Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Алашорда 3343 0 пікір 1 Қараша, 2023 сағат 14:31

Ғазымбек Бірімжан. Жалпыламадан нақтылыққа

Агроном, публицист Ғазымбек Бірімжанның өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі туралы зерттеу жұмысын қолға алғаннан бері архивтік құжаттар мен деректер негізінде бірнеше мақала жазылды. Осыған дейін жалпылама түрде беріліп келген мәліметтерге толықтырулар енгізілді. Алайда әлі де нақтылайтын көмескі тұстары да бар. Соның бірі – Берлин қаласындағы оқуын аяқтап, елге келгеннен «халық жауы» ретінде тергеуге алынған кезге дейінгі өмірі. Бұл туралы бұрын жазылған еңбектерде оқуын бітіріп, елге келе жатқан кезінде қуғын-сүргінге ұшырады немесе ел ішінде қуғын көріп, тұтқындалғанға дейін Мәскеу қаласында тұрды деп жазылып келді. Ғазымбектанушы ретінде тұлғаның Берлиннен оқып келгеннен кейінгі өмірі туралы толығырақ жазуды жөн көрдік.

Сонымен 1928 жылы оқуын аяқтаған соң (1927 жылы бітірген) Берлин қаласынан Мәскеу қаласына оралады. 1929 жылдың 8 қаңтарында Қызылорда түрмесіндегі тергеушіге берген жауабында: «Берлиннен 5 наурыз күні шығып, Мәскеуде 7 наурыз күні болдым, 12-не дейін сонда болдым» [1, 171-б.], – дейді. 1928 жылдың наурызында елге оралып, тұрақты жұмыс іздей бастайды. Ораз Жандосовтың архивтік құжаттары топтастырылған кітапқа назар салсақ, Алматы қаласындағы ауылшаруашылық техникумына агроном болып орналасқысы келген. О. Жандосов Алматы қаласындағы ауылшаруашылық техникумына жіберуге болатынын жазады [2, 88-б.]. Алайда хатта көрсетілген екі орын да бұйырмай, Мемлекеттік сауда басқармасына орналасқан.

Мемлекеттік сауда басқармасы (КАЗГОСТОРГ) – сауда монополиясын жүзеге асырған мекеме. 1928 жылдың 25 ақпанында Қазақ АКСР-і ХКК мен РСФСР мемлекеттік сауда басқармасы келісім-шартқа отырып, «КАЗГОСТОРГ» акционерлік қоғамы құрылған [2]. Мемлекеттік сауда басқармасының аң терісі, ішек, май, әртүрлі тауарлар, жүн, құрылыс, т.б. бөлімдері болған.

Еңбек кітапшасында 1928 жылдың 24 маусымынан бастап май бөлімінде нұсқаушы (инструктор по маслу) болып жұмысқа орналасқаны, айына 180 рубль жалақы алатыны жазылған [4].

Еңбек кітапшасын қарап отырып, оқыған оқу орындары ретінде Петров-Разумовский академиясы мен Берлин ауылшаруашылық университетін көрсеткенін байқаймыз. Негізінен Петров-Разумовский академиясына оқуға қабылданғанымен, толық аяқтамаған. Оқу орнына құжаттарын толық тапсырған. Ол құжаттардың ішінде Орынбор реалды училищесінің соңғы сыныбын бітіргенін растайтын куәлік пен аттестат, Торғай уезі, Тосын болысының болысы Жақып Дәуренбекұлы мен дәрігері Н. Гориннің анықтамасы, Торғай облысының комиссары Әлихан Бөкейханның әскерден босату туралы анықтамасы, үш сурет және тағы басқа өтініштер бар. 1917 жылдың 2 қыркүйегінде Торғай облысының комиссары академия директорына стипендия негізінде жылы шыраймен оқуға қабылдауын өтініп, хат жазған. Ғ. Бірімжан оқуды толық аяқтамаса да, белгілі бір деңгейде оқыған. Сол себепті де құжатта оқу орны ретінде көрсетіліп тұр.

Петров-Разумовский академиясынан кейін Ташкент қаласындағы оқу орнына стипендиямен барып (САГУ), ол жерде де толық аяқтамай, Берлин қаласына оқуға аттанған. Оқуға қалай барғаны және қалай оқығаны туралы бұған дейінгі мақалалар да жазып өттік. Тек 1927 жылғы экзамен сертификатына көз жүгіртетін болсақ, алдын-ала тексеруден (І бөлім) 16 балл жинаған. Міндетті емтихан пәндерін тапсырған. Оның ішінде химия пәні – 3 балл, физика пәні – 4 балл, физиологияға негізделген ботаника – 3 балл, зоология және анатомия – 3 балл, физиология – 3 балл, топырақтанудың минералдық және геологиялық негіздері – 3 балл. Негізгі эмтиханның (ІІ бөлім) міндетті пәндерінен мынадай көрсеткіш көрсеткен: ауыл шаруашылығын басқарудың теориясы және бухгалтерлік есеп бағалау теориясы – 6 балл, өсімдіктану – 8 балл, мал шаруашылығы – 8 балл, өсімдіктің қоректенуі мен мал азығы туралы ғылым – 5 балл, ауылшаруашылығына қажетті машина құрастыру – 4 балл, экономика – 4 балл, құқықтану – 4 балл. Бас-аяғы – 39 балл. Екі кезеңді қосқан кезде 55 балл болса, ортақ  GPA – 3,6 %. Берлин қаласындағы оқу орнын жоғары нәтижемен бітірген деуге толық негіз бар.

Мемлекеттік сауда басқармасында істеген кезде екі рет іс-сапарға барған. Біріншісі, 1928 жылдың 8-17 қазан аралығында май өнеркәсібін ашу мүмкіндігі бар-жоғын анықтау мақсатында Шымкент ауданына барып келген [5].

Екіншісі, 1928 жылдың 26 қарашасында Вологда қаласында өткен курсқа қатысқан. 1928 жылы Вологдадағы сүт-шаруашылық инситуты май өңдеу бойынша курстар өткізген. 1928 жылғы 3 желтоқсанда «КАЗГОСТОРГ» акционерлік қоғамы шығарған бұйрықта іс-сапар уақыты 26 қарашадан басталғаны жазылған. Ал өзінің көрсетіндісінде 4 желтоқсанда Вологда қаласына барғанын, 30 желтоқсанда тұтқындалғанын айтады.

Курста жүрген кезінде Вологда қаласындағы ОГПУ өкілдері тұтқындаған. 1929 жылғы қаңтардың басында Қызылорда қаласына жөнелтеді. Сол кезде толтырылған анкетада 1928 жылдың 30 желтоқсанында Вологда қаласында ұсталынғаны анық көрсетілген. Ал, отбасылық жағдайы туралы мәліметте: әйелі Зайра Жантөрина – студент, Мәскеу, 10, Третья Мещанская 18, 17-үй; Бірімжанов (Мұхтар болуы мүмкін) – оқып жатыр, Орынбор қаласы; Бірімжанов (Жақып Дәуренбеков болуы мүмкін) – шаруашылығы бар, Торғай деп берілген. Анкета соңында Мемлекеттік сауда басқармасына, отбасына қамауға алынғаны жөнінде ақпарат беруін өтінген. Қамауға алынған кезде 72 жеке затының тізімі (кітаптар, сөздіктер, дәптерлер, папирос, жеке гигиеналық заттар, киім-кешек, т.б.) жасалынған [6].

1929 жылдың 21 ақпанында шыққан бұйрық бойынша 15 ақпаннан бастап Мемлекеттік сауда басқармасындағы жұмысы аяқталған [7]. Сондай-ақ мемлекеттік сауда басқармасының инспекторы Мырзағазы Есболұлы да 15 ақпан күні жұмыстан шығарылған. Сонымен Ғазымбек Бірімжан Мемлекеттік сауда басқармасында ресми түрде 24.06.1928 – 15.02.1929 жылдар аралығында жұмыс істеген.

Қорыта айтар болсақ, Ғазымбек Бірімжан оқуын бітіріп елге келген соң, бірден қуғындалмай Мемлекеттік сауда басқармасында қызмет етті. Қызылорда қаласында тұрып, ел арасынан қуғын көріп, Мәскеуге бармаған, іс-сапар бойынша ғана курсқа барған. Алдағы уақытта жарық көретін анықтамалық мәліметтер мен жалпы тұлға туралы жазылған еңбектерде бірізділік сақталып, нақты деректер бойынша жазылған мақалаларды негізге алғаны жөн.

Пайдаланылған әдебиеттер тізімі

1 Ғазымбек Бірімжан (1896-1938) Шығармалар жинағы. – Нұр-Сұлтан: «Qyr balasy» баспасы, 2021. – 250 бет.
2 Джандосов У.: Документы и публицистика (1918-1937 гг.). В 2-х томах. Т.2. – Алматы: ТОО «Издательский дом «Қазақстан», 1999. – 304 с.
3 ҚР ОМА, 1025-қ., 1-т, 1-іс.
4 ҚР ОМА, 1025-қ., 1-т, 725-іс.
5 ҚР ОМА, 1025-қ., 1-т, 61-іс, 10-п.
6 «Алаш ісі. 1920-1930 жж. ОГПУ жүргізген жасанды тергеу ісініц қүжаттары мен материалдары» / «Алашское дело 1920-1930 гг. Документы и материалы следственного дела, сфабрикованного ОГПУ». В двух томах -Алматы: ТОО «Издательство LЕМ», 2022.
7 ҚР ОМА, 1025-қ., 1-т, 61-іс, 88-п.

Данияр Ихсан,

Ә. Бөкейхан Алаш ҒЗИ ғылыми қызметкері

Abai.kz

0 пікір