Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Аласапыран 2509 26 пікір 27 Қазан, 2023 сағат 14:02

Израиль-ХАМАС соғысы: АҚШ мұсылмандары бас көтерді

Американың әйгілі CNN арнасы сәрсенбі күні Газа аймағы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметін жариялады. Онда Израильдің кек алу операциясынан 7000 мыңнан астам палестиналықтың қаза тапқаны айтылған.

Мұның ішінде 2665-і балалар, 132-і жасқа да толмаған. 6747 құрбанның аты-жөні анықталған, 281-нің тұлғасы анықталу үстінде екен. Осы қанды мәліметке байланысты тілшілердің сұрағына жауап берген Ақ үй басшысы Байден мырза Израильдың қарапайым бұқараларды өлтіргенін жоққа шығармағанымен, Палестин тараптың нақты дерегіне күмәнмен қарайтынын жеткізген.

Оның алдында Чикаго қаласының сыртында 6 жасар арғы тегі палестиналық баланы ересек адам қатігездікпен өлтірген. Сақшыларға баламен оранған шешесін өлтіруді көздегенін жасырмай айтқан. Байденнің сөзі Америкада қайта өршіген исламофобияға жел бергендей әсер еткен.

Осыдан кейін Америка халқының 1 пайызын құрайтын мұсылман жамағаты өре түрегелді. Америка мұсылмандарының бірлестік ұйымы CAIR Байденнің мұсылмандардың өлім көрсеткішіне сенімсіздікпен қарағанын айыптап, кешірім сұрауды талап етті. Ұйым жетекшісі Ниқап Авад: «Тілшілер өлгендер санының орасан екенін күн сайын жазып жатыр. Одан сырт Газадан сағат сайын мылжа-мылжасы шығып өлген әйелдер мен балалар көрсетілген бейне жазбалар ағылып жатыр», - деді. Мұсылмандардың қарсылығынан қаймыққан президент Байден кеше Америка мұсылмандарының басшысын қабылдауға мәжбүр болған. Кездесу жабық жағдайда өткен. Деседе баспасөз құралдары Байденнің ақталып, мұсылмандарға қарсы әрекеттердің жолын кесуге уәде бергені анық дейді.

Израиль тарабының Газаны бомба астына алғанына 19 күн болды. Осы уақыт ішінде 2000 бомба атқан. ХАМАС тарабының мәліметінше, сейсенбі күні адам шығыны ең көп болған. Бір тәулікте ғана 704 адам жан тапсырған. Десе де Израиль тарабы өзінің әскери әрекетін «соққы емес, қорғану» деп келеді.

Газаға әскер кіргізу жоспарын кешіктіргенімен, еш айнымаған. Израильдің зейнеттегі әскери қолбасшысы: «Израиль асықпайды. Америка Ислам террористері ұйымын жою үшін 5 жыл сарып етті. Біз де ХАМАС-ты алты күнде жоя алмаймыз», - деп пікір білдірген.

Англияның соғыс статистикасын жүргізетін Airwars агенттігінің сараптауынша, Израиль Газа аймағындағы 7000 нысанды бомбалаған. Соққының күші АҚШ-тың тарихтағы мұсылман елдеріне жасаған соққыларынан да асып түскен. Ұйым құрылғаннан бергі (2014 жылы) ең қанды көрсеткіштер осы жолы тіркелген. Палестиналықтардың өлімі 1982 жылғы Ливан соғысынан кейін ең көп тіркелген.

Есбол Үсенұлы

Abai.kz

26 пікір