Сенбі, 27 Сәуір 2024
1223 0 пікір 6 Маусым, 2023 сағат 16:09

Смайылов: «Жағажайда ішімдік ішуге тыйым салу керек»

Премьер-Министр Әлихан Смайылов шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету шараларын пысықтап, бақылауда ұстау керектігін ескертті. 

«Әкімшілік шаралар қолдану арқылы жағажайларда ішімдік ішуге жол бермей, тыйым салу керек. Ол үшін демалыс орындарындағы қоғамдық тәртіпті қадағалау жұмыстарын күшейту қажет. Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі өңір әкімдіктерімен бірлесіп, шағын көлемді кемелерді пайдалану барысын бақылау бойынша шаралар қабылдауы тиіс. Су қайығын қолдануда техникалық ақаудың кесірінен арты қайғымен аяқталған жағдайлар бар», - деді Әлихан Смайылов Үкімет отырысында.

Үкімет басшысы жағажайлардағы қауіпсіздік мәселесін қатаң бақылауда ұстау керектігін тағы бір еске салды.

«Төтенше жағдайлар министрлігі шомылу маусымында қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша мүдделі мемлекеттік органдардың жұмысын нақты үйлестіруді қамтамасыз етіп, қоғамдық құтқарушыларды тарту шараларын күшейтуі қажет. Өңір әкімдіктері шомылу маусымына арналған іс-шаралар жоспарларының сапалы орындалуын назарда ұстауы тиіс. Осы мәселелерді үйлестіру Төтенше жағдайлар министрлігіне жүктеледі», - дейді ол.

 

Abai.kz

0 пікір