Жексенбі, 28 Сәуір 2024
Жаңалықтар 3725 0 пікір 2 Қыркүйек, 2009 сағат 18:01

Арман ҚАНИ. «КАТОРГАДАҒЫ» БЕЙБІТШІЛ ЕЛ БҰРҚАНҒАН ШАҚ...

Дәл осы шақтан 60 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында, Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес Одағының алғашқы атом бомбасын жер үстінде жару арқылы ядролық қаруларды сынау басталды; бұдан 20 жыл бұрын аса көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды, ал 18 жыл бұрын, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды.

Семей ядролық сынақ полигонының саяси, әскери мәнін және полигондағы жарылыстардың зардабын экономика, экология, медицина, психология, мораль тұрғысынан зерделеген зерттеушілердің еңбектері аз емес, бұл тақырып әлі де жазыла береді. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихи рөлі жөнінде де азды-көпті жарияланымдар бар. Мен бейбітшіл қозғалыстың полигонмен іргелес орналасқан Павлодар облысындағы белсенді өкілі ретінде өзім жақсы білетін біршама жайттардың кейбірін ғана жазуды ұйғардым.

Дәл осы шақтан 60 жыл бұрын, 1949 жылдың 29 тамызында, Семей ядролық сынақ полигонында Кеңес Одағының алғашқы атом бомбасын жер үстінде жару арқылы ядролық қаруларды сынау басталды; бұдан 20 жыл бұрын аса көрнекті ақын, мемлекет және қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтың жетекшілігімен «Невада-Семей» антиядролық қозғалысы құрылды, ал 18 жыл бұрын, 1991 жылдың 29 тамызында Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев «Семей ядролық сынақ полигонын жабу туралы» №409 Жарлыққа қол қойды.

Семей ядролық сынақ полигонының саяси, әскери мәнін және полигондағы жарылыстардың зардабын экономика, экология, медицина, психология, мораль тұрғысынан зерделеген зерттеушілердің еңбектері аз емес, бұл тақырып әлі де жазыла береді. «Невада-Семей» антиядролық қозғалысының тарихи рөлі жөнінде де азды-көпті жарияланымдар бар. Мен бейбітшіл қозғалыстың полигонмен іргелес орналасқан Павлодар облысындағы белсенді өкілі ретінде өзім жақсы білетін біршама жайттардың кейбірін ғана жазуды ұйғардым.

... Бәрі де әлемдік деңгейдегі аса көрнекті ақын әрі қоғам қайраткері, КСРО Жоғары Кеңесінің депутаттығына кандидат Олжас Сүлейменовтың 1989 жылдың 25 ақпанында, сағат 17-ден 45 минут өткенде Қазақстан орталық телевизиясы арқылы Семей ядролық сынақ полигонында ядролық қаруларды сынауды дереу тоқтатуды талап еткен және жұртшылықты «Невада» антиядролық қозғалысын құруға шақырған ашық мәлімдемесінен басталды. (Ескерту: Олжас ақын ол кезде депутаттыққа кандидат болатын және қозғалыс алғашқыда «Невада» деген бір-ақ сөзбен аталған еді).

Сірә, 1961 жылы, 12 сәуір күні, қазақ жері: Байқоңырдан алғашқы кеңестік ғарышкер Юрий Гагарин «Восток» ғарыш кемесімен ғаламшардың тартылыс күшін кейін серпіп жұлдызды аспанға самғаған шақта қолма-қол жазылған «Адамға табын, Жер, енді!» поэмасы да қоғамдық сананы  дәл солай дүр сілкіндірген шығар.  Қазақстанның сол кездегі астанасы Алматының тұрғындары жалпы Кеңес әдебиеті тарихында бұрын мүлде ұшыраспаған тосын жайт: поэма басылған парақшалар ұшақтан қала үстіне тасталғанда, аспаннан өлең жауғандай  асқан таңырқаулы әсерге бөленген болар.

Одан соң Ұлы Даланың жұртынан орыстілді қазақ ақыны «Арғымағымен» Ресей қалаларының қақпасынан: «Уа, аруақ!» - деп, ұрандата шауып кірген шағында орыс зиялылары байырғы жаугершілік заманындағы жыраулар мен Махамбеттің айбынды рухы атойлап тұрған өлеңдерді  таң-тамаша сезіммен тыңдаса керек. Сосын, француз ақындары, содан кейін әлемнің шығармашыл зиялылары Олжастың Дала поэзиясынан тамыр тартқан өлеңдерін өз тілдерінде оқығанда бұрқыраған жусан исін жұтынып, ол иістің  Шығыс шайырлары жырлаған ирани бақтардағы раушан гүлдердің жұпар исінен мүлде бөлек екенін сезінуі мүмкін-ау.

Бұдан соң «Аз и Я» кітабында Ұлы Даланың мәдениеті, тұрмыс салты, әскери әлеуеті,  орыс кінәздіктерімен һәм өзге елдермен сан қырлы қарым-қатынасына қатысты тарихты ақын көзімен байыптауы империялық идеологияға негізделген ресми тарихи тұжырымдарға кереғар келді. Сондықтан, Сүлейменовты саясат сахнасында оңдырмай сүріндіруді көздеген сұр кардинал Суслов ұйымдастырған  кеңестік ғылыми ортадағы пікірсайыста Олжас өзінің сұңғыла білімінің арқасында қаптаған қарсыластарынан мерейі үстем түсті! Сөйтіп, ол өзінің беделін, атақ-даңқын, лауазымын қорғап қана қоймай, елінің абыройын аспандатып атамекеніне оралды! Солай бола тұра, кеңестік идеологтар мен олардың ыңғайына бейімделген ғалымдардың жеңілісі   ресми мойындалған жоқ, Олжастың жеңісі де ресми танылған жоқ. Бірақ бұл жеңіс 300 жылдық бодандық зардабынан  еңсесі езілген қазақ елі мен түркі халықтарының ұлттық санасында ұлттық мақтаныш сезімін оятқан түркі әлеміндегі алғашқы Жеңіс еді...

Ал, ақын Сүлейменов одан көп уақыт бұрын «жабық» тақырыптарға поэзия сәулесін түсіріп, заманауи  қасіретті қалың бояулы образдармен бедерледі. Олжастың Шыңғыстау туралы екі шумақ өлеңіндегі:

«Қайғы-шерден басталмаған жоқ сәрі,

Қуарған шөп, тамбай көктің кәусәрі.

Зәр секілді, у секілді кәдімгі

Гүл атаулы сап-сары...

Шыңғыстауда жатыр мазар сазарып» - деген

жолдарда ұлы Абайдың кіндік қаны тамып, мәйіті мәңгілік тыншу тапқан өлкенің сұрқай көрінісі арқылы атом сынақтарының зардабы суреттелгенін цензураның жіті көзі байқамады, тек зерек ойлы оқырмандар аңғарды. Немесе «Жапан дала жабайы» өлеңінде қазақ жерінің Тарас Шевченко мен Федор Достаевскийге, шешендер мен ингуштарға  каторга болғаны үшін кешірім сұрап, «Біздер сонда, Каторгада туғанбыз» - деп жырлаған ақынның Қазақстанға қарата айтқан:

«Бәрін де сен сынап көрдің,

Ал енді

Сынауларға тиым салу жасасын!» - деген

жолдардың астарлы мағынасынан ақынның идеясын түсініп, үрейленгендер болды. Өйткені,  кеңестік заманда, коммунистік қоғамда осындай қатпар сырлы, иірімді ойлы өлең жазбақ түгіл, «Ұлы ақын дүниеге келген қасиетті өңірдегі ядролық сынауларға тиым салу керек» - деген ойдың ұшығын санаға ұялатудың өзі үрейлі еді! (Өлеңдерді аударған Қадыр Мырза Әлі).

Міне, сөйткен Олжас Сүлейменов айналасына ажал сәулесін таратқан атом ордасы жөніндегі қасіретті Шындықты Қазақстан халқына ашық мәлімдеп, бейбітшіл елдің мұрат-мүддесін үзілді-кесілді талап түрінде оқыс білдіргенде, жұртшылықтың не істерін білмей, абдырап қалғаны рас.

...Сын сағаты басталды! Азамат ақын рухы жанышталған елдің мұрат-мүддесін жария етіп тұрып, сол елдің өзінен қолдау күткені бесенеден белгілі жайт еді. Оны, ең алдымен, Қазақстан Жазушылары Одағының үйінде Қазақстан жазушылары қолдады! Бірақ КОКП ОК Бас хатшысы М.С. Горбачевтің демократия мен жариялық жөніндегі сөздерін жалаулата, жарыса жазған Қазақстан баспасөзі Қазақстан халқының мұң-мұқтажын білдіретін мәлімдемеге келгенде, ықтиярсыз «әліптің артын бағуды» жөн көрді.

Шартты түрде «Семей ядролық сынақ полигоны» аталған полигонның төңірегіндегі Семей, Павлодар, Қарағанды облыстарының қырық жылғы жарылыстардан зардап шеккен тұрғындары Үндеуге іле үн қосуы керек еді. Өкінішке қарай, жұртшылықтың басым көпшілігі ақпарат тапшылығы салдарынан бейбітшіл Алматы мәлімдемесінен хабарсыз қалды. Ал, Олжас Омарұлын әлемдік деңгейдегі даңқты тұлға десек те, лауазымдық құзіреті жағынан «жоғарыдан төменге» нұсқау бере алатын партшенеуніктердей артықшылыққа ие емес еді.  Республика басшылығының келісімінсіз ұйымдастырылған, Одақ басшылығының әскери ұстанымына кереғар келетін бастамаға оның жанындағы жанкешті қаламгерлер қол қойғанымен, аймақтардағы шығармашыл зиялыларды осы іске тартуға жүректері дауаламады. Өйткені, жұртшылықтың біраз бөлігі алғашқы бетте «Отпен ойнау!» деп қабылдаған   нар тәуекел істің соңы немен аяқталатынын  Олжас та, не оның әріптестері де білген жоқ десем, қателесе қоймаспын.

...Павлодар облысында Олжас Сүлейменовтың мәлімдемесі жайында ақпарат тарату және «Невада» қозғалысын қолдаушылардың қолын жинау мәселесі өздігінен туындады. Бұл орайдағы іс-шараларды жүзеге асыруға Ертістің Кереу өңірі жұртшылығына белгілі ақын, осы жолдардың авторы бел буды. Сол күндері Павлодар қаласының орталық алаңына таяу орналасқан «ЦУМ» әмбебап дүкенінің алдында қолыма плакат ұстап тұрған маған мыңдаған бейбітсүйгіш адамдар ризашылық сезімін білдірді, мүсіркей қарағандар да, мысқылдап келеке қылғандар да бой көрсетті! Қалай десек те, кеңестік кезеңдегі комсомолдардың, кейінгі жастар ұйымдарының кернейлетіп, сырнайлатып өткізетін қандай да бір акциясымен салыстыруға  мүлде келмейтін әлгі іс-шара барысында жұртшылықтың «Невада-Семей» қозғалысын шынайы халықтық, демократиялық, интернационалистік,  ең бейбітшіл әрі патриоттық қозғалыс ретінде бірден тани бастағаны білінді.

Олжас Сүлейменов пен қазақстандық шығармашыл зиялылар, Қазақстан әдебиетіндегі танымал тұлғалардың бейбіт бастамасына және Семей полигонының зардабына жергілікті шығармашылық адамдары бейжай қараған жоқ! Полигонды жабу және қозғалысты қолдау туралы талапхатқа облыстық партия комитетінің органы болып табылатын «Сарыарқа самалы» мен «Звезда Прииртышья» газеттері, облыстық телевизия мен радио журналистерінің басым көпшілігі бірден қол қойды! Қозғалыстың Павлодар облысында қанат жаюына жер-жердегі шығармашылық адамдары: Ғабит Сапаров, Қайыр Жүнісқалиев (енді марқұм), Серік Мұхтаров, Қанат Шайғазин, Өмірбек Құшманов (енді марқұм),  Ризолла Бұланбаев (Май ауданы), Жұмағали Қоғабаев (Екібастұз қаласы), Сүлеймен Баязитов (Баянауыл ауданы) іс-әрекетімен де, шығармаларымен де зор үлес қосты. Солардан үлгі алған он мыңдаған соғыс және еңбек ардагерлері, түрлі салада еңбек етушілер, студенттер, тіпті оқушылар да бейбітшіл істі қолдауға жұмыла кірісті!

Осындай сындарлы кезеңде Қазақстан компартиясы Павлодар облыстық комитетінің І хатшысы,  КСРО Жоғары Кеңесінің депутаты Юрий Алексеевич Мещеряковтың  Семей ядролық сынақ полигонының басшысы,  генерал-лейтенант А. Д. Ильенкомен жең ұшынан жалғасатыны және антиядролық «Невада-Семей» қозғалысын қолдамайтыны аңғарылды. Әу баста, оның атына жазған хатыма орай мені қабылдауына шақыртып, қозғалысқа деген көзқарасы дұрыс екенін айтқаны шындықпен сәйкеспеді.

Павлодар қаласы Ильич аудандық партия комитетінің хатшысы (қазір Қазақстан компартиясы облыстық ұйымының І хатшысы) Зоя Николаевна Кожанова «Невада-Семей» қозғалысының облыстық бөлімшесін  құру ісіне тікелей араласып, оның құрамына тіпті қозғалысқа қарсы адамдарды: бұрын партшенеунік болған зейнеткерлерді, өз ықпалындағы дәрігерлерді, радиологтарды енгізіп жіберді. Олар облысқа белгілі эколог Тоқболат Ысқақов пен медицина ғылымдарының кандидаты Еркін Бейсенбаевтың Семей полигонының Павлодар облысына тигізер теріс әсері жөніндегі нақты мәліметтерге негізделген топшылауын жоққа шығаруға тырысты.

Зоя Николавнаның өзі: «Қозғалыстың полигонды жабу жөніндегі талабы орынды емес»  деген сыңайдағы пікір білдіріп, бастамашыл топ арасында теріс үгіт-насихат жүргізе бастады және әлгіндей коммунист дәрігерлердің бірін бөлімше төрағалығына сайлауға қамданды. З.Н. Кожанованың қозғалыстың облыстық құрылымын осылайша, жергілікті билікке толық тәуелді әрі жасанды түрде құру пиғылын аңғарғандықтан,  аталған сайлау қарсаңында нағыз белсенділерді жаныма топтастырдым. Соның нәтижесінде, қоғамдық жауапты қызметке бізбен қарым-қатынасы тығыз, Павлодар пединститутының «Ғылыми коммунизм» пәнінен дәріс оқитын оқытушысы Амантай Қалиевтің өтуін сәтті ұйымдастырдым. Өкінішке қарай, Амантай Төлеуханұлы көп ұзамай әлгілердің сөзін сөйлеп кетті, онымен тынбай өзін төрағалыққа өткізген шынайы белсенділерді бөлімшеден біртіндеп шеттетіп, қозғалысқа еш қатысы жоқ бөгде адамдарды жанына жинады, әрі біздің қарсылығымызға қарамастан, бөлімшенің жеке есеп шотын ашып алды. Әсіресе, осы соңғы ісі оған опа бермеді... Енді бұл дүниеде жоқ адамның кейінгі іс-әрекеттері жөнінде жазуға менің дәтім жетпейді.

Осындай құрсауда қалған қозғалыс белсенділері біршама уақыт бойы қажыр-қайратын облыстық партия комитетіне қарсы жұмсауға мәжбүр болды және өздерінің жанкештілігі арқасында ғана бейбіт митингілер өткізу құқына қол жеткізді.  Дегенмен, облыстық партия комитеті басшылығының «Невада-Семей» қозғалысына деген теріс ұстанымын жер-жердегі партия ұйымдарының көпшілігі қуаттаған жоқ, бірталайы қозғалысқа ашық қолдау көрсетуге кірісті. Мысалы,  Май ауданы Чапаев кеңшары (қазіргі Саты ауылы) партия ұйымының хатшысы Мереке Әбілқасымов аудандық деңгейде алғашқы антиядролық митингінің ұйымдастырылуына мұрындық болды, Қызылқұрама кеңшары (қазіргі Баскөл ауылы) партия ұйымының хатшысы Қабиден Байғожин және өзгелер де бірнеше бейбіт акциялардың ұйымдастырылуына белсене атсалысты.

Алматы, Семей, Қарағанды тәрізді қалалар мен облыстардағыдан біршама уақыт кешірек қолға алынған және  негізінен Май ауданында өткізілген антиядролық минигілер өзіндік сипаттарымен ерекшеленді. Айталық, аудан орталығы Белогорьеде (қазіргі Көктөбе) өткізілген митингінде бейбіт талаптармен бірге «Невада-Семей» қозғалысын қолдаушылардың бірі, «Қазақ тілі» қоғамы облыстық ұйымының сол кездегі төрағасы Жеңіс Мардановтың және осы жолдар авторының ұсынысымен Қазақстан компартиясы Павлодар облыстық комитетінің І хатшысы Ю.А. Мещеряковқа және облыстық атқару комитетінің төрағасы Ж. Ғ. Ысқақовқа сенімсіздік білдіру жөнінде қарар қабылданды. Өкінішке қарай, облыс басшылығына қатысты шешімді қозғалыстың облыстық бөлімшесінің сол кездегі төрағасы оқымай кетті. Дегенмен, көп ұзамай тележурналист ретінде облыстық телевизиядан полигон туралы «Зардап» атты хабар дайындағанымда әлгі сенімсіздік туралы шешімді жұртшылыққа мен жария еттім.

Полигон түбінде өткізілген митингіде Май ауданының мәдениет қызметкері Алтынбек Әбілқасов шопандарды саяси ереуіл жасауға үндеп, «Қойларыңды қамап тастаңдар, Мещеряков пен Ысқақов келіп, өздері бақсын!» - деген қисынсыз сөз саптауға дейін барды. Егер мұндай жағдай орын алса,  әрине, облыс басшылығы келіп қой бақпайтыны және аштан қырылатын мал шығынының орнын Алтынбектің толтырмайтыны белгілі жайт еді...

Митингілік демократия қарқын алған сол 1990 жылдары қозғалыс сапына көлденең келіп қосылған көк аттылар көбейді, дақпыртқұмар даңғазашылар тілдерін безеп шыға келді. Жеке бас араздығы бойынша аудан басшыларына тісін қайрап жүрген кейбіреу митинг мінбесінен әлгілерді аяусыз сынап-мінеп өш алды, сөйте тұра өздерін жүрек жұтқан күрескер демократ кейпінде көрсетуге тырысты. Тіпті, аупартком ғимаратының алдында бала-шағасымен бірге аштық жариялайтынын айтып,  пәтер мәселесін шешуді көздегендер де бой көрсетіпті.

Ал Семей облысындағы жағдай демократия талаптарына сәйкес, мейлінше өркениетті үрдіспен өріс алды деген ойдамын. Өйткені, Қазақстан компартиясы Семей облыстық комитетінің І хатшысы Кеңшілік Бозтаев және Абай аудандық партия комитетінің І хатшысы Хафиз Матаев «Невада-Семей» қозғалысы құрылысымен-ақ,  өз құзіреті шеңберінде, мүмкіндігінше қолдау көрсетті.  Тек, қазақтың осы екі асыл азаматының Семей полигонында соңғы екі ядролық қаруды сынау жөніндегі әскерилердің өтінішіне келісім бергені жұртшылықтың наразылығын туғызған өте өкінішті жағдай болды! Міне, содан бастап қозғалыс жетекшілері мен облыс басшылығының жолы екі айрылды! Естуімше, Олжас Сүлейменов пен Кеңшілік Бозтаевтың сол кездегі қарым-қатынасын қазіргі кезде баспасөз бетінде барынша күрделендіріп сипаттау орын ала бастаған сияқты. Бұл мәселенің шешімін маған салса, «Тауларды аласартпай, даланы асқақтатайық» деген Олжастың қанатты сөзіне сүйенген дұрыс дер едім... Әйтседе, «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын   «Олжас емес, өзге біреу ұйымдастырыпты-мыс» -  деген қаңқу сөзді ойдан шығару не үшін қажет болғаны және кім үшін пайдалы екені маған да, қозғалыстың Керекудегі өзге белсенділеріне де құпия сыр болып қалуда.

Тіпті, Олжас Сүлейменовтың өзі аса құрметтеген Дінмұхаммед Қонаев немесе одан кейін Қазақстан КП ОК І хатшысы болып істеген Геннадий Колбин Семей полигонының зардаптары жөнінде жұрттан бұрын мәселе көтеріп, «Невада-Семей» қозғалысын құрған көрінеді  - деген болжам жасасақ та, қисынын келтіре алмаймыз ғой.   Өйткені, бұлар Қазақстан билігінің ең жоғары сатысында тұрғанымен, Кремльде отырған компартия алпауыттарына Кеңес Одағының ядролық қуатын сынап, жетілдіретін полигонды жабу жөнінде үзілді-кесілді талап қою түгіл, еміреуін білдіруге де батылы бара ма және   әлеуметтік тегі, саяси ұстанымы, діни сенімі, ұлты әркелкі жүз мыңдаған  адамды соңынан ертуге  беделі жете ме?..

Осынау сөздер еріксіз айтылды ғой. Әйтпесе, жігіттік шағының өзінде Қазақстан мен Кеңес Одағы тарихында, сонымен қатар әлем тарихында ойып тұрып өз орнын алған заманымыздың заңғар тұлғасы біз секілді қатардағы азаматтардың өзін ақтап сөйлеуіне мұқтаж емес.  Және ақындығы мен қайраткерлігін өркениетті елдердің барлығы әлдеқашан мойындаған дүниежүзілік ауқымдағы аса ірі көрнекті тұлға: Олжас Сүлейменов қазіргі шақта қазақстандық жоғары атақтарды қажетсінбейді һәм өзіне қарсы кампания жүргізіп жатқан қазақтардың сын жебелеріне де селт етпейді...

Сөз соңында айтарымыз: дүниежүзінде ядролық қарусыз әлемге бірінші болып қадам басқан бейбітсүйгіш елдің бейбіт өмірі баянды болсын! Пікір саналуандығы танылатын демократиялық  қоғамда  Тәуелсіз, Бейбітшіл Қазақстан  жөніндегі бірегей қоғамдық ой екіге жарылмауға тиіс...

 

Павлодар қаласы

 

0 пікір