Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 7089 0 пікір 6 Қыркүйек, 2009 сағат 19:56

Домбыраның үні де жаһанданып барады. Бұл теорема ма? (Интернет-конференция)

Домбырашы-ғалым Жұмагелді Нәжімеденовтың домбыраның үні өзгеріп бара жатқанын айтып дабыл қаққанына бірер жыл болды. Задында домбыра туралы талай ұсыныс пен тілекті естіп жүрсек те, бұл жанайқай құлаққа тосын естілген. Қайсыбір жылы қайсыбір фестиваль аясында Нәжімеденов көтерген мәселе сол бір ескі де тар ғимараттың ішінен шықпай қалған сыңайлы. Сол жиынға қатысқан талай мүйізі қарағайдай мәдениетшілердің есіне осы бір мәселені тағы бір рет салып, осы тақырыпқа тағы бір оралып соғуды жөн көрдік.

Естігенімізді есінеп жүріп ұмытып қалатын біз сырттай дабырайтып баспасөз бетінде «домбыраға арнап ескеткіш қою», «домбыраның үнін қалыптау» сыңайлы супер идеялы тақырыптармен мақалалар жазып жүргенімізбен, әкелі-балалы Еңсеповтер «біз ойлап таптық» деп есептейтін  домбыра-электроника-компьютер-орындаушыдан (ДЭККО) құралған «квертетке» жатып алып қол соғудан әріге аса алмай жүрген сыңайлымыз. Әр аспапқа осылай жанр аша берсек, Ақерке Тәжібаева секілді амбициясы адам өлтіретін кейінгі толқын жас қобызшылар ҚЭККО деген шедевр шығырып жүрсе, таң қалмаңыз.

Домбырашы-ғалым Жұмагелді Нәжімеденовтың домбыраның үні өзгеріп бара жатқанын айтып дабыл қаққанына бірер жыл болды. Задында домбыра туралы талай ұсыныс пен тілекті естіп жүрсек те, бұл жанайқай құлаққа тосын естілген. Қайсыбір жылы қайсыбір фестиваль аясында Нәжімеденов көтерген мәселе сол бір ескі де тар ғимараттың ішінен шықпай қалған сыңайлы. Сол жиынға қатысқан талай мүйізі қарағайдай мәдениетшілердің есіне осы бір мәселені тағы бір рет салып, осы тақырыпқа тағы бір оралып соғуды жөн көрдік.

Естігенімізді есінеп жүріп ұмытып қалатын біз сырттай дабырайтып баспасөз бетінде «домбыраға арнап ескеткіш қою», «домбыраның үнін қалыптау» сыңайлы супер идеялы тақырыптармен мақалалар жазып жүргенімізбен, әкелі-балалы Еңсеповтер «біз ойлап таптық» деп есептейтін  домбыра-электроника-компьютер-орындаушыдан (ДЭККО) құралған «квертетке» жатып алып қол соғудан әріге аса алмай жүрген сыңайлымыз. Әр аспапқа осылай жанр аша берсек, Ақерке Тәжібаева секілді амбициясы адам өлтіретін кейінгі толқын жас қобызшылар ҚЭККО деген шедевр шығырып жүрсе, таң қалмаңыз.

Сонау 1986 жылы этнограф Жағда Бабалықұлы тапқан таста домбыраның һәм билеп тұрған бес адамның суреті бар екені талай айтылды, жазылды. Камал Ақышев бастаған ғалымдар бұл тасты неолит дәуіріне жатқызғыны да мәлім. Шамамен алты мың жыл бұрын құлағы, шанағы бар домбыраны тасқа таңбалаған ата-бабамыз сол кездің өзінде-ақ домбыра шертеді екен, күйге билейді екен. Ендеше, Страдиваридің скрипкасымен мақтанатын жұртқа «мәдениет бізден басталады!» деп рахаттанып тұрып айтуға болатын шығар. Ал сол тарихи тастың әлі күнге «Мәдени мұраға» енбегенін де Жағда ақсақал өкпелеп тұрып айтты. Мәдени мұра дегеніміз көр қазу ғана емес шығар?

«Abai.kz» домбыраны жанына серік етіп жүрген бірнеше азаматқа сауал тастаған болатын. Домбырашы-ғалым Жұмагелді Нәжімеденовтің, күйші Рақым Тәжібайұлы мен Қаршыға Ахмедияровтың, «Шертер» ЖШС-нің өндірістік директоры Мейірбек Ділмановтың, домбыра жасаушы шебер Жолаушы Тұрдықұловтың, ДЭККО жанрының авторы Жасарал Еңсеповтың және жас күйші Мұрегер Сауранбаевтың жауаптары төмендегіше.

Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВ: Мен домбырада қазақтың имунитеті жатыр деп айтқан болар едім. Бүкіл ғылым да соның ішінде. Әбу Насыр әл-Фараби айтады: «Аспанның көркі - жұлдыз, жердің көркі - дыбыс» деп. Домбыраны қағып кеп жібергендегі тербелістердің жиынтығын музыка дейді. Бір қарағанда, домбыра - қарапайым аспап. «Одна палка, две струны» деп орыстар кемітіп айтады. Бірақ классикалық музыка орындаушылар алты, төрт ішегі бар аспаптармен ойнаған әуенді біз екі ішекпен-ақ жеткіземіз. Ешбірінен кем түспейді. Орыстар олай оттамаса да болады.

Қазір біз музыканың ортасында жүрміз. Баяғы қоңыр үннің  кереметтігі сол, Қорқыттың қыл қобызының қоңыр үнін естіп-ақ, сырқаттар жазылған. 130-150 гигагерц аппараттың ауқымынан шыққан музыка сау адамды ауру қылады. Алысқа бармай-ақ, қазақтың осы күнгі тойларына барсаңыз, у-шу, айқайға тойып қайтасыз. Сонда бұл қай жақтан келген мәдениет? Қоңыр үнінің диапазоны 90 Гц-тен басталады. Қазіргі балық аулайтын лескімен жасалатын домбыралардыкі 190 Гц. Еуропалық аспаптардың үні 200 Гц-тен басталады. Түсіне білген адамға біз бар құндылықтарымызбен Еуропа үнінің ішіне кіріп кеттік. Қазір қоңыр үнді домбыра жоқ, мұражайдан ғана таба аласыз.

Жолаушы ТҰРДЫҚҰЛОВ: Жұмагелдінікі дұрыс. Оны ешкім қолдамай отыр. Қолдаса, несі бар, қоңыр үнді домбыраны жасауға болады. Бірақ домбыраның ішегін зерттеп барып домбыра жасайтын ғылыми орталық ашу керек.

- Ғылыми орталық ашылды дейік, жұмысты неден бастамақсыздар?

Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВ: Қазіргі домбыраға қатысты нөмірі бірінші проблема - ішектің жоқтығы. Дыбыстың дұрыс шығуы 50-60 пайыз ішекке байланысты. Баяғы шешен домбыралардың орнына қазір маңқа домбыралар қаптап кетті. Ал ол маңқа домбырамен қазақтың рухын көтере алмайсыз. Қазақтың рухын көтеретін - қоңыр үнді домбыра. Қоңыр үнді қалыпқа келтіру арқылы қазақтың ақыл-ойы, санасы өзгереді. «Домбыра тартқан бала жамандыққа бармайды», «Домбыра ұстаған бала адаспайды»  деген тақырыптарда мақала да жаздым. Биліктегі кейбір қазақтарда домбыраға деген менсінбеушілік қалыптасқан сияқты. Мәдени саясат және өнертану институттың директоры Ерлан Саиров былтырғы республикалық форумда «домбыраны бренд қылып алайық» деген  бастама көтерді. Қабылданбай тасталды емес пе? Мәңгілік рухани байлығымыз қазір мемлекеттік стандартқа кірмей отыр. Биліктің қазақ руханиятына деген көзқарасы осыдан-ақ көрініп тұрған жоқ па? Домбыра қазіргі жағдайда тек қолөнер ретінде қалып отыр. Ғылыми орталық ашқанда ғана акустикасын зерттеу арқылы домбыраны мемлекеттік стандартқа енгізе аламыз. Сосын мықты ғылыми кеңес қажет болады. Арнайы ішек жасайтын цех ашу мәселесі өз алдына. Гитара мен скрипканың  арнайы өзінің ішегі бар ғой. Домбыраның ішегін шығаратын цех неге болмауы керек? Қатты бұрауға шыдайтын болғандықтан кейін балық аулайтын лескіні тағып қойдық. Ал ол созыла береді. Ішектің созылуы - музыканттарға кері әсерін тигізіп жатыр. Сахнада тұрып ішегі созылып кетеді де, құлағын бұрай береді. Бәзбіреулер қойдың ішегінен жасалған ішекті үзілгіш, түтілгіш, кірлегіш деп жүр. Бос сөз. Домбыраны зерттеп жүрген кейбір жігіттердің ілімі, білімі бар, бірақ ғылымы жоқ. Украинаның Полтава деген жерінде қойдың ішегін біздің елімізден алып, халықаралық стандартқа сай өндіреді екен. Ендеше өзімізде де неге ғылыми орталық, цех ашып  өндірмеске? Кезінде ұршықтан иірген ғой. Келісемін, ұршықтан иірген ішектің диаметрі жуан немесе жіңішке болып шығуы мүмкін. Ал арнайы цехта қалай сақталуы керектігі, көлемі ескеріліп жасалатын еді.

Қаршыға АХМЕДИЯРОВ: Қойдың ішегі кішкентай домбыраға келеді. Түтіліп қалса, ауылда күнде қой сойылып жатыр. Соны алады да, таға салады... Тек домбыра үшін емес, скрипкаға да таққан. Бұзаудың ішегін виолончельге таққан. Заман озып, әлемдік музыка аренасында алтын, күміс жалатылған ішектер шығып жатқанда, киіз үйдің ішінде отырып, асықпай тартатын баяғы ішек ешқайда өтпейді қазір. Әрі кетсе, үш күн тартсаң, үзіліп қалады. Жұмагелділер станокпен лайықтап шығарсын. Бірақ оны алса, ұжым боп алар, басы-қасында жүрген домбырашылар алар. Бүкіл халық ішек сатып алмайтынына менің көзім әлдеқашан жеткен. Қайсыбір жылы Семейден домбыраның ішегін шығаратын станок жасайтын цех ашып, қойдың ішегін тасымақшы болдық.  Барлығын ойластырып, ақшасын есептегенде, шығын ақтамайтын болды...

- Үкіметке, болмаса тиісті министрлікке хат жолдап көрдіңіздер ме ?

Жұмагелді НӘЖІМЕДЕНОВ: Жолдадық. Ішектің ішкі созылғыштық қасиетін де көрсетіп бердім. 20 шақты адам қол қойдық. Жауап жоқ.

Қаршыға АХМЕДИЯРОВ: Кезінде консерваторияның жанынан домбыраға қатысты ғылыми орталық ашылып, жұмыс жасады. Сарыбаев, Байқадамовтар кеңесші болды. Сол еңбектің арқасында домбыраның қазіргі халіне жеттік. Өзін ақтамағаннан кейін, жабылып қалды. Қарап отырсақ, осы күні жиі айтылып жүрген ғылыми орталық ашып, цехтан қойдың ішегін шығару тәжірибиеден өтті. Дәлелденді де. Егер Құрманғазы сияқты әйгілі орындаушылар болмаса домбыра да мұндай мәшһүр болмас еді. Сондықтан орындаушылармен де санасып, келісіп отыру керек. Әуелі үнін шығарып, эталон жасасын. Теоретиктер жетерлік қой. Тәжірибе жүзінде де көрсетсін.

Жасарал ЕҢСЕПОВ: Музыканттар да халықтың сұранысын ұдайы ескеріп отырулары  қажет. ДЭККО-ның мақсаты - ұлттық аспаптардың деңгейін көтеру, халыққа, әсіресе, жастарға жеткізу. Жастар домбыра аспабынан алшақтап кетті. Неге? Жаһандану келді. Біз киіз үйдің ішінде қалмауымыз керек. Эстрадалық деңгейі жоғары, заманауи өңдеудің тәсілі арқылы осы бір жаңалықты енгіздім. ДЭККО -  2000 жылы авторлық куәлік алынған мемлекеттік  құжат. Халықаралық терминді алғашқыда қазақи сөзбен ауыстыру туралы көп ұсыныстар алдым. Бірақ өзімнің ұстанымымда қалдым, біздің төл сөзіміз болып қалды. Қайта мақтануымыз қажет, көп мемлекеттер бұл стандартқа әлі де ене алмай отыр. Сырт елдерге  гастрольдік сапарлармен шыққанда дәстүрлі күймен таң қалдыра алмаймыз. Қазіргі домбыра импровизацияны талап етеді. Сол үрдісті бұздық та, домбыраның басын, мойнын қозғауды енгіздік. Бұрынғыдай отырыста емес, ДЭККО-да еркін отырыс қажет. Отырысқа да патент алдым.

- ДЭККО-ны халық қалай қабылдады деп ойлайсыз?

Жасарал ЕҢСЕПОВ: Менің балам Асылбек Еңсепов шығатын жерлердің бәріне ДЭККО арқылы шығып жүр. Халықтың сұранысы рок стиліндегі домбыра болды, сол сұраныстың негізінде шықты. Бұл мектепті жалғастырушылар қазір тіпті көбейіп кетті. Кезінде Асылбек оқып жүріп сахнаға шыққанында, консерваториядан шығарып жіберуге дейін барды. Содан кейін барып «Ұлытау», «Саз отаулар» шықты.

Ал ДЭККО оркестрге келмейді. Оркестрде басқа аспаптарға орын берілуі тиіс.

- Сіздің айтып отырғаныңыз электро-акустикалық домбыра ғой, шамасы...

Жасарал ЕҢСЕПОВ: Ішіне динамика қойылып жасалған алғашқы электрлік домбыраны Латвияда жасаттық. Ол шаңқобыз, сыбызғы, флейта, сырнайдың да дыбысын күшейтіп шығарады. Содан кейін тағы біреуін Жолаушыға жасаттық.

Жолаушы ТҰРДЫҚҰЛОВ: Электрлік домбыраны менің шәкірттерім жасайды. Ондай домбыраны жасаушы шеберлер аз.

Мұрагер САУРАНБАЕВ: Электро домбыраның даусы гитараның үніне ұқсайтын сияқты.

- Мысалы, Мұрагер, сен Нұрғиса Тілендиевтің күйлерін жиі орындайсың ғой. Ол кісінің орындауындағы күйлерді тыңдап өскенің тағы бар. Домбыраның үнінен өзгешелік сезіле ме?

Мұрагер САУРАНБАЕВ: Нұрғиса атамыздай домбыра тарту бізге арман ғой. Бірақ ол кісінің де домбыраларының ішегі кәдімгі біз пайдаланып жүргендей болу керек, менің білуімде. Сондықтан, өз басым домбыраның үнінен өзгешелік байқай қоймаймын.

Мейірбек ДІЛМАНОВ: Ал біз электрлік домбыра жасамаймыз.

- Қазір жасалып жатқан, кәнігі домбырашылардың тартысына шыдас беретін біздің елдегі мықты деген домбыралардың қүны қандай өзі?

Рақым ТӘЖІБАЙҰЛЫ: Қазіргі домбыралардың бағасы, естуім бойынша, 500 доллар. Ал материалына қарай жақсы домбыраның құны 25 мың долларға дейін барса керек. Домбыраның беделін өсіру үшін оның бағасын өсіргеніміз, бір жағы, дұрыс. Құны болмаса, қадірі қалмайды, күтімі кетеді. Жақсы домбыраны тартқан үстіне тартқың келеді. Ондай домбыраны шертсең шабытың оянып, шеберлігің өседі. 10 000 доллар деген баға қазір бізге түрпідей тиетін шығар. Бірақ, салыстырып қарасақ, арзан тұратындай домбыраның скрипкадан қай жері кем?

Қаршыға АХМЕДИЯРОВ: 5-6 домбырам бар. Ғейнолла Ісмағұлов, Жақсылық Оспановтардың жасаған домбыраларымен шығып жүрмін. Кайсыбір жылы Өтеген Махмұттың «Иман» қоры «Үкілі домбыра» байқауын өткізгенде, алқа төрағасы болғанмын. Барлық шеберлердің жасаған домбыра үлгілері менің алдымнан өтті. Сонда әрқайсысының бағасы шамамен мың доллар көлемінде болатын.

Жолаушы ТҰРДЫҚҰЛОВ: Домбыра жасатқан адам ішіне де, сыртына да қарайды ғой. Бір жерінде кінәрат болмау керек. Шәкірттерім жасап жүрген домбыраларын 300 долларға бағалап жүр. Өзім жасайтын домбыраларды мыңнан бастап, он мың доллардың көлемінде бағалаймын. Мен жасаған домбыраларды «Ұлытау» тобы да ұстап жүр.

Мұрагер САУРАНБАЕВ: Мен де негізінен домбыраны осы Жолаушы ағамызға жасатамын. Жақындаға ғана осы ағамыздың шәкірті, Ердос деген жігітке тапсырыс бердім. Бағасы бір жарым мыңдай болатын шығар.

- Домбыра жасайтын материал, яғни, ағаш мәселесінде қандай өзгерістер немесе ізденістер керек?

Жолаушы ТҰРДЫҚҰЛОВ: Біріншіден, домбыраның сапасы түзелгеннен кейін, халықаралық аренадағы аспапқа айналар еді. Екіншіден, әрине, сапасы болғаннан кейін өнер деп қарап, жалпы бәсекені көбейтіп, домбыраға ұлттық өнер деп қарауымыз керек. Ойлап отырсақ, мәселе көп. Шеберлердің бастары қосылмай жүр. Белгілі бір орталық болса, барлық аспап түрлерін жасайтын мықты материалдар  алынар еді. Өзіміздің Тянь-Шань шыршасы да -  акустикасы жоғары ағаш. Акустикалық қасиеті күшті қызыл ағаш, қара ағаш, бұйра үйеңкілер шетелден алынуы қажет. Оған жеке адамның шамасы жетпейді.

Мейірбек ДІЛМАНОВ: Білетін боларсыздар, «Шертер» 1989 жылдан бері жұмыс істеп келеді. 1992 жылы ЖШС болдық. Аспаптың барлық түрін жасаймыз. Жеке шеберлер де көп. Адырнаның бір түрін ойлап таптық. Формасы садақ сияқты, арфа тәрізді отырып ойналатын ауыр аспап. Мектеп жасындағы балаларға арналған домбыралар жасалып жатыр. Қазір бізде 20 шақты шебер жұмыс жасайды. 1989 жылдары айына бас-аяғы 7000 домбыра шықса, қазір небәрі жүз елудей-ақ домбыра жасалып жатыр.

 

Ерлан ӘБДІРҰЛЫ, «Абай-информ».

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1456
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1306
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1060
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1109