Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 2724 3 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 16:06

Шыңғыс Уәлиханов неліктен сырқаттанды?

Құнанбай дегеніне жетіп, Қарқаралы дуанына аға сұлтан болып бекігеннен кейін де, ол сайлауға өзі тілектес болып жүріп қатыса алмай қалған хан тұқымы, Көкшетау округының сұлтан-правителі Шыңғысты күтіп тағы бір айдай бөгеліп жатып қалды.

– Сиырдың бүйрегі құсап бытыраған бұларды түсіну қиын, деп еді Алшынбай сайлау сәтті өткен күндері. – Арқар ұранды төрелердің қастасуы да, достасуы да уақытша. Бір-бірімен сырттай жауласып, тамақтарынан қан алысып жүріп, ішгей жер астының суы құсап астыртын табысып жатады. Менің бір хабарлануымда, Шыңғыс Баянауылдағы қайнағасы Шорманның Мұсасының ауылында қонақтап жатыр. Егер біздік болса қайтар жолда осында бір соқпай кетпейді. Соның жолын тосайық не де болса.
Арада тағы бірнеше күн өтті.
– Осының тап осы жолы Баянауылға барып жатып алуы тегін емес, – деген түпкіш Құнанбай оңашада бастары қосылып қалған бір тұста. – Айналып жүру мұның мінезінде жоқ еді ғой.
– Мінез емес, жағдай билемей ме адамды?
– Онда, Алшекем, төреден біржола бақ тайғаны. Қашан айтты демессің.
Ол екі арада Құнанбай інісі Майбасарды жұмсап, елден үйір-үйір жылқы, келе-келе түйе, тайтұяқ, қойтұяқ алтын, қос жұдырық жамбы, күміс ер-тұрман, құндыз, бұлғын сықылды аң терілерінен тіктірген ішік,
басқа да құнды заттар алғызып, Қарқаралыда бас қосқан ұлық атаулыға сыйға тартты. Шыңғысқа деп кастап алдырған сыйы – атағы алты дуанға бірдей жайылған Көкшолақ бүркіт пен өңірін асыл тастармен зерлеген аса қымбат бұлғын ішік еді.
Бұлар өзін ұзақ тостырып, өңкей ақбақай жиренді қатар салдырып, көп пәуескемен жеткен Шыңғыстың Баянауылдағы қайнағасына неге барып жатып алғанын енді түсіністі. Қасында Омбыда оқып жүрген, ержетіп қалған тұңғышы Шоқан бар екен. Соны жазғы демалыста нағашы жұртына апарып таныстырып, қазақ ғұрпымен қырық есркешін даулатып келе жатқан беттері көрінеді.
Жолсоқты болып келе жатқандыкі шығар, Шыңғыс ол күні ауыл иелеріне келіп сәлем берген жоқ. Төрелігін бұлдамаса, Шыңғыс Құнанбайдан он біржас кіші. Оған «қайырлы болсын» айтқысы келмеген күнде де жайшылықта қона, түстене жүретін Алшынбайдың саңғырлаған ағаш үйіне ат басын тіремегені қайран қалдырған.
– Не бұл бізден кетіп, Құсбекпен қайта тіл табысқан. Не өзі бірдеңеден қатты опық жеп қайтты, – деген Алшынбай.
– Алдыңғысы қисынға келмейді. Аралары тым алшайысып кеткен – деген Құнанбай да бірге дағдарысып отырып. – Соңғысы – мені көп күннен бері бір жайсыз ойға әкеп тіреп жүр.
– Не ойға?
– Біздің ендігі аңдыған-баққанымыз – орыстың қас-қабағы емес пе? Осының солармен жай-жапсары келіспей қалды ма деймін.
– Жоқ, бұлар өзі әу бастан екі жік қой. Уәли ұрпағы орыссыз қия баспайды. Мұнда басқа бір келе бар.
– Ендеше, неге ол ана оқудағы көкжұлын баласын қасына ертіп алып жүр? Қашан бұлар әкелі-балалы боп қосақтасып ел аралаушы еді?
– Ә, міне, бұл сөзің қисынға келеді. Шыңғыстың бұл баласы бесіктен белі шықпай жатып тентек еді. Жердің үстімен барып, астымен қайтып келе жатпаса не қылсын?
– Е, тәйірі, тентек болып не тындыра қояды? Әлі бала жасында емес
пе?
– Ол бала емес, пәле. Қасым ұрпағы қан уыстап туса, Уәли әулеті іштен оқып туады, – деп бастаған Алшекең бір тың әңгімені. – Алты жасында өздігінен хат танып, әкесінің тізесінде отырып билік айтқанын көргендер бар. Қатыгездігі де бұның жанда жоқ. Тірі қойдың сирағын кестіріп, бақыртып асығын ойып алған. Өзің білетін Керейдің атақты Тоқсан биі қайда? Соны бір отырыс-жиында оңдырмай сүріндіріп кетіпті.
– Аттылыға жол, ауыздыға сөз бермейтін Тоқсанды ма? – деп Құнанбай жағасын ұстап. – Құлдан туғанын бетіне басты ма екен?
– Жүйріктігіңде қапы жоқ-ay, Құнанжан! Дәл бастың. «Төре баласы сен, арқар ұранды аңнан жаралғансың» деп әзіл айтқысы келгенде, Шыңғыстың осы баласы: «Арқар – адал аң. Сен құлағы кесік, өкпесі тесік құлдан туғансың!» деп шап етіп, түп етектен ала кетіпті.
– Сонда неше жастағы кезі?
– Қазір санап шығарайын, – деді Алшекең быртиған семіз саусақтарын бүккіштеп отырып. – Кенесары Арқадан қай жылдары ауды? Бәсе-бәсе, таптым. Көп болса сонда тоғыздан онға қарайды...
Шыңғыс бұларға ертеңінде де келіп қайырлы болсын айтпағасын Алшынбайдың жұмсауымен ұят-намысты жиып қойып, Құнанбайдың өзі барды. Бірақ дауыстап сәлем берген жоқ, қолын кеудесіне қойып:
– Алдияр, тақсыр! – деп ілтипат білдіріп, босағадан аттай бере қалт тұрып қалды.
Шыңғыс төрге төсеген аю терісінің үстінде қисайып жатыр екен, Құнанбайды көрісімен басын оқыс көтеріп алып:
– А, жоғары шық... Түймең құтты болсын, мырза-аға!.. – деді.
– Айтсын, рақмет! – деді Құнанбай қасына кеп жайғасып отырып жатып. – Ат-көлік аман жүрсіз бе? Жол азабы – көр азабы.
– Сырқатпын... Тәнім емес, жаным...
– Ол не? Білуге болмас па?
Әлі қылшылдаған жігіт ағасы жасындағы сұлтан-правительді ерте толысқан денесі мен қатпарлана әжімденген бет-жүзіне қарап «қырықтың жуан ортасында екен» деп топшылатқандай. Жаңағы сұрақтан соң ол біраз деміге тыныстап, үндемей отырып қалып еді. Алдарына суыған қазы-қарта мен қымыз келген соң, әлден уақытта барып:
– Саған ғана айтам... Аузыңа берік болсаң... – деді.
– Өліп көрге түскенше аузымнан шықпайтын бір сырым болсын.
– Ендеше, – деді Шыңғыс екі жағына кезек теңселіп, ырғала түсіп отырып. – Баянауылдағы қайын жұртқа осы барғандағы ойым аздап болса да сергіп қайту еді. Серги алмадым, Құнан-аға! Қайғым жабысып қара қабырғамда отыр...
Сондағы Шыңғыстың оған көз жасын бұлап отырып шерткен сыры мынау еді:
Осы қыс ол Омбының жаңадан сайланған генерал-губернаторы Гасфорттың жұмсауымен Петербор барып қайтқан. Ресей астанасында оны ақ патшаның бас уәзірі оңаша қарсы алып, әуелі қаланы аралатып жүріп не бір қызыққа кенелтеді. Дәл аттанар күні оны өзен жағасына салынған бір ұбақ-шұбақ керуен сарайға алып барады. Іші толған неше түрлі сурет, қымбат жиһаз, қарауға көз керек. Адам-ата мен Хауа-ана заманынан бергі киім мен бұйымның бәрі – сонда. Біз қазақ: «Мал, мал» деп жүріп дүниеден бос қалған ел екеміз ғой. Дәулет пен сәулет – кәпір жұртында. Басым айналып, көзім қарауытып жүріп бір бөлмеге кіріп барғанымызда алдымнан төрт бұрышты шыны ішіне қастерлеп салып қойған адамның бас сүйегі шыға келді.
– Астапыралла! – деді Құнанбай.
– Бұл ненің басы? – деппін мен де сасқанымнан.
– Танымай тұрсыз ба? – деді бас уәзір бір езуімен қасқырша жымиып алып. – Адамның басы емес пе?
– Адамның? – дейді сол арада таңырқаудың шегіне жеткен Шыңғыс – Мұндай сәулетті жерге адамның басын да қоясыңдар ма?
– Қоямыз, – дейді бас уәзір қайқы мұртын кезек ширата күліп. – Егер ол ұлы орыс мемлекетіне қарсы шыққан дикарьдың басы болса.
– Орыстың дұшпаны көп. Оның бәріне бірдей орын шақ келе бере ме?
– Неге бәріне бірдей? Тек соның ішіндегі, әсіресе күшке тиген зұлымының!
– Апыр-ай, орыстай зордың күшіне тиген ол қандай әумесер екен?
– Айтайын ба?
– Айтыңыз, — дейді ойына бөтен ештеңе алмай тұрған Шыңғыс. – Кімнің бас сүйегі екен бұл, сонда?
– Кенесарының...
Шыңғыс:
– Кен... – дей беріп, сол тұрған орнында қалшиып қатады да қалады.
– Оған несіне сонша таңырқадыңыз? – дейді бас уәзір сайқал күлкімен жымиып. – Патшалар ұрпағы таққа, билікке таласып, бірінің басын бірі алып жатпай ма? Ондай мүнәпас күнә біздің Ресей тарихында да аз кездеспейді. Кенесарының өз ағайындары мен туыстарының ауылын шапқаны бізге жақсы мәлім. Ол әбден мейманасы тасып, қасиетті opыс империясына қарсы ат қойды. Оның қамалдарын өртеп, адамдарын құлдыққа сатты...
Шыңғыс айтқан сөздерінің бірін де ұғынып тұрған жоқ, енді болмағанда шыны ішінде азу тістері ақсиған бас сүйектің үстіне құшағын жая «ой-бауырымдап» құлап түсетін де еді. Арт жағында әзір тұрған сақшылар шап беріп ұстай алыпты.
– Кенекем менен мүшел жас үлкен еді, – деп бітірді Шыңғыс әңгімесін. – Бізді көрген сайын бірдеме бергісі кеп, қалтасына қолын салып шақыратын. Біреуге дауыс көтеріп зекігенін көрмесек те бар бала оның алдында мешке тышқандай бұғып отыратынбыз. Сұмдық қой! Сол арада тістері ырсиған жалаңаш бас сүйектің өзі маған тіке қарап: Немене, келдің бе? Арманыңнан шықтың ба? Аңырап бір қалғанда білерсіңдер менің қадірімді!» деп сарай ішін жаңғырықтыра ақырғандай болды.
– Марқұмның денесін жерге беру керек қой. Хайуандық қой олары – деді Құнанбай жай күрсініп.
– Амалың болса, істе. Содан бері түс көріп жүрген адамдай дел-сал бір халдемін. Тірісінде алысы-жақыны бар, бәріміз жабыла соңына түсіп едік. Қолдан өлтіріп, қара жерге көміп тастасақ та бір сәрі ғой. Халқы хан көтерген басын мазақ қылып, шыны ыдыстың ішіне салып қойды. Бұны көргенше ақ бұйрықты ажалым жетіп, сол арада құлағаным артық еді, Құдай маған оны да қимады.
Құнанбайдың есіне өткенде өзі айтқан: «Жортуыл басы жолда қалады» деген сөзі түссе де, оны бұл жерде айтудың соншалық қисынсыздығын сезді. Оның орнына:
– Жау жаманы – айызын өліден қайыратыны. Кәпір тоқ емес қой. Қанды көз боп тұр ғой, – деді.
Бұдан соң Шыңғыс сәл серпілгендей болып:
– Ішіме шемен болып қатқан бір кеп бар еді. Енді аздап босандым,
– деді...

«Абайдың жұмбағы» романынан үзінді

Рамазан Тоқтаров

Abai.kz 

3 пікір

Үздік материалдар