Жұма, 10 Сәуір 2020
COVID-19 ҚАЗАҚСТАНДА. Жұқтырғандар — 802. Жазылғандар — 60. Қайтыс болғандар — 9
Жаңалықтар 2218 0 пікір 24 Маусым, 2013 сағат 16:55

Жұртшылықтың мәселесін жұмыс шешеді

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық жұмыспен қамту форумы Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Көкжайық тірек елді мекенінде өтті. Жоғары деңгейдегі шараға Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бастаған салаға қатысты түрлі министрліктердің өкілдері, өңірлердегі облыс әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары және басқа да жауапты лауазым иелері қатысты.

Астанадан келген ресми делегаттарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарсы алып, Өскемендегі бірқатар нысандарды аралатып, көрсетті. Вице-премьер Ербол Орынбаев ат басын бұрған алғашқы нысан қаладағы 110 миллион теңге қаржыға қайта жөндеуден өткен балалардың шығармашылық сарайы. Іші-сырты көздің жауын аларлықтай заманауи үлгіде жөнделген, ең бастысы ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әсем безендірілген сарай құрметті қонақтардың шынайы таңданысын туғызды. Әсіресе, қабырғаларға жағалай ілінген балалардың өздері салған тамаша туындылары, көрмеге қойылған қолөнер бұйымдары көпшілікті қызықтырды.

Елімізде тұңғыш рет ұйымдастырылған республикалық жұмыспен қамту форумы Шығыс Қазақстан облысы Көкпекті ауданы Көкжайық тірек елді мекенінде өтті. Жоғары деңгейдегі шараға Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев бастаған салаға қатысты түрлі министрліктердің өкілдері, өңірлердегі облыс әкімдерінің орынбасарлары, жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары және басқа да жауапты лауазым иелері қатысты.

Астанадан келген ресми делегаттарды облыс әкімі Бердібек Сапарбаев қарсы алып, Өскемендегі бірқатар нысандарды аралатып, көрсетті. Вице-премьер Ербол Орынбаев ат басын бұрған алғашқы нысан қаладағы 110 миллион теңге қаржыға қайта жөндеуден өткен балалардың шығармашылық сарайы. Іші-сырты көздің жауын аларлықтай заманауи үлгіде жөнделген, ең бастысы ұлттық нақыштағы ою-өрнектермен әсем безендірілген сарай құрметті қонақтардың шынайы таңданысын туғызды. Әсіресе, қабырғаларға жағалай ілінген балалардың өздері салған тамаша туындылары, көрмеге қойылған қолөнер бұйымдары көпшілікті қызықтырды.

Бұл сарай жалпы саны 2 мыңнан астам оқушыны қамтыса, бір мезетте жеті жүзден астам бала түрлі үйірмелерге қатыса алады. Мекеме директоры Галина Асташкинаның айтуынша, күзден бастап мұнда жүзге жуық түрлі үйірмелерге оқушылар қабылдайды. Қазірдің өзінде хореография, қолөнер шеберлігі, пікірталас клубы, ІТ сыныбы, баспасөз орталығы, фотостудия, экоорталық сияқты көптеген сыныптардың жұмысы қызып тұр.

Осыдан соң мәртебелі меймандар Ертістің сол жағалауында орын тепкен «Қалиақпаров» жеке кәсіпкерлігінің малға арналған нығыздалған шақпақ тұз шығаратын шағын цехының жұмысымен танысты.

– «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында біз тоғыз адам бірігіп, «УКАсТ» несие серіктестігін құрдық. Сол арқылы «Ертіс ӘКК-дан» 27 миллион теңге несие алдық. Бүгінде осы қаржының 20 миллион теңгесіне Қытайдан қажетті қондырғылар сатып әкеліп, малды азықтандыратын тұздарды шығарып жатырмыз, - деп түсіндірді серіктестік жетекшісі Уәлхан Қалиақпаров.

Бүгінде ол жерде барлығы 12 адам екі ауысыммен еңбек етуде. Жұмыскерлердің алатын жалақылары түсетін табыстың көлеміне байланысты. Ең кемі 50 мың теңгеден төмен емес. Дайын өнімді сатып алушылар да жетіп артылады екен. Кәсіптің ұршығын шыр айналдырып отырған Уәлханмен әңгіме арасында делегация мүшелері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, мемлекет тарапынан қандай да көмек-қолдау көрсетіліп жатыр ма, жоқ па білді. Өз кезегінде жеке кәсіпкер барлық мәселелер жергілікті басшылардың көмегімен шешіліп, қолдаудан да құр алақан еместігін жеткізді. Тіпті келешекте ол ветеринар мамандармен бірлесіп тұздардың құрамына малдың ағзасына қажетті минералды қоспалар қосып өндіруді жолға қоймақ. Ол үшін шағын цехтың жанынан қосымша әкімшілік ғимарат тұрғызып, онда зертханалық бөлмелер ашпақ ойы бар. Минералды қоспаларға бай тұздар қазір біздің өңірге Ресейден тасымалдануда. Бағасы қымбат, бес келілік бір шақпағының өзі 2 мың теңгенің үстінде тұрады. Егер мұндай тұздар өзімізде өндірілсе құны әлдеқайда арзанға түсетінін айтады мамандар. 

Сонымен қатар делегация өкілдері Меновное ауылындағы бал өндірумен айналысатын «Апимондия» ЖШС-ның дүкенін аралап көріп, цех жұмысымен танысты.

«Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы бойынша 2011 жылы мемлекеттен жеңілдікпен алғашқы несиелерін алып омарта шаруашылығын жүргізіп бастаған аталмыш серіктестік былтыр тағы да 21 миллион теңге көлемінде екінші несиелерін алып кәсіптерін дамыту үстінде. Бүгінгі таңда шаруашылықта отыздың үстінде адам жұмыс істеп, тұрақты еңбек ақыларын алып отыр. Ал өндірілген бал облысты былай қойғанда бүкіл республикаға, тіпті шет мемлекеттерге тасымалдануда. Әсіресе, Алтай балына ТМД мемлекеттерінен басқа іргедегі көршіміз Қытайдың да танытып отырған қызығушылығы жоғары. Аспан асты елімен арадағы жасалған келісімге сәйкес 1 мың тонна бал миллиардтар мекеніне жөнелтілмек.

– «Жұмыспен қамту» бағдарламасы кәсіпкерлікпен айналысуға бел буған адамдар үшін өте маңызды. Өйткені бизнесті бастау үшін әуелі белгілі бір мөлшерде қаражат керек қой. Осы қаражатты бағдарлама арқылы алуға болады. Ары қарай түскен табысыңызға қарай кәсібіңізді дамыта бересіз, - деп сөйлеген «Апимондия» несие серіктестігінің төрағасы Алексей  Қасымбаев облыстық бюджеттен асыл тұқымды ара шаруашылығын дамытуға қажетті мөлшерде субсидия алып отырғанын да тілге тиек етті. 

Ал шаруашылыққа қажетті омарташылар Ұлан ауданы Саратов ауылындағы Шығыс Қазақстан ауыл шаруашылық колледжінде, облыстық ғылыми зерттеу институтында (Опытное поле) оқытылуда.

Осы арада облыс әкімі Бердібек Сапарбаев Ауыл шаруашылық министрлігі тарапынан Шығыс Қазақстанның бренді деп танылған марал және омарта шаруашылығын өркендетуге мейілінше көңіл бөлінбей жатқанын жасырмады.  

– Мемлекет басшысының ара және марал шаруашылығын дамыту жөнінде тікелей берген тапсырмасы бар. Ауыл шаруашылық министрі Асылбек Мамытбековпен де осы тақырыпта әңгіме болған. Біз арнайы бағдарлама әзірледік. Облыс бюджетінен қаражат тауып, асыл тұқымды ара өсіретін пәсіктерді қолдауға субсидия бөлдік. Осының бәрі біздің облыстың ғана емес еліміздің ертеңі үшін қажетті істер. Сондықтан аталған екі шаруашылыққа дұрыстап көңіл бөлуіміз керек, - деп түйді аймақ басшысы.

«Апимондиядағы» әңгіме барысында өткен ғасырда аты әлемге жайылған Алтай балының атағын қайта жаңғырту мәселесі де сөз болды. Облыс Әкімінің келтірген дерегіне сүйенсек, Кеңес дәуірінде Шығыс Қазақстан облысы 20 мың тоннаға дейін бал өндіріпті. Одақ ыдырағаннан кейін ол көрсеткіш мүлдем азайып кеткен. Жергілікті билік келешекте осы межені бағындыруды мақсат санауда. Олай айтуға негіз бар. Мәселен, 2009 жылы облыста 700 тонна бал жиналса, былтыр бұл 3 мың тоннаға жетіп жығылған. Ал биылғы жоспар көрсеткішті 4 мың тоннаға жеткізу және оны жыл сайын еселей түсу. Өңір басшысының бұл жоспарын вице-премьер мен өзге делегаттар қызу қолдап, іске сәттілік тіледі.    

Тірек ауылдарында қайнаған тіршілік

Бұдан соң қонақтар Көкпекті ауданындағы бірқатар нысандарды аралап, олардың жұмысымен жете танысты. Атап айтсақ, олар Самар ауылындағы жеке кәсіпкер Қайрат Тұңғышпаевтың омарта шаруашылығында, жаңадан ашылған жиһаз цехы мен «Рыбпром» серіктестігінде және өзге де нысандарда болды. Олардың дені «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында құрылған.

Мәселен, «Рыбпром» кәсіпорны 120-дан астам адамға жұмыс беріп отыр. Мұндағы балықтан жасалған жартылай фабрикаттар негізінен Еуропа елдеріне сатылады екен. Қарқынды өркендеп келе жатқан аталмыш серіктестік бүгінгі таңда мемлекеттің қолдауына аса мұқтаж емес, олар керісінше тірек ауылға қолдан келгенше демеу көрсетуге әзір.

Вице-премьер Ербол Орынбаев Самар ауылында жаңадан салынған спорт модулінің ашылу салтанатына қатысты. Ғимараттың іргесінен балаларға арналған ойын алаңы, футбол стадионы, хоккей қорапшасы орын теуіпті. Нысанды салған мердігер ұйым – «Nadal Trade» өз есебінен кешеннің айналасын абаттандырып, яғни 300 шаршы метр аумаққа асфальт төсеп, қоршау орнатып, жарықтандырып шыққан. Еліміздің барлық өңірінен келген мәртебелі меймандар өз таңданыстарын жасырған жоқ. Олардың айтуынша, мұндай заманауи спорт модулін ауыл тұрмақ, аудан орталықтарынан кездестіру қиын. 

– Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаев жастар саясатына әрдайым ерекше көңіл бөліп отырады. Сол себепті біз облыс жастарының сапалы білім алып, лайықты жұмыспен қамтылуы үшін, яғни өз-өздерін шыңдап, өсіп-өркендеуі үшін қолымыздан келген барлық мүмкіндікті жасауға тырысудамыз. Ал, жас ұрпақтың міндеті – еліміздің білімді де білікті, дені сау, отансүйгіш азаматтары болу, – деді аймақ басшысы спорт модулінің ашылу рәсімінде.

Ресми делегация өкілдері Самар ауылындағы балалар шығармашылығының үйінде де болды. Мекеменің меңгерушісі Галина Штукерт қонақтарды түрлі үйірмелердің жұмысы жайында, оқушылардың жеткен жетістіктері туралы хабардар етті. Бұдан соң форумға қатысушылар екі жыл бұрын «Жол картасы» бағдарламасы аясында күрделі жөндеуден өткен Мәдениет үйін тамашалады.

Аудандағы келесі тірек елдімекен – Преображенкада жергілікті кәсіпкерлер шығарған өнімдердің көрмесі ұйымдастырылды. Айталық, кәсіпкер Тілебалды Құсайынов көрмеге өзі жасаған пималарын қойыпты. Ол шағын бизнесті несиелендіру бағдарламасының арқасында пима басу цехын ашқан екен. Сондай-ақ, делегаттар аудандағы іргелі шаруашылықтың бірі – «Өрнек» серіктестігінің жұмысымен танысып, ауыл шаруашылығы техникаларын көрді. Оның басшысы Ержан Қойгелдин мемлекеттік «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы және кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған басқа да іс-шаралар шаруашылықтар үшін аса пайдалы екенін атап өтті.

– «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы кәсіпкерлер үшін өте тиімді. Әсіресе, оның үшінші бағыты, яғни мамандарға арнап тұрғын үй салу бізді қызықтырып отыр. Себебі, ауылдағы шаруашылықтарға қазіргі кезде ең алдымен білікті мамандар қажет, – дейді ол.

Тірек ауылдағы балаларға арналған ойын алаңқайлары, спорт алаңдары, тіпті үйлердің бір түске боялған әдемі қашалары да форумға қатысушылардың назарынан тыс қалмағанын атап өткіміз келеді. 

 «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасын іске асыру бойынша тұңғыш республикалық форум Көкпекті ауданының Көкжайық тірек ауылында болып өтті. Бұл келелі басқосудың басты ерекшелігі сол, –алғашқы рет осындай ауқымды шара облыс не болмаса аудан орталығында емес, ауылда ұйымдастырылды. Оның Шығыста өткізілуінің де өз себебі бар, өйткені «Жұмыспен қамту-2020» және тірек елді мекендерді дамыту мемлекеттік бағдарламаларын жүзеге асыру жөненінен аймағымыз республика бойынша көш бастап келеді.

Форумға еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова, Мәжіліс депутаттары Гүлмира Исимбаева мен Светлана Ферхо, БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы ресми өкілі Стивен ТУЛЛ,облыс әкімдерінің орынбасарлары және жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармаларының басшылары, бірқатар министрліктердің өкілдері қатысты. 

Еліміздің түкпір-түкпінен жиналған мәртебелі қонақтар алдымен ауылдың саябағын аралады. Бұрындары қараусыз жатқан бұл жер бүгінде Көкжайықтың көркін келтіріп тұр. Саябақ облысымызда белсенді түрде іске асырылып жатқан мемлекеттік-жеке меншік серіктестік бағдарламасы аясында жөнделген. Атап айтқанда, оның аумағы түгелдей қоршалып, жарықтандырылыпты, сонымен бірге мұнда жазғы сахна алаңы да орнатылған екен.

Бұдан кейін саябақ маңында үкімет делегациясы бір топ мал дәрігерлеріне су жаңа «Нива» автокөліктерінің кілттерін табыс етті. Салтанатты шарадан соң вице-премьерге «Елім-ай-Көкпекті» жобасы таныстырылды. Аталмыш шаруашылық асыл тұқымды сиырларды өсірумен айналысады. Серіктестік жетекшісі Серікбол Айтмолдиннің айтуы бойынша, олар несиелендіру бағдарламасына қатыса отырып өз әлеуеттерін күшейтуде. Мәселен, несие қаржысына асыл тұқымды мал, заманауи ауыл шаруашылығы техникасы сатып алған. Шаруашылық жем-шөп базасын нығайтуды да қолға алыпты. Атап айтсақ, олар облыста іске асырылып жатқан арнайы бағдарламаның арқасында суармалы жерлердің аумағын кеңейтіп жатыр. «Еттің бағасын арзандату үшін алдымен жем мен шөптің қорын көбейту қажет» деп санайды шаруашылық басшылығы.

Ауылдағы әкімшілік-мәдени орталық та жиналғандардың айырықша қызығушылығын туғызды. Жергілікті барлық мемлекеттік мекемелер тұрғындарға ыңғайлы болуы үшін осы екі қабатты ғимаратта орналасқан. Қонақтар орталықты аралап, осы жерде өтіп жатқан бос орындар жәрмеңкесін де көрді. 

Бағдарламаның маңызын барша жұрт сезініп отыр

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы 1-шілдеден бастап жаңа форматта жұмыс істей бастайды. Оның толықтырылып, өзгертілген нұсқасы «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» деп аталмақ.

Форумның пленарлық отырысында осы жаңашылдықтар жан-жақты түсіндіріліп, бағдарламаның аралық қорытындысы шығарылды.

– Мемлекет басшысы тұрғындарды жұмыспен қамту мәселесін ешқашан ескерусіз қалдырған емес. Қаржылық дағдарыс кезінде «Жол картасы» бағдарламасы бізді жаппай жұмыссыздықтан құтқарып қалғанын жақсы білесіздер, ал 2011 жылы іске қосылған «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасына бүгінге дейін 60 мыңнан астам адам қатысып үлгерген. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» жоғарыда аталған екі бағдарламаны да қамтиды. Елбасының тікелей тапсырмасы бойынша әзірленген жаңа бағдарлама әрі жедел атқарылатын, әрі жүйеленген іс-шаралардан тұрады, – деді форум барысында Ербол Орынбаев.

Үкімет басшысының орынбасары жиналғандарға жаңа бағдарламаның ерекшеліктері жайында барынша мол мағлұмат беруге тырысты, оның айтуынша, бағдарламаның іске асырылу барысы Үкіметтің ұдайы бақылауында болады. Сондай-ақ, Премьер-министр әрбір өңірдегі жұмыстың нәтижесін өзі жеке-жеке қарастырмақ.   

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының жүзеге асуы барынша ашық және айқын болуы тиіс, – деп атап өтті вице-премьер. – Тұрғындар ақшаның қайдан келгенін, қай мақсаттарға жұмсалғанын және ең бастысы осы жұмыстардың барлығы не үшін атқарылып жатқанын біліп отыруы керек. Бұл ретте жергілікті билік органдарына жауапкершіліктің ауыр жүгі артылып отыр. Егер олардың қазына қаржысының тиімсіз пайдаланғаны анықталса, қайта есептеулер жүргізіп, ақшаны табысты жұмыс істеп жатқан өзге өңірлерге аударатын боламыз.   

Жиына барысында аймақ басшысы Бердібек Сапарбаев мемлекеттік бағдарламаның біздің облыста қалай іске асырылып жатқаны туралы айтты.

– «Жол картасы» бағдарламасының арқасында өңір тұрғындары 2009-2010 жылғы дағдарыстың салқынын сезінген жоқ. Аталмыш бағдарламаны біз облыста ары қарай да жалғастырдық. Атап айтсақ, жергілікті бюджеттен 7 миллиард теңгеден астам қаржы бөлініп, шамамен алты мыңдай жаңа жұмыс орны құрылды, – деді ол.

«Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы іске асырылып жатқан үш жылдың ішінде Шығыс Қазақстанға 25 миллиард теңге қаржы бөлініп, 25 мыңнын астам адам жұмыспен қамтылған. Нәтижесінде өңірдегі жұмыссыздық деңгейі күрт қысқарып, аз қамтылған азаматтар саны 20 пайызға кеміпті.

– Кез келген жұмыстан нақты нәтиже шығуы тиіс. Біз бағдарламаның жүзеге асырылу барысын жіті қадағалап отырамыз. Сол себептен болар, өңірде қарызды уақытында төлемеу сынды мәселе жоқ. Бұл бағдарлама негізінен ауылдық жерлердегі кәсіпкерлікті дамытуға бағытталған. Осы орайда облыста 183 несие серіктестігі құрылып, табысты жұмыс істеп жатыр, – деп атап өтті аймақ басшысы.

Шығыс Қазақстан бағдарлама аясында 9 миллиард теңгеге өтінім берген, алайда осы соманың тек үштен екі бөлігін ғана ала алды. Облыс әкімі бюджетті қайта қарастыру барысында жетпей тұрған қаржының бөлінуін сұрады. 

– «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» – дер кезінде қолға алынып отырған бағдарлама. Ол ауыл азаматтарын жұмыспен қамтуға көмектесіп, кәсіпкерліктің дамуына серпін береді, – деп түйіндеді өз баяндамасын аймақ басшысы.

Өзге өңірлерден келген өкілдер аталмыш бағдарламаны іске асыру жөнінен Шығысқа тек Батыс Қазақстан облысы ғана ілесе алатынын алға тартты. Олардың айтуынша, біздің облыстың көш бастауы кездейсоқ емес, табыстың құпиясы аймақ басшылығының алға нақты мақсат қойып, жағдайды дұрыс бағамдай білуінде.

– Бізде әлі күнге шейін бірде-бір несие серктестігі құрылмаған, – деді Қостанай облысы әкімінің орынбасары Серік Бектұрғанов. – Бүгін мен осы бағытта қалай жұмыс істеу керектігін өз көзіммен көрдім. Шағын несиелендіру саласы үшін Қостанай облысына небәрі 400 миллион теңге бөлінген. Бірақ, біз сол қаражаттың өзін пайдалана алмай келеміз. Ал Шығыс Қазақстан үш миллиард теңгені игеріп тастап, тағы қаржы сұрап отыр! Сіздерден үйренеріміз көп.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрінің міндетін атқарушы Тамара Дүйсенова өз сөзінде бағдарламаға енгізілген өзгерістерге кеңінен тоқталды. «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» бағдарламасының негізгі міндеті – аймақтардағы жұмыс күшінің дисбалансын жою.

– Жаңа жобада «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының барлық артықшылықтары сақталған, сонымен қатар оған бірқатар толықтырулар енгізіліп отыр. Атап айтар болсақ, енді бағдарламаға қатысушы жұмыс берушілерге және оқу орындарына деген талап күшейтілмек. Бұл ретте Шығыс Қазақстанның тәжірибесін үлгі етіп алуға болады, – деді Тамара Дүйсенова.

Отырыста жастар ұйымдарының өкілдері сөз алып, өз ойларымен бөлісті. Мәселен, олар кәсіпкерлер алдына тым құрығанда бір жас маманды жұмысқа алу сияқты міндет қою қажеттігін алға тартты. Бұл идея Үкімет басшысының орынбасары тарапынан қолдау тапты.

– Қазақстанның Шығысындағы ауылдарға алғаш рет келіп отырмын. Байқағаным, «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы бойынша мемлекет тарапынан бөлінген қаржыға қыруар шаруа атқарылыпты. Кәсіпкерлік саласы өркендеп, ауыл шаруашылығы қарқынды дамып келеді екен. Атап өтерлік бір жайт, дәл осындай бағдарлама өткен ғасырдың 30-шы жылдары АҚШ-та қабылданған болатын. Құрама Штаттардағы қазіргі күре жолдар мен көпірлердің, саябақтардың көбі со кезде салынып, ел аса ауыр қаржылық дағдарысты еңсеріп шыққан еді. Сіздерде де сондай ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатыр, – деді БҰҰ Даму бағдарламасының Қазақстандағы ресми өкілі Стивен Тулл.

Басқосу соңында Премьер-министрдің орынбасары Ербол Орынбаев жиынды қорытындылап, атқарушы билік органдарына бірқатар маңызды тапсырмалар жүктеді.

– Бұл бағдарламаға немқұрайлы қарауға болмайды, тек есеп беру үшін ғана жұмыс орындарын ашудың да қажеті шамалы. Мамандардың санына емес, сапасына көңіл бөлу керек. Жасап жатқан жұмыстан түпкі нәтиже шығуы тиіс. Бағдарламаның мақсаты «ақша тарату» деп ойлап қалмаңыздар, әрбір тиынның жұмсалуын Үкімет мұқият қадағалайтын болады. Сонымен қатар, тұрғындар арасында сапалы түсіндіру жұмыстарын жүргізудің де маңызы зор. Қарапайым халық осы бағдарламаның тиімділігін ұғынбай, ісіміз алға баспайды. Атқарушы билік өкілдерін бағдарлама аясында қыруар шаруа күтіп тұр, аталмыш жұмыстың барлық жауапкершілігі де сіздердің мойындарыңызда екенін ескерткім келеді, – деп қадап айтты Ербол Орынбаев.

Форумның пленарлық отырысынан соң Үкімет басшысының орынбасары журналистерге арнап сұхбат берді. Ол «Жұмыспен қамтудың жол картасы-2020» дағдарысқа қарсы кешенді әрі ұзақмерзімді бағдарлама екенін тағы бір мәрте қайталады, оның басты мақсаты – тұрғындардың әл-ауқатын арттыру, әсіресе ауылдық жердегі және еліміздегі жұмыс күштерін ұтымды орналастыру.

Қазақстанда ірі индустриалды жобалар қолға алынып отыр. Оларды іске асыру үшін жұмыс күші негізінен ауылды елдімекендерден тартылады. Осылайша Үкімет бір жағынан жұмыссыздық деңгейін азайтып, екінші жағынан шетелдік жұмысшыларға деген мұқтаждықты жоймақ.

Форум шеңберінде Шығыс Қазақстан өзге өңірлерге «Жұмыспен қамту-2020» бағдараламасын жүзеге асыру жөніндегі өз тәжірибесін көрсетті, сондай-ақ, біздің мамандар да басқа облыстардан келген әріптестерімен кеңесіп, тың идеяларын қойын дәптерлеріне түртіп алды. Енді елімізді жаңа мемлекеттік бағдаралама аясындағы ауқымды жұмыстар күтіп тұр.

Abai.kz

0 пікір