Жексенбі, 5 Мамыр 2024
Жаңалықтар 2635 0 пікір 7 Қыркүйек, 2009 сағат 05:48

Бек Датұлы. Ресейде қанішер Сталин қайта «тіріліп» келеді

Ресей отпен ойнап отыр. Орыс оппозициясы осылай дейді. Путин-Медведев одағы Ресейді өркениетті де өрелі деңгейге емес, өткен күндер еншісінде қалған өктемдіктен өксіген өкінішті өмірге кері жетелеуде дейді олар. Соңғы күндері орыс қоғамындағы үлкен айтысқа айналып, зиялылар мен ұлт ұлдарының наразылығын тудырып, талқысына түскен саяси спектакльдер болып өтті. Бұлардың қай-қайсысы да орыс билігінің шексіз ашкөздігін ашып көрсете түскендей. Тирандардың тартысынан басталған екінші дүниежүзілік соғыстың 70 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі метро станцияларының бірі күрделі жөндеуден соң қайта пайдалануға берілді. Ондағы Хрущевтың кезінде жазылған ескі гимннің үзіндісі де қайта қалпына келтірілді. Оқыңызшы, ойыңызға нелер түседі: «Сталин бізді халыққа, еңбекке адалдыққа тәрбиелеп, ерлік істерге рух берді» («Нас вырастил Сталин на верность народу, на труд и на подвиги нас вдохновил»). Өзгені қайдам, талай жыл құлдық қамытының құрсауында болған, енді ол күндерге тек лағнет айтатын қазақтың көз алдына қанды жастан суалған жанарлар, темір тордың ар жағында торығумен күні өткен тарланбоздар, қайғыдан қақ айырылған қара жер, тасбауыр тағдыр тұсауын тарылтқан талайсыз жұрт, ұшан-теңіз қайғы-мұң көрініс берері қақ. Соншама ащы запыранды қайта қозғайтын қанмен жазылған қаріптерді қайта қалпына келтірткендегі орыс билігінің ойлағаны не? Әрине, көзден аққан жасы көлге айналған бір қазақ емес.

Ресей отпен ойнап отыр. Орыс оппозициясы осылай дейді. Путин-Медведев одағы Ресейді өркениетті де өрелі деңгейге емес, өткен күндер еншісінде қалған өктемдіктен өксіген өкінішті өмірге кері жетелеуде дейді олар. Соңғы күндері орыс қоғамындағы үлкен айтысқа айналып, зиялылар мен ұлт ұлдарының наразылығын тудырып, талқысына түскен саяси спектакльдер болып өтті. Бұлардың қай-қайсысы да орыс билігінің шексіз ашкөздігін ашып көрсете түскендей. Тирандардың тартысынан басталған екінші дүниежүзілік соғыстың 70 жылдығы қарсаңында Мәскеудегі метро станцияларының бірі күрделі жөндеуден соң қайта пайдалануға берілді. Ондағы Хрущевтың кезінде жазылған ескі гимннің үзіндісі де қайта қалпына келтірілді. Оқыңызшы, ойыңызға нелер түседі: «Сталин бізді халыққа, еңбекке адалдыққа тәрбиелеп, ерлік істерге рух берді» («Нас вырастил Сталин на верность народу, на труд и на подвиги нас вдохновил»). Өзгені қайдам, талай жыл құлдық қамытының құрсауында болған, енді ол күндерге тек лағнет айтатын қазақтың көз алдына қанды жастан суалған жанарлар, темір тордың ар жағында торығумен күні өткен тарланбоздар, қайғыдан қақ айырылған қара жер, тасбауыр тағдыр тұсауын тарылтқан талайсыз жұрт, ұшан-теңіз қайғы-мұң көрініс берері қақ. Соншама ащы запыранды қайта қозғайтын қанмен жазылған қаріптерді қайта қалпына келтірткендегі орыс билігінің ойлағаны не? Әрине, көзден аққан жасы көлге айналған бір қазақ емес. Өзге ұлттар мен ұлыстар да Сталиннің заманын аңсап отырған жоқ. Орыс халқы да солай. Ендеше орыс билігі өзге түгіл өз халқы жанынан қарадай түңілетін ескі күндерді еске алуға неге құштар? Өктемдіктің буымен өсіп-өнетін саяси дерттің түбірі неге үзілмейді? Бұл, міне, орыстың озық ойлы зиялыларының ойын онға, санасын санған бөлген үлкен сұрақ.

Бар кәдік орыс билігінің өткенді, яғни «одақтас» елдерге жеке-дара билік жүргізген, жарты әлемді коммунизм елесімен еліткен күндерді «табиғи әлемдік геосаяси иерархия» деп ойлауынан туындап отыр. Олар мұны табиғи заңдылық деп санайды. Отарлау, басқыншылық саясатын қайта тірілткісі келіп жүретін озбырлау мінезді Кремльдің билік үшін ештеңеден тартынбасы аян болды. Олар тіпті, коммунистік көзқарас тұрғысынан жазылған жалған тарихтың бет-пердесі ашылуына да қарсы. Ілікке сылтау іздейтін «іргелі» елдің басшылары осылайша тарихты тұмшаламақ. Ақпарат майданы алаулап тұрған жаһандану дәуірі мынау. Орыс билігінің сөзіне еретін, оның айтқанын әлі де пір тұтатын орысмінез емес, оқысмінез адам көп. Кремльдің көздегені, көксегені көрші жұрттардың ұлттық мүддесіне қайшы келетіні оларды ойландырмайды. Жақында Ресейде «Тарихты қолдан жасап Ресейдің көзқарастарына қайшы келетін істерге қарсылық көрсету жөніндегі» президенттік (!) комиссия құрылып, алғашқы отырысы өтті. Әрине, әңгіменің өзегі соғыстың басталуының 70 жылдығы болды. Осыған орай орыс билігі өткен күндерге өз көзқарасын, пікірін білдіруі керек еді. Саяси сахнаға орысты ұлықтау деген үлкен ұранмен шыққан Путин Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуына себепкер болған тұлғалардың бірі Сталиннің тарихи миссиясын жалғастырушы ретінде өткенге жаңаша баға беруі керек еді. Сондықтан да ол метроның маңдайшасындағы тасқа таңбаланған Сталинге мадақты жұрттың есіне салып қойғысы келді. Сөйтіп, осы күнге «күн көсемнің» арқасында жеттіңдер, бүгінгі билік оның заңды мұрагері дегенді ұқтырып отыр. Оның үстіне Сталин десе үрім-бұтағы күні бүгінге дейін түсінен шошып оянатын бұрынғы бодан елдерді сескенідру үшін, айтқанына көндіру үшін жасап отырған амалдарының бірі.

Польшада 1-қыркүйек күні өткен Екінші дүниежүзілік соғыстың басталуының 70 жылдығын еске түсіру шарасына Ресейдің үкімет басшысы Владимир Путин де қатысты. Егер Ресей үкіметі Батыспен қарым-қатынасын оң жолға қойғысы келсе Путин поляктардан кешірім сұрауы тиіс еді. Алайда, олай болмады. Путин Молотов-Риббентроп келісімін елеусіз қалдырғысы келді. Бұл келісім-шарт Гитлер мен Сталиннің Польшаны бөліске салуға жасаған нақты қадамы еді. Сынықтан сылтау тапқан Германия 1939 жылы 1-қыркүйекте Польшаға шабуыл жасады. Осы бір тарихи фактіні жуып-шайғысы келген Кремль соғыстың басталуының 70-жылдығы қарсаңында Батыстың ақпарат айдынын Польшаны Германияның одақтасы болған деген мақалалар сериясымен толтырып тастаған болатын. Өз бетін аямаған кісі бетін шиедей қылады деген осы шығар. Сөйтіп Путин поляктарға өзара өкпені ұмытайық деп ұсыныс тастады. Путинмен салыстырғанда германия канцлері Ангела Меркель ақылды шешім қабылдап соғыстың басталуына Германия толық кінәлі деп мойындады. Өз отына қан құйғанның, кісі отына май құймасын өркениетті ел біледі. Гитлерден еш кем емес, өзге былай тұрсын өз халқын аяусыз қырып-жойып қаніпезерлігімен тарихта аты қалған Сталинді мадақтау Путинге абырой бермесі анық. Бірақ шоқпар жинайтын тентектей күні бүгінге дейін қырауар қаржыны қорғаныс саласына жұмсайтын Ресей осылайша тағы да томырық мінез көрсетті. Сталинді зор тұтатын тарихты қайта қарағысы келетін қоғамға, әлемдік қауымдастыққа сес көрсетті. Поляктардан кешірім сұрамады.

Сол соғыста мыңдаған боздағынан айырылған қазақ халқы Путиннің бұл қылығын қалай қабылдайды? Жазықсыз жандар не үшін құрбан болды? Коммистік езгіде болу үшін ғана фашизмге қарсы күресті ме? Гитлер жауыз басқыншы, ал Сталин мейірімді «күн көсем» деп қайталап айта аламыз ба? Айта алмасақ, тиран болған Сталинді мадақ тұтып отырған Ресей билігімен қарым-қатынасымыз қандай болуы шарт? Өткен күндерді сағына аңсап, өлермен өктемдігін қайта тірілткісі келетін Кремль осы мінезімен қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақ екенін көрсетіп берді. Әлемнің геосаяси картасын түбірімен өзгерткен Екінші дүниежүзілік соғыстың ақиқатын ашуға қарсы болып отырған Кремль өзге елдерге жасаған өктемдігін де мойындамасы анық. Содан болар, Кремль күні бүгінге дейін қазақ халқының алдында Ресейдің жүздеген жылдар бойы қазақ мемлекетіне қарсы отарлау саясатын жүргізгенін есінен шығарып алды.

 

«Абай-информ».

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1405
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1237
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 994
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1067