         Колонна төртінші, иә бесінші күні әлдебір иесіз мал қораға түнеді. Әбден бітуге қалған тұтқындарға мал қора қонақүйден кем көрінбеген шығар. Тұңғыш рет көздері ілініп, сәл-пәл болса да, естерін жиғандай болды.

         Ақыры арып-ашып, жол бойы беттері шөп-шаламмен бүркей салынған өліктерін қалдырып, адам кейпінен айрылған тұтқындар тиісті жерге де келіп жетті. Лагерьдің иттерін абалатып, ілбіп басып қақпадан еніп жатқан тұтқындардың жүзінен ешбір қуаныш белгісі білінбейді. Үйткені олардың қуануға да, ренжуге де шамалары жоқ еді.   

         Лагерь тұрған жерде кен байыту фабрикасы бар екен. Тұтқындар қыс бойы шахтада жұмыс істеп, жаз шыға байытылған кенді кемеге тиейді. Енді біреулері, көбіне штрафниктер, орманнан ағаш кеседі. Бұл ең ауыр жұмыс болып есептеледі. Үйткені түкірік жерге мұз болып түсетін 50 градустан астам аязда далада жұмыс істеу нағыз тозақтың өзі болатын. Ал штрафник болу қиын шаруа емес, саясатқа қатысты артық айтқан бір ауыз сөзің бұл арада лагерь басшылығының құлағына бірден жетеді. Жаз ортасында өзен жағасына тоқтаған баржадан көмір түсіру де қауырт жұмыс. Үйткені кеме жүретін жазғы маусым өте қысқа. Сол қысқа мерзімде қыстық көмірді қалай да түсіріп үлгіру керек.

         Осындай бір көмір түсіру кезінде Батырдың басына қара бұлт қайта үйірілді. Төменде көмір салып тұрған мұның үстіне палубадан темір бөшке құлап, қолы сынып Батыр ауруханаға түсті. Мұның қолына гипс салып, орап байлап жатқан Николай «палубадан темір бөшке құлады» деген сөзді естігенде қалт тоқтап:

         - Бөшке қалайша құлады? - деді Батырдан көзін айырмай.

         - Байқаусызда болар.

         Николай үн-түнсіз Батырдың қолын орап байлады да, әлденеге басын шайқап, ойланып отырып қалды.

         - Өткен айда, ауруханаға ауыспай тұрғанда дәл осындай оқиға менде де болды, - деді содан кейін. – Онда бөшке менің басыма құлаған. Екі бандюга  мені өлтірмек болыпты. Бір құдай білсін оларға не жазғанымды. Оны солармен байланысы бар бір жігіт айтты. Мен құрыдым деп ойлағам. Бірақ менің бағыма қарай өткенде баржадағы техникалық спиртті ішіп өлгендердің ішінде әлгілер де бар еді. Құтқарған құдайдың өзі деп ойладым. Егер мынау да сондай жағдай болса, онда өте сақ болу керек.

         Батыр болған оқиғаны Грузинге (грузин жігітін төңірегі осылай атайтын) айтты. Грузин келесі күні істің шынында да насырға шапқанын, Батырға өздерінің тобына кіргеннен басқа амал қалмағанын жеткізді.

         - Ал жақсы, кірейін, - деді Батыр оған ризашылығының жоқтығын үнімен сездіріп.- Сонда сендер мені қайтып қорғайсыңдар? 

         - Тобымыздың мүшелерін қорғауды біз қасиетті борышымыз деп есептейміз, - деді Грузин ант беріп тұрғандай даусын көтере. – Бұл – біздің заңымыз. Сен бізге мүше болсаң, біздің талабымызды мойындасаң, онда біз қарсы жақпен келіссөзге шығамыз. Сенің бізге мүше екеніңді, енді саған тиюге болмайтынын айтамыз. Әйтпесе, қанға – қан. Оны олар да жақсы біледі. Бізде әр жаңа мүшеге байырғы мүшелердің бірі кепілдік береді. Саған кепілдікті мен бердім. Енді сен үшін мен жауап беретін боламын.

         Батыр бәріне де түсінді. Өмірінің қатерде тұрғанын, одан құтылудың  бұдан басқа жолы  қалмағанын сезіп отыр, бірақ енді ешқашан да түзеуге болмайтын бір қателік жасағалы тұрғандай жүрегі шымырлап сыздай береді. 

         Грузин бұзақылардың мінез-құлықтарын жақсы білгендіктен, сол түні әлденеден күдіктеніп, орынын айырбастап, Батырдың қасындағы нарға келіп ұйықтады. Келесі күні Батыр оған келісімін берді. Содан бастап ол өзінің заңы, жарғысы, соған негізделген басшылығы бар ұйымдасқан қылмысты топтың заңды мүшесіне айналды. Алғашқыда үйрене алмай, басқа бір жат елге көшкендей әсерде жүрген. Бүкіл тіршілігін саралай келіп, ақыры: «Мен өскен қоғамның қылмысты топтан айырмашылығы қайсы? Үкіметтің жасаған қылмысы мыналардікінен аз болып па? Ендеше қылмысты топтың қайсында болғаныңда тұрған не бар?» деп, өзінің қабылдаған шешімін заңдастырғандай болды.

         Енді Батырда екі бастық  бар: біріншісі -  лагерь басшылары, екіншісі –  қылмысты топтың атаманы. Қылмысты топты жоғарғы дәрежеде ұйымдасқан, тәртібі күшті ұйым деп айту да қиын. Іштерінде бір бірімен атарға оқтары жоқ, дүрдеараз бұзақылар, қанышер баскесерлер, ұры-қары, картақұмарлар, алаяқтар көп. Бәрі тек Қожайынға бағынады. Ұйткені одан бәрі қорқады. Ол бәрінен батыл, бәрінен айлакер, бәрінен ақылды деп мойындалған. Көпшілік соның жағында болғандықтан, ол өзіне бағынғысы келмегендердің кез келгенін жазалай алатын.

         Қылмысты топтың лагерь басшылығына да ықпалы жоқ емес. Әкімшіліктегі ұсақ-түйек қызметте істейтіндер – санитарлық бөлімнің бастығы, нарядчиктер мен бригадирлердің, күндізгі күзетшілердің біразы, тіпті аспазға дейін осылардың адамдары. Әр жерден түсетін қаражат бар; есірткі сататын, жасырын ағаш сату ісіне қатысатын, лагерьден босап, төңіректе ғана жұмыс істеуге рұқсат алған адамдарын пайдаланып заңсыз тері сату ісімен шұғылданатын, әр түрлі тапсырыстарды орындайтын.

         Осындай тірлікпен жылдар жылжып өтіп жатты. Батыр қылмыстық ортада «Якут» деген атқа ие болды. Әшейін қатардағы емес, белгілі белді мүшелерінің бірі. Балалар үйінде жүргенде карта ойынына беріліп, аты шығып жүретін. Мұнда да көп ұзамай белгілі карташылардың қатарына ілікті. Бұзақылардың көбі анда-санда бір соққанда  өлген-тірілгеніне қарамайтын мұның ұстамалы ашуынан қаймығатын болды.

          Батыр өз бойында әлде бір өзгерістің болғанын сезетін. Қатыгездік, батылдық,  айлакерлік, ең қиын сәттерде үрейді жеңе алатын ұстамдылық – осының бәрі қылмыс әлемінен тапқан олжасы. Бастан кешкен қанды оқиғалар тұсында аман қалуына себепші болған құтқарушысы да – осы қасиеттер екенін білетін. 

         Ең қиыны - қанша мейрімсіз болса да, өзіңдікі болған соң, қия алмайтын өткен өміріңмен байланыстырып тұрған бір есікті қайтып ашылмастай етіп қатты жапқаның. Батыр мұндай ойларға берілмеуге тырысатын. Үйткені қылмысты топтың ішінде жүргеннен кейін, сен қалай да сол ортаның заңымен өмір сүруге тиістісің. Екіншіден, өзіңді өлімнен құтқарған ортаға сен де белгілі бір дәрежеде қарыздарсың. Ал есіктің ар жағында қалған өмір үшін бұл баяғыда соғыста хабар-ошарсыз жоғалған немесе Москва түбіндегі айқаста ерлікпен қаза тапқан айбынды жауынгер.

Үшіншіден, мұның із-түзсіз жоқ болғанынан адамзат орыны толмастай ештеңе жоғалтпаған шығар. Баяғыда, соғыста немесе неміс лагерінде өліп қалғандардың қатарында кетсе, солардан ештеңесі артық емес еді. Рас, шешесіне деген сағыныштың жүрегінен әлі өшпегенін сезеді. Бірақ ол да жаңағы ашылмайтын есіктің ар жағында қалды. Өкінгенмен ештеңе өзгермейді.

         Батырдың өмірінде бұдан кейін де талай ауыр-ауыр оқиғалар болды. Сегіз жыл өткенде амнистияға іліккен. Босағаннан кейін бақылау мерзімінде болып, көрші поселкеге орналасып, шахтада жұмыс істеп жүріп,  қылмыстық статьямен 10 жылға, одан кейін 6 жылға сотталды. Бірақ мұның бәрі енді бұл  үшін үйреншікті жағдай болып есептелетін. «Якут» есімі қылмыс әлемінде, криминалистика саласында, құқық қорғау органдарында  танымал есімдердің біріне айналды. Мүлде басқа жақта болған қылмысты әрекеттерді тергеу кезінде тергеушілер болған оқиғаға мұның қатысы бар жоғын міндетті түрде тексеретін. Бұлардың қатысы жоғы айқындалғаннан кейін барып, басқа версиямен жұмыс істей бастайтын.

         Батыр өмірінде екі рет үйленді. Бірінші әйелі, бұл екінші рет 10 жылға сотталғанда, басқа біреуге шығып кетті. Екіншісі баладан қайтыс болды. Одан кейін заңды түрде үйленген жоқ.

         Батыр науқастанып бірнеше рет ауруханаға түсті. Тамақ жақпайтын әдет тапты. Алғашқыда асқазаным болар деп ойлаған. Тексеріле келе бауыры ауратыны анықталды. Емделіп шыққаннан кейін біраз уақыт жақсы болып жүріп, артынан қайтадан жатып қалады. Арақты да, майлы тамақты да қойған секілді, бірақ дертіне дауа табылмады. Дәрінің де неше түрін тапты, шөппен де емделді, әулие-емшіге, сахалар арасындағы шаманға да көрінді, ем қонбады. Аурумен жолдас болған адам өзімен өзі болып, өзге өмірден алыстай беретін секілді.  Бір ғана шүкіршілік ететіні - некеге тұрмаған заңсыз әйелінің өзіне деген елгезектігі. Әйелі Светлана - үлпілдеген сары шашты, ептеп баяғы неміс қызы Аннаны еске түсіретін, өзінен 30 жас кіші -  жалғызбасты әйелден некесіз туған қыз еді. Батырға қазан ошағына ие болып, тамақ істеп беретін қызметші, ал кедей қызға өзін асырайтын қожайын керек еді. Мұның аудан орталығындағы өзі салған үш бөлмелі үйі оған хан сарайындай болып көрінетін. Қалай болғанда да, Светлана жаман адам болмады; Батырды баладай күтті. Ауру ұзаққа созылды. Осынша күтінумен бесінші жылға аяқ басқанда Батырдың жағадайы күрт төмендеп кетті. Емдеген дәрігер жігіт - өзімен лагерьде бірге болып, осында да бірге қалып қойған украиндық фельдшердің баласы еді. Ештеңені ашып айтпай: «Қолымнан келгеннің бәрін істедім, құр дәрі бере бергеннен ештеңе болмайды. Үйге шығып біраз демалыңыз», - дей береді. 

         Светлана күйеуінің анық жағдайын білгісі келіп, ауруға жасалған ем мен диагноз жазылған қағазды басқа дәрігерге апарып көрсетуге кеткен. Үйге жылап келді. Қағазды көрген дәрігер, ысқырып жіберіп: «Біткен шаруа. Әрі кетсе, екі ай, әйтпесе, бір-ақ ай»,- депті.

         Алғашқыда абдырағаны сонша Батыр өзінің жағдайына зер салып, ақыл тоқтатуға шамасы жетпеді. Бәрі де күтпеген шаруадай, аяқ астынан кезіккен кесепаттай бүкіл ой-санасын тығырыққа тіреді. Бірнеше түн ұйқыдан қалды. Әйелі қасына келіп бірдеңе сұраса, оған не айтып тұрғанына өзі түсінбейді. Өзі – бір жақта, ойы – бір жақта.  

         Бір күні түсіне шешесі кірді. Бұған тура қарамай, тұнжырап тұр. Түрі бір түрлі буалдыр. Осы анам ба, анам емес пе деп күдіктенетін де секілді. Жоқ анасы. Бірақ неге бұған тура қарамайды? Неге сонша жабырқау? Кенет түсінің ішінде түсін жорып: «Апыр-ай, менің күйзелгенім саған да жеткені ме?» деп жылаған күйі оянып кетті.

         - Не болды? Не болды? – дей берді әйелі үрейленіп.

         - Түсіме анам кірді, - деді Батыр балаша өксіп. Әйелі бүған қосыла жылады.

         Батыр жасын тиып, сабырға келгеннен кейін, әлдебір шаң-тозаңнан арылғандай, баяғы бала кездегі пәк сезімдеріне қайтып оралғандай бір күйге түсті. Бойы жеңілдегендей, жүйкесін тоңдырған бір мұз ерігендей   сезінді.

         Ол енді түсті жиі көре бастады. Бірде өзен жағасында атасының сиырын бағып жүрген баяғы бала кезі түсіне кірді. Кейінгі өмір тіпті жадында жоқ. Мұңсыз, қайғысыз - табиғатты қызықтап өзімен өзі жүр.

         Батыр өзінің санаулы күндері қалғанын сезгендей болды. Жүрегін сыздатқан сартап сағыныш барған сайын күшейіп, күшейген сайын көкірегінің қараңғы түкпіріне сәуле тарап, ұмытылған өмір елестері айқындалып, қайта тіріліп, жанына жақындай түскендей әсер береді. 

         Ақыры санасына бір ғажап ой келді. Ол – елге жету, барлық күнә мен қылмысын мойындап, ағынан жарылу, сөйтіп ең соңғы мауқын басып, туған жердің топырағын жастанып, мәңгі ұйқыға кету. Осылай істесе, өлімнің қорқынышы да жеңілдеп, әлде бір мағынаға ие болатындай көрінді. Бұл ойының өзіне ұнағаны сонша, осыны баяғыдан бері неге ойламағам деп өкінді.  Ойына тағы да ой қосылды. Әйелі Светлананы мұнымен бақытты болды деп айту қиын. Жас айырмашылығы өте үлкен. Жаман адам емес екеніне көзі жетті. Ендеше жақсы адам бақытына жетсін. Теңін тапсын. Үйді соған қалдырады. Хат жазып, бәрін түсіндіріп кетеді.

         Батыр осы шешімге түбегейлі тоқтап, іске кірісті. Светлананы таң қалдырып, онымен асығыс некеге тұрды. Содан кейін Мокваға барып қаралып келмек болып, пойызға билет алды. Қайтып келетін адамдай әйеліне ұсақ түйек шаруалар тапсырды. Әйелінің «Өте әлсізсің ғой, мен бірге барайын» деген сөзін тыңдамады. «Ол жақта да таныстар бар» дегенді сылтау етті.

         Москваға келген соң, әйеліне: «Мені іздеп әуре болма. Өмірің алда. Теңіңді тап. Үйді саған қалдырдым, ие бол. Саған ризамын» деген мазмұнда  хат жазды. Содан кейін қу жанын сүйретіп, туған елге бет түзеді.

 

         Қазақ жерінің бір қиыр шетіндегі шағын поселкеде жеті түнде шамы сөнбеген жалғыз үйдің ішінде Сәлімгерей ақсақалға әңгіме айтып отырған жолаушының өмір тарихы осы еді.

 

***

 

         Жолаушы әңгімесін доғарып, сәл демалғысы келгендей үнсіз біраз отырды. Дәрілерін ішті. Терін сүртті.

         - Осындай бір қиын тағдырды бастан кештім, Сәке, -  деді содан кейін

өмір жолын қорытындылап. – Өткен өміріңде достыққа, татулыққа, мейірімге толы жақсы күндер көп болса, ол да бір байлық қой. Еске алған сайын жаныңа жылу беріп, санаңды нұрға толтырып тұрады. Бірақ менде ондай күндер, сорыма қарай, көп болмады. Менің күндерім жауластыққа, күнә мен қылмысқа толы. Рас, мен жалғыз емеспін. Мұндай бақытсыздыққа ұшыраған жандар тұтас бір ұрпақты құрайды. Бірақ одан менің қайғым жеңілдемейді. Ең үлкен өкінішім - көзі тірісінде анаммен хабарласа алмағаным. Өзімді, өлмесем де, өлдіге санадым. Үйткені жарық дүниеге жария болуға жағдай көтермеді. Қылмыс әлеміне кеттім. Ол да о дүниеге кеткенмен бірдей еді. Енді санаулы ғана күндерім қалды. Бұрын көп дінсіздің бірі едім, қазір құдайға сенетін болдым. Басқаның бәрі өткінші екенін, адамға да, қоғамға да Аллаға жүгіну арқылы ғана әділ баға беруге болатынын енді түсіндім. Туған ел кешер-кешпес, алдынан өту парыз. Маған, шынымды айтсам, топырағы бұйырса жетіп жатыр. Енді жасыратын ештеңем жоқ. Үңгірден жарыққа  шыққан жарғанаттай болып отырған түрім осы...– Жолаушы азғантай қуатын тағы да сарқып алғандай, алқына, терең дем алды. Ентігін біразға дейін баса алмай, шынтақтап диванға қисайды.

         - Мен де өзгелер секілді сәби болып жарық дүниеге келдім, - деді сосын даусы қарлығып. – Жақсылыққа сендім. Сол сеніммен, сол көңілмен өмір сүрсем дедім. Алайда маған мүмкіндік бермеді. Оттан – отқа, боқтан боққа салды.   Оған қарсыласарға менде дәрмен болған жоқ. Қолымнан келгені - өз тағдырымды жек көрдім. Менің өзіммен бірге алып кететін жалғыз байлығым – осы жек көру сезімім ғана. Ол - менің зұлымдықты іштей қолдамайтынымның жалғыз белгісі. Өзімді қорғайын деп отырғам жоқ. Мен өз үкімімді баяғыда алған адаммын. Бірақ, қуғын-сүргіннің бар азабын бастан кешіп, одан кейін өтірік пен қиянатқа құрылған мына қатыгез қоғамға қайтып келіп, баяғыша жалған атақ, жалған даңқпен өмір сүріп жүрген зиялы құлдардың менен несі артық деп те ойлаймын кей-кейде. Ендеше мен де солар секілді осы елдің бір бөлшегімін, Сәке.

        

         Сәлімгерей әңгіменің өн бойында сан құбылып, көзі шатынап, алқынып, қолдары жыбырлап, әрең отырды.

         - Қанша қателігім болса да, мен де бір құдайдың құлымын ғой, ағымнан жарылып, жарық дүниеде бар екенімді білдіріп, кешірім сұрап, адам құсап өлгім келеді, - деп аяқтады сөзін жолаушы.

         - Сен осы Шәйкеннің ұлы Батырсың ба? – деді Сәлімгерей сенбегендей жолаушыға тесіле қарап.

         - Иә, Сәке, өкінішке орай, Иванов деген фамилиямен қорлық пен зорлыққа, күнә мен қылмысқа толы өмірді бастан кешкен Шәйкенұлы Батыр мен боламын.

         Кенет:

         - Жоқ! – деп шаңқ ете қалды Сәлімгерей есін жаңа жинаған адамдай. –  Шәйкеннің ұлы Батыр Москва түбінде ерлікпен қаза тапқан. Біз осыны ғана білеміз.

         - Ол хабар енді бекер болып отыр. Тірі куә - мінеки алдыңызда. Шындықтан қашып құтылу мүмкін емес.

         - Жо-жоқ! – дейді шал тағы да басын шайқап, - Бұл мүмкін емес, мүмкін емес.  

         - Неге мүмкін емес, Сәке? – деді Батыр шалдың қиқарлығына қапаланғандай бір үнмен. – Ерлікпен қаза табу мен үшін де тиімді болатын еді. Бірақ, құдай жазбаса, не істейсің?

         - Ал біздің жазығымыз не? – деді Сәлімгерей, бас жоқ, аяғы жоқ, басқа бір әңгімені шетін шығарып.

         Батыр оның сөзіне түсінген жоқ, шалдың абдыраған түріне қарап, сәл таңырқағандай болды.

          - Сәке, сіздерде жазық жоқ. Жазық менде. Бірақ қанша жазықты болсам да, жалған атпен емес, өзімнің құдай берген аты-жөніммен өлуге хақым бар шығар, - деді, маған осыны да қимайсыңдар ма дегендей, күйінішті үнмен.

         - Әй, шырағым, - деді осы кезде Сәлімгерей шамырқанып, - сен өзің не айтып тұрғаныңды білесің бе? Сенің атың осы елдің тарихына алтын әріппен баяғыда жазылып қойған. Поселкенің қақ ортасында саған қойылған ескерткіш тұр. Мектеп сенің атыңда. Ертең мереке күні балалар сенің ескерткішіңнің түбіне гүл қойып, еліміздің саған ұқсаған азаматы боламыз деп ант береді. Қырық жыл бойы осылай өмір сүріп келеміз. Қанша ұрпақ сенің атыңды мақтаныш тұтып ержетті. Жалған атаққа табынған жоқпыз, сенің жасаған ерлігің тарихи шындық. Сені көкке көтеріп, орталық газеттерге мақала шыққанда соғыста қаза болған боздақтарымыз тіріліп келгендей қуанғанбыз. Жастарға үлгі болар ма екен деп, ел болып жабылып, ескерткішіңді орнаттық. Жылдар бойы арызданып, атыңды мектепке бергіздік. Енді соның бәрін тас-талқан етпексің бе? Масқара болдық қой! Сенің атағыңды қорек етіп отырған мына жұртты өлтіретін болдың ғой. Елді аямайсың ба?

         Батыр айтылған сөзге толық түсінбегендей, немесе әлдебір ауыр соққыдан есеңгірегендей, аңырып тұрып қалды.

         - Солай ма еді? – деуге ғана шамасы келді. Тағдырдың теперішін көп көргендіктен, ол өзін көп нәрсеге дайынмын деп есептейтін. Бірақ дәл мына жағдай үш ұйықтаса түсіне кірмеген секілді.

- Солай, - деді Сәлімгерей сабырға көшкендей қоңыр үнмен. – Шешең соғыстан кейін босап, алпысыншы жылдары Шәйкен ақталғанда елге келіп кеткен. Сенің ескерткішіңді көріп, риза болып еді жарықтық. Артынан көп ұзамай қайтыс болды. Иманын берсін... Қазақтың ұланғайыр жерінің бір түпкірінде жатқан елеусіз мекен болсақ та, бізден де ел мақтаныш ететін бір азамат туса деп Алладан  тілек еткен тірі жандармыз ғой. Сол арманымыздың басы да, соңы да сен болдың, шырағым. Енді міне...- дей беріп шал даусы құмығып кілт тоқтады.        

 

         Жанды қинаған үнсіздік ұзаққа созылды. Сықыр етіп жартылай ашылған есіктен әйелдің ұйқылы-ояу жүзі көрінді де, мыналар әлі отыр ма дегендей, таңырқап есікті қайта жапты.

         Батыр өзінің тығырыққа тірелгенін сезіп, мына бір о дүниедей үнсіздікті бұзу үшін бірдеңе айтқысы келіп, басын көтере берді де, шалдың көзінен сорғалап аққан жасты көріп, тоқ соққандай селк ете қалды. Әлде бір жүрек тамыры үзіліп кеткендей болды. Жанталасып қалтасынан дәрі алып ішті. Түймелерін ағытып, қайта-қайта терең дем алып, терін сүртті. Содан кейін құлап кететіндей, қалтақтап орынынан тұрды.

         - Мен сыртқа шығып келейін, - деді ентігін баса алмай, есікке қарай беттеп.

         Сәлімгерей мұның үйде бар жоғын ұмытып кеткендей, анда-санда орамалымен көзін сүртіп, өзімен өзі болып отыр.

         Батыр сыртқа шыққан соң, поселкенің орталығына қарай жүрді. Орталық самаладай жап-жарық, мана автобустан түскенде байқаған шағын парк пен ескерткішті көріп келеді.

         Парк деп отырғаны дөңгелетіп отырғызған бес-алты ғана ағаш екен. Ортасында - биіктігі екі жарым метрдей тұғырдың үстінде қолына автомат ұстаған жауынгердің тас мүсіні. Каскасыз жалаңбас, шашы дудырап, (арпалыс кезін бейнелегені болу керек), шинелінің етегі желбіреп,  жоғарыдан төмен қарап, әлдекімге айбат шегеді. Батыр мүсіннің жас кезіндегі өзінен айнымай қалғанына қатты таңырқап, бірдеңеден сақтанғандай, аяғын еппен басып жақындай түсті. Бірі жанды, бірі жансыз екі бейне жыға тани алмай тұрғандай, бір біріне үңіле қарап қалған. Батыр осы тұста өзіне беймәлім екінші өмірінің бар екенін амалсыз мойындағандай болды. Екі өмірдің қайсының жалған екеніне зердесі жетпеді. Бәлкім, екеуі де – шындық.

         Батыр ескерткішті айналып шықты. Ескерткіштің қадірі өзінікінен жоғары екенін, жұрттың тірі адамнан гөрі ескерткішті артығырақ сыйлатынын аңғарған сайын, іштей соған қарсы бәсеке пиғылы бас көтерсе де, оның ар жағында әлде бір мақтаныш сезімінің де жоқ емес екені байқалады. Батыр ескерткіштің тура алдына қайта келді. Мүсін қараған сайын бұрынғыдан да айбаттырақ көрінді. Бұған: «Тайып тұр бұл арадан!» дегендей  автоматын кезеніп, төне түсетін секілді.

         Батыр әлдеқалай тітіркеніп, бас сауғалағандай шегіне берді де, әлденеге сүрініп, оқ тиген адамша шалқасынан құлады. Есеңгіреп, тұра алмай, біраз жатты. Есі кірерлі-шығарлы күйде:

         - Жазығым не? – деді даусы дірілдеп. Басын көтеріп, жауап күткендей ескерткішке қарады.

         Ескерткіш «жазығыңның не екенін өзің білесің» дегендей автоматын кезеніп, үнсіз тұр.

         - Енді маған не дейсің? – деді тірі адаммен сөйлескендей қолын жайып. – Не істей алушы едім мен?..

         Ескерткіштің жібитін түрі жоқ, шағым-арыз қабылдамайтын қатал судьядай сазарған қалпы. «Тайып тұр!» деген қаһарлы сұсы басылар емес.

         Бұл әлдеқалай ызаланып: «Өзің тайып тұр» дегісі келіп еді, тамағы құрғап үні шықпады.

         - Иа, Алла, - деді бір кезде даусы жарықшақтанып, - бұл дүниеде маған орын қалмаған секілді. Енді өзің шеш мына түйінді. Жұрт көзіне түсіре көрме. Өзіңе ал мені, жаратқан ием... – Батыр жыламсырап жұлдыздары әр жерден әрең көрінген бұлыңғыр қара көк аспанға қарады.

         - Алланың бұйрығынсыз өлім де жоқ, өкінішке орай, - деген дауыс естілді.

         Батырға ескерткіш сөйлегендей көрінген – Сәлімгерей екен. Қолтығынан демеп, орынынан тұрғызды. Әлдеқалай әйел де пайда болды. Екеулеп мұны сүйемелдеп үйге әкеліп, диванға жатқызды. Көп ұзамай бір жас жігіт келді. Дәрігер секілді. Дәрі беріп жатыр ма, укол салып жатыр ма, оны неге істеп жатыр – оған Батыр түсінген жоқ. Өзі басқа жақта алыста тұрғандай, мынау арада отырған басқа біреу секілді көрінеді...

 

         Құдай тілегін беріп, жолаушы таң алдында қайтыс болды. Жарық дүниедегі жалғыз ғұмырының осылайша аяқталғанына өкінген-өкінбегені белгісіз бір күйде үнсіз ғана үзіліп кете барды. 

         Әйел абдырап:

         - Апыр-ай, масқара болдық-ау! Апыр-ай... – дей берді.

         - Жоқ, бәрі дұрыс, - деді Сәлімгерей. – Татар дәмі таусылған шығар байғұстың. Тіршілікте пенделікпен жіберген қателігі болса, құдай кешсін. Иманы жолдас болғай! Ғаріп жан... Бақұл бол!

          

         Бұдан кейін таң атты. Күн нұры күндегідей поселкені алтын шұғылаға бөледі. Жыл сайынғы әдетімен мереке күнгі қарбалас ерте басталды. Мектеп жақтан горнның, барабанның үндері естіледі. Ұйқыдан тұрған тіршілік перроннан қозғалған ауыр составтай баяу жылжып бара жатты.

         Әлдебір жолаушы Сәлімгерейдің үйіне құдайы қонақ боп келгенде жүректен қайтыс болыпты деген сыбыс төңірекке сыздықтай тарағанмен, алып-қашпа дабыраға ұласқан жоқ. Дүниеге кім келіп, кім кетпей жатыр?..

Бұл өңірде бәрі бұрынғыша, бәрі бәз қалпында. Тіпті ештеңе де болмаған секілді.           

 2010 жыл

Астана

Соңы

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 2101
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 2514
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 2198
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1622