Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
Ел іші... 1710 2 пікір 25 Қазан, 2023 сағат 14:54

Татулық пен бірлікті ту еткен - жастар

Елімізде татулық пен бірлікті сақтауда Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі ерекше. Қазақстан дейтін киелі шаңырақтың астында 130-дан астам ұлттың өкілдері бірлесіп тату-тәтті өмір сүруде. Бүгінде Қазақстан халқы Ассамблеясында «Аналар кеңесі», «Ақсақалдар алқасы» «Ассамблея жастары», «Ассамблея журналистерінің клубы» сынды ұйымдар жемісті жұмыс істеуде. Біз бүгін еліміздің жастарын бір арнаға тоғыстырған «Ассамблея жастарының» оның ішінде Алматыдағы өзбек Этномәдени бірлестігі жастар қанатының төрағасы Шохмурод Молайхановпен арнайы сұхбаттасып, жастардың жұмысы жайлы әңгімелеп беруін сұрадық.

- Шохмурод Анарханұлы, алдымен өзіңізбен танысып алсақ,  «Ассамблея жастарының» тыныс-тіршілігі жайлы  айтып өтсеңіз?

- Қазақстан халқы Ассамблеясында «Ассамблея жастары» ұйымы бар. Мен сол ұйымға қарасты өзбек этномәдени бірлестігі жастар қанатын басқарамын. Одан бөлек, Қазақ радиосында «Достық» бағдарламасын жүргіземін. С.Д.Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық Медицина Университетінің фармакология кафедрасының ассистенті, клиникалық фармакологпын. Еліміздегі этномәдени бірлестіктердің негізгі мақсаты, еліміздегі татулықты, достықты, ынтымақ пен бірлікті сақтау. Сонымен қатар әр ұлт өзінің мәдениеті мен рухани әлемін сақтай  отырып, алға қарай жылжып келеді. Біздің жастар ұйымымызда  Қазақстанда тұратын әр этнос жастарынан құрылған бірлестіктер бар. Барлығымыз бір-бірімізбен тығыз қарым-қатынастамыз. Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлін ерекше атап өткім келеді. Біздегі мақсат елімізде патриоттық сезімді арттырып, әр ұлттың өзінің тілін, ділін, салты мен дәстүрін дәріптей отырып, этносаралық салада қомақты жұмыстар атқару. Қазіргі таңда Алматы қаласында Ассамблея жастарының филиалы көптеген жұмыстар атқаруда. Ең бастысы Отанын сүйетін, еліне қызмет ететін жастардың рухына рух қосып, алға қарай,  жетістікке қарай аяқ басу.

- Ассамблея жастары қандай іс-шараларға қатысады. Одан бөлек жастардың дамуына, олардың әлеуметтік мәселелеріне назар аударыла ма?

- Біздің Алматыда 30- дан астам бәлкім одан көп этномәдени бірлестіктердің  Жастар ұйымдары бар. Жалынды жастар республикалық, қалалық тіпті ауданаралық мәдени іс-шараларға белсене қатысады. Жастарға арналған қандай да бір фестивальдер мен конкурстарға да қатысып, белсенді өмір салтын ұстанамыз. Өздеріңіз білесіздер, Алматы бізде жастардың қаласы. Жыл сайын жастардың да саны жаңа оқу жылы басталған сайын артады. Білім қуып келген жастардың көбісі еліміздің түкпір-түкпірінен Алматыға келеді. Айтайын дегенім, жастардың мәселесі біздің жіті назарымызда. Біздің «Ассамблея жастары» жыл сайын жастарға арналған «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін ұйымдастырады. Мақсатымыз бос уақытын тиімді пайдаланып қосымша жұмыс істегісі келген жастарға, тіпті тұрақты жұмыс тапқысы келген жастарға мүмкіндік беру. Оның таңдау жасауына, ұсыныс алуына сеп болу. Сонымен қатар біздің жастарымыз қаламызда өтетін эко акциялар мен сенбіліктерге тұрақты қатысады. Жақында ғана «Табиғатты аялайық» атты республикалық сенбілік өткен болатын. Алматыдағы Ассамблея жастарының мүшелері бұл сенбілікке  белсене қатысып, қаламыздың «Медеу», «Алмарасан» сынды көрікті жерлеріне тазалық жұмыстарын жүргізуге үлес қосып қайтты. Сондай-ақ біздің жастарымыздың ұйымдастыруымен «Бірлік» эко акциясы ұйымдастырылды. Қаламыздағы барлық этномәдени бірлестіктердің жастары бірігіп қаламызды қоқыстан тазартуға барынша атсалысты. Мұндай шаралар жастарды бір-бірімен біріктіреді, жаңа достар табуға мүмкіндік береді. Айта кетейін, жаз айында Ассамблея жастарының республикалық қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Жаңа Қазақстандағы – жастардың рөлі» атты республикалық екінші слеті өткен болатын. Бұл шараға Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелерінен Тимур Жұрынбаев, Рустам Каириев, Геннадий Шиповских сонымен қатар дарынды жастарымыз қатысып, белсенділік таныты. Біздің өзбек этномәдени бірлестігінің жастар қанаты қаламызда өтетін мәдени іс шараларға өте белсенді қатысады.

- Өзбек этномәдени бірлестігі жастар қанаты елімізде мемлекеттік тілді дамытуға қандай үлес қосуда?

- Өздеріңіз білесіздер бізде Ассамблея тарапынан жыл сайын мемлекеттік тілдің аясын кеңейту мақсатында конкурстар ұйымдастырылады. Біз өз тілімізден бөлек, мемлекеттік тілімізді дәріптеуге, қолданыс аясын кеңейтуге барынша атсалысудамыз. Жыл сайын ұйымдастырылатын «Мемлекеттік тілді дәріптеу» жарыстарында біздің  жастар қанатының мүшелері жүлделі орындардан түспейді. Біздің этномәдени бірлестік еліміздегі татулық пен бірлікті сақтауға өз үлесін қосып келеді. Әрдайым мемлекеттік тіліміз қазақ тіліне үлкен құрметпен қараймыз. Түркіділдес халық болғандықтан өзбек пен қазақ тілінің ұқсастықтары көп. Елімізде бірлік күніне орай өтетін шараларға белсене қатысып, өзге ұлттармен бірге берекелі ел екенімізді көрсетуге әрдайым дайынбыз. Біздің жастарымыз  республикалық деңгейде өткен мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге арналған жарыстардан үш жыл қатарынан жүлдеегер атанған болатын. Жас буын болғаннан кейін салауатты өмір салтын ұстану өте маңызды. Сондықтан біздің Алматыдағы Ассамблея жастары спорттық жарыстарды жиі ұйымдастырады. Жастар арасында «Сенбілік футбол», «Воллейбол» сынды дәстүрлі турнирлер өтеді. Әр этномәдени бірлестіктердің жастарынан құрылған командалар арасында спорттық жарыстарға қаысқыатындардың қатары көп. Ең бастысы  еліміздегі  әрбір жасқа алға қарай дамуы үшін барлық мүмкіндіктер жасалған. Жастар бір орында тоқтап қалмауы керек. Ассамблея жастарынан бөлек,елімізде көптеген жастар ұйымдары, еріктілерден құрылған жасақтар бар. Біздің барлығымызды Қазақстан дейтін ортақ үй біріктіреді. Оны елімізде тұратын әрбір жас сезінеді деп  ойлаймын. Ең бастысы береке мен тыныштықта елімізді дамыту, туған жерімізді қастерлеу.

Abai.kz

2 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 361
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 190
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 198
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 200