Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 5383 0 пікір 6 Қыркүйек, 2009 сағат 20:08

Әлемге әйгілі Қаныш аға

«Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу - елдіктің белгісі» деп, белгілі арысымыз Халел Досмұхамедұлы айтпақшы, көзін көрген жан ретінде есімі әлемге әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жөнінде де айтпай өту аманатқа қиянат жасағанмен бара бар болар еді. Өзімнің ұзақ ғұмырымда тәлім алып, үйреніп, үлгі тұтқан тұлғаның маған таныс қырлары жария болуы керек деген ойдамын. Қалай дегенмен бүкіл саналы тіршілігінде елім деп, жерім деп өткен азаматтың естелігіне соқпай өтуге сірә да болмас.

«Өз жұртына жұмыс қылып, еңбек сіңірген адамдарды қадірлеу - елдіктің белгісі» деп, белгілі арысымыз Халел Досмұхамедұлы айтпақшы, көзін көрген жан ретінде есімі әлемге әйгілі ғалым Қаныш Имантайұлы Сәтбаев жөнінде де айтпай өту аманатқа қиянат жасағанмен бара бар болар еді. Өзімнің ұзақ ғұмырымда тәлім алып, үйреніп, үлгі тұтқан тұлғаның маған таныс қырлары жария болуы керек деген ойдамын. Қалай дегенмен бүкіл саналы тіршілігінде елім деп, жерім деп өткен азаматтың естелігіне соқпай өтуге сірә да болмас.

Мен мұнай техникумын аяқтаған соң, Ембі кеніштерінде екі жылдай жұмыс істеп, 1939 жылдың қараша айында Тау-кен металлургия институтына түстім. Бұл қазіргі Қаныш Сәтбаев атындағы қазақ ұлттық техникалық университеті болатын. Ағаларым әскер қатарында болғандықтан, отбасының жағдайына орай, институтта оқи жүріп, әлемге әйгілі геолог ғалым - Қаныш аға басқаратын геологиялық ғылыми-зерттеу институтына коллекторлыққа орналастым. Содан, жоғарғы курстарға жеткенде кіші ғылыми қызметкерлікке ауыстым. Әрине, жастық шақ, буырқанған арман күнделікті 12-13 сағаттық жүкті ауырсынбай арқалады. Ол мезгіл Қаныш ағаның Жезқазғанда он бес жылдай болып, ол өңірді өндірістік те, теориялық ретте де «Үлкен Жезқазған» атағына жеткізіп, аталған институтқа директорлыққа тағайындалған кезі еді. Әрі КСРО Ғылым Академиясының қазақстандық филиалының орынбасары, одан көп ұзамай филиалдың төрағасы болып үлгерген еді.

1941 жылы жазғы демалысқа бара алмайтынымды сезіп, тәжірибе алу, аз-маз қаражат табу үшін Қаныш ағаға барып, Орталық Қазақстанға бағытталған мыс-кенін іздестіру экспедициясы құрамына ендім. Ал, 1942 жылы сәуір айында оқудан бір жыл үзіліс жасап, Қаныш аға мені Маңғыстауға марганец кенін іздеу-зерттеу мақсатында Отан қорғаудағы маңызы өте зор экспедиция құрамына қосты. Маңғыстау ол уақытта Гурьев облысының бір ауданы ғана еді. Бұл неміс басқыншыларының Украинадағы Никополь марганец кенін уақытша басып алуына байланысты танкі жасайтын металл өңдеу салмағы Қазақстанға түскен кезең болатын. Еліміздегі кен байлығын әңгімелегенде Қаныш Имантайұлы көмірсутекті (мұнай-газды) бірінші орынға қоятын. Соның көрініс-айғағындай, Алматыға келген 1940 жылы Тау-кен, металлургия институтында мұнай факультетін ашқызып, оған алынған оқушыларға дәріс оқуға 1934 жылы Мәскеудің И.М. Губкин атындағы институтының түлегі, Доссор кенішінің бас геологы Нарен Орынбайұлы Имашевты арнайы шақырды.

Қ.И. Сәтбаев 1946 жылы мамырда Қазақтың Ғылым Академиясын құрып, оның тұңғыш Президенті болып сайланды. Сол жылдың маусымында Гурьевте Республикалық академияның «Ембі-Жайық ғылыми-зерттеу базасын» ұйымдастырды. 1956 жылы осы мекеме Мұнай институты аталып, 1960 жылы ол екіге бөлініп, Геология және геофизика институты және Мұнай химиясы мен табиғи тұздар институтына айналды. Геология және геофизика институты 1963 жылы Қаныш Имантайұлының ұйғаруымен Одақтық Геология министрлігіне бағындырылып, біраз жылдардан кейін Қазақтың мұнай геологиялық барлау ғылыми-зерттеу институты (КазНИГРИ) деген атпен республикаға қайтарылды.

Қысқасы, Қаныш аға Қазақ Ғылым Академиясын КСРО көлемінде алға шығарса, оның қарауында болған «КазНИГРИ» ғылыми тұрғыдан өзін бірнеше рет ақтағанына дәлел жеткілікті. Басқаны былай қойғанда, 1982 жылы бұрынғы Одақтық геология министрлігі «Карта нефтегазоносности Прикаспийской провинции и Нижне-Волжской нефтегазоносной области» еңбегін бастырып шықты. Редакторлары: Т.Н.Жұмағалиев, Л.Г.Кирюкин, Д.Л.Федоров. Бұл құнды еңбек ондаған жылдардың - КазНИГРИ, Нижне-Волжский институт геологии и геофизики және ВНИГНИ (Всесоюзный научно-исследовательский нефтяной институт) ғылыми зерттеулерінің нәтижесі. Күні бүгінде пайдаланудан түспеген. Алда да талай жылдар қолданылатынына кепілдік беруге болады. Осындай еңбекке алғыс та, сый-сияпат та алып көргеніміз жоқ. Бір опынарлық жай - сол КазНИГРИ-дің 60 жылдығы да ескерусіз қалды.

Сол кездің өзінде Қаныш Имантайұлы Сәтбаев: «...Батыс Қазақстанды зерттеу мен игеру проблемаларын кеңінен талқылаудың қажеттілігі әлдеқашан пісіп-жетті» десе, 1949 жылдың басында Гурьевте Батыс Қазақстанның өндірістік күшін игеруге арналған Қазақ Ғылым Академиясының көшпелі сессиясын өткізілді. Ал, 1959 жылы мамырда Қаныш Имантайұлы мен Нұртас Дәндібайұлы Оңдасынов Солтүстік Каспий ойпатының мұнай-газ проблемаларына меңзелген Бүкілодақтық ғылыми-техникалық конференция өткізуге мұрындық болды. Бұл күрделі форумдардың еңбек жинағына енген шаралар бүгінде де іске асуда...

Тағы бір айта кетерлік жайт, Қаныш Имантайұлы сонау 1924 жылы 25 жасында ана тілімізде араб әліппесімен 592 беттік «Алгебра» оқулығын жазған екен. Ал, 1929 жылы латын графикасына көшіргенде оның көлемі 1400 бетке жеткен. Биыл кириллицаға көшіріліп басылыпты. Қ.Сәтбаев «Алгебрасының» тілі жатық, есеп беру логикасы берік, есеп шығару түзілімдері ширақ та шымыр. Біздің орыс тілде сөйлейтін кей ағайындар Сәтбаев жазған «Алгебрамен», беттері қызармаса, ("Ана тілі" газетінің 7-13 мамыр, 2009 жылғы №18 (959) санымен танысуын меңзер едім.

Тілімізді менсінбейтіндер сол мақаладағы: «Кезінде Алаш зиялылары қазақ халқының тез арада өркениет легіне қосылуы үшін бар білімін аямай, тер төге, сан салада оқулық жазып шығарған. Мәселен, Әлихан Бөкейханов астрономия мен жағырапияны, Мағжан Жұмабаев педагогиканы, Халел Досмұхамедов анатомия мен зоологияны, Жүсіпбек Аймауытов психологияны, Ахмет Байтұрсынов, Елдес Омаров, Нәзір Төреқұлов тіл білімін, Мұхтар Әуезов әдебиетті жазса, ал, Міржақып Дулатов, Сұлтанбек Қожанов, Әлімхан Ермеков математикаға ден қойған» деген жолдарға ерекше назар аударса, қане!. Математиканың ішіндегі күрделі пән «Алгебраны» Қаныш Имантайұлы қолға алғандығын жоғарыда келтірдік. Х.Досмұхамедов мамандығы адам дәрігері бола тұрып, қазақ тілінің үндестік заңын қалдырды (закон сингармонизма), мұны білетіндер өте аз...

Атырау облысының халқына да Қаныш Имантайұлы жақсы таныс еді. 1957 жылы КСРО Жоғарғы Кеңесінің ІV шақырылуында Гурьев облысынан депутаттыққа сайланды. Республикамыздың облыстарының ішінен алғашқылардың бірі болып Қаныш Имантайұлына Гурьев қаласында ескерткіш қойылып, орталық көшелердің біріне және бір орта мектепке сол кісінің есімі берілгеніне атыраулықтар бек риза.

Қаныш Имантайұлы Сәтбаев, ана тіліміздің нағыз жанашыры еді. Бес жыл қарауында қызмет еткенімде, оның қазақпен орысша сөйлескенін естіген де, көрген де емеспін.

Музыкалық сауатым болмаса да, Затаевичтің «Қазақтың 1500 өлеңі» атты ноталы кітабынан Қанекеңнің үш өлең орындағанын кездестіргенмін. Сол ноталы кітаптан жерлес, қазақтан шыққан алғашқы таукен инженерлерінің бірі, мұнайшы-геолог, Батыс Алашорданың басшыларының бірі саналатын Қызылқоғалық Беркін Мұхашұлы Атшыбаевтың да екі-үш өлеңінің атын оқыдым. Соның бірі - Мұхиттың «Паң көйлегі».

Қанекеңнің айтулы ерлігінің және бірі ретінде мына бір жайды да айтпай өтуге болмас.

1962 жылы Маңғыстауды Түрікмендерге беру туралы дүркін-дүркін Мәскеуден комиссиялар келіп, әңгімелер көбейіп, Орталық Комитеттің пленумына ұсыныстар дайындалыпты. Әрине, бас хатшы Н.С.Хрущевтің мінезі мен іс-қимылдарындағы оқыс әрекеттер күтпеген жағдайларға соқтыруы мүмкін екені көпшілікке мәлім еді. Бір кезде У.Черчилль Н.Хрущев туралы айта келіп, оның басты қатесі терең құздан екі рет ырғып өтуге тырысқанында, десе, келтірілген жағдай да соның біріне ұқсайтын сияқты.

Республикада Түркіменстанға кен орындарын бермеу мәселесі жөнінде мемлекеттік комиссия құрылып, оны Академия Президенті Қаныш Сәтбаев басқарды. Ленин сыйлығының лауреаттары - геология министрі Ш. Есенов, Батыс Қазақстан геология басқармасының бас геологы Н.О. Имашев осы комиссияның құрамына енгізіліпті. Комиссия басшылары 1962 жылдың аяғында Мәскеуге барып, аталмыш мәселені талқылағанда, Одақтық орта машина жасау министрі Е.Б.Славский, геология министрі А.В.Сидоренко қазақстандықтарға құрметпен қарап, қолдапты. Сондай-ақ, мұнай өнеркәсібі министрі С.А.Оруджев «Жетібайдың» ашылғанына ризашылық білдіріп, «Қазақстан үлкен мұнайды ашқан болса, оны игеру де қолынан келеді» деп, Қ.И. Сәтбаев басқарған комиссияның шешімін қолдапты.

Сонымен, «Ұйқыдағы ару» деп өзі атаған Маңғыстаудай «Аруды» ұйқысынан оятып, орынсыз «ұзатылудан» арашалап қалғаны жадымызда мәңгілік жаңғырып тұруға тиіс.

Өзінің ғалымдығына келсек, Қ.И.Сәтбаев бұрынғы Одақта Шығыс және Балтық бойы халықтары өкілдері ішінде, 1946 жылы бірінші болып КСРО Ғылым Академиясының академигі болып сайланды. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Қ.И.Сәтбаев бір топ әріптестерімен Лениндік сыйлыққа ие болған - Қазақстанның «болжамалы металлогениялық картасын» жасақтап, әлемнің әйгілі ғалымдарының таңдайын қақтырған. Ол жұмыстың мән-мағынасын түйіндеп айтқанда: қай металды, қай тау жыныстарынан, қандай тереңдікте, қай өңірден іздеу керек екендігі... Бұл туралы 1999 жылы Ресей Ғылым Академиясы мүшелері: «Қаныш Имантайұлы мына жұмысымен өз қатарларынан жарты ғасыр ілгері кетті. Біз осы шешімімізді ХХІ ғасырдың басында қайта айтамыз» деген-ді.

Қаныш аға ғылыми кеңестерде техникалық тілімізді қазақ әдебиетінің қатарына жеткізуді қозғап, оны іске асыруда әуелі әр салада терминдер сөздігін жасақтауды алға тартатын-ды. Осы өсиетке сәйкес, 1998 жылдың аяғында мұнайдың 100 жылдығы қарсаңында орысша, ағылшынша және қазақша тұңғыш рет «Мұнай және газ геологиясы терминдерінің түсіндірме сөздігін» даярлағанбыз.

«Қазақойл» Ұлттық мұнай компаниясының сол кездегі президенті Нұрлан Өтепұлы Балғымбаев оқырман қауымға жолдаған хатында: «Қазақойл» ұлттық мұнай-газ компаниясы сөздікті бастыруды Қазақстан Петролеум Ассоциациясына ұсынды... Бұл мемлекеттік мәртебе алған ана тілімізді игеру, оны өркендетуге ұмтылған еліміздің қажетіне жарату жолындағы бір қадам деп білемін. Сөздік мұнайшы мамандар, жоғарғы және орта оқу орындары мен студенттер, жалпы аудармашылар үшін өте маңызды құрал болмақ» деп жазды.

Онда, одан әрмен қарай: «Сол себепті мұнай және газ саласындағы қолданысқа түскен терминдерді сараптап, бір ізге келтірген авторлар мен Қазақстан Петролеум Ассоциациясына ризашылығымды білдіремін» - делінген. Сөздік үш тілде осы жолдаумен ашылған.

Айтып айтпай не керек, осындай өнегелі де өнімді ғұмыр иесі. Талай мқала, кітапқа арқау етуге жететіндей материал. Алайда бір нәрсені ескермеуге болмайды. Ол Қаныш ағаның адамгершілік қыры. Жаратылысынан дарынды, терең ой иесі, өн бойындағы тамаша қасиеттерді еңбекқорлығымен ұштастыра білген, қарапайым да қайырымды, кішіпейіл, үлкенмен де, кішімен де тіл табыса білген, жасанды мінезден аулақ бөлекше бітімге ие болмысы.

«Мен жетелеп өлемін өрге қарай қазақты», - деп Шәкәрім қажы айтқандай, Қанекең де қазағымды өмір бойы өрге жетелеп өтті.

«Халықаралық Қаныш Сәтбаев атындағы қорға» жетекшілік ететін әріптесіміз, тау-кен инженері, мемлекет және қоғам қайраткері, дарынды ақын Кәкімбек Салықов бір өлеңінде ол кісі туралы:

 

«Алыптар бар, әлемге тіреу болған,

Адырлар бар, арқаға сүйеу болған.

Қырандарға қаршыға үйір дейді,

Көңіл қосса, біреуге біреу қорған», деп жырлаған еді. Айтса айтқанындай, Қаныш Имантайұлы Отанымызға, халқымызға, жерімізге, табиғи байлықтарымызға тіреу де, сүйеу де, қорған да бола білген жандардың бірі ретінде тарих төрінен ойып тұрып орын алуға әбден құқылы.

 

Таумұш ЖҰМАҒАЛИЕВ,

ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты,

Қазақстанға еңбегі сіңген мұнайшы-геолог.

Атырау облысы және Қызылқоға ауданының Құрметті азаматы.

«Ана тілі» ұлт апталығы. 28-Тамыз 2009 жыл

 

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1454
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1301
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1057
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1107