Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Бұ не мазақ? 2403 12 пікір 18 Қазан, 2023 сағат 14:39

Қостанайда «шовинизмге» құрмет үлкен болып тұр...

Ресейде бір кезде «Брат» және «Брат-2» деген фильмдер шығып, көрермендері көп үздік дүниелердің қатарына қосылды.

Мазмұны тым қарапайым, кәдуілгі ешкімді де аямайтын бандиттер туралы. Ал осындағы басты рөлді орындаған Сергей Бодров деген жастардың аса сүйікті кейіпкеріне айналды. Өйткені ол сол Ресей жастарының бойындағы ұлтшылдық пен шовинизмді жақсы насихаттай білді. Яғни олардың осал тұсын дөп басты. Өздерін басқа ұлттан жоғары ұстатын менменшілдік қасиетіне қанат бітірді. Фильмнің негізгі мақсаты да осы еді.

Мұны сол картинадағы бір ғана эпизодтан айқын байқауға болады. Бірде Бодровқа «брат» деп қалған кавказдық жігітке қайтарған жауабы нағыз шовинизм мен нәсілшілдіктің айқын айғағы еді. Ол әлгі еш жазығы жоқ жігітке беті шіміркеместен: «Какой ты мне брат, гнида чернозадая» (тұпнұсқада бұдан да жаман) деп сасық сөзін лақ еткізді. Мұндай сөздердің орыс жастарының құлақтарына майдай жағары сөзсіз.

Ал мен осы бір ұлтшылдықты қоздыратын фильмді неге сөз қылып отырмын дейсіздер ғой?.. Оның өзіндік бір аса қауіпті себебі бар. Жақында Қостанайда осы фильмді жне оның басты кейіпкері, дүниеден ерте озған, өздері оны «кеңестік әрі ресейлік атақты актер һәм кинорежиссер» санайтын Сергей Бодровты еске түсіруге арналған үлкен концерттің «Орион» деген мәдениет сарайында дүркіреп өткендігін осындағы орыс тілді газеттер жарыса жазып жатыр.

Сонда мұны қалай түсіндік? Мұндағы Бодровтың тілектестерінің көздегендері не? Ресей фильміндегі орыс үстемдігін Қазақстанда насихаттаудың бастамасы ма? Сонда жергілікті билік қайда қарап отыр? Осындағы қоғамдық даму мен мәдениет басқармалары бұларды назар аударуға тұрмайтын ұсақ-түйек дүниелер санай ма?

Айтпақшы, осы Бодров дегенің өзінің бір сұхбатында: «Соғыс кезіндегі солдаттың қандай да әрекетін айыптауға болмайды», - деп соққаны бар. Бұл сөз Ресей солдаттарының Украинадағы неше түрлі зұлымдықтарын ақтауға әкеліп соқпай ма?

Ресейдің өктемдік саясаты бізде осылайша төрге өрлеп тұрғанда біз ұлттық санамызға түрткі болатын, «Міржақып. Оян, қазақ!» фильмін бірде көрсетіп, бірде көрсетпей, өзімізбен-өзіміз алысып жатырмыз. Осыдан кейін, айтатын сөз де жоқ, тіпті.

Жайберген Болатов

Abai.kz

12 пікір