Дүйсенбі, 29 Сәуір 2024
Жаңалықтар 2903 0 пікір 3 Қыркүйек, 2009 сағат 05:08

Ақберен Елгезек. ТАРИХ ТОЗАҢЫНДАҒЫ ӘЛЕМ

Адамзат баласының өткен-кеткен күндеріне ой арқылы сапар шегіп, тарихтың өлі жанарына үңілуге құмар отандастарымның былтырғы жылы тұсауы кесілген «Катынь» кинофильмін көрмеуі мүмкін емес деп ойлаймын. Сексеннің сеңгіріне шыққан Польша кинематографының классигі есептелетін Анджей Вайда бұл кинолентаға Екінші дүниежүзілік соғыстан поляк халқының тартқан зардабы мен зарын, мұңы мен мұқтажын шебер қашаған екен. Кинофильмнің өн-бойынан Польшаның сол кездегі ауасына сіңіп қалған зұлымдық пен сатқындықтың, менменшіл мүдделер тудырған баянсыз саясаттың иісі аңқып тұрады.

Әсіресе, көрерменнің жүйкесін жұлмалап өтетін келесі сюжет арқылы сіз сол күндердің ызғарын анық сезінесіз. Фильмнің басында Гитлерлік Германия әскерінен қашып келе жатқан поляктар легі мен Кеңес Одағы әскерінен бас сауғалаған екінші бір поляктар көшінің бір көпірдің басында түйісуі - төс бен балғаның арасында қалған саусақтарды елестетеді. Өз отаны мен туған ұлтын қорғау үшін қолына қару алып, екі үлкен империяға қарсы шыққан поляк сардарларының Катынь орманында жазықсыз шейіт болуы да - ХХ ғасырдағы ең сұрапыл, ең түсініксіз соғыстың тағы бір аянышты көрінісі.

Кез келген поляк үшін 1939 жылдың 1 қыркүйегі нәубетті күн. Дәл осы күні Үшінші рейхтің қалың қолы Польшаға басып кірді. Ал, 16 күннен кейін Польша территориясына қызыл әскер етігінің ізі түсті.

Біз білетін тарихта Германия басқыншы, ал, Кеңес Одағы азат етуші деп жазылып келген. Алайда, саясатта міндетті түрде сценарий деген дүние болады. Жаңа тарихтағы сатқындық күні деп біз 1939 жылдың 23 тамызын айта аламыз. Бұл күн И.Риббентроп пен В.Молотов қол қойған Кеңес Одағы мен фашистік Германияның өзара соғыспау жөніндегі келісімі дүние келген күн. Аталған келісімнің құпия қосымшасында екі мемлекет Шығыс Еуропаны бөліске салу жөнінде уағдаласқан-ды. Қос мемлекет сол жылдың 29 қыркүйегінде достық пен шекаралар туралы келісім-шартты бекітті. Ол бөліс бойынша Кеңес Одағына Прибалтика елдері, Бессарабия мен Солтүстік Буковина және Финляндияның бір бөлігі кіретін болды.

Биыл осы оқиғаға 70 жыл. Осы апатты күнді еске алу үшін Польша мемлекеті үстіміздегі жылдың 1 қыркүйек күні Гданьск қаласына 30 елдің делегациясын шақырыпты. Соғыс құрбандарына тағзым ету өз алдына, бұл күн - Ресей мен Польша, Польша мен Германия арасындағы тарих салдарын салмақтауға арналған сияқты.

Еске алу шарасына Ресей мен Германия басшылары әжептәуір дайындалып келді. Германия канцлері Ангела Меркель Польшаға видеомәлімдеме жасап аттанды. Ол мәлімдемеде А.Меркель: «Біз бүгін жауласқан елдер ретінде емес, достығы жарасқан, саяси серіктес мемлекеттер ретінде кездесуді мұрат тұтып отырмыз» - деді.

Аталған күндері Германияның барлық шіркеулерінде соғыстан қаза тапқандардың рухына дұға бағышталып, кешірім сұралды.

Ресей премьер-министрі Владимир Путин өз кезегінде Gazeta Wyborcza басылымында жарияланған мақаласында Гитлер мен Сталиннің пактісін адамгершілікке жат деп таныды. Бұл, әрине, поляктар мен прибалттар үшін аздық ететін мәлімдеме екені түсінікті. Польша басшылығы Ресейден Сталиннің құйтырқы саясаты үшін кешірім сұрайды деп үміттенді. Сол себептен де 1 қыркүйекте өткен іс-шараларға қатысқан саяси тұлғалардың ішінде Путинге деген назар ерекше болды. Бірақ Путиннің ауызынан поляктардың көңілінен табылатын сөз шыға қойған жоқ. Нақтысын айтқанда, Мәскеу Варшавадан кешірім сұрамады. Керісінше жасаған баяндамасына Путин Польшаның екінші дүниежүзілік соғыстың қарсаңында Мюнхен келісіміне қол қойғанын бетіне басып, қасқайып тұра берді. Бұл тағы да Ресей өз тарихын қызғыштай қорып, тарихқа деген көзқарасы арқылы империялық пиғылды көрсетуге көшкенін аңғартады. Бұл тағы да жақсылықтың нышаны емес.

Американың атақты айтқышы Лоренс Питер: «...тарих сізге болашақта қандай қате жіберуіңіз мүмкін екенін үйретіп бағуда» деген екен. Тарихтан тәлім үйренуді қаперіне алып отырған Ресей жоқ. Өткен шақтың зілмауыр жүгінен арылып, аруақтардың алдында басын кішірейтіп, өзіне дейінгі билік тізгінін ұстаған қанішерлер үшін кешірім сұрау - түптеп келгенде ұлттың ұлы мінезін көрсетсе керек. Бүгінгі Ресей қоғамында неше түрлі фашистік ағымдар пайда болып, дамып жатқанын айтқым да келіп отырған жоқ. Енді, тарихты саясаттың құралына айналдырып, соғыстың алғашқы апталарында елордасы жермен жексен болған, елі босып кеткен поляктардан бір ауыз кешірім сұрамау - бұл өз қатесін мойындамау арқылы, алға ілгерілемеуге бет бұрған мемлекеттің сыйқы.

Әйтседе, Ресей бүгін фашисттерді талқандаған жеңімпаз ел ретінде әспеттелуде. Тарихта да солай қала бермек. Бұл соғысты келер ұрпақ көп ұзамай ресей-герман соғысы деп оқитынын көресіз. Сол кезде сіздің отаншыл санаңызда «ал, біздер сонда не үшін соғыстық?» - деген заңды сұрақ туындайды. Жылыстап кейін өалып бара жатқан жылдардан сыр ақтаратын отбасылық альбомыңыздағы атаңыздың сарғыш тартқан суретіне қарауға да ұялатын кезіңіз  әлі алда. Қазақ елі 1 миллионнан астам адамды кімнің мүддесі үшін құрбандыққа шалды деп отырған боларсыз? Бүгін біздің көзі тірі ардақты ардагерлеріміз кім үшін соғысты деңіз? Өзбек, тәжік, қырғыз, украин, белорус, Кавказ халықтары ше?..

Белгілі саясатанушы Айдос Сарым бір мақаласында соғысқа арналған бүгінгі ресей кинофильмдерінде бір де бір азиаттық келбет  жоқ екенін күйініп жазады. Оны сол фильмдерді көріп жүрген кез келген қазақ та байқағаны даусыз. Ал, сол текке көз жұмған бір миллионнан астам адам өмір сүріп артына ұрпақ қалдырса, бүгінгі қазақтың саны қомақты үлес қосар еді ғой. Сол адамдардың белінде талантты ғалым, дарынды ақын-жазушы, керемет сәулетші, әнші мен күйші, кемеңгер ойшылдар кеткені тіпті өкінішті. Олардың орнын толтыру әсте мүмкін емес. Тым құрығанда солардың рухына тағзым етіп Германия мен Ресей бізден  кешірім сұрау керек еді ғой. 1917-1937 жылдар аралығындағы 20 жылдық қызыл қырғын және одан кейінгі басымызға төгілген зұлматтар үшін. Міндетті түрде кешірім сұралу керек.

P.S.

Қазақстанда осы күні қызыл кесапат жылдары мен Ұлы отан соғысы туралы кинофильмдер түсірілмейді. Себебі, қиын-қыстау кезеңде дүниеге келіп, ғұмырын ауыртпалықпен өткізген аталарымыз бен апаларымыздың тағдыры бүгінгі біздің қоғамға мүлде қызық емес сияқты.

Тарих нашар ұстаз ба, әлде шәкірттері шалағай ма?

0 пікір