Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Аймақ 1935 5 пікір 5 Қыркүйек, 2023 сағат 13:00

Қостанайда күнде мейрам, күнде той...

Жалпы, біздің Қостанай облысында неше түрлі ғажайыптар болып жатады. Өткенде облыс орталығының шаңырақ көтергендігіне 144 жыл толуын аттай төрт күн бойы тойлап, мерейтойы болмаса да Атымтай жомарттай бір шашылып еді.

«Жаман әдет жұққыш келеді» деген емес, бұл дәстүрді жақында осындағы Қостанайдың іргесіндегі Рудный қаласы жерге түсірмей, қағып алып кетті. Кеншілер қаласы деген аты бар емес пе, Қостанайдан кем түссе, бүкіл ел күлмей ме?

Осындай намысқа тырысқан мұндағылар өздерінің 66 жылдық тойын дүркіретіп өткізді. Өзгесі-өзге, рудныйлықтар әсіресе, осы мереке құрметіне қойылған кешкілік аламан концертті айтуға келгенде сөз таба алмай отыр. Сырт көзге жақсы атты көріну үшін Астанадан бір, Алматыдан екі әнші шақырған болғанымен, негізі тойды қыздырған «Килиманджаро» тобының қара торы жігіттері. Сонау Африканың Конго елінен әдейі шақырылған әнші де биші жігіттер тойдың көркін ашып, әбден қыздырды. Бір қызығы, осында жылда келетін бұл әншілердің рудныйлықтардың осал жерлерін дөп басып, ылғи бір қарық қылып кететін көрінеді. Биыл да сол әніне басыпты. Ән болғанда, баяғы сол айтыла-айтыла әбден жауыр болған «Despasito», «Hafanana», «Drarostea», «It’s My Life» яғни, Dr.Alban секілді бүгіндері мүлдем ескірген сол баяғы хит болған әндер. «Рудныйлықтарға бұл да жарай береді» деп ойласа керек. Обалы не, дәл солай болып шықты да. Бұл тойды ұйымдастырған қала әкімдігі де риза, тегін концерттті тамашалаған көпшіліктің де төбесі көкке бір ғана елі жетпей қалды.
Көкейде тек бір ғана сұрақ. Басқасын былай қойғанда, осы аса зор құрметпен шақырылған қара құрылықтың қара торы жігіттерін риза ету үшін қала бюджетінен қанша қаржы бөлінді екен? Әрине, оған мұнда басын ауыртып жүрген ешкім жоқ қой. Бізде қазанның аузы қашанда ашық емес пе?

Жайберген Болатов

Abai.kz

5 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1504
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1355
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1103
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1141