Жұма, 26 Сәуір 2024
Жаңалықтар 5301 0 пікір 4 Маусым, 2013 сағат 06:30

Амантай қажы Асылбек: "Менің - пірім орыстар! Түсіме орыстар кіреді"

Амантай қажы Асылбекпен алғаш Алматыдағы «Динамо» стадионында жүздескенбіз. Аталған стадионда Сәуле апамызды жетегіне алып академик Зейнолла Қабдолов жүретін.  Өзгеде қадірменді кісілердің,  ол кезде аса кірлей қоймаған Алматының ақуыз ауасын жұтып, қан жүгіртіп қайтатын бір жері осы «Динамо» еді. Таңғы алты-жетіде бас қосқан «динамошылар» іркес-тіркес, біріміздің соңымыздан біріміз желе жөнелеміз. Сол ағынды топқа қарсы келіп, кейде қағысып қала жаздайтын  жалғыз жан – Амантай қажы болатын. Біз қалыптасқан әдет бойынша сағат тілімен қозғалсақ, ол кісі кері басатын. Қысқасы, қажекеңмен «Динамо» алаңында  1996-ның көкек, мамыр айында танысқанбыз. Содан бері біраз жыл өтіпті. Қажекеңе барып қол беріп тұрмасам да сыртынан қанықпын: ол кісі баяғысынша Наурызбай батыр мен Шевченко көшесінің қиылысындағы тал-дарақтардың басын анау-мынау саясаткерді жанынан бездіретін ұранды сөздер жазылған плакаттармен көмкеріп, аман-есен жүріп жатыр. Шүкір.

Қайсібір күні қалта телефоным белгісіз нөмерді көрсетіп безілдеп қоя бергені. Тетігін бастым. «Ассалаумағалайкум, Дәурен інім!» Таныс үн, таныс күркір. Амантай қажы Асылбек!  Толықтай айтсақ, Аттан -Қазақстан Амантай қажы Асылбек!  

Амантай қажы Асылбекпен алғаш Алматыдағы «Динамо» стадионында жүздескенбіз. Аталған стадионда Сәуле апамызды жетегіне алып академик Зейнолла Қабдолов жүретін.  Өзгеде қадірменді кісілердің,  ол кезде аса кірлей қоймаған Алматының ақуыз ауасын жұтып, қан жүгіртіп қайтатын бір жері осы «Динамо» еді. Таңғы алты-жетіде бас қосқан «динамошылар» іркес-тіркес, біріміздің соңымыздан біріміз желе жөнелеміз. Сол ағынды топқа қарсы келіп, кейде қағысып қала жаздайтын  жалғыз жан – Амантай қажы болатын. Біз қалыптасқан әдет бойынша сағат тілімен қозғалсақ, ол кісі кері басатын. Қысқасы, қажекеңмен «Динамо» алаңында  1996-ның көкек, мамыр айында танысқанбыз. Содан бері біраз жыл өтіпті. Қажекеңе барып қол беріп тұрмасам да сыртынан қанықпын: ол кісі баяғысынша Наурызбай батыр мен Шевченко көшесінің қиылысындағы тал-дарақтардың басын анау-мынау саясаткерді жанынан бездіретін ұранды сөздер жазылған плакаттармен көмкеріп, аман-есен жүріп жатыр. Шүкір.

Қайсібір күні қалта телефоным белгісіз нөмерді көрсетіп безілдеп қоя бергені. Тетігін бастым. «Ассалаумағалайкум, Дәурен інім!» Таныс үн, таныс күркір. Амантай қажы Асылбек!  Толықтай айтсақ, Аттан -Қазақстан Амантай қажы Асылбек!  

... Сөйтіп міне, «Аттан» қозғалысының штаб-пәтерінде – Амантай қажы Асылбектің үйінде, сұхбаттасып отырмыз. Тұтас бір бөлменің іші толған әлем-жәлем плакаттар, суреттер.  Алматының халқы «Өрмекші адам» атап кеткен беймааз жанның саяси әм қоғамдық ойлар толғайтын оңаша әлемі – осы бір шағын бөлме болса керек.  «Аттан» қозғалысының штаб-пәтерінде отырмыз деп жаз» дегенді ескертті қозғалыс лидері.

- Қажеке, қозғалысыңыздың бұрынғы аты ұмытпасам «Аттан -Қазақстан антиядролық қозғалысы» емес пе еді?

- Дұрыс сұрақ. Солай болған, бірақ қозғалысымыздың қазіргі аты «Аттан - Қазақстан, иманды мемлекет құруға!» деп аталады.

Бұдан әрі қарай қажекеміз өзінің тасқындап шығатын зор дауысымен бұрқырай сөйлеп, айқайлап кетті.

- Шырғам, бізге алдымен иман керек, иман, білдің бе?! Имансыз қоғам құрмасақ құримыз. Бүгінгі коррупция, бүгінгі ұрлықтың түбінде имансыздық жатыр. Ұқтың ба?! Бұл қоғам – саясаткерлердің қоғамы. Саясатты бізге Батыс таңып отыр. Демократия дейді. Атасының басы! Бізді осы саясатпен, демократиямен құртпақ. Мә, құртады! («Аттаншыл» ағамыз осы араға орыстың бір боқауыз сөзін де қосып жіберді). Сен күлме, шырағым. Бірақ менің сөздерімді әдеби редакциялап жазасың ғой, жазғанда!

- Әрине. Дегенменде, қажеке, саясатсыз қоғам бола ма?

- Саясатшылдық біздің емес, Батыстың – соры. Сорлайды олар түбінде. Демократия, еркіндік деп Батыстың жұрты бетімен кетіп барады. Не, еркекпен еркектің, әйелмен әйелдің жұп құруы, үйленуі үлгі ме? Бұл қандай ұлттың болса да түбіне жететін сұмдық! Еркекке қатын болған  еркек бала туа ма? Тумайды. Қатынға үйленген қатын құрсақ көтере ме? Жоқ! Адам табиғатына, Алланың жаратқан дүниесіне қарсылық деген осы болады. Осыны ұғып алсын демократияшыл Батысың.

- Сондықтан саясаттан бұрын иман болуы керек дейсіз ғой?

- Вот, енді түсіндің сен мені.

- Имансыз адамнан, имансыз қоғамнан Құдай сақтасын. Коммунистердің арқасында  дінсіз, кәпір қоғам құрып көрдік қой. Бірақ осы бүгінгі иманды жолды нұсқаушылардың «иманына» сіз сенесіз бе?

- Бұлардың арасында исламның шапанын киіп келіп лаң салуды көздейтіндер өте көп. Терроризм, экстермизм дегенді солар шығарып жүр, оңбағандар.

Біздің дініміз – бейбіт дін. Туымыз да бейбітшіліктің туы. Мен – Амантай қажы Асылбек ешкімге зияны жоқ адаммын. Жайыма тыныш жүрген адаммын. Мына аулада мені адам түгілі иттер де сыйлайды. Ит екеш иттер де біледі мені.

 Мен талай қажылыққа бардым. Сонда көрдім, араб елдері қандай бақытты ғұмыр кешіп жатыр. Ненің арқасы, білесің бе? Иманның арқасы. Сендер соны білмейсіңдер. Білмегендіктен лағып не болса соны жазып жүре бересіңдер.

- Сіз айтып отырған иманды араб қоғамында ислам дінінің ішкі ағымдары көп қой. Бізде экстермистік ағым ретінде танылып үлгерген жамағаттардың отаны да сол араб елдерінде. Мысалы, Хизбут-тахрир Мысыр елінде тамыр жайған, уахаббизм Сауд Араб елінің ресми діні. Иран елі болса – шит мұсылмандар...

- Әй, шырағым, сен мені қисық сұрақтарыңмен шатастырма. Міне, мен Аса қамқор, ерекше мейірімді Алланың атымен бастаймын. Аллахуакбар! Біз шит болмаймыз. Біздің мәзхабымыз  Әбу...кім еді?..(қажекең қатты сөйлеп отырып қана осы сұраққа тосылып қалды, әйтпесе өз мәзхабын жақсы біледі ғой)

- Әбу Ханифа.

- А, иә, Әбу Ханифа мәзхабындамыз. Біздің мәзхабымыз ата-бабамыздың жолына қайшы келмейді. Біз араб емес, қазақпыз. Біз иран емес, қазақпыз. Мәзхабымыз әртүрлі, дәстүр салтымыз әр басқа болғанымын – тұтас мұсылман әлемін құраймыз. Қазақтың тарихы деген, шырағым, сен білмесең айтайын, әріде жатыр. Сендер оны білмейсіңдер. Өйткені конторщиктерсіңдер (кеңсе адамысыңдар дегені болса керек. –Д.Қ.)

- Тарих демекші, қажеке, сізді осы Ташкентті билеген Тұрсынханның тұқымы дейді ғой?

- Иә, дұрыс айтасың. Воще, слушай, сен оны қайдан білесің?

- Қайдан білгені несі, тарихтан білемін. Есімхан заманында Ташкентті Тұрсынханға билетіп өзі Дешті Қыпшақтың терістігі мен шығысына көп қарайлаған ғой. Тұрсынхан сонда Есімханға туыс болып келе ме, қалай?

- Қайдағы туыс?! Туыс емес. Міне, айттым ғой сендер конторщиктерсіңдер деп! Назарбай екеулерің тарихты емес, бүгінгі заманды ғана білесіңдер. Есімхан менің бабам Тұрсынханды өлтірген. Тұрсынхан қарадан шығып хан болған. Менің Есімханда кегім бар. Сол кегімді ала алмай жүрмін, білдің бе?

- «Қатағанда хан Тұрсын, хан Тұрсынды ант ұрсын» деген көне сөзге қарағанда Тұрсын ханның Еңсегей бойлы ер Есім билеген қазақ хандығына берген анты болған ғой деймін...

- Тууу, не деген адамсың, ей, сен, а?!  Оттаған сөз ол! Беріде біреулердің шығарып алған сөзі. Былшыл. Жоққа сенесіңдер осы.

Мен Амантай қажы Асылбек – асылдың тұқымымын. Бабам Тұрсынхан қарадан шығып хан болған. Есімхан оны «қарадан шыққансың» деп өлтірген. Білдің бе? Білмесең енді біліп жүр. Мен өзім Шымкентте туып өскенмін. Шымкент – үш жүздің басы қосылған жер. Шымкентте қазір мешіт көп. Сол мешіттердің бірін  көріп Мұхтар Шаханов «мынау қай жүздің мешіті?» деп сұрапты.

- Қойыңызшы, басқа-басқа Мұхаң олай демейді.

- Рас, солай деп сұраған. Оны маған елдің ақсақалдары айтты.

- Жаңсақ сөз, қажеке. Мұхтар Шахановты толғандыратын мәселе көп қой мына қоғамда.

- Әй, сен өзің Шахановқа табынасың ғой деймін?

- Табынбаймын, құрметтеймін. Күрескерлігін, қайтпас-қайсарлығын тұлғаларға біткен мінез деп бағалаймын. Шаханов туралы отырып алып айта беруге болады, оны сынай беруге болады. Алайда сол  Шаханов елдік, ұлттық мәселе талқыға түскенде бір өзі бір партияның жүгін арқалап шыға келсе үнсіз қаламыз. 

-  Әй, шырағым, Шаханов туралы сен менен сұра. Нағыз Назарбайшыл сол Шаханов болатын. 1992 жылы Алматыдағы ескі алаңда мың-сан адамның басын қосып, ас беріп мен жатқанда Парламенттің өкілі болып келіп Шаханов елге басу айтқан.

- Сіздер не, сол кезде қандайда бір наразылық акциясын өткізіп жатыр ма едіңіздер?

- Иә, сөйтіп жатқан болатынбыз.

- Қандай?

- Қандай болушы еді? Біз, Аттан Амантай қажы Асылбек, республикамыздың атын «Қазақ» деп атаймыз дедік. Билік «Қазақстан» дегенді тықпалады. Оның ар жағында Ассамблея құру идеясы болған екен. Сол идея үшін жұмыс істегеннің бірі сенің Шахановың болды. Сенбесең, қазір звондайын (Расында қажекең Мұхтар Шахановқа қоңырау шалып былай деді: Мұха, амансың ба, бауырым? А, не дейсің? Ауруханада жатырмын дейсің бе? Ааа... Мында маған бір тілшілер келіп сұрақтар беріп отыр, мен сенің әлгі 1992 жылы ескі алаңға келіп неткеніңді, нені айтып отырмын.  – Қажекеңнің нені айтып отырғанын Шаханов түсінбесе керек, әңгіме көпке созылмай үзіліп қалды).

Ауырып жатыр екен, қатты сөздер айтпай-ақ қоялық, - деп әңгімесін жалғастыра берген қажыны әрең тоқтатып, сөзді басқа жаққа бұруды жөн көрдім. Өйткені бағанадан бері көзім қажының аса таяқтарына түсіп отыр еді.

- Осы сіздің аса таяқтарыңыз керемет. Қайдан аласыз?

- Бұларды маған орыс жігіттері жасап әкеліп береді. Мен бұл таяқтарды ұстап Батыс Еуропа елдерін, Араб мемлекеттерін шарлаймын. Менің түсіме ылғи орыстар кіреді. Менің әулиелерім – орыстар.  Міне, қарап көр, менің аса таяқтарым қандай әдемі. Ұстамастан бұрын «біссіміллә» де (Қажекең орнынан жылдам көтеріліп асатаяғының бірін менің қолыма ұстатты. Осы кезде қажының аяғы жайнамызына тиіп кете жаздады).

- Қажеке, аяғыңыз жайнамазыңызға тиіп кете жаздады ғой?

-  Маған бұл жайнамаздың үстіне отыруға да болады. Тек саған болмайды (Сөйтті де қажекең жайнамазының бірін алып жамыла қойды).

- Слушай, - деді содан соң, - сен өзі қайдағы-жайдағыны көріп отыратын пәле екенсің. Содан кейін соның бәрін сұрай береді екенсің?

- Сіздің әңгімелеріңіздің ағыны ғана емес, әрекеттеріңіз де сұхбатқа сұранып тұрады ғой, шіркін. Содан кейін сұраймын да. Жасыңыз нешеге келді?

- 72-ден 73-ке қарадым.

- Поу, деген-ай, секіріп тұрсыз!

- Иә, мықтымын. Дүниеге симай жүремін. Екеуміз бір жерге барсақ бар ғой, қыздар саған қарамайды, маған қарайды.

- Әрине, сізге қарайды. Өйткені сіз тоқал алғалы жүрген адамсыз. Не болды ол мәселе?

- Болмай жүр.

- Ммм, неге?

- Таза, пәк қыз жоқ.

- Ойбай, құрысын, не дейді?

- Не дейді болғанда сол: таза, пәк қыз жоқ. Таз, пәк қыздардың болмауы тағы сол иманнан келіп шығады. Иман жоқ біздің қоғамда. Адамдар бұзылып кеткен. Мен түбінде тоқал алсам Шымкенттен аламын. Шымкентте ғана бар, білдің бе? Тек Шымкентте бар!

- Не бар?

- Иманды, тәрбиелі қыздар! (тым жақын отырғаннан ба, қажекемнің дауысы  құлағымның ішін ащы айқайымен ашытып жіберді)!!!

- Қажеке, осы сіз неге айқайлап сөйлейсіз? Елдің бәрі керең емес қой, кішкене бәсеңдесеңізші.

- Кешір, айналайын, жалпы менің дауысым осындай. Менің дауысыма Әлібек Дінішев таң қалған.  «Боже мой!» деп Ермек Серкебаев таң қалған. Мен өзі осылай сөйлеймін. Мен осы дауысыммен қазақтың үнін естіртіп қайда бармадым? Міне, көрдің бе, мына суретте (қажекең қолыма бір фотосуретті ұстата қойды) мен Амантай қажы Асылбек «Аттан, Қазақстан!» деп Рейхстагтың алдында тұрмын.

- Қасыңызға алманның фройлендері жиналып қалыпты ғой.

- Ол не, фройлен дегендер?

- Немістің, дұрысы, алманның бойжеткендері, бикештері дегенім ғой.

- Ааа, олар мені көргенде «Амантай қажы, «ааах!» деп ыршып кетеді. Жаз, осылай деп, жаз! Сұхбаттың ішінде әзіл де, ойнақы сөз де болсын да!

- Иә, әңгіменің ішіне осылай әзіл араласып ашық болғаны жақсы ғой. Қажеке, осы сіз тал-дарақтардың басына қалай шығып кетесіз? Мысалы, мына үйіңіздің қасында тұрған көктеректің діңі кісі бойынан жоғары жалаңаш, бұтақтары тым биікте, оған қалай шығып жүрсіз?

-  Мен ағашқа өрмелегенде қолтығыма қанат біткендей шабыттанып кетемін.

Арнайы дайындалғансыз ба?

- Жоқ, ей, қайдағы дайындық? Мен саған айтып отырмын ғой, шабыттанып, қалқып кетемін деп. Менің ағашқа өрмелегенімді қай канал еді, ә, иә, 31 каналдың журналистері келіп түсірген болатын. Соңғы жылдары ғана ептеп тартынып жүрмін.

- Ептеп тартынып жүрмін дейсіз бе? Сонда ана тұрған плакаттарды кранмен келіп біреулер іліп беріп жүр ме?

- Біреулер деп кімді айтасың?

- Мәселенки, қалалық әкімшіліктің қулары сізге жәрдемдесуі мүмкін деп ойлаймын.

- Әй, олардың плакаттардағы жазуларға ойлары жетпейді.

- Ойлары жетпегенімен бойлары жететін шығар, қажеке? Осы плакат демекші, мен мысалы «Ауамызды ластамайық!» деген жалынышты сөз жазылған бір бейкүнә плакат іліп қояйыншы, тиісті орындар дер кезінде жінігіп жетіп келіп жұлып тастайтын еді. Сіздікі тұра береді ғой. Неге?

- Менікінде жұлып тастайды. Мен қайтадан іліп қоямын. Мені тіпті осы плакаттарым үшін талай жерге сүйрелеген. Сөйтіп бір рет үлкен бір генералдың алдын көргенмін. Әлгі генерал көзіне жас алып тұрып, қарамағындағыларға «Бұл Амантай қажы Асылбек, бұл адал адам, оған тимеңдер» деп мені үйіме жеткіздіріп салған.

- Ол генералдың адамдары сіздің құзырлы орындармен байланысыңыздың барын білмеген-ау, сірә? Содан жазып қалып жүрген болар?

- Жоқ, ей, қайдағыны айтпа! Құрыған, оттаған сөз ол. Ол сөзді менің дұшпандарым шығарып жүр. Көре алмаған соң көки береді. Мен Амантай қажы Асылбек – зағиптердің қамқоршысымын. Оларға осы уақытқа дейін 20 миллион ақша жұмсап, жәрдем жасағанмын.

- Қайыр садақаңыз Алладан қайтсын. Бірақ мұсылмандар жасаған жақсылығын жария ете бермейтін еді ғой?

- Мен де жарияға жар салып жүрген жоқпын. Бірақ сөздің реті келген соң айтылып кетті. Білмеймін, осы зағиптерге ақша сұрасам табыла кетеді. Қажылыққа адам апарамын десем табыла кетеді.

- Қайдан, қалай табыла кетеді?

(Қажекең орынынан сілкініп тұрып кетті)

- Құдай береді маған! Құдай! Білдің бе?! Маған Құдай өзі алдағыны білдіріп тұрады. Мен кезінде Назарбайға айтқанмын, мына Храпуновың алаяқ деп. Не болды, әне! Қазақстанның байлығын тонап алды да тайып тұрды. Машкевичті де айтқанмын. Мен оны атамын. Атып өлтіремін. Мен атпасам оны еврейдің равиндері атады. Нүрекең бір отырыста «Қазақстандағы ең адал адам Амантай қажы Асылбек» депті. Мен Президенттен бір тиын алған адам емеспін, бірақ оған көмектескім келеді. Қазақты Құдай аса мейіріммен жаратқан. Қазақты Құдайдың өзі жақсы көреді. Қазақты Құдайдың сүйіп жаратқанын мынау кең-байтақ даламыздан көруге болады емес пе?

- Құдай сүйген халықты сүймеу, оның қадіріне жетпеу күнә дейсіз ғой. Қажеке, осы сөзге орай сұрайыншы. Бұрынғы қазақ бөлінбеген екен, бірлігі мықты ел болған екен. Ал қазіргі қазақ бөлінбесе де жіктеліп жатыр: бай қазақ, кедей қазақ, оралман қазақ, діндар қазақ, дінсіз қазақ, орыстілді қазақ, қазақ тілді қазақ деп. Соған қарамастан өткенді мансұқтап сөйлеу әбден модаға айналып бітті. Бұрын бізде мемлекет болмапты, шекара болмапты. Шынында солай ма?

- Сен бері қара. Не, осы уақытқа дейін өзбекте, қырғызда, түркіменде, орыста, қытайда, моңғолда шекара болмап па? Олар «бізде шекара болмаған» деп жүр ме? Жоқ. Ендеше, осы аталған елдермен шекараласқан қазақта қалайша шекара болмайды, қазақта қалайша мемлекет болмайды, а?! Айтшы маған?

Журналистер біз осындай ақымақ халықпыз. Кейбір мәселенің арғы-бергісін біліп тұрып сұрай береміз.

- Ақымақ болғанда сендер, қазақтіліндегі журналистер (қажекең бізді «қазақтілді журналистер» деген жоқ. Д.Қ.), нағыз ақымақ, надан, кеще, сорлысыңдар! Жағымпазсыңдар! Қазақтіліндегі журналситер, сендер құрисыңдар! Мен айтып отырмын ғой, Құдай маған білдіреді деп. Мен соны біліп жүрмін.

- Құрымасақта сол құрудың алдында діңкелеп, титықтап жүрміз. Билік бишігін үйіріп сөйлетпейді, қазынадан қаржы берсе, сараң қатынша қысып, сығып береді. Енді оған сіздің Құдайыңыз қосылып құртуға кіріссе, тынған екенбіз. Тым болмаса сіздің Құдайыңыз жәрдемдеспей ме? Құдайыңыз әділетсіз екен, қажеке?!

- Мен бәріңді сондай деп айтпаймын, бірақ, жағымпаздарың көп. Оны мойында. Бірақ сен бар ғой, мені әбден қинап жібердің. Талдың басына шыққанда терлемеген Амантай қажы сенің сұрақтарыңа әбден терледім. Қарашы, міне: (қажекең маған оюлы қалпағын шешіп шылқыған маңдайын, бусанған басын сипатты. Содан соң кеудесін ашып тастады. Расында, қара терге малыныпты).

-  Жақсы, қажеке, - дедім мен, - осымен тәмамдайық. Менің сөзіме қуана келіскен Қажекең  «Аттан-Қазақстанның» әнұранын шырқай жөнелді:

Атамекен даңқы үшін,

Атамұра салты үшін.

Бар әлемді жаңғыртар,

Жер шарының халқы үшін.

Аққу жүзген көл үшін,

Отан үшін, ел үшін.

Атқа мінді қазағым,

Жаңа ғасыр – сен үшін.                  

 

Сұхбаттасқан Дәурен Қуат

Abai.kz

0 пікір