Сенбі, 27 Сәуір 2024
Жаңалықтар 6956 0 пікір 5 Шілде, 2013 сағат 21:00

Нағыз Қапшықбайұлы. Ұйғыр әдебиетіндегі орны бөлек екі жыр

Түркі халықтарының ішінде тарихи жағдайы әлі қиын күйде тұрған жұрттың бірі - Ұйғыр халқы. Көне Жібек Жолының үстіне ғажайып шаһарлар тұрғызып, сан ғасыр дербес өмір сүріп келген Шығыс Түркістан халқы 18-ғасырдың екінші жартысынан бастап қытайдың қол астына өтеді де, Орта Азияның саяси өмірінен біртіндеп оқшауланып, елдің бодандық тарихы басталады. Бірақ солай екен деп, ұйғырлар мүлдем күйреп, жоғалған жоқ. Өмір көшіне ілесіп, бұрынғыдай ата салт, ата кәсіптерімен айналыса берді. Қашқардың, Ақсудың, Жәркенттің базарларында сауда қалай қыж-қыж қайнап жатса, ән-күй, өлең-жырдың базары да одан кем бола қоймады. Бірақ, кеше өзінің қандай болғанын ұмытпаған халық алғашқыда жиі-жиі бас көтеріп, отаршыларға қарсы елеулі-елеулі күрестер жүргізіп тұрды. Халық бойындағы ерлік пен өрлік арада 200 жылға жуық уақыт өтіп, Қытай билігіне қызылдар келгенге дейін бастапқы күшінен таймаған еді. Қызылдар отарлаудың жаңа да қауіпті тәсілін бұғауда жатқан халыққа одан ары тереңдете, жеделдете жүргізді. Сондай күрделі тарихи кезеңдердің өзінде ұйғыр халқы әдебиеттен бір сәт жеріп көрген жоқ. Бұғауда жатып та өршіл өлеңдер, махаббат жырлары халық бойынан қайнап шығып жатты. Ең кереметі, сол жалынды, өршіл туындылар өзі туған топырақтың әр кезеңдегі саяси әлеуметтік өмірінде халықты күреске бастайтын, алдағы күннен үміт күттіретін шамшырағы бола білді.

Түркі халықтарының ішінде тарихи жағдайы әлі қиын күйде тұрған жұрттың бірі - Ұйғыр халқы. Көне Жібек Жолының үстіне ғажайып шаһарлар тұрғызып, сан ғасыр дербес өмір сүріп келген Шығыс Түркістан халқы 18-ғасырдың екінші жартысынан бастап қытайдың қол астына өтеді де, Орта Азияның саяси өмірінен біртіндеп оқшауланып, елдің бодандық тарихы басталады. Бірақ солай екен деп, ұйғырлар мүлдем күйреп, жоғалған жоқ. Өмір көшіне ілесіп, бұрынғыдай ата салт, ата кәсіптерімен айналыса берді. Қашқардың, Ақсудың, Жәркенттің базарларында сауда қалай қыж-қыж қайнап жатса, ән-күй, өлең-жырдың базары да одан кем бола қоймады. Бірақ, кеше өзінің қандай болғанын ұмытпаған халық алғашқыда жиі-жиі бас көтеріп, отаршыларға қарсы елеулі-елеулі күрестер жүргізіп тұрды. Халық бойындағы ерлік пен өрлік арада 200 жылға жуық уақыт өтіп, Қытай билігіне қызылдар келгенге дейін бастапқы күшінен таймаған еді. Қызылдар отарлаудың жаңа да қауіпті тәсілін бұғауда жатқан халыққа одан ары тереңдете, жеделдете жүргізді. Сондай күрделі тарихи кезеңдердің өзінде ұйғыр халқы әдебиеттен бір сәт жеріп көрген жоқ. Бұғауда жатып та өршіл өлеңдер, махаббат жырлары халық бойынан қайнап шығып жатты. Ең кереметі, сол жалынды, өршіл туындылар өзі туған топырақтың әр кезеңдегі саяси әлеуметтік өмірінде халықты күреске бастайтын, алдағы күннен үміт күттіретін шамшырағы бола білді. Халық тілегімен үнемі үндестік тауып отыратындықтан ондай дүниелер ел жүрегінен терең орын алып, талыққанда жандарына медет-қуат алатын күшіне айналды. Көркем әдебиеттегі мұндай күшті әсіресе айтары нақты, шабыты күшті ұлт поэзиясынан анық көреміз.       

Бұл жұртта ерлік дастандары мен сол негіздес өлең-жырлар көп. Ұйғыр соның бәрін қадір тұтса да, ішіндегі бір-екеуін ерекше бөліп алып, аспандата төбелеріне көтереді. Тейпжан Әлиевтың «Түгімес нақшасы» мен Әбдрейм Өткірдің «Ізін» білмейтін, жатқа оқымайтын ұйғырды табу қиын. Осы екі өлеңді бірінен соң бірін іліп әкетіп, толқыта жөнелгенде қайран қаласыз! Басқа еш жерден, еш елден өлеңді тап осылай жан-тәнімен оқитын жандарды кездестірмеуіңіз әбден мүмкін! Оған негіз де жоқ емс. Талай ғасырдан ішке жиналған, ұрпақтан ұрпаққа мирас болып келе жатқан шер-мұңын кейде халық өстіп аузындағы жырымен бірге лақылдатып төккендей болады. Бір ғажабы, қарапайым әрбір ұйғыр азаматы онда өздеріне арнап не айтылғанын есейген жұрттың аузымен нанымды, қонымды етіп айтады. Бұлар қыспақ ішінде отырса да етек-жеңін жаймай, бойын сергек, ойын сақ ұстаған халық. Әлгі өлеңнің үстінде аттандап атой салып кетпегенмен, жырдың рухын жандарына серік еткендік, үміт күткен жұрттың сабыры байқалады. Ұйғырдың отын өшірмей, басын бір жерге жиып, өсіріп отырған оның анасындай қастерлі әдебиеті демеске бола ма!

         Мақаламыздың көздегені ұйғыр әдебиетін таныту болмағандықтан және оқыған бірлі-екілі әдебиетке ғана сүйенгендіктен тамыры тереңде жатқан әдебиет туралы сөз қозғауға мұның аздық ететінін білгендіктен жоғарыда айтылған екі өлеңмен ғана шектеле тұрамыз. Оның үстіне ұйғыр әдебиеті туралы ғылыми зерттеулер дәрежесіндегі еңбектер бізде жоқ. Сонда да қазақ әдебиетшілері мен ғалымдарының арасында тереңдеп тоқталмаса да, ол жөнінде кезінде нақты және тұшымды пікір айтқандар болды. Ұйғыр әдебиеті туралы бізде алғашқы болып ойын қағазға түсірген адам Шоқан Уәлиханов болса керек. Өзінің Қашқарға жасаған әйгілі сапарында жергілікті халықтың саяси өмірімен қоса әдебиетіне де тоқталып, біршама құнды деректер қалдырады. «Алты шаһар немесе Қашқария туралы» еңбегінде: «Кіші Бұхараның әдебиеті аудармаға неғұрлым бай болғанымен, өзіндік қолтума шығармаларға солғұрлым кедей... Поэзияның жалғыз түрі – ол халық өлеңдері; төрт жолды өлең шумағымен құрылған бұл өлеңдердің сюжеті саяси оқиғалар немесе махаббат болып келеді; өлеңдердің жалпы сарыны қайғылы, өте мұңды.» - дейді. Одан ары музыка өнеріне де аса сараң тоқтаған ғалым жергілікті елдің мінез-құлқы мен дінни ортасына келгенде барынша көсіліп, жіңішкелікпен зерттеген. Бұл енді саяхатшы міндеттерінің ең негізгісі болғандықтан деп білеміз. Жалғыз-ақ, ғалымның «өлеңдерінің сюжеті саяси оқиғалар» деуі империя езгісіндегі халықтың ұлт-азаттық сарындағы өлең-жырларға көбірек ден қойғанын көрсетеді. Бұлар түрі мен бітімі жағынан ұқсамаса да мазмұны жағынан біздегі зарзаман жырауларының поэзиясымен үндес. Бұл үндестікті жерінен, еркінен айрылған халық мұңының ұқсастығынен іздеген жөн сияқты. Қазақ халқы 18 ғасырдың бірінші жартысынан бастап Ресейге бодан болса, ұйғырлар 18-ғасырдың екінші жартысынан бастап қытайға бағынды. Екі имперрияның да жергілікті халыққа жүргізген әкімшілік саясатты негізінен бірдей болды деуге болады. Сол сияқты бұратана екі халықтың  әдебиетіндегі ел зары да, халықтың ыза-кегі де сарындас еді. Аталған патшалық империялар халықтың жеріне, малына билік жүргізе алғанымен бұрынғы еркін рухын бірден бұғаулап әкете алмады. Ұйғыр мен қазақтың жыршысы да, әншісі де «бір елі ауызға екі елі қақпақты» мойындай қойған жоқ. Екі ел әдебиетіндегі ауыр да болса мұндай «еркіндік» империялар құлап мемлекет басына қызылдар келгенде ол да келмеске кетті. Қазақ жерінде қызылдар қазан төңкерісінен кейін билік басына келсе, Шығыс Түркістан 1949 жылы қызыл қытайдың қоластына өтеді. Қазақ пен ұйғырдың басына әңгіртаяқ ойнатқан қызыл империялардың да жүргізген саясаты тағы да бірдей болып шықты. Олар халықтың жерін ғана емес санасын да иемденіп, тырп етуге келтірмеді. «Бір елі ауызға екі елі қақпақтың» керек екенін, «үй сыртында кісі барын» халық сонда барып түсінді. Байқамаса басы кететінін білген әдебиетшілер өз заманын жырлай жүріп, халқының бай мәдениеті мен ерлік дәстүрін тарихи тақырыптардан іздесе, енді біреулері, әсіресе өлең жанырында, табиғаттың қарама-қайшы мінезін, адамның жастық, кәрілік дәуреніне тән ерекшеліктерін беру арқылы екінші бір дүниені жасырын меңзеп, ұғындырмаққа ұмтылды. Біз әңгіме етіп отырған өлеңдердің қызығарлық тұсы да осы ғой деп ойлаймыз.         

          Бұл екі өлеңнің де жазылу тарихы беріде. Тейпжан Әлиевтың «Түгімес нақшасы» 1956 жылы жазылған. Автордың өзі (1930-1989) осы заманғы ұйғыр әдебиетінің көрнекті тұлғаларының бірі ретінде қытайға жақсы танымал. Өлеңдерінде өз ұлтын үлкен махаббатпен жырлай отырып, қытай компартиясын мадақтайтын саяси тақырыптарға да соқпай кете алмаған. Бұл бір Тейпжан Әливтың басындағы жағдай емес, сол заманғы бүкіл ұйғыр әдебиетінің басындағы жағдай болатын. Ал, «Түгімес нақшаны» оқыған сырт елдің адамы оны жастық тақырыбында жазылған тамаша лирика деп қабылдайтыны даусыз. Солай екені де рас. Содан да, өлеңнің өзі ғана емес, жалпы Тейпжан жазған шығармалар қытай баспасынан шықпай көрген жоқ. Автордың өзі қытай өкіметіне жаққан, мемлекеттік сыйлықтан тартып, түрлі деңгейдегі марапаттардың ешбірінен құр қалып көрмеген қаламгер. Бұдан, ақын ел-жұртын ойлаған жоқ, бас пайдасын қуып кетті деуге болмайды. Бодан елден шыққан ақындардың бағы да, соры да осында. Өз топырағының тұтқасы ретінде туған халқының ауыр бейнетін көре тұра пана болып арша түсе алмады. Халқының мұын мұңдап, жоғын жоқтауға талантқа керек еркіндік болмады. Не жазса да желкесінен шұқшиып қызыл империяның сығыр көзі қарауыл қарап тұрды. Біз мақтанышпен айтатын ой еркіндігі қытайдағы ұйғыр бауырлардың әлі көрмеген, жетпеген асыл арманы.

          Шығыс Түркістан әдебиетіне қытай өкіметінің жасап отырған қыспағы дәл кезіндегі кеңестік жүйенің ұлттар әдебиетіндегі еркіндікті басып-жәншу саясатының айна-қатесіз көшірмесі. Қалаған тақырыбына шығарма жазуға, соның ішінде, әсіресе, ұлт тақырыбына, тәуелсіздікке қатысты ойларға қалам тарту бұл елде күні бүгінге дейін өзіңді өлімге айдағанмен бірдей нәрсе. Шығармашылық еркіндікке түсе алмаған ұлт жанашырлары халықтың рухани дүниесіне қызмет етуге белесене кіріседі. Не жазса да елге, жерге деген ыстық махаббат есіп тұрды. Тейпжан бастаған алғабасар ақындар ұйғыр көркем сөз өнерінің дамуына, жаңа бір бағытта қарқын алуына талмай еңбек етті. Саясат қанша жерден қыл бұрау салып, сөйлетпеймін дегенмен, әдебиеттің де ұстатпайтын өз айласы, тәсілі болады. Қарсылығын ашып айтпаса да, көзқарақты оқырман өзі тауып оқитындай қалың ойдың қатпарына байқатпай жасыра кетіп жүрді. Тейпжанның «Түгімес нақшасында» да тек ұйғыр оқырманы ғана тауып оқитын сондай «жасырын» ойдың бар екені рас. Тейпжан Әлиевтың жеке шығармашылығында ғана емес, бүкіл ұйғыр әдебиетіндегі лиризмнің ең тамаша үлгісіне жататын осы өлеңді ұйғырдың өз тілінде оқып көкрейік.

 

Түгімес нахша

Һер әхшымы нахша іитімен

Шұ кочыні егіп кителмей.

Быр пеллыны квозлеп маңымен,

Әуаре мен тихы ителмей.

 

Бұгұн әхшам өткентім иене

Нахшам білен дирізе қиқып.

Қиердыдұ ішік ғычылдап,

Кайып кетті быр боуай чықып:

 

-         Уарқырайсен һер кұны шұндақ,

Сараңмұ сен өңшалмайдыған?

Я әдемге ұйқұ бермейсен,

Қандақ нахша бұ тұгымейдыған?

 

-         Кайма, боуай,

Сенмұ быр чағда

Яш ідіңғұ үхлымайдыған.

Сенмұ іитіп тұгытелмыген,

Шұндақ нахша бұ, тұгымейдыған!

 

          Бірлі-жарлы кезедесетін сөздер демесеңіз, осындағы ойды, әдемі өрілген сөз нақышын әдебиетке жақын қазақ қиналмай түсінеді. Өлеңнің ұзын ырғасы мынау: махаббатқа елтіген жас жігіт күндегісін түнде көше бойлап әуелете ән шырқайды. Онысын жақтырмаған әлдебір қарт үйінен шығып, «әніңді қой! Адамға ұйқы бер!» деп ұрсады. Сонда жігіт тұрып: «Ренжіме, ата. Сен де бір кезде, жас едің ғой ұйықтамайтын. Сен де айтып тауса алмаған, сондай ән бұл таусылмайтын.»- деп, шалдың да кезінде жас болып, қазіргі өзіндей күйді басынан кешіргенін, сондықтан бекер кейіп, сөкпе деп жасқа тән назын айтады. Бұл, әрине, ұйғырдан басқамыздың өлеңді оқығаннан кейінгі түйетін оймыз. Ал, өлеңнің өз оқушылары бізден гөрі басқаша ой түйеді. Олардың ой көзімен қарағанда өлеңге арқау болған түйін мынадай: елінің тағдырын ойлаған жас өміріне төнер қатерге қарамай өзінен қуатты күшке қарсы шабады. Онысына жаны ашыған қарт: «Тоқта. Әліңді біл. Қыршын өлесің» дейді. Сонда жас: «Сендер де жас кездеріңде ел үшін өлімге қарсы жүрдіңдер. Біз де қарап жатпаймыз. Бізден кейінгілер де осылай етеді» - дейді. Тейпжан осы өлеңін жазарда шынымен осындай ойды сездірмек болып қолына қалам алды ма, жоқ па, оны тергеп-тексеру біздің міндетімізде емес. Әйтеуір, қалай болмасын, ұйғыр бұл өлеңді оқығанда көз алдына махаббат қуған жасты емес, күрес қуған, елдікті қуған жасты әкелетіні сөзсіз.

            Әбдрейм Өткірдің «Ізінде» бұндай емес, айтар ой жұмбақталмай ашық айтылады.  Елі  үшін, жері үшін жанын пида еткен азаматтардың тағдыры сөз етіледі.

 

Із

Яш ідұқ үзұн сеперге әтлынып маңғанда быз,

Емді әтқа мынгұдек боп қалды ене неурымыз.

Әз ідұқ мұшкұл сеперге әтлынып чыққанда быз,

Емді чоң каруан әталдұқ, қалдұрұп чвллерде із.

Қалды із чвллер әра, гаһы дауанларда иене.

Қалды ны-ны әрсланлар дешт – чвлде қебрсыз.

Қебырсыз қалды димең иұлғұн қызарған далыда,

Гұл-чичекке пұркынұр таңна баһарда қебырымыз.

Қалды із, қалды мензыл, қалды үзақта һеммесы,

Чықса боран, квчсе құмлар һем квмұлмес ізымыз.

Тохтымас каруан иолыдын герче әтлар бек өрұқ,

Тапқұсы һичболмыса бұ ізны быр күн неурымыз,

Я еурымыз…

 

          «Із» жеке өлең емес. Әбдрейм Өткірдің 1980 жылдары жазған осы аттас «Із» деген романының беташарына жазылған өлең. Әбдрейм Өткірдің өзі (1923-1995) қазіргі заманғы ұйғыр әдебиетіндегі көрнекті ақындардың бірі. Өлеңнің құр өз  басын алып қарағанда суық та сұрғылт жолға шыққан боздақтарды көресіз. Олардың алыспақ болып, жеңіп қайтпақ болып бара жатқандары, әрине, ұйғырдың өз ішіндегі күштер емес, одан да қауіпті сыртқы бір күш екені шүбәсіз. Ал, романды оқып шықсаңыз олардың қарсы күрескендері қызыл қытай емес, өз ішіндегі үстем таптар мен қызылдар келмей тұрғандағы ақтар болып шығады. Және сол боздақтардың орындалмай кеткен армандары қызыл қытай Шынжаңды азат етуімен орындалды, өлсе де армандары жоқ деген ойды алға сала айтады. Қытай билігі қалай ойлса олай ойласын, әйтеуір, ұйғыр халқының күрескер болғанын, талай асыл ерелер туғанын, ондай ерлердің қазір де, кейін де туатынын, олардың істеп кеткен істерін халықтың ұмытпайтынын осы өлеңімен ел жадына құйып кетті.

            Ұйғырлардың аузында осы екі өлеңнің жиі айтылатын себебі, біздіңше, Тейпжанның «Түгімес Нахшасында» ұйғыр халқының бостандық жолындағы күресі әкеден балаға мирас болып қала беретіні, Әбдрейм Өткірдің «Ізінде» сол жолда опат болғандардың ел жадынан ешқашан өйшпейтіні жырлана келе, тұтас бір ұлттың ішінде жатқан арман-тілегін қайта тауып, сөніп бара жатқан үмітін қайта жаға алған көркемдік шындығында жатса керек.

 

 

http://old.abai.kz/sites/default/files/2_128.jpgНағыз Қапшықбайұлы

Abai.kz

0 пікір