Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Алашорда 3985 1 пікір 8 Тамыз, 2023 сағат 13:26

Орыстың байы да, кедейі де қазақты жейді...

...Орыстың байы кедейін жегені рас-ақ шығар. Бірақ орыстың байы да, кедейі де қазақты жейді. Қазақ байы орыс кедейін жеп көрген жоқ. Жеуге дәрмені де келген жоқ. Бұл талассыз нәрсе. Орыс кедейі байымен алысса, біздің бай-кедейіміз бірігіп, орыспен алысатын жөніміз бар. Орыстың құлдығынан құтылып шықпай жатып, кедей-бай деп жіктелетін жайымыз жоқ һәм олайша айырылуға тарихи дайындық, пұл мен еңбек қайшы келіп таласқандық жоқ. Тамырсыз нәрсені зорлықпен ексек де қазақ ішінде орнамайды, бұл мисыз біреу болмаса, дау шығармайтын нәрсе...

1918. Семей губерниясы Алаш шаһары.

Мақаланың толығы төменде:


ҰЛЫ ОРЫСТЫҢ ҮСТЕМДІГІ

«Россияны қатардан қалды, өзге мемлекеттер есептесетін елеулі күшінен шықты, азды, тозды; ішкі саясат тартысы әр партияның үстіне болып, хәкімшілік тізгінін алмаққа жармасқандығы әлін азайтып, күшін кемітті» деседі. Рас, орыс өзге мемлекеттердің жұртынан жығылды, жеңілді. Бірақ он бүктелсе де, өз ішінде біз сықылды қаруы аз, қамы жоқ, білімі кем жұрттарға басына қарайтындығы тіпті қалмайды. Орыстың қай партиясы хәкімшілікке ие болса да бізге теңдік, еркіндік болмайды, бұл - анық.

Бізден орыстың саяси партиясына қосылып, қазақты да қосылған партиясына қаратып, жақтатпақ болған қазақ не түк аңдамайтын соқыр, не қазақ ұлтына қызмет қыламын дегені бекер жан деп ұғамын. Орыстың байы кедейін жегені рас-ақ шығар. Бірақ орыстың байы да, кедейі де қазақты жейді. Қазақ байы орыс кедейін жеп көрген жоқ. Жеуге дәрмені де келген жоқ. Бұл талассыз нәрсе. Орыс кедейі байымен алысса, біздің бай-кедейіміз бірігіп, орыспен алысатын жөніміз бар. Орыстың құлдығынан құтылып шықпай жатып, кедей-бай деп жіктелетін жайымыз жоқ һәм олайша айырылуға тарихи дайындық, пұл мен еңбек қайшы келіп таласқандық жоқ. Тамырсыз нәрсені зорлықпен ексек де қазақ ішінде орнамайды, бұл мисыз біреу болмаса, дау шығармайтын нәрсе.

Қазақтың елдігін бұзбай, қаптаған қалың өрттен аман алып қалуға, тіпті бар қазақ өзара жауласқан орыс партияларының біріне құйрық қып жолдасатын орны жоқ. Қазаққа шындығын беріп, сырын білдіріп соңынан ертер, қатарға ертіп, тең тұтар сенімді орыс партиясы, орыс табы тағы жоқ. Орыстың қай партиясын, қай табын алсаң да орыс пен басқа жұртты тең ұстағысы келмейді. Қай жерде қашан болса да орыс жұртын жоғары тұтып, өзге жұрттарға соның қожалығын жүргізгісі келеді де тұрады. Лапырған қызыл тіл, әдемі сөздері - бәрі іс жүзінде ұмытылады. Орыс тілегі оң болып, оған өзге жұрттардың тілегі құрбандыққа шалынады. Орыстың байын жоқтаған партияларын алсаң, есі-дерті орыс байлығы, орыс үстемдігі, орыс қожалығы. Одан басқаны білмейді, танымайды. Кедейін жақтаған орыс партияларын алсаң, олардың да есіл-дерті, нысана қылатыны орыс кедейінің үстемдігі, орыс кедейінің рзалығы, орыс кедейінің қожалығы. Әйтеуір, орыстың қай партиясын алсаң да көздейтін мақсаты бізге, біз сықылды табы бөлек жұрттарға толық ерік беріп, тең тұту емес, өзі ғана қожалық құрып, билеп тұрмақ, мойынсұндырып, айтқанына көндірмек. Орыс кедейінің керегін біз сықылды халықтардан тауып бермек.

Осы уақытта Россияны орыс кедейлері билеп отыр. Олар бұрын бай билесе, енді кедей билейтін болды деп лақап шашып, байды басып таптамақшы, таламақшы болып отыр. Қай жұрт қалайша биленбек болса ерік өзінде, кұлдық ноқтасын ағытып босаттық, автономия аламын, жеке мемлекет боламын десе де ықтияр деп жарлық шығарып отыр. Осы уағдасын шашқан жарлығын орыстың кедейлері іс жүзінде орындап отыр ма? Жоқ. Орыстың байы билегендегі «уағда» мен кедейі билегендегі «уағданың» айырмасы болмай, құр лақап, жел сөзге айналып отыр. Қайсысы болса да дәме қылдырып, тамақ істіріп алдағаннан басқаны білмейді.

Өзгеріс басталғаннан бері орыстың қай партиясынан болса да, жасалған хүкімет тілін емізіп, «уағда» қылып келеді: әр халық өзін-өзі билейді деп. Сол «уағдаларын» ескеріп, орындаған не байы, не кедейі бар ма? Жоқ. Он облыс - бір гүбірнені қоныс қылған Қазақстанды, жүздің бесеуі - орыс Түркістанды, Еділ бойы мен Орал тауындағы Башқұрдстан мен татарларды, Қырымды, Кавказды, оңтүстік күнбатыс Россияны мекендеген Украинаны еркіне жіберіп отырған ұлы орыс кедейінің сыры белгілі болды. Тіл емізген, алдағаннан басқа түгі болмады. Өзіңді өзің биле дейді де, бар хәкімшілік «жұмыскерлер мен солдаттар кеңесіне» деп ұран салып, ұлы орыстың кедейлері тағы қожа болғысы келеді. Өзге жұрттардың есалаң, өлексе кедейлері ұлы орыстың сұмдығын сезбей, желігіп ере бастаған болып жүр. Біздің қазақтан да кейбіреулер шығып, қазақ тағдырын ұлы орыстың кедейлеріне кестіріп, піштіріп, жарылқамақ болып жүр. Бар қазақты сырттан сатып, бүлікті бастап, сойқанды салып жүр...

Қай қазақ Семейдегі, Омбыдағы тағы басқа жерлердегі бір топ орыстың жұмысшылары солдаттарын өкіл сайлады. Менің үстімнен хәкімшілік жүргізіп, биле дейді. Тиірмен тартқан, тері илеген, көше сыпырған жүмысшылар мен бүгін келіп, ертең кететін 1-2 жүз келімсек солдат Семей облысындағы 850 мыңдай қазақ пен 250 мыңдай мұжықты билемек болады. Сондағы сүйенгені - мылтығы мен істігі. Жер-су, мал-мүлік - бәрін солар билеп, үлесіп алмақ, бөліп бермек. Бұл астамдық емес пе?!

Оларға мұны істетіп отырған кім? Мемлекеттің билігін қолына алып отырған баяғы ұлы орыстың кедейлері. Теңдік дегені рас болса, халықтың ойын сұрамас па – білмес пе еді; өзіңді-өзің билейсің бе, бізге қосыласың ба дер еді. Жұмысшылар мен солдаттардың хәкімшілігі, яки ұлы орыстың кедейлерінің қожалығын танимыз да, әйтпесе, қырамын, жоямын, қаныңды ағызып, малыңды талаймын дейді. Міне, қазақ, ноғай жұрттары, ұлы орыстың кедейінің зорлығы! Орыстың қай партиясы билесе де, ұлы орыстың үстем болуын көздейді. Қазақ, ноғай сықылды тапталып, құлдықта өскен азаматтары әуелі ұлы орыстың бұғауынан құтылып, теңдікті іздемесе осы күнгі қалыпта орыстың қай партиясы болса да безу керек. Ұлы орыстың тілін емізіп, мастандырғанынан сақтанып, көз жұмып етегінен ұстап ере беруден бас тарту керек. Қазақтың, ноғайдың тілегі мынау: «Сен соған көн!» деп ұлы орысты қысу керек. Ұлы орыстың байының болсын, кедейінің болсын ыңғайымен жүре бермей, өз ұлтымыздың керегін ілгері тұту керек.

Жас Алаш.

1918. Семей губерниясы Алаш шаһары.

«Ұлы орыстың үстемдігі» атты мақаладан.

Дайындаған Абай Мырзағали

Abai.kz

1 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1523
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1378
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1129
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1149