Сенбі, 27 Сәуір 2024
46 - сөз 2634 26 пікір 31 Тамыз, 2023 сағат 14:44

Қонаев қанша қазақ мектебін ашты?..

Әлдекімдер ашық ақпарат кеңістігіне, «Фейсбукқа» да үнемі «Қонаев 700 қазақ мектептерін жапты» деген ақпарат салып отырады. Бірақ бұл цифрды қайдан алғанын, қандай құжаттарға сүйенгенін көрсетпейді. Кешелер көбейтіп, 800 депті.
Осы ақпарат қаншалықты дұрыс, сараптап көрейік.

Дінмұхамед Қонаев Қазақстандағы билік басына 1960 жылы келіп, Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің Бірінші хатшысы болып сайланды. Аз уақытқа қызметінен кетіп, қайта оралды. Бұл қандай кезең еді?
Дімекең билікке келгенге дейін СССР-де, Қазақстанда 20-30 үйлік, бес өгіз, бір соқасы бар мойынсеріктерді бір орталыққа көшіріп, ірілендіру, сол кездегі озық техникамен жабдықталған колхоз, совхоздарға біріктіру науқаны басталып кеткен еді. Мысалы, мен өскен Екпінді ауылына ортасын Шынжылы өзені ғана бөліп тұрған Бірлестік ауылы мен Қоянкөз, Қарлығаш, Фурманов, Бостандық, Киров, Шілікті мойынсеріктері қосылып, «Қазақстанның 30 жылдығы» колхозы құрылды. Қоянкөз, Бостандық, Киров, Бірлестік, Шіліктіде төрт жылдық қазақ мектептері болыпты. Бұларда бар болса, түске дейін 1 және 2-кластың бірер баласына, түстен кейін 2 және 4-кластың бірер баласына өзінде де төрт кластық қана білім бар бір ғана мұғалім бір бөлмелі тоқалтамда сабақ беріпті. Осы ауылдар мен мектептер түгел жабылып, жұрты Екпіндіге, Фурманов пен Бірлестікке көшірілді. Осыларды жабылған мектеп деп атау қалай болар екен?

Сол тұста менің ауданымда 8 ірі шаруашылық құрылыпты. Енді қанша мектеп жабылғанын есептей беріңіз. 700 деген жай сөз. Әлдеқайда көп. Бірақ, бұл жұмыс Қонаевқа дейін Москваның қатаң бақылауымен басталып кеткен. Бәлені Дімекеңе жабу- нағыз жалақорлық.

Қызығы, "жапты" деген мектептің оқушыларына өте қолайлы жағдай жасалды. Бірде-бір бала оқусыз қалмады. Жабылған ауылдағы балалар бұрын 4-кластан соң не оқуды біржола ұмытатын, не тума- туыс жағалап, интернат қуалап кететін. Енді ата- анасымен бірге көшіп барған ауылдағы 8 жылдық мектептерде немесе Екпіндідегі 10 жылдық орта мектепте ата-анасымен бірге тұрып оқитын болды. Жоғары білімді маман ұстаздардан білім алды. Мұның несі жаман? Керісінше, өте дұрыс шешім қабылданған.

Қайталап айтамын: бұл науқан Димаш Қонаев билік басына келгенше-ақ қарқынды жүргізіліп жатқан. Дімекең не істесе де, Мәскеудің бұйрығын тоқтата алмас еді, тоқтатып та керегі жоқ екенін түсінген боларсыздар.
Келесі мәселе. Улап- шулап, байбалам салушылар Дінмұхамед Қонаев билікке келгеннен кеткеніне дейін осы жағдай қалай өзгерді деп ойланғаны бар ма? Тағы да өз ауданымнан мысал іздейін. 1960 жылға дейін біздің ауданда бір ғана Екпінді қазақ орта мектебі болды. 1986 жылы Дімекең биліктен кеткенде, ауданымда 9 қазақ орта мектебі шопандардың балаларына арналған екі интернат сапалы білім беріп тұрды.
Осы кезде Қазақстанда 250-ден астам аудан бар-тын. Енді Дімекеңе жалған жала жабатындар «Қонаев қанша қазақ орта мектебін ашты?» дегенге жауап іздеп көрсін. 250-ді менің ауданымда ғана ашылған 8-ге көбейтіңіз. 2000-дай екен. Жабылып қалды деп зар жылап жүрген еш сапасы жоқ төрт кластық 700 мектепті 2000-дай таза қазақ орта мектеппен салыстыруға келе ме? Оның үстіне менің ауданым кіші- гірім еді. Ал, ірі аудандарда қанша қазақ орта мектептері ашылды?

Барлық жағдай зерделеу арқылы көрінеді. Салыстырыңыз. Дінмұхамед Қонаевқа бейсауат жала жаппайық.
Енді бүгінгі күнге келейік. Бар билік тізгіні өз қолымызда, қыдыңдап тұрған Мәскеу жоқ. Осы 30 жылда не істедік? Тағы да мысалды өз ауданымнан іздейін. Тағы да мектепке келеміз. Қонаевтың тұсында малын мыңдап өрістетіп, егінін жинап, өсіп-өніп жатқан ауылдардың бүгінгі жай-күйі қалай? Жүрек ауырады. Ауданымдағы Салдыркөпір, Жүнжүрек, Майлышат, Шынжылы, Майқан, Бибақан секілді құдай табиғаттың бар сұлулығы мен нуын берген ауылдар қаңырап қалды. Көкжар жеке шаруашылық еді. Орны ғана бар. Төрт-бес үй бар ма, жоқ па? Осы ауылдардағы мектептерді іздей де алмайсың.

Тырнақ астынан кір іздегенше, бүгініңе көз салсаңшы. Өзің өмір сүріп отырған ортаңды түзесеңші. Сенің ата- апаң, әке- шешең Қонаев ашқан метептерден өсіп- өнді. Сен де сол Қонаевтың тұсында салынған мектептен білім алдың. Ол мектептер әлі күнге қазаққа қызмет істеп тұр.

Қонаевтан кінә іздейтін топтағылар, жұртты ақылсыз санамаңдар. Біз бәрін көріп, ой елегінен өткізе аламыз. Алдымен Қонаевтың деңгейіне жетіп алыңдар.

Камал Әбдірахман

Abai.kz 

26 пікір