Бейсенбі, 2 Мамыр 2024
46 - сөз 2538 3 пікір 3 Тамыз, 2023 сағат 16:01

Тоқаевтың маневр алаңы тарылуда

Ресейге тәуелділік қауіпті межеге тақап қалды…

Мұнай тасымалында бәз баяғыша Мәскеуге кіріптармыз. КТК-ның шүмегіне тас кенеше жабысып алған Путин Ақорданы ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстауда, деп жазады DALA INSIDE .

Қазақтың «қара алтыны» Ресейдің құбырларын қуалай, Еуропаның қоймаларына құйылуда. Қауіпті тенденцияны тежеуге келгенде Смайылов үкіметі шарасыздық танытып отыр.

Жаңа Қазақстан Транскаспий дәлізінің потенциалын пайдалану керектігін жақсы түсінеді. Бірақ оны игеруге келгенде ескі Қазақстаның әдетіне басып енжар қимылдауда.

Биыл экспортқа жөнелтілген мұнайдың 96 пайызы (!) Ресей аумағы арқылы өткен. Кремль пулына кіретін телеграм арналар осынау «ақжолтай» жаңалықты жарыса жазып, жұрттан сүйінші сұрауда.

Тоқаев? Мұнай транзитінде Ресейден өзге маршрут табу туралы президент тапсырмасы аяқсыз қалған тәрізді.

Ресейден өзге арна арқылы тасымалданған мұнай экспорты мизерлі деңгейде. Баку – Тбилиси – Жейхан құбыры арқылы жеткізілген мұнай көлемі былтырдан бері 3,4 пайыздан 3,7 пайызға өскен. Мардымсыз ба? Мардымсыз.

DALA INSIDE-тың білуінше Ақтаудың іргесіндегі Құрық портына Марабаевтар кланы иелік етеді. Нұржан Марабаев басқаратын «Semurg invest» компаниясы Құрықты логистикалық хабқа айналдыруға уәде еткен. Транскаспий дәлізіндегі операторлармен байланыс орнату Марабаевтың мойнына жүктелген еді. Нұржанның әкесі Жақып Марабаев Қаңтар трагедиясына дейін ҚазМұнайГаздың вице-төрағасы болған…

Бізге жеткен ақпар бойынша Құрыққа араб инвесторлары қызығуда. Жыл басында Астанаға арабтардың аталған саладағы алпауыты Abu Dhabi Ports делегациясы келіп қайтқан.

Тоқаев Транскаспий коридоры арқылы тасымалданатын мұнай көлемін жылына 20 млн тоннаға (күніне 400 мың баррель) жеткізуді тапсырған. Мұнай сатумен жан бағып отырған (экспорттық табысының 60 пайызы) Жаңа Қазақстан үшін Құрық порты жақсы көзір болар еді.

Жаңа терминал? Оның қашан салынары белгісіз. Марабаевтар кланы жобаны аяқтауға 100 млн сұрап отыр.

DALA INSIDE Путинге кіріптар болуымызға Қазақстанда мұнай өндіретін ExxonMobil, Shell, Eni, Inpex секілді трансұлттық компаниялар да жауапты деп есептейді. Альтернативті маршрут іздеуге асықпаған бұлар 1500 шақырымға созылып жатқан КТК-ның теңқожайыны. Олар мұнайды теміржолмен тасымалдау, оны Құрыққа жеткізу, әрі қарай Бакудің құбырына құю процесін қып-қызыл шығын көреді.

КТК Астананың мұнай тасымалы саласындағы амбициясына қолбайлау болуда, алайда әзір одан өзге балама жоқ. Орта дәліз арқылы жылына 20 млн тонна мұнай тасымалдауға Құрықтың қуаты жетпейді.

Путин? ЛНР мен ДНР мойындаудан бас тартқан Тоқаевтың сөзінен кейін Кремль көсемі КТК-ны бітеп тастағанын ұмытқан жоқпыз. Бұл әрекетін кейіннен тағы бірнеше мәрте қайталады. Путиннің шантажынан шаршаған Тоқаев Транскаспий дәлізінен үлкен үміт күткен. Ақтау - Баку – Жейхан мұнай маршрутының мүмкіндігін сарқа пайдалансақ Кремль провокациясына төтеп берерлік иммунитет қалыптасар ма еді…

Abai.kz

3 пікір

Үздік материалдар