Дүйсенбі, 6 Мамыр 2024
Жаңалықтар 3038 0 пікір 22 Мамыр, 2013 сағат 08:16

Жолтай Әлмешұлы. «Ел мен елес» (Басы)

(мінездер миниатюрасы)

1. Билік басында

 

Билік басына келді. Биікке көтерілді. Үлкен лауазым. Әнебір жылдары «шіркін, биік лауазымға қолым жетер ме екен, жетпес пе екен, әй қиын-ау сол өзі...» деп ойлайтын. Енді соған қолы жеткенде «ойпырмай, енді қалай болар екен, дұрыс алып жүре алам ба» деп шынымен уайым қыла бастады.

Оған себеп көп.

Бұл күнде екінің бірі бұны сынағыш. Сын садағын кезеп тұрғандар - сансыз көп. Шамасы келетіні де, шамасы жетпейтіні де бір түйреп өткісі келеді. Әйтеуір сөз айта алатынның бәрі бұның аты аталған жерде тыныштық таппай, тыпыршып ала жөнеледі.

Анада осы қаладағы беделді газетте бір «мықты»: «Ой, оны баяғыдан білеміз, өзі жасынан шенқұмар, ойлағаны билік басына бару, қызметпен ауырған жігіт» деп жазыпты. Солай ма? Бұл расымен қызмет, лауазым ауруымен ауырды ма? Өз ойынша - жоқ. Тіпті осындай биікке шынымен-ақ көтерілермін-ау деп үміттенсе кәні! Ал, енді жұмыс істеп, сол жұмысын басқалар да бағаласа екен десе, соны армандаса, оның несі мін? Оны да артық мінез дей ме! Түсінсе бұйырмасын.

(мінездер миниатюрасы)

1. Билік басында

 

Билік басына келді. Биікке көтерілді. Үлкен лауазым. Әнебір жылдары «шіркін, биік лауазымға қолым жетер ме екен, жетпес пе екен, әй қиын-ау сол өзі...» деп ойлайтын. Енді соған қолы жеткенде «ойпырмай, енді қалай болар екен, дұрыс алып жүре алам ба» деп шынымен уайым қыла бастады.

Оған себеп көп.

Бұл күнде екінің бірі бұны сынағыш. Сын садағын кезеп тұрғандар - сансыз көп. Шамасы келетіні де, шамасы жетпейтіні де бір түйреп өткісі келеді. Әйтеуір сөз айта алатынның бәрі бұның аты аталған жерде тыныштық таппай, тыпыршып ала жөнеледі.

Анада осы қаладағы беделді газетте бір «мықты»: «Ой, оны баяғыдан білеміз, өзі жасынан шенқұмар, ойлағаны билік басына бару, қызметпен ауырған жігіт» деп жазыпты. Солай ма? Бұл расымен қызмет, лауазым ауруымен ауырды ма? Өз ойынша - жоқ. Тіпті осындай биікке шынымен-ақ көтерілермін-ау деп үміттенсе кәні! Ал, енді жұмыс істеп, сол жұмысын басқалар да бағаласа екен десе, соны армандаса, оның несі мін? Оны да артық мінез дей ме! Түсінсе бұйырмасын.

Ал, анабір жолы бір қыңырлау жігіт баспасөзге «шамасы белгілі ғой, қатырып жатқаны қайсы, осы күнге дейін көзге түскен бар жұмысы - әлгі журналистермен жақындығы, солармен тәуір болсам, мені мадақтайды, түймедей ісімді түйедей етіп көрсетеді деген қулық ой ғой онысы» деп құйқылжытты. Соны көре қалыпты. Басқа істегендерін көзге іліп жатқан жоқ. Оған не дер...

Тағы бір мықты... «ол лауазым иесі болғалы бері мүлде өзгеріп, бөлек адам болып  кетті, сөйлеген сөздері де басқаша» деп жазды. Сонда-а... не істе дейді бұлар? Билік басына жеткен соң үндеме, дымың ішіңде болсын дей ме! Бір елі ауызға екі елі қақпақ қой дей ме? Ондай билікте отырып не керек? Өйтіп ел басқарып не керек?

Баяғыда... жастау кезінде бұның тілеулестері өте көп болып еді. «Талабың зор, болашағың нұрлы, алдың ашық, барар жерің биік, тұғырың шыңда...» деуші еді. Қазір ше?

Қазір... «өзі өркөкірек, сөзі сүйкімсіз, лауазымға мас болған, ел сөзіне құлақ аспайтын, мінезі өзгерген...» болып барады.

Осыны айтып-жазып жатқан халық па? Ел-жұрт па?

Әй, қайдам-м!.. Өз байқауынша, ат төбеліндей аз ғана топ. Шағын тобырдың шатағы... Қайтсек сүріндіреміз деп жанталасуы. «Өстіп атағы шығып кете бере ме? Ол неге бізден озуы керек? Асып бара жатқан қандай ісі бар?..»

Оңашада ойлап қараса, бұл жұрттың бәріне бірдей жағу қиынның қиыны екен. Соны сезеді. Сондайда ойлайды: «Тіршілік деген тек тайталастан, алыс - жұлыстан тұратын болғаны ма?»

Тағы да бір ойы айтады: «Жоқ, тайталасты тудыратын ешкім де емес, адамдардың өзі ғой.»

Тағы да ойлайды: «Бәлкім, тайталас - тағдыр болмаса, кісі өзін - өзі қолға алып, ширығып - ширатылып жүре алмайтын болар. Кісіні әрдайым қамшылайтын, намыстандыратын, тақымдап отыратын қозғаушы күш - ол сыртыңнан айтылатын күбір сөз...»

Еһ-е!.. Жетсең де жамансың, жете алмасаң да жамансың.

Өмір дегенің осы ма еді, беу жалған - н!...

 

* * *

Мұндайда қазақ айтқан: «Бар болса - көре алмайды, жоқ болса - бере алмайды».

Ал, Елес айтады: «Аяз би де әлін білген...»

 

2. Сынағыштың сазайы

 

Ол сынай беретін, сынай беретін.

Газеттерді ашып қалса да - сол, теледидарды басып қалса да - сол! Жиналыстарға бара қалса да сол! Қайда болса да сол... Жағы тымбастың өзі. Сөзі бітпестің өзі. «Ұятсызға дауа жоқ». Оның сүйкімсіздеу даусын естіген сайын осы сөзді ішінен қайталап қоятын да, жүре беретін. Әйтеуір бір жағы семер деп ойлап... Сөйтсе тоқтайтын ол ма! Қайта күннен-күнге үдетіп барады.

Газеттерді ашып қалса да, теледидарды басып қалса да... Симпозиум, конференцияларда да...

Содан ойланды. Көп ойланды. «Бұған не дауа бар?..»

Көп күн бас қатырып жүрді.

Бір жолы жұмыс кабинетінде жалғыздан-жалғыз отырып, әлгі сынағышты тағы да есіне алған. Демалыс күні еді. Ешкім мазаламайтын күн. Өзіне ғана тиесілі күн. Сонда да жұмыста. Есіне тосыннан әлгі «сынағыш досы» түсіп отыр. Сынаудың да сынауы бар. Жөнімен, ретімен сөз айтылса, оған қарсы уәж жоқ. Реніш те болмайды. Кемшілігің айтылса, оның астарында шын сын жатса, ренжіп не керек. Ондайларға ренжімеу керек, қайта кемшілігіңді дер кезінде айтқаны үшін рахмет айтса да артық емес. Ал, мынау... «тисе терекке, тимесе бұтаққа»! Бұл не сонда?..

Ойлана - толғана келе, сол сынағыш жігітті өзіне шақыруға бел байлады. Бетпе-бет отырып сөйлеспек.

«Сынай бер, бірақ тек қана шындықты айт. Сонда мен ренжімеймін...» Осыны айтпақ болды.

Келесі күні әлгі «сынағыш» досы кабинетіне сүмең етіп кіріп келе жатты. Бұл оны өз кабинетіне шақыртуын шақыртқанмен, артынан ойлаған: «Әй, ол кім сонша, мені шақырып алатындай, мен қайтемін оны, бармаймын» деп бұлданар, келмей қояр деген. «Көргісі келсе, сөйлескісі келсе өзі неге келмейді! Мен неге баруым керек? Осы сөзімді айт оған» деген жайсыздау жауап аламын ба деп күдіктеніп еді. Сөйтсе...

Сөзді шақырған соң өзі бастады. Қысқа қайыруға тырысты. «Сынағаның айып емес, бірақ жөнімен айт, арға тиме» деді. Анау да есе жібермеді. «Қай жерім дұрыс емес, айтыңыз кәні» дейді. «Жоқ, айтыңыз, қай жерім қате?...»

«Ана жолғы жазғаның сәл-пәл қиғаштау. Оның анығы мынадай».

«Кешегі бір сөзіңде былай дедің. Бұл да нысанаға дөп тиіп жатқан жоқ. Шындығынан шаласы басымдау...»

Сынағыш досы енді жатып келіп дауласар, бет жыртыса айтысар деп еді, бірақ өйтпеді. «Енді... сынасақ оның да астарында бір шындық бар, жел тұрмаса шөп басы қимылдай ма» деп, күмілжіп қалды. Атылып, басымен алысып тұрған жоқ. Әлгіндегідей емес, бұның ыңғайына жығылып, дегеніне көне бастағандай. Бұның да күткені сол еді. Енді әрі қарай қатты сөзге бармады. «Өз жағдайың қалай, үй іші, отбасы дегендей, пәтер жағы дұрыс па?» деп жылы сөз бастай беріп еді, анау «ойбай, қайбір жағдай бар дейсің, пәтерден қиналып жүрмін» деп зар қақты.

Бұл көмекшісін шақырды. «Мына азамат көп қиналып жүр, пәтер жағын шешуге көмек көрсетейік, ертең есіме сал» деді. Сол-ақ екен ана «сынағыш» мүлде өзгерді. Енді бұны көзінше мақтай бастады. «Сізді көп кісілер өтірік түсінбей жүр, мықтылығыңызды білсе де, әдейі қисайып, кері тарта сөйлейді» деп сампылдап сөйлеп, тоқтамай қойды.

Оның сыры деп-демде ашылды. Арғы жағы белгілі болып қалды.

Жылы қоштасып, шығарып салды.

Міне, содан бері бұның құлағы тыныш.

Газеттерді ашып қалса да, теледидарды басып қалса да ол жоқ. Жиналыстарда да көрінбейді...

* * *

Мұндайда қазақ айтқан: «Таспен ұрғанды аспен ұр».

Ал, Елес айтады: «Өмірде бәрі де бола береді.»

 

3. Өтірік шындық

«Жазушы - заманның көзі мен құлағы...»

Қызметке араласқалы бері қаламгер ағайындар жайлы қайсы бір отырыста болмасын, естігені де, көңілге түйгені де - осы! Сосын да ақын-жазушы десе ішкен асын жерге қоятыны, олар келсе көп күттірмей, дереу қабылдайтыны, сөзіне құлақ асатыны рас. Сөзі салмақты, айтары алымды, білдірері білікті қаншама ұлт жазушысы бар.

Ал, енді мына бір кісіні еш түсінбей - ақ қойғаны. Ылғи да «сізге кіріп шығайын, ел тағдырына қатысты айтарым бар еді» дейді де тұрады қиылып. Өзі анау айтқан белгілі де емес. Аты - жазушы. Көмекшісі әлденеше рет қағазға атын жазып әкелді. «Пәленше деген жазушы сізге кіргісі келеді».

Бір емес, екі емес... Ақыры қабылдауды жөн көрді. Айтарын айтсын деді. Тыңдап көрмек болды.

Ертеңіне кабинетіне «өз сұрауы бойынша» кіріп келген әлгі жазушы айтар шаруасын бес-он минутта бітіре қоймады. Әңгімені әріден бастады. Өзінің өмір жолын, жетім өскенін, бақытсыз балалығын, қиналып жетілгенін айтты. Жазушы болу үшін де әбден арып, кітап шығару үшін «жарым жасын» бергенін тағы қосып қойды. Сосын барып «мына кітабымды сізге әдейі ала келдім, өзі сіз секілді ел қамын жеген азаматтарды марапаттау, солардың ішкі жансарайына үңілу, жан сезімін көркем тілмен кестелеу» деді.

Кітапты қабыл алды. Келгеніне, көңіл толқытар тілек айтқанына ризалық білдірді. Өтінішін де тыңдады.

Жеке үй салу үшін жер керек екен. «Шешім берейін» деді.

Баласының қызметін өсіру керек екен. «Оны да ойластырайын» деді.

«Көптомдық кітаптарымды шығаруға қаржылай көмек көрсетпес пе екенсіз?» деп сұрады. «Жарайды, оны да біржақты етерміз» деді.

Жазушы сонда ғана сабырға түсіп, аптыққан демін алып, осымен тоқтадым дегендей ыңғай танытып еді, есік алдына дейін шығарып салды.

Сөзі әсерлі екен. Бипаздап мақтайды екен. Сенбесіңе сендіретіндей.

Беріп кеткен кітабын сипалап ұзақ - қ отырды. «Бір қол босаған кезде оқып шығу керек» деп ойлап та қойды.

Бір күні қолы қалт еткенде әлгі кітапты парақтап көрсе, ішінде түк те жоқ. «Сіз секілді ел қамын жегендер» туралы деп еді, ал мынаусы... түсініксіз бірнеңе. Тіпті оның ана жолы айтқаны басқа, ал кітаптың ішіндегі жазғандары мүлде бөлек. Ойлады: «Бұл жазушы мені кітап оқиды дейсің бе, оқыса да түсінер ме, айта салайын, бәрібір ұғып жатқан жоқ-қ... Қай сөзім есімде қалады дейсің... Есегім көпірден өткенше...»

Кей жазушылар шындықты бұрмалап, өз қиялындағы бірнемелерді шатпақтап, өтірік жазады деп еститін. Жазушылар өтірік жазып қана қоймайды екен, өтірік те сөйлейді екен...

Ол өз кабинетінде  қос қолымен басын қыса ұстап, арлы - берлі жүріп, кімге, неге екені белгісіз, ұзақ - қ күлді. Тоқтаусыз күлді. Шек - сілесі қатқанша күле берді.

Сол сәтте тілінің ұшында мынадай сөздер тіреліп тұрып қалып еді. «Өмір дегеніміз - шындық, ал өтірік шындықты туғызатын мына өзіміз, адамдар-р...»

* * *

Елес айтады: «Мата даңқымен бөз өтпейді».

(Жалғасы бар)

Abai.kz

0 пікір

Үздік материалдар

Құйылсын көшің

Бас газет оралмандарға неге шүйлікті?

Әлімжан Әшімұлы 1529
Әдебиет

«Солай емес пе?»

Ғаббас Қабышұлы 1390
Қоғам

Дос көп пе, дұшпан көп пе?

Әбдірашит Бәкірұлы 1139
Ел іші...

Ұлттық бірегейлену: Қандастардың рөлі қандай?

Омарәлі Әділбекұлы 1156