Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Деп жатыр 1778 3 пікір 7 Қыркүйек, 2023 сағат 15:08

«Ескі Қазақстан» мен Қайрат Сатыбалдының реваншы

Дариғаның Лондонда жасырып отырған құны 50 миллион фунт стерлингке бағаланған сарайы табылғаннан кейін «Ескі Қазақстан» «Жаңа Қазақстаннан» осы активке тиіспеу бойынша өтінішін жеткізді, деп жазады DALA INSIDE.

Бұл Дариғаның жанды жері болып отыр. Бірақ, қазіргі Қазақстандағы билік ештеңе істемесе де, Англияның өзі түсініксіз жолмен келген капиталдар мен активтерді тәркілей бастады. Еуропадағы тәуелсіз журналистердің Назарбаев отбасының барлық активтерін жіті тексере бастағандығы Лондонның Назарбаевтың мүлкін тәркілеуге дайын екендігін аңғартады.

Екі арада сорлап қалған - қазақ халқы. Назарбаевтар халық байлығын ауыздан жырып Лондонға жинайды. Енді Англия оны заңсыз капитал деп өзіне оңай алып алмақ. Назарбаев тура Каддафидің тағдырын қайталап отыр. 2012 жылы Италия Муаммар Каддафидің 1,1 миллиард евро тұратын активтерін тәркілеп, өз бюджетіне аудара салған болатын. Ол байлықтың заңды иесі болып табылатын Ливия халқына бір тиын да қайтпады.

Бәленің барлығын «Жаңа Қазақстаннан» көріп отырған Дариға Назарбаева енді Қайрат Сатыбалды ресурстарын пайдаланып, саботаж бастамақ. Салафиттердің саяси лоббиі саналатын, парламентке өкілдерін өткізген жас партия арқылы Мәжіліс отырыстарында мектептегі намазхана, хиджап мәселелері діни еркіндік жағынан көтерілетін болады. Сол арқылы діншілерді «Жаңа Қазақстанға» қарсы қойып, ішкі джихад ұйымдастырып көрмек. Қазір жас партия шариғатқа қайшы келетін вейп, құмар ойындары, энергетик сусындарға толық тиым салдыртып, сол арқылы халық сеніміне ие болу операциясының тең жартысына келді. Тиісті заңдарды қабылдатқаннан кейін ауқымды жарнама кампаниясы жүретін болады.

Сатыбалды «Жаңа Қазақстанды» жазалайтынына сенімді. Дариға да осы жолда ақша аямайтын болады. Қыста талай ТЭЦ-те авария жасау, халықты жылу мен жарықсыз қалдыру, қоймалардың өртенуі сияқты техногендік апаттар, сыртқы саясатта Сауд Аравиясының Қазақстанға шүйлігуі сынды сюрприздер жоспарланған.

Екі түйе сүйкенсе шыбын өлетіндіктен, әлдекімдердің саяси амбицияларынан қазақ халқы тағы да зардап шегетін болды.

Abai.kz

3 пікір