Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Алашорда 5244 49 пікір 16 Қазан, 2023 сағат 13:34

Көрнекілік: Аңдамай сөйлеген азаматқа

Ағартушы Ы.Алтынсаринның қазақ баласының құлағына «Кел, балалар, оқылық» деген танымал атаумен сақталып жеткен атақты өлеңінің алғашқы жолдары туралы аңдамай сөйлеген азамат, мәжіліс депутаты Ринат Зайытовтың назарына, көп сөйлеп, жақ талтырмай, екі көрнекілік скан-көшірме ұсынамыз.

Біріншісі – Ы.Алтынсаринның 1876 жылдың 3 желтоқсанында Торғай қаласынан Н. Ильминскийге жолдаған хатынан үзінді. Мұнда ол мектеп бағдарламасында пайдаланып жүрген татар тіліндегі кітаптардан оқу үрдісін ажырату мақсатында қазақ тілінде оқуға жаттығу (для первоначального обучения) кітап дайындауға кіріскенін хабарлай келе, оны өлең жолымен бастап отырғанын жазады (1 сурет).

Бұл хат Н.Ильминскийдің 1891 жылы Қазан қаласында шыққан «Ы.Алтынсарин туралы естеліктер» деп аталатын кітабында жарияланған. Өкінішке қарай, Н.Ильминскийдің аталған кітабы түпнұсқада әлі толық жарияланған жоқ. Сондықтан Ы.Алтынсаринның өмірі мен шығармашылығына қатысты кейбір жаңсақ пікірлер, жел сөздер әлі орын алып келеді және ол түрлі нұсқада түрлене түсуде. Біздер кітапты қазіргі әліпби үлгісіндегі терілім түрінде де және скан нұсқасында да баспаға ұсынған едік, онымыз баспалар тарапынан қолдау таппады.

1876 жылы жазылған өлең, үш жылдан соң, яғни 1879 жылы Орынборда жарияланған «Қырғыз (қазақ) хрестоматиясының» алғашқы бетіне «Сөз басы» ретінде орын табады (2 сурет). Хрестоматия (қазақи ұғыммен айтқанда, мәтіндер жинағы) Орынбор оқу округінің басшысы П.А.Лавровскийдің 1879 жылдың 11 қыркүйегінде берген рұқсатымен баспаға ұсынылады. Түзетуші (корректор) – автордың өзі.

Алып-қашпа сөздерге «алып ұша» бермес үшін көзқарақты азаматтарды Ы.Алтынсаринның ғұмырнамасы мен шығармашылығы туралы архив мұрағаттары мен ағартушының көзін көрген Н.Ильминскийдің тарихи еңбегінің түпнұсқасына, сондай-ақ төсек тартып науқастанып қалған ұстазын күтіп-бағып, өз қолымен соңғы сапарға шығарып салған шәкірт-мұғалім Ә.Балғымбаев сынды кісілердің естеліктеріне сүйеніп (бұл да әлі мұрағат сөресінде толық жарияланбай жатыр) жазған біздің «Абай және Ыбырай» атты ғылыми-танымдық зерттеу кітабымызбен танысуға кеңес береміз (3 сурет).

Кітап 2022 жылы Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті жанындағы «Абай академиясы» ғылыми-зерттеу институтының қолдауымен баспадан аз тиражбен жарияланды. Ұлттық кітапханаларда сақтаулы деп ойлаймыз.

Алмасбек Әбсадық

Abai.kz

49 пікір